Мәдени мұра  Ұлттық жобаӨткенді қастерлеу арқылы, болашағымызды баянды етеміз
  • Twitter
  • Facebook
  • Лента на Youtube
 

Материалдық емес мұра

Шопан – Ата көне мешіті

Басты бет - Мәдени мұра - Материалдық емес мұра - Музей қорындағы білезіктер ерекшелігі

Музей қорындағы білезіктер ерекшелігі

Сенбі, 24 қыркүйек 2016Білезік-жалпы әйел заты қолға тағуға арналған сәндік әшекей бұйымдарының бірі. «Сулық», «ауыздық», «мұрындық», деген секілді ол білекке тағу үшін жасалатындықтан «білезік» деп аталған.

Нақтырақ айтқанда «білек» және «жүзік» сөздерінің бірігуінен пайда болған «білек жүзік» сөзі уақыт өте келе «білезік» болып қалыптасқан. Зергерлер білезікті металдан; оның ішінде темірден, мыстан, күмістен, алтыннан жасаған және білезіктің бес білезік, тасты білезік, топсалы білезік, жұмыр білезік, жалпақ білезік, қалы білезік, көзді білезік, құйма білезік, қос білезік, деп аталатын бірнеше түрі бар. Ұлттық  дәстүрге байланысты да білезіктің бірнеше атаулары белгілі. Ал жасалу ерекшеліктеріне орай ширатпа, оймыш, шекіме, алтын жалатпа, қара-ала, құйма, қалыптама деген көптеген түрлері бар. [3,128 ]

Қазақ ұғымында білезік тағу тек әйелдерге ғана тән нәрсе. Бұрынырақта білезікті бақуат адамдар  тапсырыс беріп жасатқан болса, бүгіндері ол басқаша сипат алды.

Оның үлкен-кішілігі, ауыр-жеңілдігі, әркімнің қалауынша әртүрлі бола береді және аталу түрлеріне қарай, білезік бетіне жүргізілетін ою-өрнектер де сан алуан болып келеді. Түйе табан ою, өсімдік тектес ою, әрқилы геометриялық фигуралар; үшбұрыш, төртбұрыш, дөңгелек, ромбик, қошқар мүйіз ою, сыңар өкше, жүрекше, ирек шимай, құс қанаты, бөріқұлақ ою-өрнектері білезік көркін аша түседі. [3,152] Білезікті ою-өрнектермен әшекейлеудегі талғампаздық ата-бабаларымыздың әдемілікке, әсемдікке деген іңкәрлығын аңғартса керек.

Білезікті жасау мен тұтыну Қазақстанның барлық аймақтарында кеңінен таралған. Алайда қазақ әйелдері тағатын әшекейлердің Оңтүстік, Солтүстік-Шығыс және Батыс Қазақстандық дәстүрлі үш топтамасы бар. Оңтүстік Қазақстанның әшекей бұйымдар кешеніне  егін шаруашылығымен айналысатын өзбек және тәжік халықтары мәдениетінің, ал Солтүстік-Шығысқа Еділ бойы татарларының зергерлік өнерлерінің ықпалы болған. Бірақ бұл ықпал қазақтардың дәстүрлі мәдени тегінің негізін өзгерте алған жоқ. [4,13]

«Орталық Азия зергерлерінің бұйымдары» (авт. И. Тасмағамбетов) деген еңбекте автор қазақ шеберлерінің көршілес қырғыз, түркімен, өзбек, қарақалпақ  зергерлеріне қатты ықпал еткендігін айтады. Бұдан біз білезіктің көршілес туысқан халықтар арасында да мейлінше кең таралғандығын аңғарамыз. Сондай-ақ, автор аталған еңбекте: «Қазақ шеберлері зергерлік бұйымдарды жасаудың сан алуан техникалық тәсілдерін жетік меңгерген».  Олар үшін құю, шабу, бедерлеу, қалыптау, оймалау, зерлеу, қаралау, бүршіктеу сияқты толып жатқан әшекейлеудің нәзік те күрделі тәсілдері үйреншікті машық болған дейді.

Қазақ ауылдарында қолөнер шеберлері аз болмаған, бірақ олар жасаған бұйымдарды алушылар аз болды, өйткені күміс немесе күмістеген темірден жасалған әсемдік заттарды негізінде қазақ арасында дәулетті адамдар ғана тұтынған. [5,58]

ХVIII-ХIХ ғасырларда шетелдермен сауданың дамуына байланысты қазақ даласына жайылған Россияның күміс және алтын ақшасы, Қытай жамбылары іскерлердің қолына түсісімен, олардан сан түрлі сәндік бұйымдар жасады. Сондықтан қазақ қолөнер шеберлерінің қатары ХIХ ғасырда көбейе түсті. [5,60] Музей қорындағы зергерлік бұйымдардың да басым көпшілігі  ХVIII-ХIХ ғасырлардағы зергерлік бұйымдар. Музей қорында және экспозициясында түрлі тәсілдер мен жасалған білезіктердің сан алуан түрлері қола дәуірінен бастап ХХ ғасырға дейінгі кезеңді қамтиды. Негізінен ХIХ-ХХ ғасырларда жасалған білезіктер турасында сөз қозғар болсақ, осы кезеңді қамтитын білезіктер түрлерінің өзі сан қилы. 

«Шебердің қолы ортақ» (авт. Тәжімұратов) атты кітапта әшекей бұйымдар қалыбы туралы айтыла келіп, «сағат қалып» жайлы мынадай мәлімет береді: «Торғай облысы, Аманкелді ауданының жерінде, шамасы ХХ ғасырдың бас кезінде жасалған». [6,79] Мұндай сағат қалып арқылы құйылған «сағат білезіктің» музей қорында екі түрі бар,- біріншісі-акт №21, 17.05.2005, инв № 1240, КК № 2742, өлшемі D-1, L-18,5см, екіншісі-акт №38, 28.08.2003, инв №962, КК № 2328, D-3, L-14,5 см. 

   Бір-біріне өте ұқсас екеуі де күмістен жасалып, сағат суреті бедерленген, білезіктің бекітілер екі ұш жағы томпақша гүлді әшекеймен көмкерілген. Сағаттағы сандар Рим цифрымен шекіліп, оның төменгі жағына дөңгелектеніп секундомер суреті салынған. Сағат бейнелі бөлік пен білезік топса арқылы біріктірілген. Сондықтан бұл сағат бейнелі, топсалы білезік түріне жатады. Мұндай білезік түрлері патшалық Ресейден қазақ жеріне алғаш қалта сағат және қол сағатының келуімен байланысты таралған болуы ықтимал.

Ендігі бір білезіктердің кең таралған және өзгешелеу түрі-көзді білезіктер. Мұндағы көздер негізінен әдемілік үшін орнатылса, екінші жағынан тіл-көзден, пәле-жаладан сақтайды деген ұғыммен де тікелей байланысты. Көздердің түстері де әртүрлі. Дегенмен қызыл түсті көз орнатылған білезіктер көбірек кездеседі. Мұндай білезіктің музей қорында бірнешеуі бар. Солардың бірі-қос-қостан сегіз қызыл көз орнатылған қос білезік: акт № 8, 01.03.2005, инв № см,  1181, КК №2681. Құрамы күміс, қаптама. D-3,8, L-14,3 cм.

Жалпақтығына шекіліп салынған ирек өрнектеріне, тұйықталар тұсының иректеле біткеніне қарағанда білезік Батыс Қазақстан өңіріне тән. Батыс Қазақстан әңіріне тән тағы бір ерекшелік: Батыс Қазақстандық шеберлер салмақты және көлемді білезіктерді құйып жасамаған, оларды арасына бор толтырып күміспен қаптап жасаған.  Мұндай білезіктердің бетіне қалыпты өрнектер мен бедерлерді зерлеу жеңіл болған. Алтынмен апталған, күміс білезіктің көркі ерекше көз тартады.

Тек күмістен соғылған білезіктердің өзі Қазақстанның әр өңірінде әр түрлі болады. Жергілікті өзгешеліктер оның жасалу, әшекейлеу, тәсілінен де, көлемінен де, сыртқы мүсінінен де байқалады. Мәселен, Қазақстанның шығыс, оңтүстік-шығыс аудандарына, жұмырланып және төрт қырланып соғылатын білезіктер тән болса, солтүстік және орталық Қазақстанға жұқартыла соғылған жіңішке білезіктер тән, оңтүстік өңіріне құйма, сом білезіктер, ал батыс пен оңтүстік-шығысқа өте көлемді сырты алтынмен буланатын көзді білезіктер тән. Оңтүстік өңіріне тән құйма, сом білезіктердің де музей қорында бірнешеуі бар. Солардың біреуі құйма білезік: акт №34, 18.09.2004, инв № 1115, КК № 2595. Құрамы кұміс, өлшемі: D-3,6, L-16 см.

   Білезіктің ортасына «күнсәулесі» өрнегі салынып, шеттері «құсқанат» өрнегімен толтырылған. Жиегі  «дөңгелек» ою-өрнектерімен бедерленген. Білезіктің салмағы мен көлемінің үлкендігіне қарағанда дәулетті отбасынан шыққан әйелдің арнайы жасатқанын байқауға болады. Дәулетті отбасынан шыққан әйелдердің әшекейлері көлемділеу және күрделі де мінсіз орындалуымен ерекшеленеді. Ал ауқатты отбасынан шыққан қыздардың салмағы үш келі шамасы күміс әшекейлер тағынғаны туралы «Қазақтың әдет-ғұрып салт-дәстүрлері» кітабында келтірілген. [7,185 ]

Музей қорындағы бірнеше білезіктің ішінен үш түрлі білезікке тоқталу арқылы Қазақстанның әр өңірінде жасалған зергерлік бұйымдардың ерекшелігін байқап отырмыз. Білезіктің қанша түрі болса, олардың жасалу техникасы мен атауларында да соншалықты өзгешеліктер бар. Біріншіден жасатушының тұрмыс дәулетіне қарай алтынмен апталып күміспен күптеліп қиыннан қиыстырылып алуан түрлі өрнектермен өте нәзік етіп жасалынса, екінші жағынан Қазақстанның әр өңіріндегі жергілікті өзгешеліктер оның жасалу, әшекейлеу, тәсіліне де, көлеміне де, сыртқы мүсініне де әсер етті.

Қорыта айтқанда көріп отырғанымыздай тамыры көне замандарда жатқан «зергерлік» өнерін қазақ зергерлері таяқша, сызықша, салып оюлайтын қарапайым әшекейлеуден бастап, қазіргі жоғары дамыған әшекейлеу кезіне дейін жеткізді. Болашақ ұрпаққа өшпес мұра етіп қалдыра білді.

Нұржамал Әшірбекова,

«Әзірет-Сұлтан» қорық  мұражайының 

ғылыми қызметкері.