Мәдени мұра  Ұлттық жобаӨткенді қастерлеу арқылы, болашағымызды баянды етеміз
  • Twitter
  • Facebook
  • Лента на Youtube
 

Мәдениет жаңалықтары

Ғылым академиясы

Жұлдызы жанды

Жұма, 22 желтоқсан 2017 Осы 2017 жыл ҚР еңбек сіңірген қайраткері, «Астана Опера» театрының жетекші солисі, Рим операсының солисі, баритон Сүндет Байғожин үшін сәтті жыл болды деп нық сеніммен айтуға болады. Вокалистің мәртебелі марапаттарының қатары тағы да толықты: бүгін, 15 желтосқан күні «Қазақстан» орталық концерт залында ғылым мен білім саласындағы ерен еңбегі үшін Құрмет ордені табыс етілді.

- «Құрмет» орденінің мәртебелі кавалері болуды армандаған да жоқпын. Мемлекеттің еңбегімді жоғары бағалауы мен үшін өте қымбат. Әрине, небір сезімдер жанымды тебірентуде, бірақ ең алдымен, бұл  - Отаныма деген мақтаныш, бақытқа кенелдім, қол жеткізгеніме тоқтаймай, әлі де жасай, шырқай бергім келеді. Тәуелсіздік күні қарсаңында әріптестеріммен бірге еңбегімізге лайықты марапат алғанымызға өте қуаныштымын. Әріптестерімнің әрқайсысы – өз ісінің майталманы. Енді біздің жауапкершілігіміз де еселенді – осы жоғары атаққа сай болуымыз қажет. Осындай марапатты тапсырып, бізге сенім білдіргені үшін Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевқа алғысымды айтамын. Сонымен қатар ҚР Мәдениет және спорт министрлігіне, «Астана Опера» театрының басшылығына, өзімнің барша әріптестеріме көрсеткен қолдаулары үшін ризашылығымды білдіремін, - деп бөлісті Сүндет Байғожин.

Еске салар болсақ, Құрмет ордені – Қазақстан Республикасының 1993 жылы тағайындалған ордені. Орденмен экономика, әлеуметтік сала, ғылым мен мәдениет, білім беру саласын дамытудағы ерен еңбегі, мемлекеттік органдағы үлгілі қызметі және қоғамдағы белсенді жұмысы үшін азаматтар марапатталады.

Сүндет Байғожин өзінің кәсіби дағдыларын үнемі жетілдіруде. Вокалист керемет білім алған, ол Қазақ ұлттық музыка академиясын «Жеке ән айту» мамандығы бойынша (ұстазы Қ.Ә. Әбдіқадыр, 2008) тамамдады. Сол жылы Йези қаласында (Италия) опералық вокал бойынша тағылымдамадан өтті. Кейін Accadema D’Arte Lirica (Озимо, Италия) академиясында опералық ән айту бойынша дайындық курстарын аяқтады. Сүндет Байғожин – Австрия, Франция, Оңтүстік Корея, Ресей, Италия, Беларусь, Түркия, Иордания т.б. елдердегі қазақ мәдениет маусымының қатысушысы. «Времен связующая нить» жобасы аясында қайырымдылық концерттерге қатысты.

Сондай-ақ бүгін «Астана Опера» театрының дарынды солисі Айзада Капоноваға да Құрмет ордені табыс етілді. Әнші сахнаға он жылдан астам уақытын арнаған, осы мерзім ішінде ол керемет бейнелердің топтамасын жасады, атап айтар болсақ: А.Жұбанов, Л.Хамидидің «Абай» операсындағы Ажар, М.Төлебаевтың «Біржан-Сара» операсындағы Сара, Алтынай, Е.Брусиловскийдің «Қыз Жібек» операсындағы нәзік Жібек, Б.Қадырбектің «Қалқаман-Мамыр» операсындағы Мамыр бейнесі әншінің репертуарынан орын алды. Классикалық операда - Дж.Вердидің «Травиатасында» Виолетта, Дж.Вердидің «Риголетта» операсында Джильда, Ж.Оффенбахтың «Гофман ертегілерінде» Олимпия, В.А.Моцарттың «Сиқырлы флейтасында» Түн патшайымы, Г.Доницеттидің «Лючия ди Ламмермур» операсында Лючия партияларын орындады.

Айзада Капонова Қазақ Ұлттық музыка академиясын «Вокал өнері» мамандығы бойынша бітірді (профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Қ.Н.Омарбаев сыныбы, 2008). Ол «Шабыт» халықаралық шығармашыл жастар байқау-фестивалінің ІІ сыйлық лауреаты (Астана, 2007); Халықаралық вокалистер байқауының І сыйлық лауреаты (Алматы, 2013); Н.Тілендиев атындағы халықаралық байқау-фестивалінің Бас жүлде иегері (Астана, 2015).