Мәдени мұра  Ұлттық жобаӨткенді қастерлеу арқылы, болашағымызды баянды етеміз
  • Twitter
  • Facebook
  • Лента на Youtube
 

Оқиғалар

Қарасай, Ағынтай батыр ескерткіштері

Басты бет - Материалдар - Оқиғалар - «Астана Балет» сахнаында аңызға айналған спектакльдер көрсетіледі

«Астана Балет» сахнаында аңызға айналған спектакльдер көрсетіледі

Бейсенбі, 17 тамыз 2017«Астана Балет» театры көрерменге тағы бір сый тарту етпекші. 18-19 тамызда Халықаралық мамандандырылған «ЭКСПО 2017» көрмесінің аясында елордалық театр сахнасында астаналықтар мен қала қонақтары жас театрдың «Астана Балет ЕХРО GALA» атты бағдарламасын тамашалай алады. Бағдарлама барысында екі бір актілі балет көрсетілмек: Джордж Баланчиннің «Серенадасы» мен Рикардо Амарантенің  «A fuego lento»

«Серенада» ХХ ғасырдағы балеттің алтын қорына енген. «Серенада» спектаклінде Дж.Баланчиннің балеттегі жаңашылдығы барынша көрінді. Орыс хореографы Америкада қойған алғашқы балетін  америкалық балет мектебі (SAB) құрылған соң, екі жарым айдан кейін бастаған. 

«Көпшіліктің ойынша, бұл балеттің құпия сюжеті бар, - дейтін, Баланчиннің өзі. – Олай емес. Мұнда бишілер ғажап музыканың ырғағымен қимылдайды. Балеттің жалғыз-ақ сюжеті – серенада музыкасы, керек десеңіз, бұл – айлы түннің астындағы би». Бұл Петр Ильич Чайковскийдің «Ішекті аспаптарға арналған серенада, 48-шығармасына» қойылған таза хореографиялық фантазия. Чайковский шығармасының төрт бөлімі, балетте бірінен кейін бірі орындалады: Сонатина, Вальс, Орыс тақырыбы, Элегия.

Бір қарағанда қарапайым көрінетін «Серенада» орындалу техникасы, музыкасы мен стилистикасы тұрғысынан өте күрделі. Ғажайып, мәңгі өнерге бір табан жақындаған көрерменнің де жүректері елжіреп кетеді. П.Чайковскийдің «Ішекті аспаптарға арналған серенада, 48-шығармасына» қойылған Джордж Баланчиннің «Серенадасы» Джордж Баланчин қорымен бірлесе отырып қойылған және Баланчин мәнері мен техникасының стандарттарына сәйкес жасалды.

Баланчин қойылымында минимализм басым: костюмдері қарапайым, декорациялары жеңіл. Бастысы – музыка мен бидің үндестігі. «Астана Балет» театрының әртістері өздерінің жаңа қойылымында нәзік сезімге бай биді, мінсіз пластикалық суретті көрсетіп, неоклассика шедеврінің сырын ашады.

Л.Шифрин, А.Пьяццола, К.Гардель, С.Косуганың музыкасына қойылған «A Fuego Lento» (хореограф, сценограф, жарық суретшісі, костюмдер – Рикардо Амаранте) – алғашқы махаббат сезіміне бөленген шақтағы эмоциялық сезім, жан-тәніңнің арпалысы, бойыңды өртеп жатқан алау. Әрқайсысы үшін дүниенің асылы  жалғыз адамның бойында жиналғандай көрінеді, ал, өмірдің мәні – махаббат. Бұл буырқанған сезімді, жан-тәніңді баурап, алаулаған жалынды суреттейтін балет.

Бір актілі балеттер бірегей ұжымның қайталанбас репертуарымен танысуға, түрлі бағыттар мен стильдерде қойылған спектакльдерді орындау шеберлігіне көз жеткізуге мұрша береді.