2011, Қазақстан Республикасы Мәдениет министрлігі
1960 жылдары антрополог Ноэль Шаяхметов бастаған ғалымдар Қобыландының сүйегін Мәскеуге зерттеуге алып кеткен болатын. Мәскеу мүрдені қайтара қоймады. Тәуелсіздігіміздің арқасында өткен жылы 40 жылдан соң батыр бабамыздың сүйегі елге оралып, өткен жылы өз орнына арулап қайта жерленді. Батырдың сүйегін анықтап, ғылыми дәлелдеген Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік мұражайы антропологиялық лабораториясының меңгерушісі, академик Оразақ Исмағұлов көп еңбек сіңірді. Облыс әкімі барлық жұмыстар үшін жергілікті бюджеттен қаржы бөлді.
Конференцияда Қазақстан Республикасы Президенті Мәдени орталығының директоры, филология ғылымдарының докторы, профессор Мырзатай Жолдасбеков “Эпостың тарихилығы, тарихи қайраткер және эпостық бейне” тақырыбында баяндама жасады. Баяндамашы ғалымдардың зерттеуінше, қазақ халқында, нұсқауларын қосып есептегенде, мыңға тарта эпикалық туынды бар екенін, солардың ішінде бір ғана “Қобыланды” жырының 29 нұсқасы бар екенін айтып өтті. Академик М.Әуезов эпостық шығармалар турасында: “Бұл дастандар көбіне сонау бір бағзы замандарда Орталық Азияны, Қырым мен Еділ бойын жайлаған көшпелі тайпалар басынан кешірген нақтылы тарихи оқиғалардың поэтикалық көрінісі болып табылады. Батырлар жырының кейіпкерлері – Қобыланды, Қамбар, Тарғын сияқты аға батырлар мен Алпамыс, Сайын тәрізді батырлардың есімдері тарихи оқиғаларға байланысты”, — деп жазған. Қазақ эпостарының ішінде ең көп зерттелгендерінің бірі – “Қобыланды батыр” жыры екен. Қобыланды жөніндегі аңыз-әңгімені алғаш рет баспа бетіне түсірген – В.В. Радлов.
“Қобыланды батыр” жыры жайындағы алғашқы келелі сөзді Әлихан Бөкейхановтың “Туркестанские ведомости” газетінде жарияланған “Женщины по киргизской былине Кобланды” деген көлемді мақаласынан кездестіруге болады. Жырды ғалым Мәлік Ғабдуллин де егжей-тегжейлі зерттеген. Марабай, Мергенбай жырау, Біржан Толымбаев, Айса Байтабынов, Мұрын Сеңгірбаев және басқа көптеген жыраулар жырлаған. Ал, атақты ақын Нұрпейіс Байғанин 9 мың жолдық нұсқамен жырлаған.
Мырзатай Жолдасбеков шын мәнінде Қобыландының өмір сүрген дәуірі белгілі, бұл – тарихи ақиқат, деді. Тәуелсіздік алғаннан кейін шыққан төл энциклопедиямызда мынадай жолдар бар: “Қарақыпшақ Қобыланды – (шамамен XV ғ.) өмір сүрген батыр, тарихи қайраткер. Көшпелі өзбек мемлекетінің негізін қалаушы Әбілқайыр ханның бас батыры. Қазақ шежіресінде Қобыландыны Қарақыпшақтан тарайтын Тоқтарбайдан туғызады. Қобыландыдан Беркімбай, Беркімбайдан бес таңбалы Қыпшақ ұрпақтары өрбиді...Ел аузындағы деректерге қарағанда, оның бейіті Қобда өзенінің бойында”, — делінген.
Қобыланды батыр – шын мәнінде, қайталанбас эпостық образ деңгейіне жеткен тарихи тұлға.
Ғалым Әуелбек Қоңыратбаевтың жазуынша, Қобыланды батыр Әбілқайыр ханның екі төбе биінің бірі болған. Ал, екі бидің бірі – Ақжол би атанған Дайырқожа.
Ғалым Е.Ысмайылов “Қобыланды” жырын XІV-XVІ ғасырлардағы ноғайлы заманының батырлар жырына қосады. Қайғысы мен қасіреті мол, шытырман оқиғалы жырлар аз емес. “Бөген батыр”, “Едіге”, “Ер Сайын”, “Қамбар”, “Мұсахан”, “Орақ” тағы басқа жырлар сол дәуірде туған. Әлкей Марғұлан қазақ эпостарының туу тарихын бес кезеңге бөле келіп, “Қобыланды батыр” жырын ноғайлы дәуіріне жатқызады.
Қобыландының өмірде болғандығын профессор Б.Кенжебаев та жазып кеткен. Ғалым “Қобыланды батыр” атты мақаласында Қобыланды тарихта болған ба, болса қай заманда деген сұраққа жауап іздейді. Қобыландыны Ақсақ Темір мен Тоқтамыс хан тұсында (XІV-XV ғ.) өмір сүрген. Оған дәлел: Тоқтамыспен егескен Едіге батыр Ақсақ Темірге барып қолбасы болғанда, оның артынан кері қайтаруға тоғыз кісі жіберген. Соның бірі Қарақыпшақ Қобыланды болыпты, — дейді.
Қоғам және мемлекет қайраткері, халық жазушысы Әбіш Кекілбай қазақтың арғы-бергі тарихына кең тоқтала келіп, Қобыландының аңыз кейіпкері емес, тарихи тұлға екенін дәлелдеп берді.
Министр Е.Ертісбаев Елбасы ұсынған “Мәдени мұра” бағдарламасы 2004-2006 жылмен шектеліп қалмайтынын, әлі де жалғаса беретініне тоқталды. Бүгінгі мәдени шара соның бір көрінісі, деді. Сондай-ақ алдағы уақытта Ақтөбе өңірінде Әбілқайырға, Әйтеке биге ескерткіш қою жоспарланып отырғанын да айтып өтті.
Бүгін Қобда ауданының Жиренқопа ауылында Қобыланды батыр мемориалдық кешенінің ашылуы болады. Сондай-ақ театрландырылған көрініс, бәйге, ұлттық спорттық жарыстар және басқа мәдени шаралар өтеді.
Авторы: Бердібай КЕМАЛ, Ақтөбе.