Мәдени мұра  Ұлттық жобаӨткенді қастерлеу арқылы, болашағымызды баянды етеміз
  • Twitter
  • Facebook
  • Лента на Youtube
 

Мәдениет жаңалықтары

Хызыр мұнарасы

Басты бет - Материалдар - Мәдениет жаңалықтары - «Астана Операның» Венгриядағы концертін Тенгриньюс ТВ көрсететін болады

«Астана Операның» Венгриядағы концертін Тенгриньюс ТВ көрсететін болады

Жұма, 22 желтоқсан 2017 «Астана Опера» шығармашылық ұжымының Венгриядағы өнер көрсетуін Тенгриньюс ТВ тарататын болады. Тікелей көрсетілім 22 және 23 желтоқсан күндері http://tengrinews.kz/tv/ сайтында Астана уақыты бойынша сағат 23.00-де өтеді.

Еске салар болсақ, қазақстандық әртістердің өнер көрсетуі Будапешттің атақты Орган залында және ұлы венгр композиторы Золтан Кодай атындағы (Kodaly Center, Печ) әйгілі концерт залында өтетін болады. «Астана Опера» театрының Венгриядағы гастрольдері «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында орын алмақ.

«Астана Операның» симфониялық оркестрі мен хоры, сонымен қатар үздік опера солистері мен балет әртістері ұлттық және әлемдік классикалық репертуар нөмірлерін ұсынады.

Гастрольдік бағдарламаға атақты қазақстандық композиторлардың туындылары - Т.Қажығалиевтің «Дала аңызы», М.Төлебаевтың «Айтысы», Н.Тілендиевтің «Әлқисса» күйі, А.Жұбанов пен Л.Хамидидің «Абай» операсынан «Қарлығаш» биі мен Абай ариясы енген. Сонымен бірге Дж.Вердидің «Трубадур» операсынан граф Ди Луна мен Леонораның дуэті, Дж.Россинидің «Семирамида» операсынан Семирамиданың каватинасы орындалады. Кештің көркін «В мире есть красавица одна» атты венгр әні аша түсіп, Н.Ә.Назарбаевтың сөзіне жазылған «Жерім менің» композициясымен концерт өз мәресіне жетеді.

Концертке көптеген әлемдік сахнаны бағындырған вокалдық жанрдың хас шеберлері қатысады, олар: қазақстандық опера прималары Майра Мұхамедқызы, Салтанат Ахметова, Жұпар Ғабдуллина, Жаннат Бақтай, Малика Минизини, Бибігүл Жанұзақ, Галина Чеплакова, Айзада Капонова, керемет жетекші солистер Медет Шотабаев, Нұрлан Бекмұхамбетов, Талғат Мұсабаев, Жанат Шыбықбаев, Бейімбет Таңарықов. Халықаралық байқаулардың лауреаты Руслан Баймурзин домбырада жеке өнер көрсетеді. Сонымен бірге театрдың балет труппасының жұлдыздары көрерменге өз өнерін паш етпек, олар: Әйгерім Бекетаева, Әнел Рүстемова, Тайыр Ғатауов, Еркін Рахматоллаев, Серік Нақыспеков, Арман Оразов.

Дирижерлік пульт басында «Астана Операның» бас дирижері – әлемге әйгілі маэстро Алан Бөрібаев, сонымен қатар Айдар Әбжаханов тұрады.

22 желтоқсанда Печ қаласындағы алғашқы өнер көрсету орын алса, 23 желтоқсанда әртістер Венгрия астанасы – Будапештте концерт береді.