Мәдени мұра  Ұлттық жобаӨткенді қастерлеу арқылы, болашағымызды баянды етеміз
  • Twitter
  • Facebook
  • Лента на Youtube
 

Мәдениет жаңалықтары

Қозы Көрпеш-Баян Сұлу мазары

Басты бет - Материалдар - Мәдениет жаңалықтары - Жаңғыртудың векторлары: сақтау стандарттарынан бастап туристік потенциалды дамытуға дейін

Жаңғыртудың векторлары: сақтау стандарттарынан бастап туристік потенциалды дамытуға дейін

Сейсенбі, 14 қараша 2017 2017 жылдың 20-21 қазанында «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінде «Жаңғыртудың векторлары: сақтау стандарттарынан бастап туристік потенциалды дамытуға дейін» республикалық музейлік семинар болып өтті. Семинар мақсаты – «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру бойынша Қазақстан музейлерін дамуының негізгі векторлары, кәсіби стандарттарды жетілдіру сынды өзекті мәселелерді талқылау, сол тұрғыдағы ойларды ортаға тастау болатын. 

Аталмыш кәсіби семинарға қорық-музейлер, Астана, Алматы қаласы мен Алматы облысының музей басшылары мен қызметкерлері болып 80 адам қатысты. 

Семинардың пленарлық отырысы «Есік» қорық-музейінің маңындағы осы оқу жылында ғана ашылған жаңа мектеп ғимаратының мәжіліс залында өтті. Семинарды  ҚР МСМ мәдениет және өнер істері департаментінің директор орынбасары Ә.Т. Жоламанов ашты. Ол өз сөзінде «Елбасымыздың «Болшаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында қоғамдық сананы жаңғыртуды ерекше атап өткенін айта келіп болашақта музей саласы бұл бағытта негізгі қызметтерді атқаруға тиіс екенін атап өтті. Ал, ЮНЕСКО-ң кластерлік бюросының мәдениет мәселелері жөніндегі маманы Айгүл Халафова ЮНЕСКО-ң мәдениет саласындағы 2018-2021 жж. арналған бағдарламасын іске асыру барысындағы музейлердің рөліне айрықша тоқталды. «Әзірет сұлтан» қорық-музейінің бас қор сақтаушысы Нұржамал Әшірбекованың өз музейлеріндегі археологиялық матери алдарды сақтау мен қорғау жөніндегі тәжірибесі туралы баяндамасы семинар қонақтарының ерекше қызығушылығын тудырды. Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-музейінің директоры – А.К. Жандосов, «Ордабасы» Ұлттық тарихи-мәдени қорық-музейінің директоры – Б.А.Исматов, «Берел» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің директоры – Ж.ж. Ахмадиев, «Таңбалы» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің директор орынбасары – Б.А. Железняков, «Ежелгі Тараз ескерткіштері» мемлекеттік музей-қорығының бөлім жетекшісі А.М. Мұхтаров сынды қонақтар өз қорық-музейлеріндегі инновация мен соңғы технологияны пайдалану жөніндегі жаңалықтарымен бөлісті. Музей кадрларын дайындау мен олардың біліктілігін көтеру мәселелері туралы т.ғ.к., әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ң тарих, археология, этнология және музеелогия кафедрасының доценті Н.Ю. Сойкина жан-жақты баяндама жасады. Музей қорларын құрылымдау, музейлік мәні бар бұйымдарды сатып алу, оларды есепке алу мен сақтау ережесі 2015-2016 жж. ҚР Мәдениет және спорт министрлігі қабылдаған жаңа құжаттар жайлы ұзақ жылдар бойы ҚР Орталық музейінің бас қор сақтаушысы болып қызмет атқарған Ғ.З. Бакирова таратып айтып берді. Мамандарды дайындау мәселелері мен есепке алу және сақтаудың жаңа ережелерін іс жүзінде пайдалану туралы талқылау секциялық отырыста да жалғасын тапты. Өзара қызу пікірталасқа толы болған бұл отырыста дәріскерлер өздерінің әріптес достарының көкейінде жүрген сауалдарына жан-жақты жауап берді.  «Есік» қорық-музейінің әріптестерімен болашақ жопсарларын талқылайтын «дәстүрін» биыл да ұмыт қалдырған жоқ. Қорық-музейдің ғылыми қызметкері Әсел Амарғазиева бұл жолы өз әріптестеріне «Қазақстанның жаңа 100 есімі» идеясы бойынша жаңа жобасын талқылауға ұсынды. Бұл жоба бәрінің ерекше қызығушылығын тудырып, оны іске асыру кезеңдері белгіленді. Қорық-музей басшыларының қатысуымен өткен «Қазақстанның киелі жерлері» жобасын іске асыру, ескерткіштерді мәселелері талқыланып, мәжіліс соңында қорық-музейлердің қызметін үйлестіріп отыру үшін «Қазақстан қорық-музейлерінің ассоциациясын» құру туралы шешім қабылданды.

Семинарға қатысушы қонақтар Есік қорғандарындағы музейлендірілген қорғанды, қорық-музейдің экспозициясын тамашалады.

Семинардың екінші күні «Алтынемел» ұлттық табиғи саябағы мен әйгілі Бесшатыр қорғанын тамашалауға арналды. «Алтынемел» ұлттық табиғи  саябағы Алматы қаласынан 170 шақырым қашықтықта, Алматы облысындағы Кербұлақ және Панфилов аудандарының аумағында, Іле өзенінің аңғарын бойлай орналасқан. Саябақ аумағында туристерді қатты қызықтыратын бірегей табиғат ғажайыптары мен  сақ көшпенді мәдениетінің ескерткіші әйгілі Бесшатыр қорымдары (б.з.д. VII-IV ғғ), тас бетіндегі таңбалар да бар. Саябақтың 20 жылдығына орай жаңадан тұрғызылған сапар орталығында қонақтарды директор орынбасары Данияр Ғалымжанұлы қарсы алды. Тамақтанып алғаннан кейін семинар қонақтары Айғайқұмға бет алды. Оның мұнда аталу себебі ауа-райы ылғалсыз күндері құм төбелерден ерекше бір саздың дыбысы естілетінінде. Таза ауа мен айнала әсем табиғаттан қуат алған қонақтар құм төбенің басына қиналмай шықты.

Одан кейінгі экскурсия Бесшатыр қорғандарында болды. Жолай жолаушылар Шоқан бұлағының басына аялдап, кезінде атақты ғалымның өзі дәм татқан тап-таза бұлақ суынан шөл қандырды. Экскурсоводтардың айтуынша бұлақтың суының емдік қасиеті бар көрінеді. Бесшатыр өзінің ерекше асқақтығымен тәнті етті. Биіктігі – 20, диаметрі – 70 метрдей болатын №3 қорған музейлендірілген екен. Қорғанды асықпай көріп шыққан қонақтар музейлендіру ісінде жіберілген бірнеше олқылықтарды атап айтты. Әрине, Ұлттық саябақ Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты болғандықтан оларға тарихи-мәдени ескерткіштерді сақтау мен қорғау, қалпына келтіру жұмыстары жөнінде кәсіби мамандардың көмегі мен кеңестері жетіспей жатады. Сондықтан да Ұлттық саябақ жетекшілері «Есік» қорық-музейіне осы тұрғыдан өзара көмек көрсету жөнінде ұсыныс жасады. Қорық-музей археологтары болашақта біріккен зерттеу жұмыстарын жүргізу және басқа да мәселелерді талқылау үшін ұлттық саябаққа арнайы сапармен баруы мүмкін. Қазіргі уақытта  «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі «Алтынемел» ұлттық табиғи саябағымен әріптестік байланыс туралы келісім-шарт жобасын дайындау үстінде.

Экскурсиялық сапар кешкісін аяқталып, семинар қонақтары қалаға қайта оралды. Осылай семинардың соңғы күні де аяқталды. Көкейде көпшілікті толғандырған болашақ жоспарлар, жаңа зерттеулер мен іргелі ғылыми жобалар, кәсіби кездесулер тұрды.