Мәдени мұра  Ұлттық жобаӨткенді қастерлеу арқылы, болашағымызды баянды етеміз
  • Twitter
  • Facebook
  • Лента на Youtube
 

Атамекен

Бауыржан Момышұлының ескерткіші

Басты бет - Атамекен - Жамбыл облысындағы тарих және мәдениет ескерткіштерінің зерттелу тарихы

Жамбыл облысындағы тарих және мәдениет ескерткіштерінің зерттелу тарихы

Сенбі, 24 қыркүйек 2016Орыс әскерлерінің оңтүстік-батысқа жылжу барысында Шу мен Талас алқаптарын жаудап алып, Ресей империясына қосу аймақта зерттеушілердің келуіне себеп болды. Олардың ішінде тарих пен археологияға қызығушылар да болды. Археологиялық ескерткіштер мен көне архитектуралық құрылыстарға арналған жұмыстар пайда бола бастады.

1864 ж. суретші М.С.Знаменский Ақыртас қирандыларының, оның қамал құрылыстарының бірнеше суреттерін салды. Ірі тас блоктарынан тұрғызылған бұл ескерткіш өзінің құпиялығы мен жоспарының ерекшелігімен өзіне бірден көңіл аударды. Шығыстанушы П. И. Лерх, Ақыртаста 1867 ж. болып, оны буддалық монастырь деп анықтады. Бірнеше жылдан соң геолог Д.Л. Иванов оны сипаттады және ең қызықты өрнекті блоктардың суреттерін салды.

1889 ж. Күйік асуының маңындағы Үңгірлісай деген жерде мола қазылып, онда жібек матаға оралған мүрде мен бес қола айна табылды. Басқа молада күміс ыдыс пен екі тиын табылды. Бұл олжалар туралы «Императорлық Археологиялық комиссияның есебінде» хабарланды.1890 ж. шығыстанушы Е.Ф. Каль Әулиеата уезінің ескерткіштерін зерттеді, обалар мен қарауылтөбелер ту¬ралы мәліметтер жинады, Жетітөбе қорымының үлкен обаларының бірінде қазба жүргізді.

1893-1894 жж. Шымкент – Әулиеата – Мерке – Піспек – Ыстықкөл – Верный маршруты бойынша ғылыми сапарда болған В.В.Бартольд Оңтүстік Қазақстан мен Жетісудің тарихы мен археологиясын зерттеуде маңызды рөл атқарды. 1894 ж. жарияланған есепте ол ортағасырлық жазба деректердің жиынтығын берді, тарихи очерк жазды және археология мен архитектураның ең қызықты ескерткіштерін, оның ішінде Талас және Шу алқаптарындағысын, Тараздың көне қалажұрттарын, Ақыртас кешенін, Түймекент пен Құлан қалажұрттарын сипаттады. Ғалымның ғылыми ықпалында 1895 ж. Ташкентте құрылған Археология әуесқойларының Түркістан үйірмесінің жұмысы да жүріп жатты. Бұл үйірменің мүшелері өлке администрациясының өкілдері, оқу орындарының директорлары мен оқытушылары, шенеуніктер, әскерилер болды. Олардың санатында Талас және Шу алқаптарының ескерткіштерін ашушы және зерттеушілері В.А.Каллаур, В.П.Лаврентьев, Н.П.Остроумов, А.А.Диваевтар болды. Көнені зерттеуде әсіресе В.А.Каллаур көп еңбек сіңіріп, бай ғылыми мұра қалдырды. Оның көптеген мақалалары ортағасырлық қалалардың орнын анықтауға, қалажұрттардың, қорымдардың, тас мүсіндердің сипатына арналған. Көне түркілік руникалық жазуларды ашу мәртебесі де оған бұйырды. Ол архитектуралық ескерткіштерге де көп көңіл бөлді, П.И. Лерх пен В.В. Бартольд келтірген Ақыртас сипаттамасын толықтырды, Айша Бибі мен Бабаша Хатун кесенелерін, Ұлы Жібек жолындағы көне қалалар мен мекендерді, Тектұрмас тауындағы және Таластың төменгі ағысындағы архитектуралық құрылыстарды, тас мүсіндер мен көне түркілік руникалық жазбаларды си¬паттады.

В.П. Лаврентьев Әулие Ата айналасындағы «төбелер» – қалажұрттардың реестрін жасады. Көнені әйгілі зерттеушісі А.И.Добросмыслов 20 ғ. басындағы Әулие Ата құрылымын сипаттап қалдырды.

Зерттеушілер мен өлкетанушылар көлемді фактілік материал жинақтады, олардың жасаған ескерткіштердің сипаттамалары осы күнге дейін өз маңызын жоғалтқан жоқ, өйткені, олардың көбісі уақыт өте келе бұзылды не¬месе өзгерді. Сондықтан, сақталған мәліметтер олар ту¬ралы жалғыз дерек болып қалды. Жалпы бұл жұмыстар материал жинау, облыстың археология және архитектура ескерткіштерін тіркеу мен сипаттау жұмыстарына жол ашты.

1917 ж. төңкеріс пен азамат соғысынан кейін, кеңес мемлекетінің бастапқы кезеңінде Шу-Талас аймағының археологиялық ескерткіштерін зерттеу жұмыстары қайта жанданды. 1925, 1927 және 1930 жж. М.Е. Массон Тараз қалажұрты мен Талас алқабының ескерткіштерін зерттеді. 1936 ж. ол Талас өз. жоғарғы ағысында кездейсоқ табылған руникалық жазуы бар таяқты ғылыми айналымға енгізеді.

Алғашқы ғылыми қазба жұмыстары 1927 ж. Көненің ескерткіштері мен өнер ескерткіштерін қорғау жөніндегі Орта Азиялық комитетінің экспедициясы (М.Е.Массон) жүргізді. Экспедиция Әулиеата маңының топографиясын зерттеді, шахристан мен қорымда қазба жүргізді. Қазба барысында ортағасырлық керамика мен терракоталық әрлеуіш материалдардың тамаша үлгілері табы¬лып, Әулие Атаның астында ортағасырлық қаланың қалың мәдени қабаттары бар екені анықталды. Қалажұрт фортификацияның қалдықтарын сақтап қалған, үш қатар жалмен қоршалған, Талас өзенінің өткелінде орналасқан және Талас алқабының осыған ұқсас ескерткіштерінің ішіндегі ең ірісі болды. Археологиялық материалдар, оларды сараптау М.Е.Массонға бұның Тараздың – ортағасырлардағы Орта Азия, Еуразияның ірі қалалары бірінің қалдықтары екіндігін дәлелдеуге мүмкіндік берді.

1925 ж. Айша Бибі кесенесін архитектор Б.П.Денике зерттеді. Кейіннен ол архитектуралық өрнекті сараптамасы және бағалау жөніндегі еңбегін жариялады. 1937 ж. кесенені Шығыс мәдениеті музейінің экспеди¬циясы (Б.М. Никифоров, Н.В. Черкасов) зерттеді.

1931 ж. Шу алқабында археологтар М.П.Грязнов, С.И.Тереножкиндер жұмыс істеді.

1936 ж. Талас және Шу алқаптарында Жетісу археологиялық экспедициясының (ЖАЭ) жұмыстары басталды. Экспедицияны КСРО Ғылым академиясының Ма-териалды мәдениет тарихы институты, Мемлекеттік Эрмитаж, КСРО-ның Ғылым академиясының Қазақ және Қырғыз филиалдары, Қазақ КСР Халық комиссарлары Кеңесінің жанындағы қорықтар мен ескерткіштерді қорғау басқармасы ұйымдастырды. Жұмыстар 1935- 1938 жж. жүргізілді.

Жұмыстардың нәтижесінде кең хронологиялық диапазондағы: б.д.д. V ғ. – б.д. ХІХ ғ. дейінгі алуан археологиялық ескерткіштер ашылып, мерзімделді, Тараз қалажұртында 6 қазба, соның ішінде стратиграфиялық қазбада салынды. Қалажұрттың топографиясы эзерттелді. Қалажұрттағы қазба 11 ғ. бірегей моншасын ашты, көне су құбырын анықтады, керамика, шыны, металл, тиын коллекциялары жинақталды. Алғаш рет Тараз қаласының тарихын археологиялық материалдарды пай¬далана отырып қалпына келтіру әрекеттері жасалды.

1938 ж. археология және архитектура ескерткіштерін зерттеу және сақтау үшін Жамбыл археологиялық пункті ұйымдастырылды. Оны кәсіпқой археолог Г.И.Пацевич басқарды.

1935-1938 А.Н Бернштамның жетекшілігімен ұйымдастырылған СССР ҒА Қазақстан филиалымен жүргізілген жұмыстар барысында Таразбен оның төңірегіндегі қалаларға қатысты тың материалдар жинақталды. Тараз қалашығына қазба жұмыстарын жүргізу арқылы қаланың құрылысын анықтауға күш салды. А.Н Бернштам Луговой елді мекенінің жанынан үйсін қонысының орыны мен Беріққара және Кеңкөл обаларына қазба жұмыстарын жүргізді. Сонымен қатар өңірдегі көптеген қалалармен оба қоныстарды жаңадан ашып жарыққа шығарушы ғалым болды.

1940 ж. сол кезде құрылған тарихи-өлкетану музейіне археологиялық материалдар жинау үшін Жамбыл археологиялық пункті қазба жұмыстарын бастады. Қазбалар Тараздың Әулиеата орнындағы қалажұртқа толық сәйкес екендігін дәлелдеді. Ортағасырлық қала тұрғындарының дүниетанымы жөнінде қызықты материал тараздық қорымдардың қазбасы мен жерлеу кешендерінен кездейсоқ олжалар берді.

Соғыстан кейінгі жылдары Г.И.Пацевич бастаған Жамбыл археологиялық пункті мен белгілі өнертанушы және архитектура тарихшысы Л.И.Ремпель жұмыс істеген Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейі зерттеулерін жалғастырды.

1946 - 1951 жж. Тараз қаласының қорымы мен Тектұрмас тауындағы қорым зерттелді, қалажұрттың өзінде қазба жүргізілді, Ақыртас кешені, Талас өзенінің жазық бөлігі мен төменгі ағысындағы қалажұрттар зерттелді.

Г.И.Пацевич, Л.И.Ремпель экспедициялары көне қалажұрттардың орналасуы, ескерткіштер картографиясы жөнінде кең және қызықты материал жинақтады, оларды жариялады.

Соғыстан кейінгі жылдары 1960-шы жылдарға дейін республиканың оңтүстік өңірінің архитектураның даму тарихын зерттеу жұмыстарын Қазақ КСР Министрлер Кеңесі жанынан құрылған Архитектура істері бойынша басқармасы ұйымдастырған экспедиция жүргізді. Экспедицияны архитекторлар Т.К. Басенов, М.М.Меңдіқұловтар басқарды. 1956 ж. Жамбыл облысының ескерткіштерін зерттеу және Қазақстанның археологиялық картасын дайын¬дау үшін А.Г.Максимова басқарған Қазақ КСР Ғылым академиясының Тарих, археология және этнография Институнының Жамбыл археологиялық экспедициясы құрылды.  Экспедицияның жұмысы барысында облыстың белгілі ескерткіштері зерттелді, жаңалары ашылды және олар туралы мәліметтер дайындалды.

1958 ж. экспедицияның М.К.Қадырбаев бастаған отряды Талас ауданында Қазақстанның оңтүстігі мен Жетісу үшін өте сирек, негізгі таралу аймағы Орталық Қазақстан болып табылатын Тасмола мәдениетінің тай¬палары қалдырған «Жоталы оба» (мұртты оба) қазылды. Оны қазу барысында обалар архитектурасын сипаттай-тын бірегей материал алынды, қару-жарақ заттары, ке¬рамика және «полихромдық стильге» жататын зергерлік бұйымдар табылды.

60-70-ші жж. облыста Х.А.Алпысбаев бастаған археологиялық экспедиция жұмыс істеп, Қаратауда палеолит кезеңінің бірегей табылу орындарын ашты. Төменгі палеолит кезеңінің тас құралдарының табылуының әлемдік маңызы бар. Палеолит ескерткіштерін зерттеуді Ж.К.Таймағанбетов жалғастырды.

1961 ж. бастап 1968 жылға дейін облыс территориясында Жетісу археологиялық экспедициясы жұмыс істеді. Экспедиция құрамында Е.И.Агеева, Т.Н.Сенигова, А.Г.Максимова, М.С.Мерщиев бастаған бірнеше отрядтардан тұрды. Тараз қалажұртының стратиграфиясы зерттелді, қаланың пайда болу және қалыптасу мерзімі, оның даму кезеңдері анықталды. Ерте темір ғасырының кезеңі зерттелді, атап айтқанда, Шөлтөбе мен Қызыл-Қайнар мекенжұрттарына қазба жүргізілді. А.Г.Максимова бастаған отряд Қызыл-Қайнар, Шошқала сияқты үйсін қорымдарын зерттеді, Луговое (К.М.Байпақов) және Аспара (Л.Б.Ерзакович) қалажұрттары зерттелді.

1974 жылдан қазірге дейін аздаған үзілістермен Қазақ мемлекеттік университеті, қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ Мемлекеттік Ұлттық Университетінің У.Х.Шәлекенов бастаған археологиялық экспедиция¬сы Ақтөбе Степнинское қалажұртын зерттеп келеді. Ақтөбе қалажұртынан басқа экспедиция отрядта¬ры ерте көшпелілер ескерткіштерін (A.M. Оразбаев) және Шу алқабының қалажұрттарын (М.Е. Елеуов, Н.О.Алдабергенов) зерттеді.

1983-1984 жж. Қазақ КСР Ғылым академиясының Тарих, археология және этнография институның Л.Б.Ерзакович бастаған Тараз археологиялық экспеди¬циясы құрылды. Екі жыл ішінде Жамбыл қаласының маңындағы және Талас өзенінің орта ағысындағы ме¬кен және қала жұрттары зерттелді, қаңлы кезеңінің Шөлдала мекенжұрты, Жамбыл қаласының Сүлейменов көшесіндегі төрткүл қазылды, Талас өзені алқабындағы көне ирригацияны зерттеу басталды.

1985 жылдан 1989 жылға дейін облыста Қазақ КСР Ғылым академиясының Тарих, археология және этнография институтының К.М.Байпақов бастаған Ескерткіштер Жинағының археологиялық экспедициясы, Қазақ КСР Мәдениет министрлігінің «Қазжобареставрация» институтының экспедициясы (А.О. Итенов, А.Н. Проску¬рин, Т.Д. Жанысбеков) жұмыс істеді. Экспедициялар жұмысы археология және архитектура ескерткіштерін анықтау және паспорттауға, тарих және мәдениет ескерткіштерінің Жинағы үшін материал жинауға және Жетітөбе қорымы, Өрнек, Луговое Е, Қостобе

қалажұрттары сияқты эталонды ескерткіштерге қазба жүргізуге бағытталды. Қырғыз Алатауы мен Қаратауда петроглифтер зерттеле бастады. Мерке өзенінің жоғарғы ағысында шоғырланған түрік мүсіндері зерттелді (Э.А. Новгородова).

Архитектура мен монументалды өнердің ескерткіштерін паспорттау мен зерттеу жұмыстары жүргізілді.

1990 ж. облыста Қазақ КСР ҒА Тарих, археология және этнография институтының Оңтүстік Қазақстан кешенді археологиялық экспедициясы, ал Археология  институты  құрылғаннан  кейін  К.М.Байпақов бастаған Оңтүстік Қазақстан археологиляқ экспедициясы жұмыс жүргізе бастайды. Экспедициялық жұмыстар жаңа ескерткіштер анықтау және зерттеуге, сонымен қатар, Луговое, Қостөбе, Өрнек, Төменгі Барысхан қалажұрттарында, Ақыртас кешенінде қазба жұмыстарын жүргізуге бағытталды.

Археология және архитектура ескерткішін зерттеудегі жаңа кезең ел Президенті қолға алған «Мәдени мұра» Мемлекеттік бағдарламасы аясында 2004 ж. басталды.

Мәдени мұраның сан алуандығы мен байлығы өркениетті қоғамның негізгі белгісі, ұлттық және мемлекетік сана-сезімнің интеграциялық компоненті болып табылады. Мәдени мұраның заттық бөлігі халықтың материалданған жадысын көрсетеді. Мұның маңызды бөлігін археологиялық мұра құрайды.

Қуаныш  Даурембеков,

«Ежелгі  Тараз  ескерткіштері» 

тарихи-мәдени қорық-мұражайы

директорының ғылым

жөніндегі  орынбасары.