Мәдени мұра  Ұлттық жобаӨткенді қастерлеу арқылы, болашағымызды баянды етеміз
  • Twitter
  • Facebook
  • Лента на Youtube
 

Мәдени мекемелер

Сарлы-Там кесенесі   (XII ғасыр)

Басты бет - Мәдени мұра - Мәдени мекемелер - «ОТРАР» МЕМЛЕКЕТТІК АРХЕОЛОГИЯЛЫҚ ҚОРЫҚ-МУЗЕЙІ

«ОТРАР» МЕМЛЕКЕТТІК АРХЕОЛОГИЯЛЫҚ ҚОРЫҚ-МУЗЕЙІ

Ұлы Жібек жолы бойындағы ірі орталықтардың бірі, ғұлама ғалым Әбу Нәсір Әл-Фарабидің отаны Отырар – Қазақстанның оңтүстігінде орналасқан ортағасырлық қалалардың ең белгілісі. Отырар ежелгі заманнан-ақ қалаларында ғылым мен мәдениет, сауда, өндіріс, далаларында егін, мал шаруашылығы қатар дамыған әлемдік мәдениеттің ірі орталықтарының бірі болған. ҮІ-ҮІІІ ғасырларда Отырар-Фараб Сырдарияның орта шеніндегі ірі феодал иелігінің астанасы, ІХ-ХІІ ғасырларда аймақтың бас қаласы, ХІІІ-ХҮ ғасырларда Қазақстанның Оңтүстігіндегі аса ірі қалалардың бірі, ал ХҮІ-ХҮІІІ ғасырларда Қазақ хандығының саяси және экономикалық орталығына айналды. 

Ортағасырлық араб, парсы тарихшылары мен географтары бұл қаланың Қазақстанның оңтүстігіндегі саяси, сауда және мәдени орталығы болғандығын, Орталық Азия тарихында маңызды рөл атқарғандығын жазып қалдырған. Қаланың рөлі мен маңыздылығының артықшылығы – оның орын тепкен жерінің, географиялық жағдайының қолайлылығына байланысты болған. Отырар Арыс өзенінің Сырдарияға құяр сағасында егіншілікпен айналысатын аймақтың ірі орталығы, әрі Қаратау етегіне жақын орналасқандықтан көшпенділердің бекініс қамалдарының бірі болатын. Белгілі шығыстанушы, археолог А.Н.Бернштам атап көрсеткендей: «Орта Азияда мұндай өте қолайлы және өте қауіпті жағдайда болған қаланы табу қиын», - еді.

Отырар Сырдарияның орта шеніндегі басты қала болды, бірақ маңайында Кедер, Весиж, Борық бар-тын. Қазір солардың және аттары белгісіз болып қалған көптеген қалалар мен қалашықтардың орны төмпешік төбелер болып қалған. Деректерге қарағанда Отырардың соңғы тұрғындары қаланы ХҮІІІ ғасырдың орта шенінде тастап Түркістан, Шымкент, Шілік жағына қоныс аударған. Содан бергі дәуірлерде Отырар қаңырап бос қалып, жергілікті тұрғындар Отырартөбе деп атап кеткен, үйіндіге айналды.

ХІХ ғасырдың аяғында Отырар қирандылары мен оның төңірегінде орналасқан басқа да ескерткіштер ғалымдардың назарынан тыс қалған жоқ. Ежелгі Отырар өлкесінің археологиялық зерттеу жұмыстары ғасырлар өтсе де тоқтап қалмай, жыл өткен сайын жалғасын тауып қарқын алып келеді. Отырар ескерткіштері жайлы Б.Б.Бартольд, Е.Г.Смирнов, Н.С.Ликошин, А.О.Руднев, Д.Н.Люшин, И.А.Кастанье, А.К.Кларе, А.Черкасов, И.Т.Постлавскийдің, А.Н.Бернштам, Е.И.Агеева, А.Г.Максимова К.А.Акишев, К.М.Байпақов, М.Б.Қожа және тағы басқа ғалымдардың еңбектерінде кеңінен жазылған. Тарихи деректер көзіне сүйенсек, Отырардың алғашқы топографиялық сұлбасы 1903 жылы түсірілді. Отырарды зерттеу 1904 жылдары А.Кларенің басшылығымен жүргізілген алғашқы ғылыми негіздегі қазба жұмыстарынан басталады. Революциядан кейін жаңа кезең басталды. 1947 жылы Оңтүстік Қазақстанда орналасқан ескерткіштерді зерттеу басталды. Сол кездегі Тарих, археология және этнография институты мен материалды мәдениет институтының Ленинградтық бөлімі бірлесе отырып ОҚАЭ құрды, басшысы А.Н.Бернштам болды. ОҚАЭ оазистің Пышақашытөбе, Алтынтөбе, Құйрықтөбе, Марданкүйік, Көкмардан және оған қосы Сырдарияның солтүстік жағасындағы Бұзық, Оқсыз, Артық ата, Қауған ата, және Сумағар сияқты тарихи ескерткіштерге зерттеу жұмыстарын жүргізген. 1969-1971 жылдары Кемел Акышев бастамасымен ҚазССР Ғылым Академиясының Ш.Уалиханов атындағы тарих, археология және этнография институты Отырар экспедициясымен жұмысты қайта бастады. Нәтижесінде Отырар Қазақстан мен Орта Азия аумағындағы ең көп зерттелген ортағасырлық қала болып табылды.