2011, Қазақстан Республикасы Мәдениет министрлігі
Біз өткен жылы көрермендерімізге “Қазақ киносының алтын қоры” жобасы аясында кинематографиялық атақты туындылардың қайта оралып жатқанын қуана хабарлаған едік. Бұл жобаның мақсаты – Ш.Айманов атындағы “Қазақфильм” ұлттық компаниясы түсірген көркем фильмдерді қалпына келтіру және тиражын көбейту болатын.
Біз өткен жылы көрермендерімізге “Қазақ киносының алтын қоры” жобасы аясында кинематографиялық атақты туындылардың қайта оралып жатқанын қуана хабарлаған едік. Бұл жобаның мақсаты – Ш.Айманов атындағы “Қазақфильм” ұлттық компаниясы түсірген көркем фильмдерді қалпына келтіру және тиражын көбейту болатын. Қазақстандық кинематографияның жауһарлары осы уақытқа дейін КСРО мемлекеттік фильм қорының Мәскеудегі мұрағатында сақталып келгені белгілі. Бірақ, олардың барлығы дерлік ескіріп, қазіргі заманғы бейнетаспаларға көшірілуге сұранып тұрған еді. Сонымен былтыр қайта қалпына келтірілген және жаңғыртылған кинотуындылардың алғашқы легі Ресейден қайтарылған болатын. 2005 жылы “Қазақфильмнің алтын қорының” алғашқы 10 киносы DVD-мен 5 мың дана, бейнетаспамен 10 мың данамен шығарылған болатын.Ал, биыл тағы да 20 фильм қалпына келтіріліп, қазіргі бейнетаспаларға көшіріліп, отандық көрермендерімізбен қауышқалы отыр.Қазақстан кинематографиясының мұраларын жаңғырту мен қайта қалпына келтіру идеясы ұлттық сана құндылықтарын сақтау қажеттігінен туындағаны аян. Мұндай ауқымды шаралар ірі ұйымдар мен қаржы институттарының көмегінсіз шешілмейтіндігі әркімге белгілі. Айтқандай, “Қазақ киносының алтын қоры” жобасының идеясын алғаш ұсынған ұлттық кинокомпанияның бас директорының орынбасары А.Жұмаділов болыпты. Сонымен бүгінгі ұрпақ үшін де тағылымы мол киномұраларымыздың ғұмырын ұзартып, елімізге қайтуына көмек көрсету үшін барлық банктерге демеушілік таныту туралы өтініш хат жазылып, оған ең алғашқылардың бірі болып “ТұранӘлемБанкі” жауап қайтарады.Аталмыш банктің негізін қалап, оның талантты жетекшісі болған марқұм Ержан Тәтішев пен “Қазақфильм” ұлттық кинокомпаниясының бас директоры Сергей Әзімовтің кездесулері “ТұранӘлемБанкі” мен “Қазақфильм” арасындағы достық пен түсіністіктің алғашқы баспалдағы болыпты. Ендігі жерде бұл жобаны іске асыруды – мәдениет пен іскерліктің арасына тартылған алтын көпір деп те атауға болатын шығар. Қазірдің өзінде аталмыш жобаны іске асыруға 11 816 660 теңге жұмсалған.Амандық болса, алдағы күндері, яғни 19 сәуір мен 4 мамыр аралығында “Алтын қордың” екінші легімен елге оралған отандық кинотуындыларымыз “Хабар” арнасынан кешкі мезгілде көрсетіле бастайды.Алғашқы лекте отандық көрермендерімізге “Қыз Жібек”, “Көксерек”, “Транссібір экспресі”, “Менің атым Қожа” сияқты қайталанбас он кинотуынды оралса, бұл жолы елге “Ботагөз”, “Алты жасар Алпамыс”, “Гауһартас”, “Даладағы қуғын”, “Жансебіл”, “Заман-ай” сияқты жиырма жауһарымыз жаңғырып, жаңарып келіп жатыр.Осы сүйінішті оқиғаға орай, 3 сәуірде Алматыдағы “Цезарь” кинотеатрында баспасөз мәслихаты өтіп, оған Ш.Айманов атындағы “Қазақфильм” ұлттық кинокомпаниясының бас директоры Сергей Әзімов, “ТұранӘлемБанк” өкілдері, режиссер Сатыбалды Нарымбетов, кинооператор Әубәкір Сүлеев, актриса Аянат Есмағамбетова қатысты. Қызу пікірталаспен өткен баспасөз мәслихатында әріптестеріміз отандық кинематографияда өздерін толғандырған сауалдарға жауап алды.Баспасөз мәслихаты аяқталған соң жоғары оқу орындарының кинематография факультеттерінің студенттеріне режиссер К.Салықовтың “Балкон” фильмі көрсетілді.
Алматы.
Суретті түсірген Берсінбек СӘРСЕНОВ.
Авторы: Айнаш ЕСАЛИ.