Мәдени мұра    Ұлттық жобаӨткенді қастерлеу арқылы, болашағымызды баянды етеміз
  • Facebook
  • Twitter
  • Лента на Youtube
 

Мақала мен басылымдар

Басты бет - Материалдар - Мақала мен басылымдар - Қызыл медресе 150 жылдан кейін есігін қайта ашты

Қызыл медресе 150 жылдан кейін есігін қайта ашты

Бейсенбі, 12 маусым 2008Несін жасырамыз, соңғы уақытқа дейін Батыс Қазақстан облысында діни ахуал аса мүшкіл халде болғаны рас. Бұған қала, аудан, кент және ауыл имамдары мен молдаларын сараптаудан өткізу барысы айқын көз жеткізген-ді. Осынау дабыл қағарлық жағдайға байланысты діни басқарманың бұл облыс бойынша өкіл имамдығына жас дінтанушы, ғалым Смайыл Сейітбеков жіберілген болатын. Содан бері де үш жыл өтті.

Бүгін оң өзгерісті байқау қиын емес. Аудан имамдарының дені діни басқарма жанындағы республи­калық имамдардың білімін жетілдіру Ислам институтында білім алды. Ал ауыл мен кент діндарларын өкіл имам әр жылдың қыс мезгілінде облыстық орталық мешітке жинап, бір айдан өзі дәріс берді. Осылайша үш жылда үш ай дәріс тыңдап, әжептәуір сауаттанды. Әуелде сараптау барысы бұл өңірдегі мешіт ұстаған діндарлардың діни білім деңгейінің аса төмендігін көрсеткен еді. Ал жеткілікті діни білім алмағанды халық “дүмше молда дін бұзар” дейді.Өкіл имамның тынымсыз әрекетінің нәтижесінде мұндағы қазіргі діни ахуал біршама оңалды. Әйтсе де, облыстағы 45 мешіт пен 3 намазхананың сегізінде тұрақты имам жоқ. Ал екеуі мүлдем жа­бық тұр. Бір кездегі Жәңгірхан отба­сының мешіті болған тарихи тамаша ғимарат мұражайға айналған. Осының салдарынан Бөкейорда ауданының орталығында намаз оқитын арнаулы орынның болмауы жергілікті мұсыл­ман­дардың арқасына аяздай батуда. Орал қаласында үш мешіт жұмыс істейді. Әрқайсысының жамағаты бар­шылық. Бір әттеген-айы, ертеректе та­тардың классик ақыны Ғабдолла Тоқай оқыған медресе ғимаратының елді дінсіздік жайлаған заманда тұрғын үйге айналуы оның тарихынан хабары бар жұртшылықты қатты мазалауда. Бүгінгі діни ахуалды мұнан да жақсарта түсу талабының діндарлар білімін көтер­мейінше жүзеге асуы мүмкін емес. Демек, діни арнаулы орта білім беретін оқу орын­дарын, яғни медреселерді көптеп ашу қажеттігін уақыт өзі алға тартуда. Діни басқарма сонау үзіліп қалған діни білім беретін жүйені қайта қалпына келтіру мақсатымен Орал қаласынан облыс орталығынан медресе ашуды ұсынды. Бұл ұсынысты құп алған облыс әкімі Бақты­қожа Салахаддинұлы мен діни басқар­маның өкіл имамы Смайыл Сейітбеков өткен сәуір айынан жаңа медресе салуға қызу кірісті. Осынау игі шараға жергілікті бір топ кәсіпкерлер қолдау білдірді. Бұған олардың арасында облыстық қажылар қауымдастығының жетекшісі, құқық қорғау саласының ардагері Амангелді Темірғалиұлы мен облыстық мешіттің іс басқарушысы Сүлеймен Нысанбаевтың өз тараптарынан тиісінше үгіт-түсінік жұмыстарын жүргізуі де өз жемісін берді. Медресе құрылысы көптің қолдау-көме­гімен небәрі төрт айда толық салынып, ойдағыдай аяқталды.Медресе ғимараты қалалық қызыл мешіттің ауласында салыныпты. Қызыл мешіт деп аталуы оның қызыл кірпіштен өрілгендігінен екен. Әлі күнге өз нақышы мен бояуын сол қалпы сақтап тұр. Мед­ресе де осы мешітпен түстес, қызыл кір­піштен салынған. Екеуі егіздің сыңа­рындай ұқсас. Медресе үш қабатты. Ара­лап көрдік. Алпыс шәкірттің оқуына то­лық мүмкіндік жасалған. Арнаулы компьютер сыныбы бар. Медресенің оқу мерзімі екі жыл, он ай болса, сол үш курс үшін арнайы жеке-жеке сынып пен жатақхана, ортақ асхана, ұстаздар бөлме­лері де тиісінше жабдықталған. Әр курста оқитын жиырма шәкірттің оқуы да, тамағы мен жатақханасы да тегін. “2030 – қазақ-түрік жастарын қолдау қоры” өз қамқорлығына алмақ.Медресе ғимараты ресми ашылардан бір күн бұрын онда биылғы жаңа оқу жылына алғашқы шәкірттерді іріктеп, сұрыптау сынағы өтті. Оған Атырау облысынан сегіз, Маңғыстаудан бес, Батыс Қазақстаннан он бес талапкер қатысты. Сынақ барысы көрсетке­нін­дей, атыраулықтардың білім деңгейі он­шалық ойдан шыға қоймады. Маңғыс­таулықтар біршама дайындықпен келіпті. Ал Батыс Қазақстан облы­сы­ның талапкерлерін өкіл имам алдын ала шақыртып, бір ай бойы сынаққа дай­ындауы өз нәтижесін берді. Он бес та­лапкердің он үші сүрінбей өтті. Ал аты­раулық екі талапкер сынақта сыр берсе, қалғандары қабылдау комиссиясының жанашырлық әупірімімен қабылданды. Маңғыстаулық төрт талапкердің білімі әжептәуір, әрі ықыласты, ал біреуін қа­былдау, не қабылдамау медресе дирек­торының құзырына қалдырылды.Қабылдау комиссиясының шеші­мі­мен жиырма үш талапкер медресеге шә­кірт болып қабылданды. Дінбасы Әб­сат­тар қажы Дербісәлі шәкірттерді мед­ресеге қабылдануымен құттықтап, олар­ға оқуда табыс тілеумен бірге алдарына жоғары талап та қойды. Бас мүфтидің бұйрығымен медресе директоры болып өкіл имам Смайыл Сейітбеков бекітілді.Мұнан бір жарым ғасыр бұрын Ор­ал­да дін мамандарын дайындап, атағы дүрілдеген қызыл медресе осылайша екін­ші рет дүниеге келді. Оның ашылуы тойға ұласты. Оған Дінбасы Әбсаттар қажы Дербісәлі мен облыс әкімі Бақ­тықожа Ізмұхамбетов бастаған жұртш­ылық пен зиялы, діндар қауым өкілдері қатысты.Сонымен, Оралда қызыл медресе ашы­лып, өзінің алғашқы оқу жылын бастап та кетті. Онда діни пәндерден Түркиядан келген білімді де тәжірибелі ұстазбен қатар, облыстық мешіттің наиб имамдары, ал дүнияуи пәндерден қаладағы жоғары оқу орындарының білікті оқытушылары дәріс бермек.

Авторы: Оңғар ӨМІРБЕК, ҚМДБ-ның баспасөз хатшысы.