2011, Қазақстан Республикасы Мәдениет министрлігі
13 қазанда Ресей Федерациясы Астрахан облысының Кіші Арал ауылында Бөкей хан кесенесінің салтанатты ашылу рәсімі болды.Кесененің ашылу салтанатына Атырау облысының әкімі Бергей Рысқалиев, Астрахан облысының губернаторы Александр Жилкин, ҚР-дың РФ-дағы Төтенше және өкілетті елшісі Зауытбек Тұрысбеков, ҚР мәдениет виц-министрі Ғазиз Телебаев және тағы басқалары қатысты.
Осы салтанатты оқиғаға арнайы әзірленген сөзінде ҚР Мәдениет вице-министрі Ғ.Телебаев, «Біздіңше, Бөкей хан бөтен елде емес, бір кездері өзі қолымен құрған іргелі орданың қасиетті жерінде, қалың қазақтың ортасында жатыр. Оның үстіне, ел аузындағы дерек бойынша, Бөкей хан өзін нақ осы жерге–Сейіт бабаның жанына жерлеуді аманат етіпті», - деп атап өтті.
Міне, сондықтан да өткен жылғы қыркүйекте Қазақстанның Ресейдегі Төтенше және өкілетті елшісі Зауытбек Тұрысбековтің Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен Астрахан облысында іссапарда болып, облыс губернаторы А.Жилкинмен кездесуі барысында Бөкей хандай ұлы бабаның басына көрнекті кесене тұрғызу жөнінде уағдаластыққа қол жеткізілді, - деп аталып өтілген вице-министрдің құттықтау хатында.
Оның айтуынша, өңірдегі елжанды азаматтардың алға қойған бұл сауапты ісі облыс әкімі Бергей Рысқалиев тарапынан қолдау тапты. Бөкей хан кесенесін тұрғызуға елеулі қаржылай көмек көрсетіп, атқарылатын жұмыстарды өзара бөлісіп, іске білек түре кіріскен меценаттар тобы құрамында Сенат депутаты Сәрсенбай Еңсегенов, Мәжіліс депутаты Болат Қонарбай, атыраулық белгілі кәсіпкерлер Аманжан Рысқали, Амангелді Баракатов, Әбдібек Бисенов, Орынғали Әлдекенов, Мұрат Жақабаев, Әділ Жұманов, «Қазмұнайгаз» АҚ ұлттық компаниясының президенті Қайыргелді Қабылдин сынды нағыз отаншыл, елжанды ағайындар болғанын бүгін аса ілтипатпен атауға болады.
Жұртшылықтың ықылас-ниетіне қарай Бөкей хан кесенесін көтеру арқылы біз екі ел арасындағы достық байланыстарды бұрынғыдан да биіктете түскенімізді сезіндік. Өйткені көп ұзамай бұл аймақ зиярат етушілердің, басқа да туристердің ізгілік жолына айналады. Сейіт бабаның, Бөкей ханның рухына тағзым ете келген зияратшы қауым Алтынжардағы Құрманғазы кесенесіне қайырылатыны, облыс орталығындағы Құрманғазы ескерткішіне баратыны, сөйтіп екі елге де тиімді жаңа туристік маршрут ашылатыны сөзсіз, деп атап көрсетті.