Мәдени мұра  Ұлттық жобаӨткенді қастерлеу арқылы, болашағымызды баянды етеміз
  • Twitter
  • Facebook
  • Лента на Youtube
 

Мәдениет жаңалықтары

Әулиекөл   (XIII - XV ғасыр)

Басты бет - Материалдар - Мәдениет жаңалықтары - «Астана Операда» жаңажылдық қайырымдылық акциясы өтеді

«Астана Операда» жаңажылдық қайырымдылық акциясы өтеді

Сәрсенбі, 03 қаңтар 2018 Жаңажылдық мереке қарсаңында «Астана Операда» қайырымдылық акциясы өтеді: 30 және 31 желтоқсан күндері театрдың Үлкен залында 110 бала П.Чайковскийдің «Щелкунчик» ертегі-балетін тамашалайтын болады.

Аз қамтылған және көп балалы отбасы балалары мен «Мұра» Қоғамдық Бірлестігі - мүмкіндігі шектеулі балалар қоғамының жеткіншектеріне Э.Т.А.Гофманның «Щелкунчик және тышқан патшасы» ертегісінің желісі бойынша баршаның сүйікті балеті ұсынылмақ. Спектакльдің басталуына дейін жарты сағат бұрын жас көрермендер Аяз Ата, Ақшақар және ертегі кейіпкерлерінің қатысуымен шырша маңындағы дәстүрлі ойын-сауыққа қатысып, сыйлықтар алады.

Балаларға бұл жаңажылдық балетті «Астана Опера» балет труппасының әртістері ұсынады, көркемдік жетекшісі – Ресейдің Халық әртісі Алтынай Асылмұратова. Басты партияларды «Астана Опера» театрының жетекші балет солистері орындайды. Мари бейнесінде сахна төріне Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Әйгерім Бекетаева, Мәдина Басбаева, халықаралық байқаулардың лауреаты Әнел Рүстемова шықса, Ханзада-Щелкунчик рөлін – көптеген халықаралық байқаулардың Бас жүлде иегері Бақтияр Адамжан, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Тайыр Ғатауов, халықаралық байқаулардың лауреаты Еркін Рахматоллаев сомдайтын болады. Дроссельмейер – Ильдар Шакирзянов, Олжас Маханбетәлиев.


Классикалық өнер жауһары қазіргі заманның атақты хореографы – КСРО Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтардың лауреаты Юрий Григоровичтің қойылымында ұсынылады. Сахналық безендіру КСРО халық суретшісі, Лениндік және КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Симон Вирсаладзенің эскиздері бойынша жасалған. Спектакль «Астана Опера» театрының хоры, симфониялық оркестрінің қатысуымен өтеді, қоюшы дирижері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Айдар Әбжаханов.

Сонымен қатар, балаларға арналған «Щелкунчик» балетінің қойылымы «Астана Операның» Үлкен зал сахнасында 5 және 6 қаңтарда өтеді, ал үлкендерге арналған кешкі спектакльдер 30, 30 желтоқсан және 4, 5, 6, 7 қаңтар күндері болады. Қойылымдардың басталуы туралы толық ақпаратты «Астана Опера» театрының сайтынан алуға болады.