Мәдени мұра  Ұлттық жобаӨткенді қастерлеу арқылы, болашағымызды баянды етеміз
  • Twitter
  • Facebook
  • Лента на Youtube
 

Археологиялық қазбалар

Жамбыл Жабаев ескерткіші

Баланды бекінісі 

 

Баланды І бекінісі Іңкәрдариядан тартылған канал бойында орналасқан. Географиялық координаттары: N 44º09'27,3" TRIP 400 Е 062º22'43,6" ALT 82 (JPS бойынша). Кейбір зерттеушілердің пікірі бойынша ол егін шаруашылығымен айналысқан елдің орталығы болған.Ескерткіштің көлемі 80х130 м, төртбұрышты, бұрыштары төрт тарапқа бағытталған биік қорғанмен қоршалған. Ескерткішті 1959 жылы Хорезм археологиялық-этногарфиялық экспедициясы ашып, 1960-1961 жж. барлау қазбаларын жүргізді.

Қазба жұмысының нәтижесінде ескерткіштің солтүстік-батыс бөлігінде орналасқан бірнеше бөлмелер ашылып, біршама бағалы заттар табылды. Олардың арасынан ою-өрнегі бар сүйек пластиналарды, антикалық үлгіде жасалған жапырақ тәріздес әсем қола бұйымдарды, Сирияда жасалған өрнекті шыны ыдыстарды, түйенің тас мүсінін атап өткен жөн. Бөлме қабырғаларындағы сылақта полихромдық оюлар ізі сақталған.



Осы зерттеу нәтижесінде Баланды І бірнеше бөлмелелі үлкен ғимарат екені анықталып және де ескерткіш б.д.д. III-II ғғ.жатады деп белгіленді.



Бұл аймақ қайтадан 2006 ж. Шірік-Рабат археологиялық экспедициясының барлау тобымен зерттелді. 40 жылдық үзілістен кейін 2007 ж. тамыз айында бұл ескерткіште стационарлық археологиялық зерттеу жұмыстары қайта жалғасты.

Ескерткіштің стратиграфиялық жағдайы мен ішкі құрылысын анықтау үшін ескерткіштің оңтүстік-шығыс және оңтүстік-батыс бөлігінде қазба салынды. Баландыдағы зерттеулер жаңа басталса да бірқатар тұжырымдар жасауға мүмкіндік берді. Қазба материалдары оның алғаш салынған кезі ертерек болғанын дәлелдейді. Атап айтқанда төртбұрышты қам кірпіштер мен түбі қиғаш сүйірленген қыш ыдыстар (Яз ІІ-ІІ типтес) ескерткіштің б.д.д. ІV ғ. ортасынан ары салынғанын дәлелдейді. Б.д.д. ІІ ғ. басынан бастап, бүкіл Орта Азия жерінде шаршы кірпіш (квадрат) түрлері пайда болады және де цилиндр-конусты ыдыстар кездеспейді. Оған қоса қоныстың ерте кезеңде пайда болғанын қорғаныс қабырғалардың ұзақ мерзімде салынғаны дәлелдейді. Баланды І Іңкәрдариядан су шығарып егін еккен бірнеше ауыл ортасына салынған. Оның ішінде мүліктер, азық-түлік сақталған, керек кезінде берілмес бекініс орнына айналған.