Мәдени мұра  Ұлттық жобаӨткенді қастерлеу арқылы, болашағымызды баянды етеміз
  • Twitter
  • Facebook
  • Лента на Youtube
 

Мәдениет жаңалықтары

Берел қорымы   (III - IV BC)

Басты бет - Материалдар - Мәдениет жаңалықтары - «Астана Опера» «Париж Құдай анасының соборын» Италияда көрсетпек

«Астана Опера» «Париж Құдай анасының соборын» Италияда көрсетпек

Сәрсенбі, 08 қараша 2017 «Астана Опера» театрының балет труппасы 23 және 24 қараша күндері итальяндық «Карло Феличе» (Генуя) театрының сахнасында Морис Жаррдың атақты «Париж Құдай анасының соборы» балетін ұсынады. Бұл спектакль көптеген әлемдік сахналарды бағындырған, алайда Генуяда «Астана Опера» балет труппасының орындауында алғаш рет көрсетілетін болады.

ХХ ғасырдағы балет классигінің бірі болып танылған Ролан Пети – аты аңызға айналған «Париж Құдай анасының соборы» хореографиялық туындысының авторы – көптеген тамаша спектакльдерді қойған, өзінен кейін барша әлемдегі бишілер үшін елуден астам балет пен нөмірлер қалдырған. Ресейдің Халық әртісі, «Астана Опера» балет труппасының көркемдік жетекшісі Алтынай Асылмұратова осынау ғажайып тұлғамен жұмыс жасау бақытына ие болған.

А.Асылмұратованың бастамасы бойынша 2016 жылы осы балет Петидің шәкірті – қоюшы балетмейстер Луиджи Бониномен «Астана Опера» сахнасына ауыстырылды. Енді міне, спектакль атақты француз хореографының 1965 жылы жасаған үлгісіне дәлме-дәл сәйкес өтуде.

Бұл балеттің тарихында қазақстандық труппаның өнері де орын алады. Яғни, 2017 жылдың ақпан айында гастрольдік сапар аясында «Париж Құдай анасының соборын» Мариин театрына апарды – петерборлық көрермен қауым ыстық ықыласпен қарсы алып, орасан зор шаттыққа бөледі.

- «Париж Құдай анасының соборы» - гастроль үшін өте «қолайлы» спектакль. Ол 60-жылдардағы «минимализм» түрінде орындалған, бұл драматургияға да, хореографияға да, сценографияға және костюмдерге де қатысты. Ол жинақы: подиум, қоңырау, собордың пішіні, артқы фондағы Париждің суреті және дар ағашы – міне, сахнадан көруге болатынның бәрі осы ғана. Труппаның түгелі дерлік қойылымға жұмылдырылған. Күрделі хореография дәлдікті, түбегейлікті талап етеді, ол – әртістер үшін сынақ. Қойылымның стилін жасау бойынша кордебалетке үлкен жауапкершілік артылған. Ол басты кейіпкерлердің ішкі жан-дүниесін көрсетуі тиіс, ал балетте негізгі 4 қаһарман бар - Квазимодо, Эсмеральда, Клод Фролло, Феб. Екінші көрініс кезінде кордебалет оқиға желісінің дамуында, сонымен қатар бүтін спектакльдің ахуалын жасауда ерекше маңызды рөл ойнайды, - деп атап өтті Алтынай Асылмұратова.

Әртістердің айтуынша, гастрольдік өнер көрсету алдында сәл қобалжуда. Ұсқынсыз бүкір партиясын Бақтияр Адамжан мен Рүстем Сейітбеков ұсынады. Эсмеральда рөлінде Әйгерім Бекетаева мен Мәдина Басбаева, Клод Фролло рөлінде – Арман Оразов, Серік Нақыспеков болса, Феб партиясын Олжас Тарланов пен осы спектакльде алғаш рет өнер көрсететін Еркін Рахматоллаев әзірлеуде. Сценографиясын жасаған – Рене Алльо, костюмдер бойынша суретші – әйгілі кутюрье Ив Сен-Лоран. Қоюшы дирижері – Арман Оразғалиев.

Балет «Астана Опера» музыканттарының қатысуымен «Карло Феличе» театрының керемет Симфониялық оркестрінің сүйемелдеуімен өтеді.

Еске салар болсақ, 2015 жылы театр труппасы «Карло Феличе» сахнасында Арам Хачатурянның «Спартак» спектаклінің бес кешін ұсынып, ұлттық нөмірлер қосылған Гала-бағдарламамен өнер көрсеткен еді.