2011, Қазақстан Республикасы Мәдениет министрлігі
Шет жұрттықтар бірнеше тақырыптық бөліктен тұратын көрмеден ә дегенде Шәкәрімнің ұстазы хакім Абайдың мемлекеттік қорық-мұражайы жайлы мәліметтерге қанықса, одан әрі ақын өмір сүрген ортамен, яғни Жидебайдағы Саят қора экспозициясымен танысады. Ал екінші бөлімнен көпшілік Шәкәрімнің жарыққа шыққан еңбектерімен, сондай-ақ ақын жайлы зерттеулермен танысуға мүмкіндік алса, келесі бөлімнен ақын ерекше сүйіп оқыған Батыс пен Шығыс ойшылдарымен, Пушкин, Толстой, Тургенев сияқты оның өрелі замандастарымен кездеседі.Көрмені “Шәкәрім және Семей” деген тақырып қорытындылайды. Онда Шәкәрім белсене қатысқан Семей географиялық қоғамы, ақынның Алаш партиясымен, Алашорда үкіметімен қарым-қатынасы көрініс табады. Сонымен қатар, көрмеде Шәкәрімнің бүгінгі ұрпаққа жеткен жалғыз суреті (түпнұсқасы), этнографиялық фотоматериалдар, архивтік құжаттар, сондай-ақ дала данышпанының өмірін әр қырынан бейнелейтін қылқалам шеберлерінің суреттері, шығармашылығына арналған аудио-бейне материалдар қойылмақ.Жұмагүл ҚУАНЫШБЕКҚЫЗЫ. ЖАСТЫҚ ӨРНЕКТЕРІ Кеше Конгресс-Холлда ХІ Халықаралық “Шабыт” шығармашыл жастар фестивалінің шымылдығы ашылып, өнерсүйер қауым бәйгеге қатысушы жастарға сәт сапар тіледі. Мерекелік шараның ашылу құрметіне арналған концерттік бағдарламаны қазылар алқасы, шетелдік қонақтар тамашалады.Елорданың мәдени өмірінде ерекше мәнге ие осынау шараның жастық айдынын жанартаудай қыз-қыз қайнатып жіберетін құдіретіне биыл міне, он бірінші рет куә болғалы отырмыз. Осы мерзімде бойларындағы өнер оты жасындай ойнаған небір дүлдүл дүбірімен дүр сілкінтіп, талай үміт таңдағы үркердей өнер көгін жайнатқан еді. Жер-жердегі жас бұлақтың көзін ашуға түрткі бола білген балғын өнерпаздар ұстаханасы ретінде ол баптаған жампоздардың даңқы бүгінде әріге асып, тіпті халықаралық айтулы додаларда бақтары жанып, бағаланып жатқандары қаншама. Қысқасы, “Шабыт” бүгінде дарынды жастарды іріктеп, өнер көшіне ілестіретін толыққанды мектепке айналып отыр. Оның ұясынан ұшып шығып жатқан балауса қанаттардың шығармашылығы жайында сыншылар тарапынан ұдайы жылы лебіздердің айтылып жатуы осы ойымызды растай түседі. Өнер сайысы биыл несімен қызық дегенге келсек, бұл жолы сайыстың бейнелеу өнері, хореография, халық музыкасы, классикалық музыка, баян-аккордеон номинацияларына қоса әдеби шығарма мен журналистік жұмыс қатар түсіп отыр. Оны өткізудегі мақсат – астанаға шығармашыл жастардың назарын аудару, бас қаланың әлеуметтік-экономикалық өмірін республикалық және шетелдік бұқаралық ақпарат құралдары арқылы насихаттау, қоғамды елорданың даму кезеңімен кеңінен хабардар етіп отыру, ал оларға жеке-жеке тоқталсақ, поэзия бойынша –67, журналистикадан – 73, эстрадалық жанр бойынша – 84, бейнелеу өнерінен (кескіндеме) – 189, хореография саласынан 110 адам бақ сынамақ. Ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қолдауымен, ЮНЕСКО аясында өтетін дәстүрлі додаға тігіліп отырған биылғы бас жүлде жылдағыға қарағанда қомақты. Гран-при жеңімпазы 250 мың теңгеге ие болады. Бірінші орын – 200 мың, екінші жүлде – 150 мың, ал үшінші орын 100 мың теңге болып белгіленді. Астана қаласы мен қалалық мәдениет басқармасының тағайындаған жүлдесі – 50 мың теңге. Жалпы фестивальге биыл 722 адам қатысуда. Ал бәйгеде бақ сынайтын жастардың талантын таразылауға әлемдік дәрежедегі майталман мамандар шақырылып отыр. Мәселен, олардың арасынан Фариза Оңғарсынова, Еркеғали Рахмадиев, Айман Мұсақожаева сынды мәшһүр тұлғаларды атасақ, Италиядан Александра Фарро, Жапониядан Рихард Франк, Македониядан Мелитса Ферович, АҚШ-тан Роберт Гуттер, Оңтүстік Кореядан Пак Джиейин сияқты белгілі шеберлер ат басын тіреп, “Шабыттың” мәртебесін биіктетуде. Өнер жарысының тағы бір айрықша қыры – жекелеген кейбір номинациялар бойынша атаулы жүлделер белгіленді. Поэзияда Мұқағали Мақатаев, журналистикада Тауман Амандосов, баспа саласында Сапар Байжанов, көркемсөз жанрынан Тоқсын Құлыбеков, эстрада вокалынан Шәмші Қалдаяқов, биден Дәурен Әбіров, домбырамен ән салудан Қосымжан Бабақов, халық аспаптары ансамблі бойынша Болат Сарыбаев, тағы да басқа осындай бірталай сыйлықтар фестивальдің көркемдік келбетін бұрынғы сарыннан молайта түскені байқалады. Бір апта бойына елорданың мәдениет ошақтарын ән мен сазға, алуан бояу нұрына шомылдыратын жастық көкжиегі биыл да көп жұлдызбен марқайып, мамық сезім сыйлары бек анық.
Қарашаш ТОҚСАНБАЙ.