2011, Қазақстан Республикасы Мәдениет министрлігі

Бүгін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Мәдениет министрі Құл-Мұхаммедті қабылдады, деп хабарлайды ҚР Президентінің баспасөз қызметі.
М. Құл-Мұхаммед Президентті «Мәдени мұра» бағдарламасын, тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын, Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығы жылын мерекелеуді өткізу жөніндегі мемлекеттік комиссияның жалпыұлттық жоспарын, облыстардың мәдениет күндерін және өзге де министрлік қызметінің басым бағыттарын іске асыру барысынан хабардар етті.
Мемлекет басшысы министрлік үлкен жұмыстар жасап жатқанын атап өтті. Сонымен бірге Президент шығармашылық одақтармен, қазақстандық зиялы қауым өкілдерімен тығыз жұмыс жүргізу қажеттігін, олардың елімізде атқарылып жатқан шаруалардан сырт қалмауы тиістігін атап өтті. Нұрсұлтан Назарбаев ұлттық кинематографтың міндеттерінің бірі - халықтың салты мен қазіргі заманғы қазақстандықтардың адами қасиетін ашып көрсететін, Қазақстанның бүгінгі күрделі тарихи жолы, халықтың бірлігі туралы фильмдерді түсіру екенін ерекше атап өтті.
Президент министрлікке тарихи және мәдени мұраларды сақтау, ел Тәуелсіздігінің елеулі жетістіктерін ашып көрсету жөнінде ауқымды мәселелер бойынша зиялы қауыммен және шығармашылық одақтарымен жұмысты жандандыруды тапсырды.