Мәдени мұра  Ұлттық жобаӨткенді қастерлеу арқылы, болашағымызды баянды етеміз
  • Twitter
  • Facebook
  • Лента на Youtube
 

Мәдениет жаңалықтары

Офицерлер жиналыс ғимараты

Басты бет - Материалдар - Мәдениет жаңалықтары - Ла Скала ұсынған таңғажайып премьера

Ла Скала ұсынған таңғажайып премьера

Дүйсенбі, 11 қыркүйек 2017 Людвиг ван Бетховеннің атақты № 9 симфониясының керемет орындалуы астананың мәдени өміріндегі айтулы оқиғаға айналды. «Астана Операның» Үлкен залында аяқталған концерттен кейін көрермен қауым аты аңызға айналған маэстро Зубин Метаға, Ла Скала театрының теңдессіз оркестрі, хоры мен солистеріне шапалақтарын «жаудырып», ыстық ықыластарын білдірді. Итальяндық театрдың гастрольдері ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен өтуде.

Л. ван Бетховеннің № 9 симфониясын қазақстандық тыңдарман шаттыққа толы ду қол шапалақпен қарсы алды. Симфониялық бояулардың ғажап түрленуі, жеңілмейтін өмірлік қуат, дирижерлік интерпретацияның күші – біртуар маэстро Зубин Метаның шебер жетекшілік етуімен шығарма жаңаша жарқырай түсті.

Оркестр музыканттары маэстроның әрбір көзқарасын құмарлана қадағалап, ым-қимылын мұқият аңдумен болды, оның үстіне барлық қатысушылармен бірге көзге шалынбайтындай етіп, өзара әрекетте жұмыс жасады. Үрмелі аспаптар тобы әртістерінің ансамбльде, сондай-ақ жеке ойнап отырғандай шабытқа толы орындауы, сонымен бірге виолончельдердің жұмсақ әрі қанық дыбысталуы ерекше назарға лайық.  Ішекті және үрмелі аспаптардың барлық шығармаға жетекшілік етуін көрермен үн қатпай тыңдады.

Тыңдаушылардың назары оркестрдің бірінші скрипкасы – Лаура Марцадориге еріксіз ауды. Оған екі себеп бар еді: басқа музыканттарға қарағанда, тым жас шамасы және оның ерекше шеберлігі мен асқан дарындылығы.

Симфониялық жанр тарихында тұңғыш рет Л. ван Бетховен № 9 симфонияның аспаптық орындалуына вокалистер құрамын қосқанын атап өткен жөн. Солистер мен хор әртістерінің дауыстары өтіп жатқан оқиғаға салтанатты шырай келтірді. Олардың тебіренткен орындауынан көрермендердің бойы түршікті. Ла Скала хорының дыбысталуын таңғаларлық деп қана айтуға болады. Миландық театрдың бас хормейстері Бруно Казони ұжымның орындау шеберлігінде күшті нәтижеге қол жеткізді. Әсерлі әрі жарқын өнер көрсету үннің қанықтығымен, әуенділігімен және жоғары әртістігімен ерекшеленді – бұның бәрі нағыз кәсіби маманның белгілері.

Әр елдің төрт вокалисі керемет дәл таңдалған. Олар біресе бірге, біресе жекелей ән шырқады, бірақ дауыстарының әрқайсысы өз мәнеріне қарай өзгешеленді. Альт партиясын «Астана Опера» театрының солисі Татьяна Вицинская орындады. Сопрано – Федерика Ломбарди (Италия), тенор – Питер Сонн (Австрия), бас – Лянг Ли (Қытай).

Людвиг ван Бетховеннің соңғы симфониясы аты аңызға айналған Ла Скала театрының қанық гастрольдік бағдарламасына кездейсоқ енген жоқ. Классикалық музыка жауһарының басты тақырыбы халықтар бауырластығы, ұлттарды бірігуге шақыру болып табылады, бұл, әсіресе, осы күндері Астанада аяқталуға жақын қалған бүкіләлемдік «ЭКСПО-2017» көрмесінің жасампаз идеясымен үндес. Ұйымдастырушылардың айтуынша, осы шығарманы таңдау кезінде музыканттар Қазақстанның Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жақсылыққа, соғыссыз бейбіт өмірге және халықтар бірлігіне ұмтылған саясаткер ретінде кеңінен танымал екендігін назарға алған.

Симфонияның төртінші бөлігі – Фридрих Шиллердің поэма мәтініне жазылған «Шаттық одасы» - айқын көрінген бірлік идеясы арқасында Еуроодақтың Әнұраны ретінде пайдаланылады.

Л. ван Бетховеннің ғаламат № 9 симфониясы «Астана Опера» Үлкен залының сахнасында тағы бір мәрте – 9 қыркүйек күні шырқалып, Қазақстандағы атақты итальяндық театрдың гастрольдерін салтанатпен аяқтайды.

Гастрольдердің Бірыңғай Жеке Демеушісі – республикада 1992 жылдан бастап өз қызметін жүзеге асырып келе жатқан итальяндық энергетикалық «Eni» компаниясы. Сондай-ақ гастрольдерге театрдың әлеуметтік серіктесі - «Samruk-Kazyna Trust» қоры қолдау көрсетті.

«Астана Опера» театрының баспасөз қызметі

тел. (7172 -70 95 94; 70 96 19) e-mail: astanaopera@gmail.com