Мәдени мұра    Ұлттық жобаӨткенді қастерлеу арқылы, болашағымызды баянды етеміз
  • Facebook
  • Twitter
  • Лента на Youtube
 

Мақала мен басылымдар

Басты бет - Материалдар - Мақала мен басылымдар - "Балбал тас - бабалар үні"

"Балбал тас - бабалар үні"

Жексенбі, 10 желтоқсан 2006Жуырда Мәскеуде өткен “Жылдың  үздік жо­басы”  халықаралық кон­кур­сында Гран-при жүл­десін жеңіп алған “Балбал тас” көп­функ­цио­налды кешенінің тұ­жырымды жобасы сәулет және қала құрылысы департаментінің дирек­торы, Астана қала­сы­ның бас сәулетшісі Шоқан МАТАЙБЕ­КОВТ­ІҢ жетекшілігімен атқарылған болатын. Бұл, әрине, үлкен жеңіс.

Бүгінгі әңгімеде сондай-ақ Елбасы  Жолдауындағы  Астана қаласын дамытуға байланысты қойылған талаптардың орындалуына қатысты жәйттер қозғалады.– Шоқан Өмірзақұлы, “Бал­бал тастың” жүлдегер атануымен құт­тықтаймыз. Халықаралық дең­гейдегі мұндай ірі жеңіс әлем көз тіккен Астананың сәніне сән қо­сатыны түсінікті ғой. Оның маңы­зын сәл таратыңқырап айтып бер­сеңіз екен.– Бұл – 40, 50 және 60 қа­бат­ты мұнара типтес ғимарат. Бір­ыңғай платформаға қалып­та­лып, мүсінделген. Бұл шешімнің ерекшелігі сол, жаңа орталықтың өзіндік қайталанбас келбетін ерек­шелендіре түседі. Сонымен бірге, ерте заманғы бабалары­мыз­дың рухын асқақтатып, материал­дық мәдениетінің озық үлгілерін сәтті сабақтастырған қазіргі озық технологияның көркем үлгісі десек артық болмас.– Сонда бұл кешен нендей мақсатқа пайдаланылады?– Бұл мұнарада қонақүй, банк, бизнестік орталықтарға арналған офистер болады. Қазіргі кезде Абу-Даби қаласынан (БАӘ) үлкен қызығушылық білдіріліп отыр. Жақын арада жобалау жұмыстары басталуы керек.– Елбасының елорданы еу­р­ази­ялық кеңістіктегі ең бәсекеге қабілетті, дамыған 30 астана қа­тарына қосу жөніндегі тапсыр­ма­сының нақты жүзеге асырыла бас­тағанын аңғару қиын емес секілді бүгінде.– Дұрыс айтасыз. Бұл – аса жауапты міндет. 2030 жылға дейін уақыт бар ғой деп, арқаны кеңге салуға болмайды. Бүгіннің бір ісі қымбат. Біз сондықтан да уа­қыт­тан оза жүрмесек, ұтылғанымыз деп есептейміз. Сырт көзді таң­ғал­дыру оңай емес. Әсем Алма­тының сұлулығын дәл иығындағы Алатаудай панасы зорайтып, ай­бынды да асқар етіп әлемге паш етіп тұрса, Сарыарқаның жазық даласында ХХІ ғасырдың тал­ға­мына сай елорда салу тіпті де оңай емес.– Сонда қандай жоба үлгілеріне ден қояр едіңіздер?– Әрине, еуразиялық қолтаңба­мен қатар, қазақтың ұлттық нақы­шы­на тән айрықша үлгідегі жо­ба­лардың көптеп жүзеге асырылуына мән береміз. Қазір байқасаңыз, біраз тұрғын үй кешендерінің өзі­нен сәулет өнерінің ұлттық жарасты шешімдеріне көз қаныға бас­та­ған­дай. Ондай мысалдарды Есілдің сол жағалауынан да, қаланың жаңар­ты­лып жатқан ескі орталығынан да келтіруге болады.– Нақты мысал келтірсеңіз екен.–Айтайын. Жаңа әкімшілік орталықтың қай нысанын алсаңыз да олардан көптеген шығар­ма­шы­лық ұжымдардың қолтаңбасын аң­ғаруға болады. Мәселен, “Сулы-жа­сыл аймақ” бульварындағы “Рап­со­дия” кешенін алайықшы. Әлемдік сәулеттің озық үлгісі емес пе. “Хан шатыры” мен “Изумрудный квар­тал” ше? Бұған 30 000 орындық ста­дион­ды, конькимен жүгіру стадио­нын, велотрек секілді спорттық ғимараттарды қосыңыз. Бейбітшілік пен келісім сарайының салтанатын сөзбен сипаттап жеткізудің өзі қиын. Бұл ешқандай әсірелеусіз айтылған шындық.– Астананың бас жоспарына түзетулер енгізілгенінен хабардар едік. Сол жөнінде қысқаша түсінік берсеңіз.– Былтыр қаланың бас жоспа­ры­на өзгерістер енгізу жөнінен республикалық конкурс өткізілді. Бұның да өзіндік мәнісі бар еді. Аста­наның демографиялық өсімі болжам көрсеткіштерінен анағұр­лым алға кетуімен біраз міндеттерді қайыра екшеуге мәжбүр етті. Ша­ғын аудандардың, орам­дар­дың тығыздығына өзгеріс енуіне байланысты жаңа шешімдер алға тартылды.– Ол конкурстың нәтижесі қандай болды, қаланың дамуына қосқан үлесі ше?– Конкурс мәнді әрі жоғары кәсіптік деңгейдегі идеялардың тууына мүмкіндік жасады. Нә­ти­жесінде 10 жобаның 4-еуі жүл­де­гер жұмыс санатына қосылды. Олар келешекте Астананың бас жоспарын жасағанда ескерілетін болады. Ал қаланы стратегиялық жоспарлау тұрғысында айтқанда, әрине, индустрия паркі мен ғылыми қалашықты және басқа да кластер нысандарын алға тартамыз.– Ескі қала мен жаңа қала­ның даму тізгіні қаншалықты дәре­жеде тең ұсталмақ?– Ескі қала бөлігін жедел­детіп бұзу арқылы жаңа құры­лыс­тар салуды жалғастыра бер­мек­піз. Бұл жөнінен, атап айт­қанда, қандай орамдар бұзы­ла­тынынан халықты дер кезінде құлағдар етіп отырамыз.Ал жаңа қала туралы сөз қоз­ға­ғанда, былайша тұжырым жа­сау­ға болады. Негізгі ұстаны­мы­мыз – жаңа әкімшілік орталы­ғын айналдыра құрылыстарды оңтүстікке, шығысқа, қаланың оңтүстік-шығыс бөлігіне қарай соза түсу, сонымен қатар, Есіл­дің сол жағалауында салынатын ғимараттарды одан әрі өрістете түсу. Сондай-ақ, “Есілде кеме жүргізу”, “Арай-Шежіре бағы” этнопаркі, “Индустрия паркі” тұжырымдары да бас жоспарға енгізілген.– Шоқан Өмірзақұлы, енді өзіңіз басқарып отырған саланың құрылымын жетілдіру жөніндегі ойларыңызбен бөліссеңіз.– Ең алдымен, ұйымдас­ты­ру-әкімшілік жұмысты үйлес­тіру­ге көңіл бөлінді. Сол себепті де департамент басшылық жа­сай­тын “Астанабасжоспар” ММК мен “Қала сәулеті” ЖШС-нің әрқайсысы айна­лы­са­тын қызмет аясы нақты анық­тал­ды. Мәселен, “Астана­бас­жос­пар” ММК, жобалау институты ретінде қаланың бас жоспарына және аудандардың құрылымдық жоспарлануына қатысты жоба­лау-сметалық құжаттарын жа­саумен айналысады. Сондықтан да “Астанабасжоспарды” жоба­лар­ды, жер телімдерін беруді кесу, құрылыс салушылармен жұмыс істеу сияқты басы артық шаруалардан босаттық. Мұның өзі кәсіпорынның орындайтын жобалау жұмыстарының сапа­сын жақсартуға септігін тигізеді әрі сәулет департаментімен аралық іс -қимылды ойдағыдай үйлестіруге мүмкіндік береді. Астана. Суреттерде: Шоқан МАТАЙ­БЕ­КОВ; “Балбал тас” көпфункцио­нал­ды кешені.

Авторы: Әңгімелескен Қайсар ӘЛІМ.