Мәдени мұра    Ұлттық жобаӨткенді қастерлеу арқылы, болашағымызды баянды етеміз
  • Facebook
  • Twitter
  • Лента на Youtube
 

Қазақстанның "Мәдени мұрасы" бағдарламасы аясындағы ғылыми-зерттеу жобалары

Басты бет - Мемлекеттік бағдарлама - Ғылыми жобалар - Экспедиция ұйымдастыру

Көне түрік қағандығының ордалық қалаларына қазақ-моңғол экспедициясын ұйымдастыру

«Көне түрік қағандығының ордалық қалаларына қазақ-моңғол экспедициясын ұйымдастыру»  тақырыбында Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігімен жасалған Келісім бойынша  2007 жылы шілде-тамыз айларында далалық экспедиция ұйымдастырылған болатын.

«Көне түрік қағандығының ордалық қалаларына қазақ-моңғол экспедициясын ұйымдастыру»  тақырыбында Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігімен жасалған Келісім бойынша  2007 жылы шілде-тамыз айларында далалық экспедиция ұйымдастырылған болатын.

Далалық экспедицияның басты мақсаты - VII-IX ғасырлардағы көне түрік өркениетінің өзекті мәселелері көлемінде көне түрік қағандығының ордалық қалаларын кешенді түрде ғылыми зерттеу. Далалық экспедиция жұмыстары 2007 жылы 24 шілде-10 тамыз аралығында Моңғолияның Ғылым Академиясы Археология институтының ғалымдары қатысуымен атқарылды. Аталмыш экспедицияның  атқаратын жұмыстары жайында Моңғолия Ғылым Академиясының әкімшілігімен  алдын-ала келісілген,  сондай-ақ тиісті лицензиясы Моңғолияның Археология институты тарапынан бізге берілді.

Бұл ретте басты нысана негізгі зерттеу  обьект болатын Орды-балық (Қарабалық) қаланы ғылыми зерттеу лицензиясы Германияның Археология институтына тарапына беріліпті. Сондықтан біз қаланың ордалық цитаделі мен оның айналасындағы қала құрылыстарын тек ғана барлау жұмыстарымен шектеуге мәжбүр болдық. Орды-балық (Қарабалық) қаласы Орхон өзенінің батыс жағалауындағы  кең жазықта  орналасқан. Қала  аумағының ұзындығы 23-30 км. Демек аталмыш қала ортағасыр кезеңінің  еуразиялық кеңістіктегі  ең ірі қаласы болып табылады.  Тарихи жазба деректерде осы  қаланы 840 жылы қырғыздар өртеп қиратқан деген мәлімет кездеседі.  Қала аумағында ондаған әр түрлі құрылыстар бой көтерген. Онда діни-ғұрыптық, идеологиялық және мәдени орталықтар болған. Сондай-ақ, қаланың ордалық  цитаделінің  айналасында арнайы салынған егіншілік құрылыстарының орындары, диірмен тастары, құрылыс бағаналары, тұғырларының сынықтары және т.б. сақталынған. Демек осы егіншілік аймақтары қаланы күнделікті азық-түлік өнімдерімен  қамтамасыз етіп тұрғанды аңғартады. Сонымен қатар, қалада қолөнер шеберлері, малшы, егінші, саудагерлердің шаруашылық тұрғын үй құрылыстары, күзеттік мұнаралары да мол.  Көп мұнаралы биік қамалды цитаделдің оңтүстік алаңында көне түрік, қытай, соғды жазулы  үлкен ескерткіштің сынық бөлшектері сақталынған. Мұның өзі сол кездердегі жазба мәдениетінің  қарқынды дамығандығын дәлелдейді.

Қала цитаделінің орнында биіктігі 10 м-ге дейін, еңі 3 м-ге дейін қамал қабырғаларының қалдықтары сақталынған. Қаланың топографиялық сипаттамасы мен толық сызбалау  жұмыстарын 2007-2008 жылдары  Германия  ғалымдары анықтайды. Ал 2009 жылдан бастап ғылыми қазба жұмыстарына Қазақстандық  ғалымдар қатысуға толық мүмкіндік бар.

Келесі қала-бекініс  жергілікті халық Шаған сүм ( «Цагаан сүм ») деп атайтын Орхон өзенінің батыс саласының бойында  орналасқан қағанның жазғы резиденциясы. Қала-бекіністің салынған жобасы мен кеңістік шешімдері Орды-балық қаласымен ұқсас болғанымен оның көлемі әлде қайда кішігірім. Сондай-ақ кейбір жерлерде қорғаныс мақсатында салынған  қамал қабырғалары сақталынған,  алайда қала айналасында болатын елді мекендері, күзеттік мұнаралары  жоқ. Цитаделдің ішінде Орды-балықтағыдай ордалық кешеннің  өте мықты қорғаныс қабырғалары болған құрылыстың  орындары сақталынған.

Көне түрік дәуірінің ордалық қалалары ішінде ерекше назар аударатын бірегей қаласы –«Чилен» балық. Бұл қала Орды-балықтан біршама солтүстікте, Күлтегін, Білге қағанның ғұрыптық кешендеріне өте жақын,  Орхон өзенінің екі саласының  ортасындағы арал іспетті жерде орналасқан. Қаланың жалпы пішімі Орды-балық секілді болғанымен ол көлемі жағынан шағын. Сол себептен де біздің алдағы уақыттағы ғылыми зерттеулер үшін ең басты нысана осы қала болмақ. Өйткені тарихи деректер бойынша  аталмыш қала Білге қағанның бұйрығымен салынған. Бұл қаладан 20 км жерде көне түрік қаған бекзаттардың некропол жерлеу орындары бар. Демек аталмыш қала мен жерлеу орындарына  болашақта зерттеу жүргізуге ең оңтайлы деп есептеп отырмыз. Бұған  моңғол ғалымдары да  ерекше көңіл аударып отыр.

Түрік дәуірінің тағы бір ордалық бас қалалардың бірі Моңғолиядағы  Селеңге өзенінің солтүстік жағалауына жақын табиғаты тамаша  жердегі –Байбалық қаласы. Байбалық қаласын Ел етміш Білге қағанның бұйрығымен қытай, соғды тектес құрылысшылар салған. Осы жылы Байбалықта алғашқы зерттеулер жүргізілді, онда қаланың жалпы сипаттамалары толық ескерілді. Қорғаныс қамалының 10 м-ге жуық биіктігі мен  1 –ге дейін қалыңдығы ерекше назар аудартады. Алайда осы қаланың цитадел ішіне  XVI ғасырда буддалық  шағын монастр салынып XX ғасырдың басына дейін болғандықтан аталмыш қала орнының көптеген жерлері әбден бұзылған. Сондықтан бұл жерде зерттеу жүргізу болашақта мүмкіндік шамалы.

Сонымен қатар,  негізгі барлау жұмыстарымен қатар  Моңғолиядағы басқа да әйгілі, әрі жаңа тарихи ескерткіштер қарастырылды. Олардың басым көпшілігі көне түрік мәдени кешенінің қайталанбас шебер туындылары. Онда Алтын тамған тархан (Хөл Асгат ), Зүүн түрүү, Шивээт, Күлтегін, Тұнықұқ және т.б. қаған бекзаттардың  ғұрыптық кешендері.

Сөйтіп,  қазіргі Моңғолия жеріндегі  көне түрік қағандығының ордалық қалаларын және түрік мәдени кешендерін, оның құрамдас бөліктерін ғылыми зерттеу Қазақстанның ортағасырлық тарихының маңызды тұстарын  қалпына келтіру кезек күттірмейтін өзекті  мәселелердің бірі.  Сол себептен аталмыш  мәселені іске асыру үшін Орхон өзені бойындағы Күлтегін, Білге қаған ғұрыптық кешендеріне жақын орналасқан ордалық қала «Чилен балық» пен қаған бекзаттар некрополі жерлеу орындарында археологиялық қазба жұмыстарын  2008 жылдан бастап Моңғолияның Ғылым Академиясы Археология институты ғалымдары қатыстырып  ұйымдастыру қажет деп есептейміз.

КӨНЕ ТҮРІК ҚАЛАЛАРЫ МЕН БЕКІНІСТЕРІ

Қазіргі Моңғолияның орталық аумағы Орхон, Селеңгі, Туыл, Ханұй, Хүнүй, Онгин  өзендерінің шұрайлы алқаптарында көне  түрік дәуірінің көптеген  ордалық қалалары мен бекінісітері, елді мекендері  шоғырланған.

Моңғолиядағы көне түрік дәуірінің  ордалық қалалары, бекіністері, елді мекендерінің зерттелу тарихнамасы:

Қазіргі Моңғолияда көне дәуірдің ежелгі және көне ордалық қала, қалашық, қамал, бекініс сияқты архитектуралық құрылыстар мол кездеседі. Жалпы, қазіргі Моңғолияда  б.з.д. II  ғасырдан  б.з. XVII ғасыр аралығында 300-ге жуық қала, тұрақты орындары бар екендігі,  олардың көпшілігі хұн, ұйғыр, қыдан, моңғол дәуірлері және манжұр-цин кезеңдеріне байланыстылығы анықталынған.

ОРДЫБАЛЫҚ / ҚАРАБАЛЫҚ /  ҚАЛАСЫ

Тарихи хронологиясы: VII-XII ғасырлар.

Тарихи анықтамасы: Түрік Елі мен Ұйғыр [1][1][1] қағандығының ордалық  бас қаласы.

Көне түрік бітіктас мәтіндерінде: қала атауы кездеспейді.

Орналасқан координациясы: Солтүстік ендік бойынша- N-47° 25¢ 472 ² ; шығыс бойлық  бойынша- E-102 ° 39 ¢ 572 ² . Теңіз деңгейінен:  1400  м.

Қазіргі Моңғолияның Арханғай аймағы Хар-хорин сұмынының батыс солтүстігінде орналасқан. Орды-балық қаласы Ұланбатыр қаласынан  350 км жерде Орхон өзенінің батыс тарапы, Жирмантай  өзеннің шығыс тарапы алқабында кең жазира жазықта орналасқан.

Аталмыш қаланың Орхон өзені бойындағы аумағы 50-60 км 2, ұзындығы  25 км.

Қаланың атауы :  Аталмыш қаланың орнын жергілікті халық  Qara balgasun> Хар балгас яғни  «Қара қала орны, қара қалашық» деп атайды. Қазіргі моңғол тілінде «балгас» - қала орны, қаланың қирандысы деген мағынада айтылады.

Көне түрік тілінде balïq> балық (қала, қамал), balïq ordu > балық ордұ (ордалық қала) деген атаулар кездеседі. Көне түрiк тiлiндегi balγa (балға), balta  (балта), bal- соғу, қағу, ұру,  balïq (1. балшық, батпақ, лай 2. қала, қорған, қамал) және  т.б. сөздер төркіндес әрі оларда «ұрып соғып жасау, құрылыс салу, тұрғызу»  деген ортақ  семантикасы сақталынған.

Қаланың нақты атауы жайында үзілді-кесілді тарихи жазба деректер жоқ. Оның не себептен «Хан-балық , Балықлық ,  Орды-балық, Қара балғасұн, Хар-балгас»  аталғаны анық емес. Дегенмен де  моңғолша  Хар-балгас < Qara balgasun деп аталуына қарағанда бұл қаланың тарихи атауы  Qara balïq > Қара-балық  болу керек. Өйткені көне түрік дәуірінің жер-су атаулардың басым көпшілігі моңғол тілінде, жергілікті халықтың атауында  да сол қалпында  дерлік сақталынып келген.

Зерттешілердің басым көпшілігі  осы қаланы Ұйғыр қағандығы дәуірінде салынған , ұйғырлардың  ордалық бас қаласы деп есептейді. Сол себептен де  Qan balïq > Хан балық, Balïqlïq>  Балықлық, Ordu balïq > Орды балық, Хар-балгасун деген секілді әр түрлі нұсқаларда жаңғыртып қарастырады.

Қаланың атау жайында  қытай хатталынған дерек жоқ. Қытай деректерінде «...Пейло («Құтлұқ Білге Күл қаған») түріктердің жерінің оңтүстігінде өмір сүрді, қазір Өтүкен таулары  мен «Хұн» (Орхон) өзені аралығында ордасын тікті...» деп кездеседі [2].

Ал Пейлоның ұлы Мояньчжо (Мойын-чұр? // Баян-чұр?) өзін Геле-қаған деп жариялаған. Оның атағы көне түрік бітік тілінде : El Etmiš  Bilge qaγan – Ел етміш Білге қаған.  Ол 747- 759 ж. билік құрған. Мойын-чұрда осы қалада ордасын тіксе керек.

Ғылыми зерттеулері:  Аталмыш қаланың  алғашқы сипаттамасы мен жобасын  Н.М. Ядринцев, Д.А. Клеменц, В.В. Радлов жасады.

Н.М. Ядринцев Қара-балғасұн қаласының орнында өлшеу жұмыстарын жүргізді, аталмыш қала  ұйғырдың Бұқұқ-ханның (Буку-хан)  ордасы болған деп жорамалдайды  [3].

В.В. Радлов  Қара-балғасұн түріктер мен ұйғырлардың қаласы және оған іргелес моңғол дәуірінің хан ордаларының қала қирандыларынан  құралады деп есептейді [4]. Ол осы екі аралығында сақталынған өте үлкен бітіктастың сынық бөлшектерінің эстампаждық көшірмесін жасаған.  Сынық бөлшектегі қытай мәтінінде кездесетін:  «Ай день-ли-ло-гу-мо-ми-ши-хэй-ой-лу  тоғызыншы ұйғыр әулетінің қағанның ерлігі мен парасаттылығына ...» деген жолдардан VIII ғасырдың екінші жартысында  аталмыш ескерткіш орнатылған дейді. Бұл мәрмерден жасалынған ескерткіш - Қара-балғасұн Бірініші бітіктасы.

Сонымен қатар 1933-1934  жылдары  Д.Букинич осы қаланың жалпы сипаттамасын жасаған.

1949 ж.  С.В. Киселев, Х.Пэрлээ  басқарған экспедициясы аталмыш қаланың кең көлемдегі жобасын анықтады, бірлі-жарым қазба жүргізді.  С.В. Киселев : Қара-балғасұн 25 шаршы км. алаңды қамтыған өте ірі қала,  «Ежелгі Моңғолия Атласында» тек ғана қамалдың сызба жобасын көрсеткен, шын мәнінде қаланың ірі екендігін оның  қамал құрылысы айналасындағы 1х 1 км. алаңды бау-бақшаларының  көлемінен  аңғаруға болады дейді. Оның пікірінше  В.В. Радлов Н.М. Ядринцев, Д.А. Клеменцтің аталмыш қаланың  бекініс пен қамалды Мөңке қаған салған, ал қаланың қирандылары ұйғыр хандарының астанасы дегені шындыққа жанаспайды дейді. С.В. Киселев 1949 жылы жүргізген қазба зерттеулері нәтижесінде қаланы, бекіністі, қамалды салған құрылыс материалдары бірыңғай біртектес екендігін және  қамал құрылысы өте  үлкен, қабырғасының өзі 10-12 м, ал қамалдың ортасындағы мұнараның биіктігі 14 м. деп анықтайды.

С.В. Киселев былай дейді: « ...Қазба жұмыстары барысында қамалдың ішінде қызыл бояулы көркем безендіріліген төбе жапқышты орда құрылысы анықталынды. Бұл безендірулер Таң дәуірінен кейінгі заманға тән. Оңтүстік-шығыс бұрыштағы цитаделде жасаған  барлау қазбаларынан мынадай қорытынды шығады. Онда бұл жерде жылу жүйелері орнатылған көп қабатты әрі қола әшекейлермен  көркем безендірілген  есік, қабырғалы құрылыс болған. Оның төбежапқыштары да қамалдікімен бірдей материалдан жасалынған. Ал есіктерінің әшекейлері Таң дәуірінікі. Қамалдың қақпасынан Орхон өзенге қарай бау-бақшалар текше пішінді етіліп жасалынған. Қамалдың сыртында мұнаралар орнатылған. Қаланы сырт көзбен бақылағанда, ол қамал мен цитаделге байланысты  әскери  қорғаныс мақсатта салынғанын аңғарасыз. Өйткені, қамалдың оңтүстік-шығыс бұрышы мен қала құрылыстары аралығы қосылмайды әрі онда кең аралық бар. Сондай-ақ қаланың қамалы, цитаделі, орталық алаңынан басқа  ұйғыр хандарына арналған қамалдың оңтүстік тұсында шығыстан созылған  пұтханалық құрылыстар  болғанға  ұқсайды. Бұл жер хандардың  қабырханасы секілді.  Дәл осы жерден  ұйғыр хандардың біріне тиесілі ұйғыр, қытай, орхон (көне түрік) жазулы  ескерткіштің сынықтары табылған.

Қалан қандай деген сұраққа не дерміз? Қазірше бір ғана үйді (құрылысты) зерттеуге мүмкіндік болды.  Үйдің керамикасы да қамал, цитаделдікі сияқты. Бұл үй орнынан қола құймасы, жұқа мыс жапырақтары, ыдыс табылғанына қарағанда метал шебердің үйі секілді.

Қала өртке ұшыраған. Біздің зерттеген барлық алаңнан,  қамал, цитадел, пұтхана мен қала кварталдардан (махаллалардан) қорқынышты күл қалдықтары табылып жатты. Бұл өртті қырғыздар ұйғыр хандығын жойғанда (840 ж.)  жасаса керек. Осы мерзімге тән Буцзун императордың (840 ж.) тиыны табылды. Қырғыздар қаланы жермен-жексен еткенге ұқсайды. Қала қиратылған соң жаңғыртылмаған. Кейбір жерлерде моңғол дәуіріне тән керамикалар табылып жатты » [5].

Моңғол археологы Х.Пэрлээ аталмыш қала ұйғыр хандығы дәуірінде VIII  ғасырдың екінші жартысында салынған Балықлық (Хар-балгас) деп қарастырады[6].

Орды-балық  қаласында Ю.С. Худяков, Д. Цэвээндорж  қатысқан Моңғолия-Кеңес Одағы бірлескен экспедициясының тобы біршама зерттеулер жүргізген. Осы зерттеуде  барысында қамалдың ішінен керамика табылмаған. Алайда С.В. Киселевтің зерттеуі кезінде табылғандары  тұрғын үйлерден табылғандарымен бірдей дейді. Орды-балықтан  жинастырған керамика  коллекциясы  әр түрлі қалыңдықта  күйдіру арқылы жасалынған шарап, қымыз, бидай сақтауға арналған алуан түрлі  ыдыстардың 50 дана сынықтары. Ю.С. Худяковтың анықтауынша олар « қырғыз вазаларға ұқсас»[7].

Далалық экспедиция тобының басты  нысанасы  Қара-балық /Орды-балық, Қара-балғасұн/ қаласы болды. Мұнда экспедиция 2007 жылы шілденің  27-28 күндері  зерттеу жүргізілді.

Қаланың  жалпы сипаттамасы:  Орды-балық қаласы  Орхон өзенінің батыс жазығында,  одан  2 км. жерде  орналасқан. Оның жалпы көлемі 3х3  км. Қаланың айналасындағы құрылыстарды есептегенде 50-60 км аумақты алады. Қазіргі күнге дейін қала айналасын толық қамтыған сызба жобасы жасалған емес.

2007 жылы тамыз айында Германия-Моңғолия бірлескен экспедициясы  қаланың әуефотосуреттерін жаңа технологиялық әдіспен жасады. Оның қорытындысы әлі жарияланбады.

Қаланың орта тұсында  Ордалық қамал  құрылысының (цитадел) орны сақталынған. Ол текше пішінде  төрт тарабы биік қамал етіліп балшықтан өріліп салынған. Қамал құрылыстың шығыс қапталында 2 мұнаралы қақпа болған. Оның  топыраққа айналған  қалдықтарының белгісі бар. Шығыс қапталында 6 дана мұнара болғанның үйінділері бар.  Қақпаның  оңтүстік тарабында 3 дана мұнара болғанның үйінділері қалған. Ал қақпадан  ішке кіре берісте оңтүстік-шығыс бұрышында  төртбұрыш  биік төбешік құрылыстың қалдығы бар. Қамалдың батыс тұсында  сыртқа қарай салынған төртбұрыш құрылыстың  орны  және 2  дана мұнараның орны сақталынған. Қамалдың солтүстік қапталында 5 дана мұнараның  дөңгелек орны сақталынған.

Қамалдың оңтүстік қапталының алдында  8  дана жеке мұнаралардың тұғырылары сақталынған. Сондай-ақ солтүстік қапталының артқы тұсында 6  дана жеке мұнаралардың тұғырыларының  топыраққа айналған орны  сақталынған.

Қамалдың ішкі құрылымы айғақтайтын жолақтар бар. Қамал ішінің  батыс тұсында  ең биік мұнара құрылысының орны сақталынған. Осы мұнараның төбесінен қамал, оның шкі құрылымы және де  қаланың айналасы анық  көрінеді.

Қамалдың сыртында  алуан түрлі тұрғын құрылыстардың  орындары, су құбырлардың, егін алаңдардың және т.б. көптеген құрылыс орындарының жолақтары сақталынған.

Қара-балық  қамал құрылысының  оңтүстік тарапында  мәрмерден жасалынған  көне түрік бітік, көне соғды және қытай  үш тілді  бітіктастың сынықтары мен тұғырының қалдықтары сақталынған.

Қала сыртында бау-бақшалар, тұрғын үй құрылыстарының  жолақтары сақталынға. Сондай-ақ  диірмен тастары, олардың сынықтары, әр түрлі  жынысты тас ескерткіштер  де баршылық.


[1] «Ұйғыр»- көне түрік бітіктерінде «uyγur» деп жазылған. Ол дәуірлердегіқытай деректерінде «хойху» тайпалары деп аталды. Бұлполитоним этносаяси бірлестіктің жалпылама атауы. Бүгінгі «ұйғыр» деп аталынып кеткен (ҚХР, Шынжаң ұйғыр автономиялық республикасындағы)халықпен шатастыруға болмайды.

[2]Бичурин Н.Я. (Иакинф). Собрание сведений о народах, обитавших в Средней Азии в древние времена, т. 1.Алматы., 1998. С.315.

[3] Ядринцев Н.Отчет экспедиции на Орхон, совершенной в 1889 г., по поручению Восточно-Сибирского отдела императорского Географического общества. Труды Орхонской экспедиции. Вып.1, 1892. С.19.

[4] Радлов В.В.Предварительный отчет о результатах снаряженной с высочайшего соизволонеия императорского академию наук экспедиции для археологического исследование бассейна реки Орхона.Труды Орхонской экспедиции. Вып.1, 1892. С.4-5.

[5]Киселев С.В. Древние города Монголии. / Советская археология. № 2, 1957. С. 93-95.

[6] Пэрлээ Х. К истории древних городов и поселений в Монголии / Советская археология. № 3, 1957. С. 45. ; Оның. К вопросу о древней оседлости в Монгольской Народной Республике. С. 273

[7] Худяков Ю.С., Цэвээндорж Д. Керамика Орду-балыка. Археология северной Азии. Новосибирск., 1982.