Мәдени мұра    Ұлттық жобаӨткенді қастерлеу арқылы, болашағымызды баянды етеміз
  • Facebook
  • Twitter
  • Лента на Youtube
 

Мақала мен басылымдар

Домалақ ана

Сейсенбі, 23 қазан 2007Түркістан қалалық сазды драма театры Шерхан Мұртазаның осы аттас драмасын сахнаға шығарды
 
Пьеса қазақ халқының белгілі тұлғаларының бірі Бәйдібек және оның үшінші әйелі, ел Домалақ ана атап кеткен Нұрила мен өзге де жарлары туралы аңыздың негізінде жазылған. Бәйдібек — ел билеген биік мансап иесі, жұрт жүгінген би, қол бастаған батыр, малы мыңғырған бай.

Бірақ қазақта даңқы одан асқан би де, батыр да, бай да баршылық десек, Бәйдібектің даңқын олардан асырып тұрған отбасы өнегесі, артындағы қара ормандай қаулап өскен ұрпағы. Әдетте, қазақ ауыз әдебиетінің бас тақырыбы батырлық пен ғашықтық болып келсе, бұл аңызда бәрінен отбасының жарастығы мен ұрпақ өсіру биік тұр. Жай биік тұрған жоқ, меніңше, отбасы татулығы мен ұрпақ өсірудің үлгісі ретінде ұсынылып тұр. Сондықтан да бұл аңыз мемлекеттік құрылымы тайпалық-рулық бірлестіктерге негізделген хандық дәуірдегі барлық қазақ бір кісіден туған деген идеологияның жемісі ретінде кезінде отбасылық кодекстің қызметін атқарған. Ол кодекстік қызметінің шет жағын көзіміз көрді. Соғыстан кейінгі жылдары келін болып түскен жеңгелеріміз бірінің баласын бірі бауырына басып, фамилиясын соғыстан қайтпаған боздақтар­дың нәміне жаздыру да көп болды. Міне, сол кезде абы­сындық, тіпті күндестік қызға­ныш­ты ысырып, азаматтың өзі өлгенмен ошағының отын сөн­дірмеуді ойлады.Бұл татулыққа Бәйдібек баба мен оның жарлары Сары бәй­біше — Марау, Зеріп, Домалақ аналар, келіндері Сыланды, Қарашаш, Тұмар туралы аңыздар белгілі дәрежеде ықпал еткені анық. Әр келін Домалақ анадай болуды армандайтын.Бірақ қазір заман басқа, заң басқа. Сондықтан бұл өмірдің “рахатын” материалдық тұтыну­дан көбірек іздеген бүгінгілерге қазақтың кең қолтық көшпелі өмірінің ғана қажетін өтеген қайдағы бір қағидаларын өнеге етіп ұсынудың қажеті бар ма деген сұрақ туындайтыны сөзсіз. Тіпті көшпелілік кезімізде қалыптасқан діліміз жастардың нарықтық ойлау жүйесін тежейді, ар бостандығы мен адами құқына нұқсан келтіреді деп есептейтіндер де жүр арамызда. Жаңа қазақтың елдік өнегесімен емес, сырттың ықпалымен қа­лыптасуын жөн көреді. Тұтыну­шылық пиғылдың тойымсыз­дығы адам жанын аздырып, ұлт келешегіне қауіп төндіретін небір құбыжық қылықтарды қаптата­ты­нына көз жұмып қарағысы келеді.Ұлттың мәйегі ірімей тұрған кезінде қазақтар өңі түгіл түсінде көрмеген маскүнемдік, нашақор­лық, жыныстық бұзылу, соның салдарынан туындайтын отбасын құра алмау, құра қалған жағдайда бала көтермеу, көтергенде де алды­рып тастау және басқалары соның “нәтижесі” екеніне дау бар ма.Жазушы жаңа драмасын дәл осы проблемаға құрыпты. Бірақ қазіргі заман жастарының санасына сақ етіп тиіп, түйсігін дүр еткізер драмалық қақтығыстарды, сезімін шым-шымдап баурар лирикалық сәттерді өткеннен тауып, екі дүние моралін салыстыра ұсынады кө­рерменге.Міне, осы драманы Түркістан театрының сахналауында да бұрыннан келе жатқан сабақтастық бар. Олай дейтініміз, Райымбек Сейтметтің режиссерлығында Шерхан Мұртаза пьесаларының орны ерекше. Бұл арада кезінде Ғабит Мүсірепов атындағы жастар және балалар театрында дүрілдеп жүрген “Сталинге хат” пен “Бесеу­дің хатын” еске алсақ та жеткілікті.Сонымен ауық-ауық көрермен шапалағымен көмкерілген спек­такльде ең алдымен сценаграфия­лық шешімнің (суретшісі Қалтөре Төреқұлов) сәттілігі бірден байқал­ды. Бұл шешім бойынша бәрі мызғымайтын шаңыраққа орайлас­тырылған декорация оқиғалар маз­мұнына қарай оп-оңай құбылып, оралымдылық танытады. Мұның өзі сахнаның тарлығы мен айнал­майтындығынан туатын ыңғайсыз­дықты көп жеңілдетеді.Режиссер сонымен бірге сөздің көрерменге жетуіне де көп мән беріпті. Бұл да Райымбек режиссу­ра­сына тән ерекшелік. Рас, жас әртіс­тердің кейде айқайы басым болып жатса да, сөздері анық та, әуезді.Драмалық тартысқа келер болсақ, ол Нұриланың рухына байланысты өрбиді. Бүгінде біреу Нұриланың бейітінің түбіне түнеп, Алладан перзент беруін, басқа да тілегін тілейді. Ал енді түйсігі топас­танған біреулер сол жерде аң атып, арақ ішіп тасыраңдап жүр.Бұдан әрі оқиғаға Нұрила-Рух араласады да, ата-бабаларымыздың отбасылық қарым-қатынастарына тән табиғи драма шиеленісіп шиыр­шық ата бастайды.Нұрила (Жадыра Сейдахметова (жас кезі) мен Кәмшат Әштекова) өмірдің өзінде де тегін адам емес. Оның ерекше сезіміне сеніп құрметтейтіндер (абысыны Зеріп) бар. Ал сенбейтіндер үшін (Марау бәйбіше және оның тоғыз ұлы) жас әйелдің айтқаны әуіштік болып көрінеді. Сонда бұл қандай жан?Қазіргі таңда аса сезімтал аппа­раттар (сезімтал адамдар айтқа­ны­мен ресми ғылым мойындамайтын) адам өз бойынан үздіксіз фотондар (квант десеңіз де болады, әйгілі квант механикасын еске алыңыз) бөліп шығаратынын көрсетті. Бұл кванттар сол сәтте ғарышпен шағы­лысқа түсіп жатады. Басқаша айтқанда, ғарыш пен адам бірліктегі жанды организм екен.Ал ғарыш дегеніміз – ақпа­раттық-энергетикалық кеңіс­тік. Ондағы энергия бойдың қуаты болса, ақпараттары – ойдың суаты. Тек шексіз шоғырланған бұл ақпа­раттарға жол табу екінің бірінің қолынан келмейді. Оның үстіне жаны таза адамдар ғана жақсы, жағымды ақпараттар алмақ. Әлем­дік дамуда шешуші рөл атқарған ірі, тіпті оқыс ғылыми жаңалықтар, аса дарынды өнер туындылары мен көркем шығармалар авторы сезіп, әлде сезбей қабылдаған сол ғарыш­тық ақпараттардың нәтижесі кө­рінеді. Ондай ғылыми жаңалықтың оқыс болатыны дәстүрлі емес жол­мен, бұған дейінгі тәжірибелердің нәтижелерін қолданыстан шығарып тастайтын қисынмен ашылатын­дығы. Шын талантты көркем шығармадан өмірдің өзі желдей есіп, жаныңа нұр құйылып жататын­дығы сол аспани тегінен. Қазақта “Алла аузына салды”, “Періште құлағына сыбырлады” деген сөздер тегін айтылмаса керек.Алайда, мұндай бақытты шақты тек ғалымдар мен шығармашылық адамдары ғана бастан кешеді деп кесіп айтуға болмайды. Ел басқар­ған қағандар мен патшалардың ел тарихына бетбұрыс жасаған данышпандық шешімдерімен қол бастаған сардарлар мен батырлар­дың майдандағы ұлы жеңістеріне де сондай сәттердің әсері болады. Тіпті кез келген адамның ерекше сезімі (мұны алтыншы сезім деп те жүр) оянуы әбден мүмкін. Мәсе­лен, даңқты батыр әрі жазушы Бауыржан Момышұлында да сондай сезімнің болғанын растай­тын деректер бар.Домалақ ана да осындай бол­мыстағы адам. Оның әулиелігі бұл дүниеліктің адами парызын адал орындау жолындағы қайраткер­лігінен көрініс тапты. Аңдағанға қасиетті қайраткерлік Нұрила анамыздың әр ісінде жатыр десек, ол тоғыз ұлдан айырылып тұл қалған Марау бәйбіше мен Бәйдібек бидің психологиялық дерттен айығып, жандары қайта жарасым табуына ықпал жасайды. Сөйтіп, өзінің әйелдік сезімін ұлт болашағы жолындағы ұлы мұратқа мансұқ етеді.Бұл мысалдар анамыздың әулиелігі жер тірлігінің қамы үшін күресінде екенін көрсетумен бірге, оның ар бостандығы мен адам құқы туралы ұғымдары ұлт бола­шағына бағындырылғанын байқа­тады. Нұриланың ар бостандығы небір өсек-аяң, бопса, басқа да зорлық-зомбылық сияқты қиын­дық­тарға қарамастан құдай қос­қан қосағының алдында да, дос-дұшпаны аралас халқының алдында да, аманатын берген Алланың алдында да адалдық екен. Ал адам құқы туралы тү­сінігі өз мүддесінен ұлт мүддесін биік қою болып шықты.Міне, осындай қасиеттері бар Домалақ ана ислам дінін ұстан­ған көшпелі қазақ дүниетанымы негізінде жасалған бейне болға­нымен жер адамының на­ғыз үлгісі деуге болады. Қазіргі батыстың кейбір философтары да осындай адамды іздейді. Нағыз адамға жер білімі мен тәрбиесін алу жеткіліксіз дейді олар. Нағыз адам жаратылыстың бөлінбес бөлшегі ретінде ға­рыштық ақпараттық-энергети­калық кеңістікті сезіне алуы керек. Судың астына батып кеткен Атлантида өркениетін әу баста сондай адамдар жасаған. Египет пирамидаларын да ға­рыш­тық ақпараттық-энергети­калық күштерді пайдалана ала­тын адамдар салған деп болжай­тындар бар.Бірақ қазіргі адамдардың бірен-сараны болмаса, көпшілігі түйсігін тыңдау қабілетінен айырылғандықтан жаратылыс пен адам бірлігі қалай жүзеге асып тұрғанын сезінбейді. Сондықтан да өзгенің емес, өз кесапатының құрбаны болғанын білмей де қалады. Марау бәйбі­ше мен оның тоғыз ұлының ас­тамшылық, озбырлық әрекеттері мен оның ақыры мұның мысалы. Сол мысалды көрсетіп, болмыс­тан өзін биік қоя бастаған бүгінгі жастарға автор ойлан дейді.Иә, жаратылыстың бөлшегі екеніңді сезініп, оның үйлесімін сақтап өмір сүру көшпелі қазақ отбасы кодексінің бірінші бабы.Жаратылыс өз үйлесімімен өсіп-өнбек керек, демек бұл дүниеге келіп кететін адамдар да ұрпақ шашуды дүние-мүлік, басқа да құндылықтар қалдыру­дан биік қоюы тиіс. Бұл дала кодексінің екінші бабы.Домалақ ана осы екі бапты да қатаң сақтап өмір сүрген адам. Нәтижесі — артында қалған жақ­сы істері мен қара орман ұрпағы. Алла тәубеге келген пендесіне де рахымды екен. Марау ананың құрсағынан да бүтін бір тайпа ел тараған. Зеріп ананың ұрпақтары бірнеше тайпа. Қателігін түсініп, Домалақ ананың басына түнеп жүрген Ұлтуға да Алланың рахы­мы түсіп ұрпақ сыйлар. Ал До­малақ ана мен ол туралы аңыз-кодекстің аталған баптарынан мүлдем бейхабар, ести қалса да, ескіліктің қалдығы деп келеке етіп кететін ұрпақтың күйі не болмақ? Бұл туралы Жадыра Сейдахметова, Кәмшат Әштеко­ва­лармен бірге Мұрат Құр­манбеков (Бәйдібек би), Гүлзада Айт­баева (Марау), Райла Анда­құлова (Зеріп), Талғат Қарынбаев (Рух), Алмагүл Дүйсебаева (Ұлту) және басқа өнердегі қанаттары енді қомдалған қарлығаш әртістер сахнадан шырылдап тұрып айтады. Қарлығаштың қанатымен сепкен суының өзі адамзатты ажалдан құтқарған дейді ғой. Қанша қырғын, қырқыс болса да, адамзат жо­лында ізгіліктің ізі мол.Елен ӘЛІМЖАН, жазушы-драматург. ӘН ӘЛЕМІ ӘЛДИЛЕЙДІ Сендерге әрдайым орын бар,Ақ отау төріне қоныңдар.Ақ тілек батамыз мінекей,Бақытты болыңдар, болыңдар.Қайырмасы осылай бастала­тын бұл әнді білмейтін әнсүйер қауым жоқ шығар! Әйгілі “Дос­Мұқасанның” “Той жырынан” кейін бүкіл қазақтың жүрегін тербеген “Жас жұбайлар жыры” әні дүниеге келгенде шаңырақ көтерген жұптың алды бүгінде қыз ұзатып, келін түсіріп отыр. Дәлірек айтсақ, бұл туынды 1985 жылы дүниеге келген еді…Халық арасына кең тараған осы бір әсем әннің авторы кім деп сұрасаңыз, ол Қазақстан Жас­тар одағы сыйлығының иеге­рі, әуес­қой сазгер Бекжігіт Сердәлі.Еңбек жолын Кентау қалалық “Кентау шұғыласы” газетінде бастаған Б.Сердәлі соңғы он жылдың көлемінде ұстаздыққа ден қойды. Түркістандағы Қ.А.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінде жас журналистерді тәрбиелеуде. Сонда да болса оның музыкаға деген құштарлығы табиғат берген дарынымен ұштасып, ән әлемі­нен ауылын алыстатпай келеді. Қай жерде жүрсе де, көңілдің көк дөненін ерттеп мініп, жаңа әуендерді өмірге алып келуде. Оның жүрегінен туған “Риза­мын”, “Ауыл жатыр той жасап”, “Неге, неге” әндері танымал әншілер репертуарларынан орын алған.Кез келген шығарманың шығу тарихы болады десек, “Жас жұбайлар жырының” өмірге келуі де өз алдына бір қызық. Мұның өзі кездейсоқ болған еді деп еске алады Бекең. Студенттік шақтың қайта оралмас сәттері еді ол кез. Курстас досымыз Құлтөлеу Мұқаш үйленіп, Жезқазғанға жол тарттық. Қалтамызда билеттің ақшасынан басқа бір тиын жоқ. Тіпті гүл алуға да ақша болмады. Содан басқаны қайдам, менің көңіл-күйім түсіп кетті. Мұңайып терезеге көз тастап отырғанымда, кенет алдымда жатқан “Лениншіл жастың” бетіндегі жас жұбайлар­дың суретіне көзім түсті. Қасында болашақ әннің мәтіні тұр. Бірақ авторы көрсетілмеген. Тек суретті түсірген Р.Ханалив деп жазы­лыпты. Суреттегі жыр жолдары алабұртып келе жатқан көңілді бір серпілтіп тастады. Бала жастан музыкаға деген әуестік пе, әлде табиғат ананың маған сыйлаған дарыны ма, құлағыма бұрын естілмеген өзгеше әуен келе бастады. Өлеңмен керемет үйлесім тауып, дайын ән осы тұс өмірге келді. Студенттер бірінен-бірі іліп әкетіп, әнді лезде шырқата жөнелді. Тойда біздің ән шашуымыз керемет тарту болды.Ән шырқап, думандатып жүргенде екі-үш күн өтіп кетті. Алматыға келсек, ән бізден бұрын жетіпті. Барлық жастың аузында “Жас жұбайлар жыры”. Бәрінен бұрын мені өлең авторын тауып, дидарласу қызықтырды. Мұның сәті екі жылдан кейін түсті.“Лениншіл жастың” жігіттері ҚазМУ қалашығындағы №5 жатақханаға кездесуге шақы­рылды. Болашақ журналистер мен қызметкерлер сыр-сұхбат құрып, соңы ән кешіне ұласып, “Жас жұбайлар жыры” да назар­дан тыс қалмады. Ән аяқталар тұсты күтпей-ақ “Лениншіл жас­тың” сол кездегі әдебиет бөлі­мінің меңгерушісі, ақын Өтеген Оралбаев: “Бұл менің өлеңім ғой” деп орнынан атып тұрды. Міне, мен өлең авторымен осы­лай табыстым.Осындай әнді тудырған сазгер Бекжігіт Сердәлі мұнан кейін де ел арасына басқа да әндерімен таныла бастады. Соның бірі “Түркістаным – Тұраным” (өлеңі Сейітқали Мадуанидікі) әні де жастарды патриоттыққа шақы­рады. – Бүгінге дейін қанша ән жаздыңыз деп сұрағанымда, ол: – Ел қанша әнімді айтып жүрсе, сонша әнім бар, – деді. Осыдан-ақ оның қарапайымдылығы аңға­рылып тұрғандай.Әбдірахман ҚЫДЫРБЕК. Жаңа кітапЖАН ҚҰПИЯСЫНЫҢ ЖАЗБАЛАРЫ Бүгінде кітабы жарық көрген адамға жұрт екі түрлі сыни көзбен қарайды. Біріншіден, бұл кім өзі, не жазыпты деп шұқшиса, екін­шіден, “қазір кімнің қалтасы қа­лың болса, сол кітап шығара бе­реді”, сол секілді өзін жер көкке сыйғызбай мақтатып, тапсырыс­пен кітап жаздырған байшыкеш­тің бірі емес пе деген дүдәмәлмен үңіледі. Кітаптың қасиеті мен киесін тым арзандатып, құнын құлдыратып алып жатқан осындай келеңсіз жәйт соңғы уақытта дағ­ды­лы үрдіске айналып, оған етіміз өліп кетті. Жо-жоқ, біз бүгін ру­хани байлықты қор ғып төмен­деткен ондай жүгенсіз  қылық жайында айтайын деп отырған жоқпыз, бұған мүлде керісінше жағдайды баян етпекпіз.Әділбек Ыбырайымұлы бұл екеуінің ешқайсысына жатпайды. Себебі, ол жұрт: “Кім, қандай кітабы бар?” деп ежіктеп таны­са­тындай, аты бүгін шығып отырған азамат емес. Оның бұған дейін де біраз көркем дүниелері жарық көріп, қаламгерлік қарымы аға буын тарапынан баға алып үл­герген жан. Биыл Әділбектің “Фо­лиант” баспасынан “Сана. Өл­шем. Ақиқат” деген атпен жеке кітап болып жарық көрген пуб­лицистикалық жазбаларымен танысып шығудың сәті түскен еді. Қаламгердің әр кезеңдерде түрлі басылымдарда жарияланған алуан жанрлы жазбалары топтастырыл­ған, бас-аяғы жып-жинақы, көр­кемдік сапасы көңіл тұщытарлық, мұқабасы ұлттық нақышта безен­дірілген осынау дүниенің оқыр­ман­ды өзіне үйіріп алар үздік қыр­лары аз емес. Мерзімді басы­лым­дарда жарық көрген мақала­ларынан құрап-жасқап кітап шы­ғаратын кейбір әріптестердің әрекетіне қынжылыстағы біздің  әуелгіде ондағы жазбалардың “Егемен Қазақстан”, “Жас Алаш”, “Спорт”, “Парасат” сияқ­ты басылымдарда жарияланғанын білген сәтте: “Е, бұл да газеттік деңгейдегі топтамалар болды ғой” деп үстірт топшылағанымыз рас. Бірақ бұл кітап ол ойлағанымыз­дан мүлде бөлек сарында болып шықты. Онда өмірдің жәй күнде­лікті күйбеңі сөз болмайды, әр жазбаның өзіндік терең пайымы, адами қарым-қатынасты таныр өткір байламы бар. Ол бір адам­ның өмірі туралы немесе өзі таң­даған тақырыпқа қалам тартар кезде, жалпы не жайында ой қозғағысы келсін, көркемдік жағы бәсеңсіп кетпеуін, тілдік қордың жұтаң соқпауын жіті қадағалап жазуымен ерекшеленетін журна­лист. Мәселен, “Сайын”, “Түлек­тен өткен тастүлек”, “Байғалидың бағы”, “Ескендір” сияқты  порт­реттік ең­бектерінде тұлғалар мі­нез-құлқы сан қырынан ашылып, бейнеленген. Ал “Өмір өрнектері” бөлімі одан өзгешелеу – диалог тәсілімен ой өрбітеді. “Сана мен өлшем”, “Қажыр”, “Насат” бө­лімдерінің әрқайсысы журна­листік һәм қаламгерлік ізденістің нәти­жесінен туған түрлі кезеңдер жемі­сі. Кітапты түгел парақтай келе, өткен жылдарға сапар ше­гесіз, жастық жағалауына соғасыз, түрлі тағдырлармен қосыла сырла­сасыз.

Қарашаш ТОҚСАНБАЙ.