Мәдени мұра  Ұлттық жобаӨткенді қастерлеу арқылы, болашағымызды баянды етеміз
  • Twitter
  • Facebook
  • Лента на Youtube
 

Атамекен

Арыстанбаб кесенесі   (XII ғасыр)

Басты бет - Атамекен - Шығыс шежірелеріндегі Ежелгі Тараз

Шығыс шежірелеріндегі Ежелгі Тараз

Дүйсенбі, 29 тамыз 2016Адамзаттың үздіксіз даму тарихы мен оның өзіне ғана тән өскелең өркениет өрімдерінің өркен жаю тарихындағы алып бетбұрыстардың көшбасында тұрған ұлы құбылыстардың бірінен саналатын құндылықтар қатарына жататын сәулет өнерінің биік шыңы – кент - қала құрылысы болса керек. Қауымдық қажеттіліктің баршаға ортақ ұстанымдарының үлгі-өнегелері де, ақыл-ой шарықтауының жалпыға ортақ өре-деңгейі де осы қалалар мен кенттерде тоғысып, қалалар мен кенттерде өсіп-өніп, өркен жайған. Табиғат пен жаратылыс тылсымдарының жанды-жансыз бейне-болмыстарын алуан болжамдар тоғысымен түйіндеу әдісі де,  рухани құндылықтардың синтездік құрылымын - салт-сана, наным-сенім, әдет-ғұрып, тіл мен діл заңдылықтарымен зерделеу құпиясы да, ортақ болжам мен оңаша ойдың құнарлы құндылықтарын түйсік елегінен өткізіп, оларды бүкіл адамзатқа тән талассыз танымға айналдырудың тылсым-сыры да осы қалалық тұрмыс, қалалық қарым – қатынастар деңгейімен тікелей сабақтасып жатқан әлем. Сондықтан да болар, адамзаттың жетілген санасымен «түйдей құрдас» Тарих ғылымының, баяғзы заманалардан бермен қарайғы қай дәуірді алсаңыз да, танымның таусылмас Тайқазаны үздіксіз қайнап жататын қала көшелері мен тіршіліктің тас бұлақтары бір арнада үздіксіз тоғысып жататын қала алаңдарының тыныс-тішілігіне үнемі «құлақ түре беретіні...», ал, тарихшылардың қала атаулы құрылымның қабырғасы қалың уақыт-дуалдарының іші-сыртына үнемі «үңіле беретіні»...

Өкінішке орай, тарихтағы алғашқы қаланың аты-жөні де, оның бой көтерген мекен-жайы да, тарих ғылымы үшін күні бүгінге дейін шешуі күрделі жұмбақ күйінде қалып келеді...

Алайда, бүгінде мол мүмкіндікке қол жеткізген өркениет әлемі, тарих ғылымында ғана қолданылатын дәуірлік өлшемдердермен бағамдағанда ежелгі қала-мекен үлгілеріне жататын құрылыс-құрылымдарды зерттеп-зерделеп, адамзатқа ортақ жәдігерлер қатарына қосу үрдісін тынымсыз жалғастырып келеді.

Осындай өлшемдер шеңберімен шендестіре қарар болсақ, бүкіл адамзатқа, оның ортақ өркениетіне тән жәдігерлердің қазақ топырағында орын тепкен бірегейлерінің  бірі - іргетасы шамамен осыдан 2100 жыл бұрын қаланған, қай-қай дәуірде де өзінің аса ірі мәдени – рухани және саяси орталықтардың бірі санатындағы биігіен төмендеп көрмеген шаһарлардың бірі - ежелгі Тәңірқұт –Тараз қаласы екені даусыз. Біздің жыл санауымызға дейінгі дәуірлердің соңғы жүз жылдығында, Аса мен Талас өзендерінің аңғарындағы құтты топырақта іргетасы қаланған ұлы қаланың ұлағатты тарихы, жалпы адамзатқа тән өркениет өрімдерінің бөлінбес бір бөлшегіне айналғалы да ондаған ғасырлар өтіпті.

Жер бетінен сан рет жоғалып кетіп, самұрық құстай сан рет қайта түлеген Тараз тарихы – бүгінде арғы тегі түркі әлемімен, ғұндар тарихымен орайластырылып жүрген «Халықтардың Ұлы көші» (Сарыөзен, Алтай  бойын тастап Батыс өлкелерге ауа көшу. б.д.д. 100 жылдық) дәуірімен сабақтасатын тарих толқындарының ақжал ағындарымен астасып жатқан алып бір әлем, ғажайып шежіре-дастан. Сарыөзен бойынан жөңкілген «Ұлы көшке» себепкер болған ғұндардың ағалы-інілі билеуші тандемі - Тезек пен Қағанзаның арасындағы алакөз – алауыздық. Ал, алтыбақан алауыздықтың, жұрт болғалы араларына жік түсіп көрмеген тегі бір – тектес қауымның аяқ астынан ала тайдай бүлініп, екіұдай күйге еніп екіге бөлінуінің басты себебі – атамзаманнан бермен қарай алысып келе жатқан ата жаудың – хань әулеті бектерінің, жібегі мен күріші бастаған «тарту-таралғыны» үйіп төгу арқылы  орайын тауып, Тезек тәңірқұттың туған інісі Қағанзаны сатып алуы болды дейді тарихи құжат... Арғы тегінде – билік пен таққа талас дерті қылтиып тұрған,  бергісі – дүниеқоңыздықтың дүрегей дерті меңдеп тұрған қос кеселден туған тартыстың тамыры - осынау іргелі елдің, атам заманнан бермен қарай туған топырағына жау табанын жолатпаған жауынгер жұрттың, бірлігіне біте құрт түсіп, белортасынан  қақ айрыла қансырауынан үзіледі... «Бөлінгенді бөрі жейтінін», «іштен шыққан жау жаман»  екенін пайымдаған  Тезек Тәңірқұт ежелгі жаудың енді аямасын түйсініп, өзіне қарасты қауымның еркіндік пен тәуелсіздікті мұрат тұтқан, өзімен ниеттес те тілектес бөлігін бастап  Батыс өңірді – атамекен алтын Алтайды бетке алып көш түзейді. Ұзақ жылдар бойы асқар таулар мен даланы, тақыр мен тартар жылымдарды басып өткен ұлы көш, келе-келе Талас аңғарының Талас пен Аса сулары тарамданған тар қолтығы,  кәзіргі Ежелгі Тараз – жәдігер мекеніміз  орналасқан аумаққа келіп табан тірейді де, бірден қос қорғанды бекініс қаланың іргетасын қалайды.  Аса қарқынды жүргізілген бекініс - қала құрылысына жүздеген адам күші тартылып, сол тұстағы ата қоныс иелері, жергілікті  үйсін, қаңлы қауымдастықтарының қолдауымен ғажайып қаламыздың қабырғасы көтеріледі. Қөптеген тарихшылардың дәлелдеуі бойынша қала іргетасын қалауға сол дәуірде орын алған Бұл – біздің дәуірімізге дейінгі бірінші 100 жылдық болатын!

Күні бүгінге дейін  тарихшылар, сол  ежелгі мекеніміз Тараз қаласының атауы тарихи айналымға тек біздің жыл санауымыздың 6-ғасырында ғана, дәлірек айтсақ 580-583 жылдары ғана енді деп келеді. Бұл меже, тіптен тарих оқулықтарының беттерінде де бедерленген. Ал, кейінгі жылдары белгілі болған ежелгі  шежірелердің бірі – Хань әулетінің «26 тарих» аталатын, жалпы Азия құрлығының 5 мың жылдық тарихындағы айтулы оқиғаларды қамтитын және оқиғалардың тікелей куәгерлерінің өз қолдарымен хатталып-қаламдалып отырған алып жәдігерінде, ежелгі Тараз бейнесін, сол біздің дәуірімізге, біздің жыл санауымызға дейінгі 36-жылғы куәгерлер, былай суреттейді:  «Ертеңінде олар (хань әскерлері) тағы ілгерілеп, Тезек қаласының (Тараз) іргесіндегі Талас өзенінің бойына жетіп, қалаға 3 ли (1,5 шақырым) қалғанда қос тігіп, шеп құрды.  «Алыстан қарағанда Тәңірқұт қаласының әлем-жәлем тулары желбір-желбір етеді. Бірнеше жүз сауытты әскер қорған мұнарасы үстінде күзетте тұр. Тағы бірнеше жүз сарбаз қорған түбінде әрі-бері шапқылап жүр.  Қорған дарбазасының екі жағында бірнеше жүз жаяу әскер қаз-қатар тізіліп машық жасап жатыр.  ....Соқпа қорған сыртында бір қабат ағаш қорған бар еді.». Көз алдымызда - осыдан жиырма бір ғасыр бұрынғы «мәңгілік қаламыздың» бояуы қанық, болмысы толымды суреті...Бұл жолдарды жазып отырған - сол дәуірлерге тән үрдіске сәйкес, кез-келген айтулы  жорықтар  мен сапарларға қатысушы топпен ілесіп жүріп, қөзі көргенін ғана хаттап – қаламдайтын  басыбайлы жылнамашы екенін ескерте кетелік. Сөз түйіні - болған оқиғаны өз көзімен көріп, оқиға барысын өз өзегінен өткізген куәгер адамның жазбаларына күдікпен қараудың реті жоқ дегенге саяды... Әсіресе, жазбалардың авторы қашанда жақсысынан жаманын асыра көрсетуге бейім тұратын, бүкпесіз айтсақ, қарсылас жақтың өкілі болса...

Осындай сәулеті мен дәулеті шалқыған жас шаһарды, сол б.д.д. 36 – жылы алғаш рет, ғұндардың ата жауы –  хань әулетінің Чин – Тань бастаған  әскері талқандайды. Араға төрт ғасыр салып, көшпенділердің Аттила патша бастаған алып империясын құрған, сол Аттила сардардың қолбасшылығымен бұған дейін «атынан ат үркетін» Рим империясының үрейін қашырып, шаңырағын шайқаған ерен этнос - ғұндардың көсемі, ұлы қаламыздың іргетасын қалап, қабырғасын өрген Тезектің (Чжи - Чжи)  басын алады. Бұл жөнінде «26 тарих» былай деп жазады. – «Тәңірқұттың  өзі  ауыр жараланып (жан алып – жан беріскен жанталаста садақ оғы қайран сарбаздың мұрын тұсына қадалған Т.М.) жан үзді. Долымжы тектеуіл (кіші қолбасшы) Ду Шун оның басын кесіп алды. Хань елшілерінің екі куәлігі, ... торғынға жазылған хат табылды». Осы қырғыннан кейін жергілікті үйсін, қаңлы, қидандар мен сарматтар, қарлұқтар т.б. тайпалардың күшімен Тараз қаласының қираған қабырғалары қайтадан тұрғызылады. Бұл болжамға негіз есебінде ұсынар дәлеліміз - аталған жазбалардағы – «Тәңірқұттың қаласы әр елден келген 15 ханға табыс етілді» - дейтін деректер болса керек. Осы ретте, сол б.д.д. 36-жылға тән жазбалардың кей тұстарында, қаламыздың алғашқы атауы – Тәңірқұт қаласы болып та жазылғанын айта кетелік. Сонымен бірге, басқа бір дереккөздеріне қарағанда, жоғарыда аталған «торғынға жазылған хат», бүгінгі Қытай елінің астанасы Бейжің қаласындағы «жабық қала» аталатын патшалар сарайына орналасқан, күні бүгінге дейін екінің – бірінің қолы жете бермейтін аса құнды мұрағат қорының сөрелерінде  сақтаулы тұрса керек...!

Тарих толқынында үздіксіз түрлене - түлеп, жаңара - жаңғырып отырған көптеген  ұлыстық, тайпалық, әулеттік тармақтардың бір арнада тоғысқан толайым сәттері де, олардың ішкі – сыртқы тегеруіндердің әсерінен ыдырай бөлшектенген кезеңдері де, осынау киелі қаланың атымен, оның құт - мекені Шу-Талас аңғарының тарихымен астасып жататындығының өзі арнайы зерттеуді талап ететін тақырып... Тарих ғылымындағы «Шу-Талас  аңғары» аталатын ұғымның қалыптасуы  тектен-тек болмаса керек...!

Сол тарихи даму заңдылығының сан құбылған сын сағаттарын бастан кешу сындарынан сүрінбей өткен киелі қаланың, бұл күнде көбінесе әр қиырдағы құм жұтқан үйіндіге айналған көптеген қалалармен салыстырғандағы басты ерекшелігі - ол ешқашан да өз тұрғындарын қоныс аудартып жаңа жұртқа көшірмеген, керісінше, самұрық құстай қайта түлеп, айналасында Атлах, Ақыртас, Жікіл, Оххум, Түймекент, Баласағұн, Құлан, Мирки, Өрнек, Қостөбе, Төрткүлдер секілді т.б. ондаған қалалар мен ондаған мекендердің бой көтеріп, гүлденуіне игі ықпалын тигізіп отырған. Бірнеше мемлекеттік құрылымдардың астанасы да болған, көптеген жазбаларда айтылатынындай 8 – 10 ғасырларға дейін мұсылман әлемінің Шығыс шекара – шебі міндетін де атқарған.

Жалпы Шығыс шежірелеріндегі Тараз қаласының атауларында орфографиялық ауытқулар  мен фонетикалық түрленулердің кездесіп жататыны да рас – Тәңірқұт, Талас, Тараз, Таласэ, Таласо,Тираз, Янги т.с.с. атаулар осының айғағы болса керек. Тараз қаласы туралы алғашқы жазба мәлімет, күні бүгінге дейін, Византиялық кезбе Земархқа телініп келгендігі белгілі (568ж.), ал, тарихшы қауымның тілге тиек ете беретін екінші авторы – қытай діндары  Сю-ань Цзянь (630ж.) болса,  8-10 – ғасырлардағы мәліметтер – араб саяхатшылары Әл-Мақсидидің, Ал-Истахридидің, Ибн  Әл-Асирдің Тараз туралы қалдырған там-тұм жазбаларымен ғана шектеледі...

Адамзат өркениетінің өркен жаюына өлшеусіз үлес қосқан кент, «Ұлы Жібек жолының» жон ортасына орналасқан тағдыр-тәлейінің сәтіне орай -  сол өркениеттер тоғысуының, табысуының, жүздесуінің куәсі болған киелі қала туралы біршама толыққанды баяндаудың соно-о-о-у, біздің дәуірімізге дейінгі бірінші ғасырда-ақ  таңбаланғандығының  дәлелін  жоғарыда сөз болған «26» тарих беттерінен көріп отырмыз...

Араға түмен жылдар салып  барып,  атақты қала өз есімін сан рет өзегерту белестерін де бастан кешті – Янги (15 ғ.), Әулиеата (1864 ж.), Мирзоян (1936 ж.),  Жамбыл (1938 ж.) тәрізді атаулар, Тараз қаласы бастан кешкен түмен ғасырлардың, толғауы терең тарихи оқиғалардың бір-бір парасы деп қарауға тұрарлық тақырыптар... Уақыт өзгеріп, замана түлеген, Тәуелсіздіктің таңы атқан толайым жылдары  ұлы қала өзінің тарихи атауын – әлемдік шежіре де шегенделген «Тараз»  атауын,  Ежелгі Тараз топырағының бүгінгі жанашыр перзенттерінің қолдап - қорғауымен және Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың № 3315- а  Пәрменімен қайтарып алды. Ежелгі қаланың бұл естен кетпес елеулі күні тарихта – 1997 жылғы қаңтар айының 7-жұлдызы  деп таңбаланады.

Тәкен Молдақынов,

«Ежелгі Тараз ескерткіштері»

тарихи-мәдени

қорық- мұражайының директоры.