Мәдени мұра  Ұлттық жобаӨткенді қастерлеу арқылы, болашағымызды баянды етеміз
  • Twitter
  • Facebook
  • Лента на Youtube
 

Материалдық емес мұра

Теміржолшылар мәдени үйінің ғимараты

Басты бет - Мәдени мұра - Материалдық емес мұра - Мұражай қорындағы теріден жасалған ыдыстар топтамасы

Мұражай қорындағы теріден жасалған ыдыстар топтамасы

Сенбі, 24 қыркүйек 2016Теріден жасалатын бұйымдар, әсіресе ыдыстар-көшпелі өмірге бейімделген, көшіп-қонып жүргенде алып жүруге ыңғайлы, сынбайтын, ерте заманнан келе жатқан үй жасау жабдықтарының бірі. 

Ежелгі халықтардың қай-қайсысы болса да негізгі күн көріс кәсібін аңшылық пен мал өсіруден бастаған. Сондықтан хайуанаттың етін, майын, ішек-қарнын, терісін, жүнін, тарамысын пайдаға асыра білген. Мұндай өнер, әсіресе мал өсіру шаруашылықтарымен айналысатын көшіп-қонып жүретін халықтарға оның ішінде қазақ халқына өте тиімді еді.

Қазақ халқының тұрмысында да теріден, былғарыдан, жасалған бұйымдардың алар орны кең «Ыдыста ырыс бар», «Шешесін көріп қызын ал, ыдысын көріп асын іш» деген қазақ мақалында пәлсафалық, әлеуметтік терең ой жатыр. Демек, ата-бабаларымыз ұлт тұрмысында ас сақталатын ыдыс аяққа да үлкен мән берген. Үйдің тұрмыстық қажетін өтейтін бұйымдар жасауға жылқының, түйенің және сиырдың, жүні малмаға салынып жидітіліп, қырылған терілері пайдаланылды. Шеберлер-илеу, ыстау, құрымға салу сияқты әдістермен әзірленетін саба, сүйретпе, мес, торсық, жанторсық сияқты ыдыстар жасады. Жылқы мен сиыр терісінен мал саууға арналған шанаш, көнек сияқты ыдыстар жасап, оларға бедерлер салып әшекейлейді.

Қазақ халқының тұрмыс-тіршілігінде, шаруашылық жайында қолөнер саласында тері өңдеу өнері маңызды орын алған. Халық тұрмысында мал терілерін қарапайым жолмен ұқсату көптен бері келе жатқан тәсілдердің бірі. Мысалы: ірі қара малдың иленбеген терісін «шылғи қайыс», ал тері иленіп ұқсатылғаннан кейін оны «қайыс» деп атайды. Қолөнерде көбінесе өрнектеліп жасалатын заттарға иленген қайыстар мен ыстап ұқсатылған терілер қолданылады. Түрлі ас құятын ыдыс жасауға арналған терілерді әдетте илемейді. Өйткені, иленген тері су тисе болды тез жібіп, былжырап кетеді, оған құйылған сұйық тағамға иінің дәмі шығып тұрады. Сондықтан саба, торсық, жан торсық, сүйретпе, көнек жасауға арналған жылқы терісінің жүнін ұстарамен қырып, кейде тіпті, жүнімен аязға тастайды да көктемде қайта жібітіп, жүнін алып ыстауға кіріседі. Теріні ысқа әзірлегенде пышақ кескен, оқыра тескен жері жоқ бүтінін таңдап алады да 2-3 күн шошаланың төбесіне жайып не киіз қайнатқан құрымға салып қояды. Тері ащы құрымның күшімен иленген тері сияқтанып ширығып, шымырлана түседі және қара қошқыл өңге енеді. Содан кейін оны сорғытып, аздап құрғатып үлгіге салып отырып сабаға, көнекке, торсықтарға арнап пішеді де терінің қыртысын сыртына қаратып әр ыдыстың өзіне тән формасын сақтай отырып шуда жіппен жиі жөрмеп тігеді. Жіп түйенің шудасынан иіріледі. Ол шірімейді әрі төзімді. Тігілген ыдысты ішіне топырақ, не құм толтырып, күн көзіне қояды. Құм кептелген ыдыстар ыстық пен желде 4-5 күн тұрып әбден кеуіп сіріленіп қатады. Бұдан кейін құмын төгіп тастап, ыдыстың іші-тысын тұздалған сарымаймен немесе жылқының сүр етінің майымен майлап тағы да күнге қояды. Содан кейін ғана май  сіңген тері ыдысты ыстайды. Мұндай әдіспен жасалған ыдыстар өз пішінін еш уақытта жоймайды. 

Қазақ арасында арнайы тері ыстауға маманданған ысшылар болған. Ыс салушы адам теріні күйдіріп немесе өте қуратып алмайтын, ыстың біркелкі сіңіуін ыс орнының мойны мен күркесін жасауды жақсы білетін маман болады. Әйтпесе жүздеген мал терілері ысырап етілуі мүмкін. Бұдан біз ыс салушылықтың «үйші», «етікші», «ерші», «зергер», «ұста», «көнші» деген сияқты «ысшы» аталып кәдімгідей мамандық саналғанын көреміз.

ХХғ. басында Көкшетау төңірегінен, Сыр бойынан, Жетісу өңірінен жиналған деректерге қарағанда тері ыстауға маманданған ысшылар қыстау жанында бірнеше жылқы терілерін бірден ыстау мақсатымен жертөле қазып, оның төбесін топырақпен түтін шықпайтындай етіп жауып отырыпты. Тек бір шетінен аздап леп шығып, ауа кіріп тұратын саңылау қалдырады. Жертөле есігі де түтін шықпайтындай болып жабылады. Ыстың жанынан беті жабық жерошақ қазылады да, одан шығатын түтін арнайы жасалған ұзындығы 2-3 метрдей мұржамен жертөле ішіне тоқтаусыз баруы қажет. Жертөле мен жерошақ арасының мұншалықты қашық болатындығы от жалынының тікелей жертөле ішіне  жетпеуін көздегендіктен. Өйткені, ыстық жалын лебі терілерді бырыстырып күйдіріп жіберуі мүмкін.

Алайда Қазақстанның барлық өңірінде тері ыстау үшін тек осындай жертөлелер қазыла бермеген, кейбір ауылдар терілерін ысшыға бермей-ақ, ені бір метр ұзын ор қазып, оған әркім белгі салынған терілерін іледі де, төбесін шыммен жауып, арнайы мұржа арқылы тобылғы, қайың түтінін жібереді. Кейбіреулер жалғыз жарым терілерін шыммен не құрым киізбен жабылған шағын күркелерде де ыстай береді.

Тері ыстау үшін қайың мен тобылғыдан басқа ағаштың, әсіресе май қарағай немесе қи, тезек сияқты отын түрлері еш уақытта қолданылмайды. Мұндай отындардың майы сіңген сабаның қымызынан оның жағымсыз қышқыл дәмі шығып тұрады.

Ыс әбден сіңген ыдыстардың түсі қызыл күреңденіп, кепкен мейіздей болып қатып қалады. Осындай тобылғы торы торсықтар 5-6 айға дейін жібімейді де, дымданбайды да, көгермейді де, өңезденбейді де. Қажет болған жағдайда бес алты айдан кейін оны тазалап кептіріп, майлап тағы да ыстайды. Ысталған ыдыстар ең алдымен қымыз, саумал, бие сүттері үшін қажет. Тұрмыста өзге ыдыстардан гөрі осындай теріден жасалған ыдыстарға баса көңіл бөлінген, өйткені онда қымыздың тағамдық қасиеттері жақсы сақталынған.

«Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық мұражайының қорында да бір кездері ата-бабаларымыздың қолынан  шыққан осындай дүниелердің бірнеше түрі бар. Соның бірі-Торсық  акт №25,06.06.2005, инв, №1249, КК №2752. Құрамы тері, өлшемі 35х42х13. Торсық-қымыз, шұбат, айран т.б сүттен әзірлейтін сусындарды сақтап, тасымалдайтын шылғи теріден жасалған ыдыс. Торсық түйенің, бұғының, өгіздің мойын терісінен жасалады. Жүні жидітілген теріні қалыпқа салып пішеді де таспамен тігеді. Қазақ шеберлері жасаған торсықтар негізгі екі түрге бөлінеді. Біріншісі мүйізді торсық, екіншісі жанторсық. Мүйізді торсықтар әдемі әшекейленіп, үйде керегенің басында ілулі тұрады.

Ал торсықты мүйіздеп жасайтын себебі-ішіндегі қымызын сарқып құйғанның өзінде торсықтың қос мүйізінің қуысында бір-екі қасық қымыз қалып қояы. Мүйізде қалған қымыз қалдығы келесі құйылған саумалға ашытқы болады.

Жанторсық-көбінесе малшылар мал баққанда, жауынгерлер жорыққа шыққанда ішіне сусын құйып, ердің қанжығасына байлап жүретін ыдыс. Жанторсық мүйізді торсыққа қарағанда қарапайымдау болады, мүйіз болмайды, тек мойынында бау тағатын шығыршығы, ағаш тығыны болады.

Музей қорында сақталған торсық мүйізді торсық. Бірақ өрнектеліп, бедерленбеген өте қарапайым жасалған, аузында ағаш тығыны бар. Торсық ірі қара мал терісінен тігіліп, тері ыстау әдісімен ысталып, қатырып жасалған.

Көнек-акт №33.11. 08.05, инв №1273, КК 2778. Құрамы тері, өлшемі һ-23 d-30. Көнек шикі теріден тігілген, бие саууға арналған шүмекті ыдыс. Д.Шоқпарұлы мен Д.Дәркембайұлының «Қазақтың қолданбалы өнері» деген кітабында көнекпен бие сауғанда бауын білекке іліп алып, түбін тізеге тіреп, биенің мінер жақ санын қос қолмен қаусыра құшақтап сауады. Көнек жеңіл болады және қаңылтырдан жасалған ыдыстардай даңғырламайды.

«Көнектен шошыған бие оңбас,

Көптен бөлінген үй оңбас»,-дейді халқымыз

Көнекпен сауғанда мал мазасызданбай жақсы иіп, сүтті мол береді деген мәлімет бар. Көнектің бір шетінен шәугім сияқтандырып шүмек шығарылған. Ернеуі тесіліп жіп өткізіліп бау тағылған. Көнек ірі қара мал терісінен тігіліп, тері ыстау әдісімен ысталып, қатырып жасалған.

Күбі-Көнектің бір түрі акт№33.11.08.05, инв№ 1275, КК 2780. Құрамы тері, өлшемі һ-50 d ер-19,5 d түб-23. Күбі қымыз, шұбат, айран, сүт құюға және керегеге іліп қойып саба орнына қымыз пісуге арналған ыдыс. Күбі ірі қара мал терісінен тігіліп, қатырып, тері ыстау әдісімен ысталып жасалған.

Шелек-бақыраш акт №33. 11.08.05, инв № 1274, КК 2779. Құрамы тері, өлшемі һ-35, d ер-25 d түб-26,5. Шелек-бақыраш күнделікті тұрмыста айран, сүт құюға және бие саууға арналған ыдыс. Шелек-бақыраш ірі қара мал терісінен тігіліп, қатырып, тері ыстау әдісімен ысталып жасалған. Ернеуінің қарама-қарсы жерлерінен металл ілмектер шығарылып, дөңгелек өткізіліп оларға жіп байланып бау тағылған.

Мұндай ыдыстар жасау тәсілі қазіргі күнде ел арасынан мүлдем ізін жойған. ХIХғ. аяғы мен ХХғ.бірінші ширегінде Ресей зауыттары шойын, мыс қалайы ыдыстарды көптеп шығара бастаған кезде қолөнердің бұл түрі тоқтатылған. Қазіргі кезде шамамен ХVIII-ХIХ ғасырларда жасалған мұндай дүниелерді тек музейлерден ғана кездестіруге болады.

Қорыта айтқанда бұл мақаланы жазудағы мақсат-қазақтың дәстүрлі өнерінің ұмытыла бастаған салаларының ерекшеліктерін үйреніп білу. Сандаған жылдар өтсе де сыры мен сыны кетпеген жәдігерлерді жас ұрпақтың көзбен көріп, қолмен ұстағандай танып білуіне, сондай-ақ өз халқымыздың салт-дәстүрі мен шығармашылығының, талғам деңгейінің өте биік болғанын танытуға қосқан үлес болмақ....

Нұржамал Әшірбекова,

«Әзірет-Сұлтан» қорық  мұражайының 

ғылыми қызметкері.