Мәдени мұра  Ұлттық жобаӨткенді қастерлеу арқылы, болашағымызды баянды етеміз
  • Twitter
  • Facebook
  • Лента на Youtube
 

Мәдениет жаңалықтары

Ботағай кесенесі   (XI - XII ғасыр)

Басты бет - Материалдар - Мәдениет жаңалықтары - «Астана балет» театрының ұзақ гастролі Минсктен басталады

«Астана балет» театрының ұзақ гастролі Минсктен басталады

Бейсенбі, 15 маусым 2017Көп ұзамай Беларусь, Бразилия мен Түркия қалаларында жас та өршіл «Астана Балет» театры жаңа көрерменімен жолығады. Театрдың жазғы гастролі Минсктегі «Балетное лето в Большом» Халықаралық фестивалінен басталмақ. Беларусь, Ресей, Польша мен Германия жұлдыздары қатысатын Балет өнерінің фестивалі маусым айының 11 мен 18 аралығында Ұлттық академиялық Үлкен опера және балет театрында өтеді.

«Біздің басты мақсатымыз – жақсы өнер көрсетіп, шет елдік көрерменді баурап алып, еліміздің бай мәдениетін паш ету. «Әр жердің салты басқа» демекші, әр елдің көрермені әртүрлі. Ал, енді, театрымыздың жанрын ескерсек, ол бәріне бірдей ұнайды. Біздің гастрольдік бағдарлама фестиваль талаптарына сәйкес жасалған, себебі, көрерменіміз де алуан-түрлі болмақ. Қазақстанның балет өнерін әлемдік сахналарда жоғары дәрежеде көрсету үшін бар күшімізді саламыз», - дейді, театр директоры Валерий Күзембаев.


«Алуан-түрлі би» — көпшілікке танымал классикалық музыкаға қойылған неоклассикалық дивертисмент. Спектакль барысында костюмдер, би қимылдары өзгергенімен, музыка мен сюжет өзгеріссіз қалады. Автор балет өнерінің дамуын, би эволюциясын көрсетеді. "Баяу жалын" Лало Шифрин, Астор Пьяццолла, Карлос Гардель және басқа да танымал композиторлардың музыкасына қойылған. Би тілінің күшімен автор алғашқы махаббат сезімін көрсетуге тырысқан. Шоқ болып жанған ынтық сезім, нағыз жалынға ұласады.
Фестивальде балет әртістері өз репертуарындағы ғажайып, жарқын қойылымдарды көрсетеді. Оның ішінде: «Алуан-түрлі би», «Gaia», «Love Fear Loss», «Баяу жалын», «Кармен», «Сағым сәттері».

«Love Fear Loss» балеті Эдит Пиаф әндерінің музыкасына қойылып, әйгілі әншінің өмірбаянынан нәр алған.

Хекель Таварес пен Исаак Альбенистің музыкасына қойылған "Gaia" бір актілі балеті Жер шары жайлы заманауи хореография тілімен баяндалған жүрек тебірентер әпсана.

«Шет елдік сапарларымызда біз ұлттық хореография өрнектерін де міндетті түрде көрсетеміз. Осыған орай арнайы дайындалған «Ұлы Дала мұрасы» атты бағдарламамыз бар. әдетте, ұлттық нақыштағы бағдарлама алғашқы сәттен көрерменнің жүрегін баурап алады. Гастроліміздің бірінші күні көрсетілетін «Astana Ballet GALA» бағдарламасы болса, театр репертуарындағы үздік қойылымдардың үзінділері. Отандық және шет елдік хореографтар қойған бұл спектакльдерде қазіргі заманғы би тенденциялары мен трендтері көрініс тапқан. Авторлар қазақ композиторларымының, этно-фольклорлық топтардың музыкасын, заманауи композиторлардың өңдеуіндегі қазақ халық музыкасын кеңінен қолданады», - дейді, театр директоры.

Сонымен қатар, театр Жорж Бизе мен Родион Щедриннің музыкасына қойылған "Кармен" балет-фантазиясын көрсетеді. Хореограф Мукарам Авахри — отандық би мектебінің түлегі. Ол түрлі жанрдағы қойылымдарда әр қырынан көрініп келеді. Спектакльде Кармен бір бейне емес, бес түрлі күйде көрінеді. Көркемдік шешімі өте қызықты бұл балетте бір де бір ер кейіпкер жоқ. Белорусь көрермені, сондай-ақ, жас қытай хореографы Исян Чжан қойған "Сағым сәттері" спектаклін де тамашалай алады. Либретто, сценография мен костюмдердің де авторы өзі. Ол осы балетті өзінің әпкесіне және жаплы әйел затына, оның ішкі әлеміне арнап шығарған. Бұл фәлсафалық, сюжетсіз спектакль.

Бұдан соң, 28-маусым мен 21-шілде аралығында астаналық труппа алғаш рет Бразилияның ірі қалаларына сапар шегеді. Сан-Пауло, Рио-де-Жанейро, Гояния, Ресифи, Натал, Форталеза мен Рибейрао-Прето қалаларында театр ұлттық және заманауи хореографияның үздік нөмірлерімен өрнектелген жаңа бағдарламасын паш етеді. Шілденің бірі мен екісі күндері театр өз қойылымдарын Гояс штатының астанасы, екі миллион тұрғыны бар Гояния қаласында өтетін Халықаралық би фестивалінің аясында көрсетпекші.

Тамыз айының басында қазақстандық балет труппасы Бодрум (Түркия) қаласында өтетін 15-ші Халықаралық балет фестиваліне қатысады. Гастрольдердің арасында балет әртістері Халықаралық «EXPO 2017» көрмесіне де қатысып, астаналық көрерменге өнерін паш етпек.

Еліміздің үздік шығармашылық ұжымы «Астана Балет» театрының халықаралық балет өнері фестивальдеріне қатысуы, шақырушы жақтың тарапынан қолпаштанып отырғанын атап өткен жөн.

«Астана Балет» театрының Халықаралық фестивальдердің аясында өнер көрсетуінің арқасында, шет елдік көрермен театр репертуарымен танысып қана қоймай, әлемдік балет тенденциялары мен трендтері көрініс тапқан қазақстандық хореография өнері жайлы ой түйеді. «Астана Балет» театры дәстүрлі қазақ орындаушылық өнерін сақтап қана қоймай, жаңа балет стильдері мен бағыттарын батыл игеріп, тың тәжірибелерден жасқанбайтын танымал хореографтармен белсенді шығармашылық байланыс орнатқан.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін, еліміздің үздік балет труппасы өзінің бірегей әрі ғаламат репертуарын Мәскеу, Париж, Бейжің, Токио, Сеул, Нью-Йорк, Баку, Варшава, Вена сахналарында көрсетіп, талғампаз көрерменнің жүрегінен орын алған жайы бар.

Анықтама:

«Астана Балет» театры 2012 жылы құрылды. Мұның өзі Қазақстан хореография өнері тарихындағы жаңа белес. Алғашқы қойылымдарының өзі көрермен қошеметіне бөленіп, қазақстандық балеттегі жаңа тенденциялар жайлы сөз бастауға мұрындық болды.

«Астана Балет» Қазақстан Республикасының үздік хореографиялық ұжымдарының бірі. Театр ұлттық және заманауи хореографияның классикалық дәстүрлері мен тың тенденцияларын ұтымды үйлестіріп келеді.

Тетар репертуары классика мұралары мен отандық және шет елдік танымал хореографтардың бірегей хореографиялық қойылымдарымен толығып отырады.  Алила Әлишева, Айгүл Тати, Гүлжан Туткибаева, Мукарам Авахри (Қазақстан); Алтынай Асылмұратова, Никита Дмитриевский, Николай Маркелов, Георгий Ковтун (Ресей); Рикардо Амаранте (Бразилия); Исян Чжан (ҚХР) сынды хореографтармен тығыз шығармашылық байланыс орнатқан.