Мәдени мұра    Ұлттық жобаӨткенді қастерлеу арқылы, болашағымызды баянды етеміз
  • Facebook
  • Twitter
  • Лента на Youtube
 

Мақала мен басылымдар

Басты бет - Материалдар - Мақала мен басылымдар -  “ҰЛЫ ҚАҒАНАТ” туралы

“ҰЛЫ ҚАҒАНАТ” туралы

Сәрсенбі, 05 қараша 2008Әйгілі Карл Маркстің “Бәрін де сыни зерде сарабынан өткізіп отыру керек” дей­тін сөзі өзінің мән-мағынасын қазір де жойған жоқ, жоя да қоймас. Мұндай тал­ғам-талап, әсіресе, ел тарихына қатысты жазылған, алда жазылатын ғылыми еңбектерді парықтап отыру үшін айрықша қажет. Сыни зерде сарабынан өтпеген кез келген рухани өнім, өзінің жетістік-кемшілігіне қарамастан, “жалғыз шапқан ат жүйрік” дегендей, біржақты бағалана­ты­ны шын. Тарих туралы сыни зерде бас­шылыққа алынбаған соң, оның салдары­нан таным да тоқырап, қоғамдық ой-сана да күңгірт тартпақ.

Мұндай ойдың жосығы көрнекті қа­лам­гер, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, байырғы ғұн, сақ, түркі заманының та­рихына қатысты толымды еңбектер жа­зып жүрген Қойшығара Салғараұлы­ның жуырда ғана “Фолиант” бас­па­сынан жарық көрген “Ұлы Қағанат” атты кітабын оқыған соң тілге оралып отыр. Осы уақытқа дейін Қ.Салғара­ұлы­ның байырғы тарихқа қатысты ондаған ғылыми-зерттеу еңбектер жазып, қытай мұрағаты­нан алынған құжаттық мате­риалдардың өзін жеті-сегіз кітап етіп жарыққа шы­ғар­ғаны мәлім. Таңғалар­лығы, осы еңбек­тер­дің бірде-біріне не оң, не теріс деген ғы­лыми сараптама­лық баға берілмепті. Мұ­ның себебін “Қазақстанда тарих ғылымы тоқырауға ұшыраған, түркологиялық зерде қалып­таспаған немесе ғалым-зерттеуші­лер­дің санасын немкеттілік жайлап алған” деп жорудан басқа қисын жоқ сияқты. Әрине, қалай болғанда да, жақсылықтың нышаны емес. Осы орайда, Қ.Салғараұлының “Ұлы Қағанат” атты кітабы автордың тарихи-түр­кологиялық ізденістерінің шырқау шыңы ғана емес, сонымен бірге Қазақ­стандағы тарихи-түркологиялық таным­ның да өресін биіктетіп, өрісін ұзартқан толымды ғылыми табыс екенін алдымен атап өткен жөн. “Ұлы Қағанат” кітабы Еуразия көш­пелілерінің, соның ішінде Шығыстағы түркі тектес халықтардың, нақтырақ айт­қанда, ежелгі түркі, моңғол (сиуңну), татар халықтарының байырғы тарихына арнал­ған. Бұл халықтардың ежелгі та­рихын зерт­теуге әлемнің көптеген ғалым­­дары­ның бірнеше ғасырдан бері еңбек етіп, бір­лесе үлес қосып келе жатқаны белгілі. Кезінде кезбе мис­сионерлердің көрген-білгендерін тәптіштеп жазған материалдарынан баста­лып, кейін грек тарихшылары Приск пен Марцеллин­нің, гот тарихшысы Иордан­ның жазба­лары­на ұласқан, содан ХVІІІ ғасырдан бергі кезеңде қытай деректері ар­қылы ая­сын кеңейткен зерттеулер нәти­жесі түрко­логияның қалыптасуына ықпал етті. Мұн­дай үрдіске Орхон-Енесай (Ени­сей) бойы­нан табылған тасқашау жазулар­дың жария болуының да тікелей қуатты серпін бергені көпке мәлім. Осы тас-кітаптар дерегі не­гізінде адамзат тарихына “Түркі әлемі” деген жаңа тарау қосылып, Шығыстағы түркі тектес халықтардың тарихына қатыс­ты толып жатқан ғылыми-зерттеу мақала­лар, монографиялар дүниеге келді. Олай болса, ғасырлар бойы осы­лайша зерттеу нысанына айналған, сан қырынан жан-жақты зерттелген, әлемнің білікті маман ға­лымдарының сарабынан өт­кен, бұл күнде бас-аяғы айқындалған, сөй­тіп белгілі бір ғылыми жүйеге келтіріл­ген деп есептелетін ғылым саласын Қ.Сал­ғараұлының қайта зерделеп, байырғы тарихты табандылықпен қайта-қайта қау­зай беретіні қалай, айтар жаңалығы қандай деген заңды сұрақ туын­дайды. Осы орайда, Қ.Салғараұлы еңбегінің басты ерекшелігі, әрі құндылығы ретінде бұрынғы зерт­теулердегі ой-тұжырымдарды көзсіз қай­таламай, түпнұсқалық дереккөз­дері­нің бе­рер мәліметін, түркінің төл пер­зенті ре­тінде, түркілік таным-түсінікке жү­гі­не оты­рып, тарихты жаңаша жори алған­дығын алдымен атар едік. Шынын айту керек, бұрынғы шетел зерттеушілері, қанша жер­ден білікті ғалым болғанымен, көшпелі халықтардың төл болмысын, өмір салтын барша ақиқат-шындығымен терең сезіне алған емес. Былайша айтқанда, тарихи түркология негізі қасаң жазбалар дерегін қорыту арқылы қалыптасқан еді. Сол се­бепті де, әсіресе, шетелдік түркітанушылар көшпелілер туралы бүгінге жеткен байыр­ғы жазба деректердің берер мағлұматын әдетте бірден-бір ақиқат шындық ретінде қабылдап, соған орай ой қорытудан әріге бара алмады. Әсіресе, көшпелі халық­тар­дың төл танымдары қаперге алына бер­ме­ді. Бұл ретте, сыртқы және ішкі деректерге салыстырмалы талдау жасалмады десе де болады. Ең ғажабы, сырт зерттеушілер ақиқат айғақ ретінде қабылдап келген байырғы жазбалардың басым көпшілігі заманында көшпелілермен соғысқан, солардан үнемі теперіш көріп жауыққан елдер өкілдерінің жазбалары екеніне де көп жағдайда мән берілмеді. Әрине, белгілі бір этноәлеуметтік ортаға қарсы әрекет-пиғылдағы автордың жазбасы сын көзімен қарауды қажет ететіні аян. Бірақ, өкінішке қарай, олай болмай келгені де шындық. Міне, ұзақ жылғы табанды ізденіс нәти­жесінде түркілік бастау тарихтағы осындай олқылықтарды кезінде жете аң­ғар­ған Қ.Салғараұлы ескі қағидалар шең­берінен шыға ой толғап, Шығыстағы түркі тектес халықтардың тарихи болмысын төл таным-түсінік тұрғысынан парықтауды мақсат тұтқан. Ол үшін отырықшы елдер өкілдері қалдырған байырғы жазба дерек­тер мен түркі тектес халықтардың өздері­нен қалған ауызша тарихтың (шежіре­лер­дің, аңыз-әң­гі­мелердің, ертегілердің, батыр­лар жыр­ларының, мақал-мәтелдердің және т.б.) және олардың салт-дәстүр­лері­нің, әдет-ғұрыптарының, жол-жоралары­ның, жөн-жо­баларының, ырым-кәделері­нің берер дерегін өзара салыстыра зерттеп, олардың нә­тижесін түркілік таным-түсінік тұрғы­сы­нан қорытып, ғылыми соны тұжы­рымдар жасайды. Байырғы дәуірдің та­рихын бұ­лай­ша зерделеп, ежелгі халық­тардың бол­мы­сын олардың төл таным-түсінігі тұрғысы­нан бұлайша пайымдау – қазақтың тарихи зердесінде бұған дейін тапшы болып келген әдіснамалық (мето­дологиялық) ұстаным екені де жасырын емес. Шығыстағы түркі халықтарының та­рихына қатысты материалдарды түбегейлі зерттеп, кәміл игергендігі, басқаны былай қойғанда, автордың жаңа зерттеу еңбегінің атын бұрынғы қалыптасқан түсінік бойынша “Ұлы Қа­ға­наттар” не­месе “Түркі Қағанат­тары” деп ата­май, “Ұлы Қа­ға­нат” деп жал­қы есім­дік атаумен беруінде мән бар. Өйт­кені, Шығыстағы түркі ха­лық­тарының ежелгі мем­лекетін шетелдік тарихшылар тарихтың әр кезе­ңіне қарай “Ғұн империясы”, “Сиәнби империясы”, “Жыужан қағанаты”, “Түркі қағанаты”, “Ұйғыр қа­ға­наты”, “Түргеш қағанаты”, “Қарлық қа­ғанаты” және тағы басқа деп құ­былтып, әрқайсысын әр кезде пай­да бол­ған, бір-бі­ріне қатысы жоқ жеке-жеке ел етіп көрсетуге тырысқаны­мен, шын­ды­ғында, бәрі сол баяғы алғашқы бір қағанаттың заңды жалғасы, тікелей мұра­герлері болатын. Тарихи-әлеуметтік жағ­дайларға қарай қағанат аты өзгеріп жат­қанымен, сырттан ауып келген ешқандай бөтен халық болған жоқ, тек ұрпақтар ауысып, жаңарып отырды демесек, ел де баяғы сол ел, жер де баяғы сол жер бола­тын. Ал мем­лекет атына ие болып отырған ғұн, сиәнби, жыужан, ұйғыр, түргеш, қар­лық болса, бұлардың бәрі де тарихи сұ­рыпталу бары­сында билік басына келген, қағанаттың құрамында бұрыннан бар түркінің іргелі тайпалары. Сондықтан, Шы­ғыстағы түркі халықтары құрған мем­лекеттің аты билік басына келген тайпа­лардың атауына қарай әр кезеңде әр түрлі аталғанымен, заты өз­геріске түспей, сол баяғы ежелгі түркілік тұтастығын сақтап отырған. Ежелден жал­ғасып келе жатқан түркілік тектің осындай тұтастығын тап басып тани алмағандықтан, осы уақытқа дейінгі тарих ғылымында түркі халық­тарының тарихын өзара байланысы жоқ, үзік-үзік құранды тарих ретінде қарай­тын үрдіс бел алып келді. Мұндай ғылыми сола­қайлық, әрине, көшпелілер әлемін біртұтас өркениеттік құбылыс ретінде тануға да салқынын тигізді. Қ.Салғараұлы бұл сияқты еуроөзімшіл көзқарасты өзінің зерттеу еңбегінде те­геурінді дәлелдермен, сараптамалық қи­сындармен жоққа шығарады. Ол ежелгі замандарда Ұлы Даланы мекендеген халықтардың тарихын этностық негізде саралаудан бұрын, олардың географиялық аяда аумақтаса орналасуына алдымен мән беріп, байырғы түркілік ареалда үлкен-үлкен үш бірлестіктің болғанын анық­тайды. Атап айтқанда, ерте замандарда Ұлы Даланың солтүстігін тұтаса көмкеріп жатқан қалың орман жынысының далалық бетін жиектей мекендеген халықтарды әу баста топтап, бәрін ортақ бір атаумен “Ор­ман адамдары” деп атаса, сол Ұлы Дала­ның оңтүстігін қоршай жиектеген биік таулар тізбегінің теріскей беткейіндегі өзен-су бойларын мекендегендерді ортақ бір атаумен “Ғұздар” деп атаған. Ал, осылар­дың, яғни “орман адамдары” мен “ғұздар­дың” арасындағы кеңінен көсіліп, созылып жатқан апайтөс алып даланы мекенде­гендерді “Далалықтар” деген. Бұлар­­дың бәрі де этникалық атау емес, ха­лықтардың географиялық-аумақтық орна­ласуына қарай берілген жиынтық топтама атаулар. Кейінгі этникалық саралану ба­рысында бүгінгі “түркі халықтары” деп та­ныл­ғандардың арғы ата-бабалары осы бір­лестіктерден енші алып бөлініп шыққан, яғни олардың құрамында әлгі аталған үш бірлестіктің де үлесі бар. Осы уақытқа дейін­гі тарих ғылымында “түркі”, “моңғол (сиуңну)”, “татар” деп аталатын халықтар, міне, осы үш бірлестіктен құралған. Бы­лайша айтқанда, Шығыста өркен жайған ірі-ірі тармақтары болып табылады. Түркі халықтарының ежелгі бастау тарихын бұлайша кең ауқымда қамтып, этникалық біртұтастықта қарастыра зерттеу қазақ тарихында, қала берді әлемдік тарихта бұрын болмаған үрдіс. Өткеннің объективті ақиқатын автор жа­ңаша парықтай отырып, түркі халық­тарының қай заманда болсын ешқашан бірыңғай көшпелі өмір-салтта болмағанын орнықты уәждермен дәлелдейді. Байырғы түркі қоғамы мал шаруашылығына басым­дық бергенімен, егін егуді, аң аулауды, қала салуды, металл қорытуды, қол өнерін дамытуды көшпелі өмір салтпен икемді үйлестіріп отырғанын нақтылы айғақ-деректер негізінде саралап көрсетеді.Сол секілді, Ұлы Даланың тұрғын­дарына қатысты айтылатын халықтың ұлы қоныс аударуларының тарих ғылымында тұжырымдалғанындай, тек шығыстан батыс­қа қарай бағытталмағанын, түркі ха­лықтары тарихының ұзына бойында ондай қоныс аударулардың батыстан шығысқа, шығыстан батысқа қарай бірнеше дүркін болғаны да алғаш рет жан-жақты саралан­ған. Қалыптасқан тарих ғылымында мұндай қоныс аударуларды “халықтардың ұлы қоныс аударуы” деп жүргенімен, шын мәнінде, бірде-бір түркі халқының ата жұртынан ешқашан қотарыла түгел көшіп кетпегенін, олардың тек атауларының (этнонимдерінің) ғана “қоныс аударғанын”, яғни жауланған халық жаулаушы халық­тың атауын алып отыратынын Қ.Сал­ғара­ұлы бұлтартпас дәлелдермен тұжырым­дайды. Тарихты осылайша жаңаша пайымдау­дың нәтижесінде бұрынғы “Түркі халық­тары VІ ғасырда Алтайда пайда болған жас халық” деген тұжырымның да қате екенін және алтайлық түркілер исі түркі халық­та­рының ата тегі емес, жалпы түркі әлемінің іргелі бір бұтағы екені де айқындалған. Түркі халықтарының ежелгі тарихына қатысты бұрын-соңды айтылған, жазылған, тіпті бұлжымас ақиқат ретінде мойындалып келген осы сияқты ой-тұжырымдардың біразымен сәйкес келе бермейтін жаңаша жо­ру­лар мен тосын жаңалықтар Қ.Сал­ға­раұлының кітабында мейлінше мол. Кітаптың әр бөлімі жаңа тұжырымдар мен соны қисындарға арнал­ған. Әрине, олардың әрқайсысын атап көрсетіп, талдап та­ныстыру бір мақалада мүм­кін емес. Ол үшін қітапты толықтай қайта баяндап шығу керек. Сол себепті жаңа еңбекті таныстыру мақсатында жазылған бұл мақалада айтылған ойларды дәйектей түсу үшін тек түркі және моңғол (сиуңну) халықтарына қатысты ой-тұ­жырымдарды көктей шолып өтуді жөн көрдік. Қалыптасқан тарих ғылымында қып­шақ­ты Қимақ қағанаты құлағаннан кейін, яғни, ІХ ғасырда тарих сахнасына шыққан тайпалар бірлестігінің атауы ретінде көрсетеді. Ал Қ.Салғараұлы өз тарапынан оның ежелгі халықтық атау екенін дә­лел­дейді. Ол, мысалы, жоғарыда айтылған үш бір­лестіктің бірі – “Далалықтарды” бірың­ғай мал шаруашылығымен айналысып, сүт өнімдерімен қоректенетіндіктеріне орай байырғы замандарда-ақ “қыпшақтар” деп атау қалыптасқан дейді. Сол себепті қыпшақ атауы “далалықтардың” баламасы болғандықтан, оны да этностық атау деуге болмайды. Қыпшақ сөзі байырғы түркінің “қыбышы ақ” (қыбы – өнім, қыбышы – өнімді дайындаушы, ақ – сүт) деген екі сөзінен құралып, “сүт өнімін пайдалану­шылар”, “сүт өнімімен қоректенушілер” деген мағынаны білдірген. Антикалық авторлардың қолданысындағы “гипомол­ги”, “галактофаги” деген халықтық атаулар әлгі жорудағы осы “қыпшақ” сөзінің латын, грек тілдеріндегі тікелей аудармасы ғана екені автордың уәжін орнықтыра түседі. Көне заманда қыпшақ бірлестігі өзара іштей беске бөлінген. Дүниенің төрт құбы­ласына қарай олардың солтүстік бөлігін – қара қыпшақтар, оңтүстік бөлігін – қызыл қып­шақтар, шығыс бөлігін – көк қып­шақтар, батыс бөлігін – құба (ақ) қып­шақтар, ал орта тұсын – сары қыпшақтар деп атаған. Түркі қағанатының негізін қалаған осының көк қыпшақтары. Олар кейін тарихқа “көк түрік” деген атпен енген. Бұл да қазақ тарихында бұрын сөз болмаған саралау. Түркі қағанатының шаңырағын көтеру­шілер, қалыптасқан тарихта жазылғандай, Алтай тауынан шыққан тайпалар еместігін де Қ.Салғараұлы алғаш сөз етеді. Ежелгі “түрік” атауын қайта жаңғыртып, “Түркі қағанаты” атты жаңа мемлекет құрушылар Гаучанның теріскейіндегі Алтын таудан, яғни қазіргі Боғда тауынан шыққан көк қыпшақтар екен. Олар кейін қағанат дәуірлеген тұста “көк түріктер” деген атауға ие болған. Ал, қазіргі түркілердің ата-бабасы деп жүрген Алтай тауының “Ергене-көң” деген жерінен шыққандар кейінгі Моңғол империясының негізін қалаушылардың арғы аталары, Бөрте-чино бастаған моңғолдар. Бөрте-чино әйгілі Шыңғыс ханның жиырма екінші атасы. Шығыстағы ортағасырлық түркі халқы Түркі қағанатын құрғанға дейін көк қып­шақ бірлестігіне енетін бірнеше тайпалар­дан құралған өз алдына жеке хандық болған. Олар жыужандарға бодан болған кезінде де осы жеке хандықтығын сақтаған. Оның билеушісін қытайша “Да-йеху” деп атаған. Йеху – түркінің йабғуы, тәуелді елдің билеушісінің ең жоғары лауазымы. Кей дереккөздерінің йабғуды қағаннан кейінгі лауазым иесі дейтіні де содан. Да-йеху, яғни Ұлы йабғу – йабғулардың арасындағы мәртебесі жоғарысы. Сондай-ақ қалыптасқан тарихи таным бойынша Түркі қағанатының екінші қаға­ны Істіми (Ысты-би) мен парсы дерегіндегі Дизабул қаған бір адам деп есептелінеді. Ал Қ.Салғараұлы бұл тұжырымды теріске шығарып, Дизабулдың Істіми қаған емес, Түркі қағанатының басқа қағаны, Бумын қағанның баласы Мұқан қаған екенін нақты деректер арқылы дәлелдейді. Мұқан қағанның қытай дерегіндегі есімі – Мугән қаған. Сол секілді ол қазіргі тарихта халықтық атау ретінде қолданылып жүрген “Ашына” (“Ашина”) атауын да этноним ретінде қабылдамайды. Оны түркілердің билеуші тайпасы да, түп атасы да емес, бар болғаны байырғы түркінің “алғашқы”, “ілгергі”, “бұрынғы” деген мағынаны білдіретін “ашынұ” деген сөзі ғана деп біледі. Бұл сөздің қытай деректерінде мемлекетке қатысты Екінші Шығыс Түркі қағанаты­ның алдында болған Бірінші Шығыс Түркі қа­ғанатының баламасы ретінде қолданы­латынын, ал кісіге қатысты тек алғашқы қағанаттың билеушілерінің тұқымынан шыққан қағандарды ерекшелеу керек бол­ғанда ғана соның есіміне тіркеліп беріле­тінін алға тартады. Мысалы, қытай дере­гін­де “Ашина Хылу қаған” десе, ол Хылу­дың басқа емес, тек Бірінші Шығыс Түркі қағанаты билеушісінің тұқымы, яғни Бумын қаған мен Істіми (Істеми) қағанның ұрпағы екенін білдіреді.Екінші Шығыс Түркі қағанатының үш бірдей қағанының кеңесшісі әрі бас уәзірі болған атақты Білге Тоныкөктің ұйымдас­тыруымен қағанатта тұңғыш рет барлау­шы­лар мектебінің жұмыс істегенін нақты де­ректермен дәлелдеуін де Қ.Салғараұлының көп жаңалықтарының бірі деп білеміз. Барлаушылар мектебінің түлектері құлауға айналған қағанаттың қайта дәуірлеуіне елеулі үлес қосқаны Күлтегін ескерт­кі­шіндегі деректерден де айқын аңғарылады. Зерттеушінің ортағасырлық тарихи тұлға Тоныкөк пен аңыз кейіпкері Қорқыт екеуін бір адам деп дәлелдеуі де қазақ та­рихында тұңғыш сөз болып отырған жа­ңа­лық. Зерттеу еңбекте Тоныкөк пен Қорқыт екеуінің бір кезде өмір сүргені, екеуінің де үш билеушіге бірдей уәзір болғаны, екеуінің де оғыз тайпасынан шыққаны, екеуінің де қартайып өлгені және тағы басқа іс-әрекеттерінің бірлігі салыстыра отырылып, нақты деректермен негізделген. Дәстүрлі тарих ғылымында ежелгі ғұн­дар­ды (сиуңну-моңғолдарды) сонау Ся дәуі­рінен (б.з.д. 2205-1766 жж.) бергі қытайдың көршісі деген ұғым қалыптасқан. Қ.Сал­ға­ра­ұлы бұл тұжырымды теріске шығарып, ғұн­дардың қытай шекарасына тек б. з. д. ІV ғасырдың аяғы мен ІІІ ғасыр­дың ба­сын­да ғана жеткенін дәлелдейді. Олардың б. з. д. VІ-ІV ғасырларда қазіргі Қа­зақстан жерінде, жазда Ұлытау мен Кішітауды жайлап, қыста Сырдарияның са­ғасын, Борсық құмын қоныстанғанын айтады. Тарих ғылымында қытай жазбаларын­дағы “сиуңну” деп аталатын халықты ежелгі түркілер, ал “дунху” деп аталатын халықты “моңғолдар” деп таниды. Бұл — қазіргі таңда ақиқаты анықталған, дұрыс­тығын әлем ғалымдары мойындаған шын­дық ретінде қабылданған, оған ешкім кү­дік-күмән келтірмейді. Соған қарамастан, Қ.Салғараұлы өз еңбегінде бұл тұжырым­дардың да тарихи ақиқаты ашылмаған, жалған тұжырымдар екенін дәлелдейді. Оның дәлелдеуінде қытай дерегіндегі “сиуңну” деп жүрген халық – “моңғолдар” (Қ.Салғараұлы “мұңғұлдар” деп қолданады. А.С.), ал “дуңху” деп жүргеніміз – “татар­лар”. Тарихшылардың сиуңнуларды арғы түрктер (прототүрктер) деуі шындыққа келмейді. Қазақ тарихшыларының сиуңну халқын “ғұн” деп алуларында да ғылыми негіз жоқ. Қалыптасқан тарих ғылымының дунхуды “моңғолдар” деп жүргені әуелде қытай дерегіндегі халықтық атаудың мәнін қате пайымдаудан кеткен жаңсақтық екені де айқын дәлелденген. Тарихты жаңаша пайымдаудың нәти­жесінде зерттеушінің тағы бір қол жеткізген жаңалығы — әйгілі “шыңғыс” сөзінің эти­мологиясы төңірегінде өрбиді. Автор ұзақ жылғы зерттеу жұмыстарының нәтижесінде б. з. д. ІІІ ғасырдың аяғында Шығыста Сиуңну империясының негізін қалаған Маудунның (Мөденің) да, жаңа заманның V ғасырындағы Батыста Гунн империя­сының шаңырағын көтерген Аттиланың да, ХІІІ ғасырдың басында Орталық Азияда Моңғол империясын құрған Темужиннің де ежелгі мұңғұл халқының ұрпақтары екенін тарихи деректер арқылы танып-біледі. Сол арқылы олардың төңірегіндегі елді түгел жаулап алып, далалық империя құрғаннан кейінгі халықтық құрылтайда иеленген лауазымдарының да бір екеніне көз жеткізеді. Олардың әрқайсысы өз ке­зінде “Шыңғыс хан” деп аталған. Мұндағы “Шыңғыс” сөзінің “Тәңірдің күші”, “Тә­ңірдің қаһары” деген мағынаны білдіретіні кітапта нақты дерекпен дәлелденеді. Байыр­ғы қытайлықтардың Маудунды “Чыңтижы”, еуропалықтардың Аттиланы “Бич Божий” деп жүргені осы “Шыңғыс” сөзінің мағыналық аудармасы ғана екені ден қойдырады. Қытай жазбаларындағы “сиәнби” деп аталатын халық – татарлардың бір бұтағы. Шығыста Таншихай құрған Сиәнби қаға­наты (бұрынғы ғұн империясының жерін тү­гел иеленген – А.С.) құлағаннан кейінгі төрт ғасыр уақыт ішінде, қашан Түркі қағанаты құрылғанға дейін Шығыста далалықтар орнатқан мемлекеттердің бәрінің басында сиәнби, яғни татар халқының өкілдері болды. Зерттеу аясынан тыс қалып, қазақ тарихында ақтаңдақ күйінде қалып келген бұл кезең осы еңбекте алғаш рет жан-жақты сөз болған. Қытай жазбаларында “усұн” деп атала­тын халық тарихқа белгілі болған мекеніне, яғни Чилиән мен Дуңхуаң арасына солтүстік жақтан қоныс аударып келген, Қара Қыпшақтар бірлестігінің бір бөлігі болатын. Усұн деп оқылатын екі иероглиф көне заманда “У — қара”, “сұн – ұрпақ, немере” деген мағынаны білдіреді (қазіргі заманда “қара” сөзін “хый” деп оқылатын иероглиф білдіреді). Осындай салыстырмалы зерттеу нәтижесінде усұндардың арғы тегін Қара Қыпшақ, яғни солтүстіктегі қыпшақтар бірлестігінен шыққан деуге негіз бар. Сондай-ақ қытай тарихының атасы саналатын Сы-ма Чиән­нің (Цяньнің) алғашқы Усұн мемлекетінің құлауына қатысты айтылған тұжырымының қателігін қытайдың Сы-ма Чиәннен кейінгі атақты тарихшысы Бан Гудің деректері негізінде түзетіп, тарихи шындықты қалпына келтіру де қазақ тарихшылары арасында осы Қ.Салғараұлының үлесіне тиіп отыр. Көшпелілердің дәуірлеген мемлекетін іштен ірітіп, әлсіретіп, құлатуда Император сарайында арнайы дайындықтан өткен “Император қызы” деген атпен далалық билеушілерге ұзатылған қытай бикештері өздерінің бүлдіргіштік әрекеттерін айы­рықша жытқырлықпен жүзеге асырып отыр­ған. Бұл күнге дейін далалық импе­риялардың ыдырауының басты себебі билеуші әулеттердің өзара билікке таласуы салдарынан болатын ішкі қырқысулар деп келсек, сол тартыс-талас пен қырқысу­ларды ұйымдастырушылардың, негізінен осы “император қыздары” тарапынан болған жоспарлы іс-әрекеттің нәтижесі екені дәйекті деректермен негізделіп, қазақ тарихында алғаш рет арнайы сөз болады. Міне, түркі халықтарының байырғы та­рихына қатысты бұрын-соңды сөз болмай, ескерусіз қалып келген, бірақ, байырғы заманның тарихи шындығын ашуға аса қажетті мәселелерді тізбектей берсек, “Ұлы Қағанат” кітабында осылайша жалғасып кете береді. Мұндай жаңалықтарды кітап­тың әр бөлімінен, әр тарауынан көптеп кез­дестіруге болады. Оқушы қолына жаңа тиіп отырған еңбектің құндылығы да осын­да. Бұл ретте Қойшығара Салғараұлы түркі халықтарының ежелгі тарихына қа­тыс­ты бұрмаланған тарихи шындықты қалпына кел­тіруде жаңаша пайымдауға қол жет­кіз­ген, тың тұжырымдар жасай алған азат рух­тағы қарымды қаламгер екені даусыз. Ал “Ұлы Қағанат” кітабын исі түркі халық­та­ры­ның ортақ тарихына олжа салған аса ба­ға­лы зерттеу еңбек десек, әсіре сөз болмайды.

Авторы: Ақселеу СЕЙДІМБЕК, филология ғылымдарының докторы, профессор, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты.