Мәдени мұра  Ұлттық жобаӨткенді қастерлеу арқылы, болашағымызды баянды етеміз
  • Twitter
  • Facebook
  • Лента на Youtube
 

Археологиялық қазбалар

Отырар қаласы   (IX - XVIII ғасыр)

Отырар қаласы IX - XVIII ғасыр

 

Ежелгі Отырар шұраты Оңтүстік Қазақстан облысы Отырар ауданында орналасқан. Оның жері Сырдарияның орта ағысы тұсындағы жағаларында орналасқан. Орта Сырдарияның алқабы, Тұран ойпатының бір бөлігі, Қызылқұм-Ортасырдария жазығына кіреді.

 

Шұраттың негізгі су көздері Арыс пен Сырдария. Олардан шығарылған каналдар, қалалар мен мекендерді сумен қамтамасыз етті, егістікті суарды. Тек, судың молдығынан ғана, бұл жерде егіншілік мәдениеті дами алды.

 

Отырар шұратының орналасқан жері, оның тұрғындарының өміріне әсерін тигізіп отырды. А. Н. Бернштам Отырар, Арыстың Сырдарияға құяр тұсында, Бөгенге жақын орналасқандықтан, қолайлы позицияда тұр және жер суару үшін суы жеткілікті деп дәл айтқан. Бөген мен Арыс бойымен Таласқа, үйсін, кейін қарлық иеліктерінің шекарасына дейін жеткен. Сырдария бойымен жолдар Шаш, Ферғана және Соғдыға, солтүстікке қарай Арал маңындағы аландар арқылы Еділ бойындағы далаға, Таулы Оралға және Қара теңіздің солтүстік жағалауына дейін барған.

 

Шұраттың солтүстіктен оңтүстікке қарай ұзындығы 53 километрдей, батыстан шығысқа қарай 54 километрдей. Шұрат территориясында 130 астам ескерткіштер бар.

 

Отырар, ортағасырлық ұлы ойшыл Әбу Насыр әл-Фараби туған аймақ астанасы ретінде кеңінен танымал. Отырар орнында елдімекеннің пайда болуы біздің дәуіріміздің бірінші ғасырларына сәйкес келеді. Алғаш рет «Отырар» және «Фараб» атаулары жазба деректерде б.д. IX ғ. кездеседі. X-XII ғғ. кезеңі, моңғол шапқыншылығы тамырын шапқан қалалық өмірдің гүлдену кезеңі болды. 1219 жылы Отырар Шыңғысхан әскерінің соққыларынан құлады. Алайда, Отырар қайта түлеп, XIII ғасырдың ортасында Батыс пен шығыс арасындағы жолда ірі сауда орталығына айналды. 1405 жылы Отырар сарайларының бірінде Темірлан қайтыс болады. Отырардағы өмір XVIII ғасырға дейін жалғасты. Қалажұрттың жалпы сипаты Қазақстан мен Орта Азиядағы ортағасырлық ескерткіштердің көпшілігінің сипатына тән.

 

Тақырып бойынша ғылыми ізденіс өте кең. Отырардағы алғашқы қазбаны Археология әуесқойларының Түркістан үйірмесінің мүшелері А.К.Кларе мен А.А. Черкасов 1904 жылы жүргізді. Олар бірқатар траншеялар салып, материал жинақтады. Кейінгі зерттеулер, тек, ХХ ғасырдың 40-жылдары профессор А.Н.Бернштам басшылығымен жалғасын тапты. 1969 жылы Отырар археологиялық экспедициясы (1971 ж. бастап ҚазКСР ҒА Оңтүстік Қазақстан кешенді археологиялық экспедициясы болып аталады) ұйымдастырылып, оны Ақышев К.А. басқарды, ал, 1991 жылдан Байпақов К.М. басқарып келеді. 2001 жылы ЮНЕСКО-Қазақстан-Жапония бастауымен «Ежелгі Отырар қалажұртын консервациялау және сақтау» Қорының халықаралық жобасы жұмысын бастады. Жобаның негізгі мақсаттары: құжаттық база жасау мен консервациялық шаралар болды.

 

2004-2007 жылдары «Мәдени мұра» және «Ежелгі Отырарды жаңғырту» мемлекеттік бағдарламалары аясында, Отырар қалашығының бірқатар ескерткіштерін (XIV ғ. жұма мешіті, XVI ғ. тұрғын үй орамы, XI-XII ғғ. тұрғын жайлары, қабырғалар, орталық қақпа және «Дарваза-и суфи» («Сопы қақпасы»), стратиграфиялық шурф, XIV ғ. моншасы) зерттеу, консервациялау және музейлендіру бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілді. Шұрат ескерткіштері Көк-Мардан, Құйрыктөбе, Жалпақтөбе, Уәсиж қалашықтары, Талтақай және Қоңыр мазараттарына кешенді зерттеу жүргізілді. Отырар шұратын аэрофотоқұжаттау іске асырылды, ең жаңа компьютерлік жетістіктерді пайдалана отырып шұраттың ежелгі ирригациясы зерттелді. 8 мыңнан астам аэросуреттер түсірілді. Шұраттың геоақпараттың негізі жасалды. Бұл Қазақстан археологиялық ғылымында жасалған ең ақпаратты және ауқымды жүйе.

 

Отырар шұраты – Қазақстан Республикасы археологиясының жауһары. Археологиялық зертттеулерді, консервациялық шараларды жалғастыру, туристік инфрақұрылымды дамыту – шұрат ескерткіштерін Дүниежүзілік мәдени мұра тізіміне енгізу процесінің маңызды құрамдас бөлігі.






Видео: Отырар қаласының орны