Мәдени мұра  Ұлттық жобаӨткенді қастерлеу арқылы, болашағымызды баянды етеміз
  • Twitter
  • Facebook
  • Лента на Youtube
 

Археологиялық қазбалар

Ақыртас кешені   (XVIII - XIX ғасыр)

Тоқтауыл тұрағы III - IV BC

 

Тоқтауыл тұрағы Қарағанды облысы қазіргі Жезқазған қаласынан солтүстік-батысқа қарай 83 шақырым жерде орналасқан. Ол ұсақ шоқының жоғары шатқалындағы бұлақтың маңынан табылды. Тас ғасырын арнайы зерттеу 2001 жылы А.Х. Марғұлан атындағы Археология институты Орталық Қазақстан археологиялық экспедициясының басшысы Ж.К. Құрманқұловтың ынтасымен басталған болатын.

 

Бұлақ диаметрі 25-30 м болатын саз батпақ түрінде келеді. Осы саз батпақ бөктерінен төмен қарай ені 3-4 м және тереңдігі 20-30 м болатын арнаның ізі байқалады. Бұлақтан батысқа қарай 15-20 м жерде, 1,5-2 м жоғары фитогенді дөң орналасқан.

 

2001 жылы материалдардың негізгі бөлігі жиналды, барлығы 495 тас артефактілер. 2002 жылы Тоқтауыл бұлағы алаңында ауданы 4х4 м құрайтын барлау қазба орны салынды. Қазба орнынан 5000 – ға жуық тас артефактілер және көптеген уатылған жануарлар сүйектері алынды.

 

2003 жылы - 32 шаршы метр, 2004 жылы - 36 шаршы метр, 2005 жылы – 64 шаршы метр қазба орны аршылды. Артефактілердің көлемі сәйкесінше 6543, 6158, 16302, 8611 дананы құрады. Қазба орнының оңтүстік-батыс бөлігіндегі шөгінді жыныстардың қалыңдығы 1 м дейін жетеді.

 

Артефактілердің жалпы көлемінің 10-12 %-ын құралдар құрайды. Олардың ішінде қырғыштар, тескіштер, кескіштер, екіжақты өңделген жебе мен найзаның ұштары, тісті-ұңғымалы бұйымдар, пышақтар. Сонымен қатар аз көлемде сапасы жақсы жыныстардан ретушті пластинкалар мен геометриялық микролиттер (трапециялар) кездеседі.

 

Ең көне олжалар палеолит дәуірінің соңы мен мезолитке жатады. Тоқтауыл тұрағындағы артефактілердің негізгі бөлігі неолит пен энеолит дәуіріне жатады.