Мәдени мұра  Ұлттық жобаӨткенді қастерлеу арқылы, болашағымызды баянды етеміз
  • Twitter
  • Facebook
  • Лента на Youtube
 

Мақала және жарияланымдар

Бөкей ордасы   (XIX ғасыр)

Басты бет - Материалдар - Мақала және жарияланымдар - Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру

Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру

Жұма, 23 маусым 2017Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласын маңызды саяси-идеологиялық құжат деп айтуға болады. Себебі, бұл мақалада ұлттық құндылықтарымыз, мемлекеттің ұлттық құрылымы, қазақ елінің тарихи мұралары туралы айтылады. Біздің бүгінгі ең басты мақсатымыз — елімізді дамыған 30 елдің қатарына ену. Сондықтан Елбасы мақаласында заманға сәйкес жаңғыру, оның ішінде рухани жаңғыру мәселесі жан-жақты талданып, таяу жылдарға ауқымды міндеттер қойып берді. Шын мәнінде, көз ілеспес шапшаңдықпен дамып, жедел өзгеріп отырған мына дүбірлі дүниеде Елбасы айтқандай, сана-сезіміміз бен дүниетанымымызға әбден сіңісті болып қалған таптаурын қағидалардан арылып, рухани жағынан серпілуіміз, жаңғыруымыз қажет. Бұл арада рухани жаңғырудың ең басты шарты – ұлттық кодымызды сақтау екенін әрдайым есте ұстап, әлемдік өзгерістерге сай жаңаша ойлау жүйесін қалыптастырғанымыз абзал. Ұлттық кодты сақтау дегеніміз – ұлттық болмысымызды нығайтып, оны ұрпақтан-ұрпаққа мұра ету деген сөз. Ұлттық болмыстың өзі біздің ежелден келе жатқан қазақи салт-дәстүрлерімізден, мәдениетімізден, барлық рухани құндылықтарымыздан бастау алады десек, мына өзгермелі дүниеде сол құндылықтарымызды заманға сай одан әрі байытып, дамытып, оны бүгінгі ұрпақтың санасы мен тұрмысына сіңіру арқылы жаңа ғасырдың жаңа ұрпағын қалыптастыру деген сөз. Осы орайда Елбасының тікелей бастамасымен қолға алынған «Мәдени мұра» бағдарламасы – еліміздің рухани-мәдени өміріндегі айтулы құбылыс болды. Бағдарлама ұлттық мәдениет, ұлттық тарих үшін ерекше маңызы бар тарихи-мәдени және сәулет ескерткіштерін қалпына келтіру, мемлекеттік тілде әлемдік ғылыми ойлар, мәдениет және әдебиет жетістіктерінің үздіктері негізінде толымды қор жасауды зерттеу жүйесін құруды қарастырады. «Салынған жол, тұрғызылғын ғимарат, тіпті ең озық ғылыми жаңалық саналатын жаңа технологияның өзі жыл сайын тозады, ескіреді, ал бабаларымыз айтқандай, ешқашан азбайтын, тозбайтын, керісінше ұрпақ санасына шұғыла шашатын мәңгі өлмейтін құдіретті күштің аты – ғылым мен мәдениет. Ендеше сол ата-бабаларымыздың тарихи-мәдени мұрасын бірлесіп түлетейік», - деді Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев.

Мәдени мұра бағдарламасы әлемге ұлттық рухани ескерткіштер байлығын паш етеді. Бағдарламаны қабылдағаннан кейін 2004 жылы 51 тарихи және мәдени ескерткіштің реставрациялық жұмысы аяқталып, 39 қалашық пен қорғандарға археологиялық зерттеулер жүргізілді. 218 нысанды қамтыған Қазақстанның тарихи-мәдени және тарихи ескерткіштерінің мемлекеттік тізімі дайындалды. Ұлттық мәдениет үшін аса маңызды 30 сәулеттік және археологиялық қосымша ғылыми зерттеулер жүргізілді.

Отырарда 2001-2004 жылдары ЮНЕСКО-Қазақстан-Жапония бастауымен «Ежелгі Отырар қалажұртын консервациялау және сақтау» қорының халықаралық жобасы жұмысын бастады. Жобаның негізгі мақсаттары: құжаттық база жасау мен консервациялық шаралар болды.

2004-2007 жылдары «Мәдени мұра» және «Ежелгі Отырарды жаңғырту» мемлекеттік бағдарламалары аясында, Отырар қалажұртының бірқатар нысандары жұма мешіті XIV ғ,  тұрғын үй орамы XVI ғ, тұрғын жайлар XI-XII ғғ, шахристан қабырғалары, және оңтүстік-батыс қақпа, стратиграфиялық шурф, XIV ғ. шығыс монша нысандарына зерттеу, консервациялау және музейлендіру бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілді.

Сондай-ақ, Отырар ауданының тарихи-мәдени ескерткіштерін аэрофото құжаттау іске асырылды, жаңа компьютерлік бағдарламаларды пайдалана отырып өңірдің ежелгі ирригациясы зерттелді, 8 мыңнан астам аэросуреттер түсірілді. Өңірдің геоақпараттық негізі жасалды. Бұл Қазақстан археологиялық ғылымында жасалған ең ақпаратты және ауқымды жүйе.

Қазіргі таңда Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-мұражайының ескерткіштер тізіміне 258-ден астам тарихи-мәдени ескерткіш есепке алынған. Бұл ескерткіштер уақытында мәдениеті мен ғылымы дамыған, ата-бабаларымыздың өз қолымен жасаған ірі қалалар болып табылады. Әрбір тарихи мәдени ескерткіштер-ұлттық тарихымыз бен мәдениетіміздің құнды жәдігерлері болып табылады.

Сонымен қатар, мұражай қызметкерлері өздерінің  жоспарларына сәйкес аудандық мектеп оқушыларына тарихи-мәдени ескерткіштердің сақалуы мен қорғалуы жөнінде лекциялар оқып, төбе үстінен анықталған нысандарды бұзбауды, төбелерді жабайы орынсыз қазбауды түсіндіру жұмыстарын жүргізумен айналысады. Сонымен қатар Отырар мұражайы республикалық көшпелі көрмелер ұйымдастырып көпшіліктің ыстық ықыласына бөленуде. Алдағы уақыттарда шет елдерге көрме апаруды жоспарлауда.

Қорыта айтқанда Егеменді елдің әрбір азаматтары мен азаматшалары еліміздің өткенінен сыр шерітіп, ата-бабаларымыздың құнды тарихи мұраларын сақтап, қорғап өскелең ұрпақтың санасына ұғындыру әрбір азаматтың еліне, туған жеріне деген жанашырлығы, мәдени мұраларға деген қамқорлығы болмақ.

 

«Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-мұражайы» РМҚК

Тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау бөлімінің меңгерушісі: Қ.А.Шохаев