Мәдени мұра  Ұлттық жобаӨткенді қастерлеу арқылы, болашағымызды баянды етеміз
  • Twitter
  • Facebook
  • Лента на Youtube
 

Мәдениет жаңалықтары

Абділ Әзіз баб   (XV - XIX ғасыр)

Басты бет - Материалдар - Мәдениет жаңалықтары - «Астана Операда» қайырымдылық концерт өтті

«Астана Операда» қайырымдылық концерт өтті

Бейсенбі, 07 желтоқсан 2017 3 желтоқсан күні «Астана Опера» театрының Камералық залында өткен «Түрлі дауыстар әлемі» қайырымдылық концертіне 300 бала келді.

Аз қамтылған және көп балалы отбасыдан шыққан балалар, Астана қаласы мүгедектер қоғамының балалары, №58 мектеп-гимназиясы, №56 мектеп-лицейі, №40 және №34 орта мектептерінің оқушылары өткен жексенбі күні астаналық театрдың қонағы болды. Керемет жарқын концертке олармен бірге Ақкөлден (Ақмола облысы) 20 адам және Тараз қаласынан (Жамбыл облысы) 20 адам келді. Жас көрермендерге экскурсия ұйымдастырылып, кейін «Түрлі дауыстар әлемі» концерті ұсынылды.

Концерттің жүргізушісі – театрдың музыкатанушысы Сәуле Мәулетова сопранодан бас дауысына дейінгі операның барлық дауыс түрлері жайында қызықты түрде әңгімелеп берсе, ал танымал солистер Малика Минизини, Мәдина Исламова, Елена Ганжа және басқа әншілер Ж.Бизе, Дж.Верди, Дж.Россини, В.А.Моцарт, Н.А.Римский-Корсаков туындыларынан атақты ариялар мен дуэттерді; неаполитандық әндерді және т.б. шығармаларды орындады. Бағдарламаға «Астана Опера» балалар театр студиясының хоры қатысты (хормейстері – Алтынғаным Ахметова). Фортепиано партиясын халықаралық байқаулардың лауреаты Раушан Бескемпірова мен Меруерт Жекенова орындады.

Дидактикалық материал ретінде балаларға «Ну, погоди!», «Снегурочка» сынды белгілі мультипликациялық фильмдердің үзінділері мен ұлы әншілердің мұрағат жазбалары ұсынылды.

Сәнді киінген балалар концертті рахаттана тыңдап, аяқталған соң солистермен фотоға түсуге асықты, оларға осындай керемет өнермен кездесу үшін алғыстарын білдірді.

- «Астана Опера» ашылған сәтінен бастап үнемі қайырымдылық концерттерді өткізуде. Жылына балаларға арналған 3-4 музыкалық қойылымды көрсетуге тырысамыз, жаңажылдық қайырымдылық ертеңгіліктерді өткіземіз, бұдан басқа зейнеткерлер үшін жеке концерттер ұйымдастырамыз. Көп балалы ата-ана 5-6 баласын концертке апаруға мүмкіндігі жоқ, мүгедек балалар да «Астана Операға» жиі келе бермейді, бірақ біздің театр оларға осындай мүмкіндікті беруде, әрине, біз тек жақсы, жағымды пікірлер алудамыз, алғыс сөздерін естудеміз, еңбегіміз еш кетпейтінін түсінеміз, - деп атап өтті көрермендерге қызмет көрсету департаментінің директоры Әсел Жандәулетова.

Келесі қайырымдылық концерт Жаңа жыл қарсаңында өтеді.