2011, Қазақстан Республикасы Мәдениет министрлігі
Ең бастысы, бұл тірлікке қолынан іс келетін азаматтарымыз ұйытқы болып отырғанын айта кетелік. Бұдан екі-үш жыл бұрын “АБДИ Компани” АҚ президенті Әбдібек Бимендиев шақырып, осындай кітап шығарамыз дегенде, ешқайсысымыз сенбеген едік. Енді сол кітаптың тұсаукесеріне қатысып отырмыз” дейді ғалымдарымыз.Кітаптың редакциялық алқасының төрағасы – ҚР ҰҒА академигі, Ә.Марғұлан атындағы Археология институтының директоры Карл Байпақов аталмыш атластың тұсаукесері айтулы оқиғалар қатарынан орын алатындығын айтады. Ежелгі дәуірден бастап, бүгінгі егемендігімізге дейінгі ел тарихын түгендеп отырған кітапта тарих та, табиғат та, салт-дәстүріміз де, өнеріміз де, ұлттық өрнектеріміз де, өзен-көлдеріміз бен көне жәдігерлеріміздің бәрі-бәрі бар.Осы атластың жарыққа шығуына ат салысқан ҚР ҰҒА академигі, халықаралық қыпшақтану институтының директоры Болат Көмеков: “Бұл халықтың сана-сезімін оятатын, рухын биіктететін кітап. Және соңғы жылдары археология, этнография, тарих, география ғылымдарында үлкен табыстар болды. Сол табыстардың бәрін осы кітаптан табуға болады. Атласты шығаруға тек отандық мамандар ат салысқан жоқ, шетелден де ғалымдар тартылды. Сондықтан да бұны халықаралық деңгейде жасалынған жоба десе де болады. Қолымызға тиген кітаптың ғұмыры ұзақ. Бүгін шығып, ертең ұмытылатын дүние емес. Өйткені, отандық қорда, халықаралық қорда бар фактілер өте жақсы жинақталған. Тұсауы кесілген кітапты оқыған адам тарихты біледі. Тарихын білген адам – өз жерін сақтайды, мемлекеттің іргесін қуаттап, рухын биіктетеді”, – дейді.Атласқа 140-қа жуық әртүрлі көне карталар, 4 мыңға жуық түрлі фотосуреттер мен сирек кездесетін мұрағаттық көркемсуреттер, сондай-ақ 130-дан астам бірегей авторлық карталар кіріпті. Оның ішіндегі 80 карта ежелден бүгінге дейінгі қазақ өлкесінің тарихи тұрғыдан даму жолдарына арналған. 24 карта қазақ жері бастан кешкен 3 мың жылдық тарихтан сыр шертеді.880 беттен тұратын атластың ғылыми мәтінін жазған 80 автордың 2-і ҚР ҰҒА академигі, 24-і ғылым докторы 42-сі ғылым кандидаты.Кітапқа пайдаланылған фотосуреттер мен көркемсуреттер барлығы 22 ғылыми мекеме қорынан (оның 7-і Ресейдікі) жинақталған. Сондай-ақ, Қазақстан мен Ресейдегі 60-қа жуық фотосуретшінің еңбектері пайдаланылса, 9 суретші өз қолдарымен салған бейнелеу материалдарын ұсыныпты. Үлкен атлас “Табиғат”, “Археология және тарих”, “Этнография”, “Қазіргі Қазақстан”, “Қазақстанның қалалары мен облыстары: тарих және мәдениет ескерткіштері” атты бес ірі тараудан тұрады. Мұның ішіндегі ең үлкені “Археология және тарихтың” өзі (610 бет) ары қарай “Ежелгі дәуір; “Ортағасыр” (Түркі мемлекеттерінің дәуірі, Моңғол империясының құрылуы мен ыдырауы. Шыңғыс әулетінің үстемдігі; Қазақ мемлекеттілігі дәуірі); “Жаңа заман”, “Кеңестік Қазақстан” деп төрт бөлімге бөлінеді.Кітапта алғаш көзге түсетін жайт – ғылыми тұрғыдан сарапталып, тарихи негізіне мейлінше ұқсата салынған көне тұрғын жайлардың, көне қару-жарақтар мен киім кешек, сауыт-саймандардың көркем суреттері көрушіні таңғалдырмай қоймайды. 100-ден астам мұндай суреттердің ішінде 58 реконструкцияны ерекше атауға болады. Мәскеулік тарихшы әрі өнертанушы М.Гореликтің Қазақстанның арғы-бергі тарихындағы барша қару-жарақ түрлерін зерттеп, оларды күллі Еуразия даласындағы қару-жарақ, сауыт-сайман түрлерімен салыстыра салған суреттері көне түркіден ХІХ ғасырдың соңына дейін қолданылып келген қазақ қару-жарақтары мен сауыт-саймандарын көз алдымызға әкеледі. Кітапты парақтаған әрбір оқырман сауыт киген ғұн көсемі Атилла патшаны да, арғымақ мініп, қару асынған қазақ ханы Жәнібекті де, қыпшақ әйелі мен моңғол әйелінің киімін де көре алады.Сондай-ақ, кітапта Алматының, Шымкент пен Тараздың, тағы да басқа тарихы мен дәстүрі бай қалалардың мұрағатынан алынған сирек кездесетін фотосуреттер көрініс тауыпты. Көптеген көркемсуреттер мен көне карталар Ресейдегі орыс географиялық қоғамы мен РҒА Материалдық мәдениет тарихы институтының мұрағатынан, Ресей Ұлттық кітапханасы мен Санкт-Петербургтегі мемлекеттік Эрмитаж қорынан және басқа ресейлік мұрағат орындарынан алынған.Кітаптағы көне карталар мен суреттердің көпшілігі бұған дейін еш жерде жарық көрмегенін де айта кеткен жөн.Көне карталар қазақ жеріндегі дәстүр мен өркениеттен хабар берсе, кейінгілері қазақ жерінің ХІХ ғасырдан бастап кешегі күнге дейін қалай бөлшектенгенін айқын көрсетеді. Еділ мен Жайық арасындағы қазақ жерін қағаз бетіне түсірген неміс картасы (1837), Орынбор өлкесінің әкімшілік бөліністерін көрсететін орыс картасы (1870), қазақ даласын жалпы сипаттайтын ағылшын карталары ХІХ ғасырда қазақ жеріне көз тіккен елдердің нені көздегенін толық аңғартады.Қазақ мәдениеті мен тұрмыс-тіршілігін бейнелейтін сирек кездесетін қызғылықты фотосуреттер де жеткілікті. Бұл ретте XVІІІ ғасырдың екінші жартысында өмір сүрген, жұртшылыққа көп таныла қоймаған Барбиштің қаламынан туған картиналар ерекше. Қазақ халқының салт-дәстүрі, саудасы, көші қоны, жерлеу мен жазалау рәсімдері бейнеленген бұл суреттердің әрқайсысы ұлтымыздың тарихы мен мәдениетіндегі баға жетпес құндылыққа айналып отыр. Суретші А.О. Орловскийдің XVІІІ ғасырдың соңы мен ХІХ ғасырдың басында салған “Казактардың қазақтармен шайқасы” атты картинасы да жұртшылық назарын аудармай қоймайды.Үлкен атласқа, атынан көрініп тұрғандай, 130-дан астам бірегей авторлық карталар енгізілген. Оның ішінде ежелден бүгінге дейінгі қазақ жерінің тарихи дамуына арналған 80 карта алғаш рет жасалыныпты. 24 карта үш жарым мың жылдан астам уақытта біздің өлкеміз бастан өткерген тарихи үдерісті бүкіл Еуразия тарихы аясында қарастыратынымен ерекшеленеді. Картада әр кезеңдердегі соғыс жорықтарының бағыттары, тайпалардың көші-қондары мен қоныстары және сауда байланыстары, республиканың археология ғылымындағы ең соңғы жаңалықтары, жаңа қалалар мен кенттер, елдегі ірі тарихи және мәдени ескерткіштер көрініс тапқан.Осы арада аталмыш кітаптың жарық көруіне 1 миллионға жуық АҚШ долларын жұмсаған “АБДИ Компани” АҚ президенті Әбдібек Бимендиев жобаға өзі жетекшілік етіп, 2,5 жыл бойы жұмыстан кейін қалып, кітаптың безендірілуіне, сапасына тікелей араласқанын әріптестері айтып отыр.Жаңадан жарық көрген “Қазақстан тарихы мен мәдениетінің үлкен атласының” бағасы 40 мың теңге екенін айтсақ, кітап қазірге 5 мың данамен шығып отыр. Бұл туралы Әбдібек Бимендиев былай дейді: “Кітапты ғалымдарымыз, редакторларымыз бен құрастырушыларымыз көз майларын тауысып отырып, инемен құдық қазғандай етіп жасады. Екі жыл бойы Мәскеу мен Санкт-Петербургтің мұрағаттарына барып, мәлімет жинаумен болдық. Кітапты шығаруға аса сапалы қағазды, қымбат бояу, ең озық технологияларды пайдаландық. Жақсы кітап ешқашан арзан тұрмайды. Ғалымдарымыз тарапынан атласты ағылшын тіліне аудару туралы да ұсыныс айтылуда”.Дегенмен, екінің бірі 40 мың теңгеге кітап сатып ала алмайтыны аян. Сондықтан көпшілікке қолжетімді болу үшін, оның электрондық нұсқасын жасау да ойластырылып отыр. Бұл әсіресе, оқушылар мен студенттер үшін аса тиімді болар еді. Кітап алдымен неге орыс тілінде жарық көрген деген заңды сұрақ туса, дерек көздерінің бәрі орыс тілінде екендігін айтуға болады. Дегенмен, қазіргі күндері кітаптың қазақша нұсқасы дайындалып жатқан көрінеді.
Авторы: Айнаш ЕСАЛИ, Алматы.