Мәдени мұра    Ұлттық жобаӨткенді қастерлеу арқылы, болашағымызды баянды етеміз
  • Facebook
  • Twitter
  • Лента на Youtube
 

Мақала мен басылымдар

Басты бет - Материалдар - Мақала мен басылымдар - Еңбек Ерлерінің ауылында бой көтерген Д.Қонаев мешіті

Мешіт – жамаһатымен көрікті. Еңбек Ерлерінің ауылында бой көтерген Д.Қонаев мешіті жайлы бірер ой

Сәрсенбі, 17 маусым 2009Талас ауданындағы Тамабек ауылынан Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың атымен аталатын жаңа мешіт ашылды.

Тамабек ауылы – Қаратау қаласынан солтүстік шығысқа қарай 75 шақырым жерде. Ауыл іргесі сонау 1929 жылы Елтай (Чкалов) ұжымшары негізінде қалыптасты. Кейіннен асыл тұқымды қой өсіретін Амангелді кеңшары болып құрылды.

Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында осы бір шағын ауылдан майдангерлерге көмек ретінде жүздеген арғымақтар жөнелтілді. Еңбек еленбей қалған жоқ. Арғымақтарды баласындай мәпелеп өсірген Байқошқар Мүсірәлиев, Қартабай Атшабаров, Дәдебай Байқонысов, Әбзелбек Бижанов, Орман Қасымбеков, Жаманғара Аманбаев, Мұратбек Ташкентбаев, Әжібек Тұтқыш­баев, Әмір Туғамбаев, Тілеп Қыдырбаев және Дүкенбай Ораз­баев сияқты тарландар соғыс оты өшкеннен кейін көп ұзамай Социалистік Еңбек Ері атағына ие болды. Шынында бұл бір жұл­дыз жауған жыл еді.

“Бір кем дүние” дегендей, бі­рақ кеңес өкіметі ағалар еңбегін “алтын жұлдызбен” бағалап, та­лап­ты жастарды өнер, білімге те­гін баулығанымен, атеистік саясат аталарымыздың апшысын қуы­рып, айылын тартқызғаны рас еді. Соның кесірінен Жәдік көлінің жағасындағы Қарақожа мешіті ке­ңес өкіметі жылдарында мал­дың ықтасынына айналып, қаңырап қалса, Тамабек ауы­лын­да жама­ғат­ты жұма намазға жи­найтын жо­лым үй де болған жоқ. Деген­мен, ауылдағы Әмір қожа деген діндар қария замандастарын қал-қадерінше имандылыққа баулып, Алланың хақтығына ұйытты.

Бүгін заман басқа, заң басқа. Тәуелсіздіктің басты жақсылық­тарының бірі төл дінімізбен қайта табысуымыз болды. Астана, Ал­маты мен облыс, аудан орталық­тарындағы үлкен мешіттерді айтпағанда, алыстағы ауылдардан да көркем мешіттер көптеп бой көтере бастады. Тамабек ауылынан шыққан әлгі 11 Социалистік Еңбек Ерінің бірі Байқошқар Мүсірә­лиевтің ұлы Берден Байқошқаров та зейнетке шыққалы қазақтың ежелгі тарихын қаузап, қолына қалам-қағаз алып, көп ойланатын болған. Оның нәтижесі “Авестадан Алашқа дейін” деген тағылымы мол тарихи кітапқа айналды. Кітапқа тарих ғылымдарының білімдарлары жылы пікір білдірді. Жас кезінде Талас ауданындағы Кеңес кеңшарында директор, Сарысу ауданында екінші хатшы және жігіт ағасы шағында Қордай ауданында бірінші хатшы болып, көп жылдар бойы абыроймен қызмет атқарған ақ шашты қарияның ендігі арманы не?..

Бірде “ауылда мешіт жоқ, кім көмектеседі” деп барған сайын сұрақтың астына алатын Шекер көкемнің жанайқайын Бекеңе жеткіздім. Ауылдан шыққан бір жас кәсіпкер “мешіт салып берем, бірақ әкемнің атын қоюға рұқсат бересіңдер” деп шарт қойыпты. Шекер бастаған шалдар ондай астамшылыққа шыдамай, қарсы болыпты. Алланың үйіне атын беретіндей оның әкесі кім еді сонша? Содан кейін “Олай болса, қор ашып, ақша жиыңыздар, сөйтіп түскен қаржыға шағын мешіт үйін тұрғызыңыздар” деп осы ауылдың Мәскеуде тұратын Роза атты қызы 500 АҚШ долларын беріп кеткен екен, бірақ жақсы ұсынысты іліп алып кететін белсенді табылмаған. Болмашы қаржы мешіттің іргетасын қалаған­нан арыға жетпеді.

Осы әңгіменің бәрі құлағына жеткен тұста Берден ақсақал түйіліп отырып, ауыл мешітін өз қаржысына салдыратынын айтты. Сол сәтті пайдаланып:

– Берден аға, – деген едім мен, – мешіт салдырып, атын Дінмұхамед Ахметұлы деп қойсаңыз, өмір бойы ел үшін еткен еңбегіңіздің ең үлкені сол болар еді. Бұл имандылығыңызға Қонаевтың қолын алған әкеңіз, Социалистік Еңбек Ері Байқошқардың да аруағы риза болатын шығар...

Бекең ойланып отырып “жөн екен” деді. Осы “жөн екенмен” жұмыс басталып кетті. Мешіт құрылысының жұмысын бақылау облыстағы Қонаев атындағы қордың президенті Мәмбет Күшікбаевқа жүктелді. Ел іші болған соң іштарлық та болады. Бірақ Бекең бос сөзге құлақ асқан жоқ. Інілері Мәмбет пен Бөденге мешіт құрылысының барлық қаржылық операциясын сеніп тапсырды. Ал өзі қолға алуға жасы жетпістен асты, жүрек шіркін де сыр бере бастады. Тіпті мешіт салынып жатқанда ауруханаға да жатып шықты.

Бір күйініштің бір сүйініші болады. Жақында Тамабек ауы­лынан (бұрынғы Амангелді ауылы) Әмір қожа атамыздың арманы болған Алланың үйі дүниеге келіп, оның ашылу салтанатына алыс-жақыннан жамағат көп жиналды. Алланың үйінің маңдайшасына “Дінмұхамед Қонаев мешіті” деп жазылыпты. Әлбетте, мешітті тіркеу, ат беру, имамын тағайындау Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының құзыреті екені белгілі. Сондықтан бұл шаруаның бәрі облыстағы Һибатулла ат-Тарази деп аталатын орталық мешіттің бас имамы Ербол Сағи арқылы ҚМДБ бас мүфтиі Әбсат­тар қажы Дербісәлінің келісімімен жүзеге асырылды. Мешітке имам болып кеңес өкіметінің кезінде қойнынан құранын, қолынан тәспиғын тастамаған баяғы Әмір қожаның баласы Зейноллаәбдин тағайындалды. “Қилы-қилы заман болар, қарағай басын шортан шалар” деген осы. Атеистер би­леген елдің шаңырағы ортасына түсіп, ағаш уықты, киіз туыры­лықты қазақ тәуелсіздік алып, төл дінін төрге оздырды.

Біз мешіттің ашылу рәсімін­дегі қуанышқа шүкір дей тұрып Алланың үйінен азанның үзіл­меуін, жамағатынан жұрдай бо­лып, жетімсіремеуін тіледік. Имам да халықтан осыны қатты өтін­ді. Өйткені, мешіттің ашыл­ға­нына қуанған қазақ көп жағ­дай­да оған уақтылы баруды, Алла­ның үйінің айналасын таза ұстап, су себуді, тал егуді, гүл отырғы­зу­ды және жұма намазды жама­ғат­пен бірігіп оқуды ұмытып кетіп жатады.

Мешіттің ашылғанына қуан­ған жұрт “енді, құдай қаласа, ауылдан жаңа мектеп салынайын деп жатыр” деп бір-бірінен сүйінші сұрап жатты. Бұл – облыс пен ауданнан жеткен соңғы жаңалық екен. Мешіт – жамағатымен, мектеп – жас құрақтай желкілдеген балалармен көрікті. Ауылдағы мешіт, мектеп және мәдениет ошағының талап­қа сай болғанына не жетсін! Ме­шітті Берден сияқты жомарт қа­рия­лар салдырса, мектеп, бала бақша, мәдениет ошағын жер­гілікті билік өз міндетіне алған. Байқағанымыз және байқап, пайымдағанымыз, билік болып, бұқара болып, осы игіліктерді емін-еркін еңсере бастаған ересен бір күш-қуат пайда болған екен елде.

Лайым солай болғай!

«Егемен Қазақстан «

Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ, Жамбыл облысы, Талас ауданы, Тамабек ауылы.