2011, Қазақстан Республикасы Мәдениет министрлігі
Әміржан өзінің бесінші атасы болып табылатын Ботай бабасы туралы әкесі Есіләмнан көп естіген, оның өз дәуірінде белгілі адам болғанын жадына тоқи беретін. Сол даңқты бабасының атымен аталатын Ботай ауылының тарихы өте мол. Тарихтың сондай таным-тағылымын, тәрбиелік, патриоттық маңызы зор болмыс-бітімін зерттеп, оны бүгінгі ұрпаққа жеткізу, кейінгі толқынға қалдыру міндеті тұрды. Міне, осы үлкен міндетті Әміржан абыроймен іске асырды деуге болады. Өзінің немере ағасы Айдарханмен бірлесіп, туған ауылы туралы үш кітапты жарыққа шығарды.
Ботайдың әкесі Досан Абылай ханның замандасы, оның жақын серіктерінің бірі болған. Он сегіз жасынан бастап ханның жасағында болып, оның жорықтарына белсене қатынасып, ерлік көрсеткен. Абылай ханның Петерборға жіберген елшіліктерін екі рет басқарып барған. Құжаттарда Досан батыр деп көрсетіледі. Ол құжаттар Сырымбет ауылындағы Шоқан Уәлихановтың мұражайында сақтаулы.
Ал, Ботай бабалары Кенесары ханның замандасы болған. Уәли ханнның тоқалы атақты Айғаным ханшамен қоныстары көрші болып, тығыз қарым-қатынас жасаған. Кенесары көтерілісіне кенже баласын аттандырған.
Өзі қажыға барған. Отаршылдық саясатқа қарсы шығып, ауылдастарына ақылын айтып, өз жерлерінен айырылып қалмауға үйретіп, отаршылдардың қитұрқы әрекеттерін әшкерелеп отырған.
Досан батыр, одан кейінгі Ботай бабалары, міне, осындай елге тұтқа, көпке көсем бола білген тарихи тұлғалар қатарына жатады. “Ботай”, “Ботай баба”, “Ботай ұрпақтары”деп аталатын үш кітапта олардың тарихтағы орны, кейінгі ұрпақтарының тағдыры туралы тереңнен сыр тартып, тағылымды еңбек тудыру тек Әміржан Шалтықов сынды ғалым адамның ғана қолынан келетін еді.
Әміржан Шалтықов ғылымның қия жолымен өрлеуді жас кезінен-ақ арман ететін. Сол мақсатпен Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетіне оқуғатүседі.
Университетті 1963 жылы бітірген ол Көкшетау педагогикалықинститутына қызметке жіберіледі, бірақ екі айдан кейін әскер қатарына шақырылады. Онда екі жылдай жүріп оралған соң қаладағы облыстық архивтің аға ғалыми қызметкері болып орналасады. Ондағы мақсаты – архив құжаттарының негізінде Көкше өңірінің тарихын зерттеу, ғылыми нәтиже шығару. Осында жүріп Әміржан республикалық, облыстық газет-журналдарда мақалалар жариялап, көпке танымал бола бастайды.
1968 жылы Көкшетауға облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы болып осы өлкенің түлегі Еркін Әуелбеков келді. Оған дейін жергілікті органдарда басшы қызметтерде көбінесе өзге ұлттың өкілдері басым болатын. Облыстың 12 ауданының басшыларынан тек екеуі ғана қазақ еді. Міне, Е.Әуелбеков осы бұрмалаушылықты батыл түрде түзете бастады. Әміржан жаңадан жасақталған жергілікті ұлт кадрларының қатарында обкомның лекторы болып бекітілді. Осы қызметті үш жылдай атқарған ол Алматыдағы жоғары партия мектебін оқып бітіріп, 1973 жылы облыстың Ленинград аудандық партия комитетінің хатшысы болып сайланды. Осы қызметте жүріп, “Құрмет Белгісі” орденімен марапатталды. Ол кезде Әміржан 36 жаста болатын.
Сол жылы Мәскеудің КПСС Орталық Комитеті жанындағы Қоғамдық ғылымдар академиясының аспирантурасына түсті. 1979 жылы оны тарих ғылымдарының кандидаты деген ғылыми атақпен бітірді. Әміржан осы оқу орнын бітіріп, ғылыми дәреже алған Көкшетау облысы тарихында екінші адам болды. Ал, біріншісі – осы Ботай ауылының түлегі және өз інісіне үлгі болып, жол көрсеткен ауылдас ағасы Қалит Зікіриянов еді.
Мәскеудегі оқуды бітіргеннен кейін Әміржан Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетіне лектор болып бекітілді. Бірақ, Әміржан осы қызметінде жүріп те өзінің негізгі арманы – ғылыми жұмыспен айналысуды тоқтатқан жоқ. 1984 жылы Орталық Комитеттің шешімімен өзі оқыған Алматы жоғары партия мектебіне доцент болып жіберілді. Осы оқу орнында 1992 жылға дейін істеп, сол жылы Қазақ дене шынықтыру институтының тарих кафедрасының меңгерушілігіне ауысса, 1998 жылдан М.Тынышпаев атындағы Қазақ көлік және коммуникация академиясында профессор, ал 2000 жылдан Қазақ қатынас жолдары университетінде кафедра меңгерушісі болып істейді. Осы оқу орнында жүріп Әміржан докторлық диссертациясын ойдағыдайқорғады.
Әміржан Шалтықовтың докторлық диссертациясы егемен еліміз үшін әлі күнге өте өзекті болып отырған кеден мәселесіне арналған еді. Әміржан бұл тақырыпты кеңінен зерттеді, кеден қызметінің экономикалық жағынан ғана емес, сонымен бірге саяси, әлеуметтік, мәдени байланыстар жөнінен де тиімді екенін талдап, өзінің көптеген ұсыныстарын жасады. Бұл зерттеу Қазақстанда ғана емес, тіпті ТМД елдері ішіндегі ең алғашқы ғылыми еңбек болды. Оған Мәскеу, Новосібір, т.б. қалалардағы ғалымдар жоғары баға берді.
Иә, Әміржанды кеден органдарында кадр даярлау мәселелері көп толғандырады. Ол өзінің кеден саясаты жөніндегі тұжырымдары жоғары білімді, парасатты жас кадрлар арқылы іске асатынын түсінеді. Сондықтан да өзі қызмет ететін жоғары оқу орындарында кеденшілер дайындайтын топтарға дәріс оқиды. Студенттер үшін “Кеден ісі тарихы” атты оқу құралын республика бойынша ең алғашқы дайындаған да Әміржан болатын. Оның осы оқулығын еліміздің барлық жоғары оқу орындары пайдаланып жүр.
Әміржанның тарих, саясаттану салалары бойынша монографиялары, 150-ден аса ғылыми еңбектері бар. Жас ғалымдарға ұстаздық етіп, ғылым кандидаттарын да дайындап шығарды.
Ол саяси ғылымдар докторы ретінде заман ағымына ілесіп, өзінің бүкіл ғылыми қарым-қайратын бүгінгі күн мүддесі мен ертеңгі күн талабына сай келетін арнаға түсіріп отырады. Ол тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың жарқын болашаққа бастайтын батыл реформалары мен көрегендік саясатын қолдап қана қоймай, олардың мүлтіксіз орындалуына барынша үлес қосуды өзінің азаматтық борышы деп біледі. Ғалымның күш-жігері мен терең де тиянақты білімі, өмірлік бай тәжірибесі бүгін, міне, осы мәртебелі іске жұмылдырылған.
Ә.Шалтықов үйде де, түзде де абырой тапқан бақытты жан. Өмірлік жары Жанна екеуі үш ұл өсірді. Бәрі де өмірден лайықты орындарын тауып, қызмет істеп жүр. Олардан көрген үш немере ата мен әжесінің көз қуанышы, көңіл жұбанышы бола білуде. Бұл – Әміржанның үйдегі қуанышы десек, ол ғалым, ұстаз ретінде түзде де мол қуанышқа кенелген. Өзінен дәріс тыңдап, тәрбие алған, сол ағаның шуақты ақыл-кеңесі, қамқорлық-жетекшілігі арқасында ғылым жолына түскен, айтулы ғалым болған жастар қаншама. Олардың бәрі де қамқор ағаға ақ алғыстарын айтып, ақ тілектерін білдіріп жатады.
Авторы: Амантай НҰРМАҒАМБЕТОВ, саяси ғылымдар докторы, профессор.