Мәдени мұра    Ұлттық жобаӨткенді қастерлеу арқылы, болашағымызды баянды етеміз
  • Facebook
  • Twitter
  • Лента на Youtube
 

Мақала мен басылымдар

Басты бет - Материалдар - Мақала мен басылымдар - Егемен Қазақстан. Энциклопедия кез келген мемлекеттің бас кітабы болып саналады

Егемен Қазақстан. Энциклопедия кез келген мемлекеттің бас кітабы болып саналады

Дүйсенбі, 12 қаңтар 2009Бүгінде еліміздегі баспалардың бәрі дерлік жекешелендіріліп кетсе, мемлекеттің қарашаңырақ ретінде ұстап отырғаны – “Қазақ энциклопедиясы” ғана. Кеше еліміздің Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед Алматыда “Қазақ энциклопедиясы” ЖШС-нің ұжымына жаңа басшысын таныстырды. Бұл ұжымның жетекшілігіне филология ғылымдарының докторы, профессор Бауыржан Жақып тағайындалды.

Мұхтар Абрарұлы алдымен ұжымды жаңа басшымен таныстыра келіп, Бауыржан Өміржанұлының өмірбаяны туралы қысқаша ақпар беріп өтті. – “Қазақ энциклопедиясына” келген адамда кем дегенде екі түрлі қасиет болуы керек. Алдымен, ол ғылыми еңбектері жөнінен де, ғалым ретінде де танылған, екіншіден, жазу-сызудан, редакторлық жұмыстан, қазақ әдебиеті мен мәдениетінің арғы-бергі тарихынан хабардар болуы қажет. Бауыржан Жақып осы екі өлшемге де жауап бере алатын азамат, – деді министр жаңа басшыға салмақты жауапкершілік артып.

Қазақтың тұлғалы ғалымдары басқарған қара шаңыраққа жетекшілікке келіп жатқан Бауыржан Жақып бұл ұжымның жұмысына бұрын да автор ретінде қатысқанын, жалпы қандай тірліктер атқарылып жатқандығынан хабардар екендігін білдірді.

“Қазақ энциклопедиясы” қалыптасқан, дамудың жаңа белесіне аяқ басқан мемлекеттік мекеме болып табылатындығын тілге тиек еткен министр:

– Жыл енді ғана басталды. Алда үлкен міндеттер көп. Он томдық ұлттық энциклопедияны шығарумен шектеліп қалмауымыз керек. Шындығында кез келген ұлт үшін бірнеше қасиетті ұғымдар болады. Оның бірі – ұлттық ғылым академиясы, екіншісі – ұлттық университеті, үшіншісі, ұлттық ғылым-білімнің жиынтық көрінісі сияқты – ұлттық энциклопедия,– дей келіп, одан әрі осы мекеме атқарған шашетек шараларға тоқталды.

Министрдің айтуынша, “Қазақ энциклопедиясы” алғаш құрылғанда, оған энциклопедиялық қана емес, анықтамалық басылымдар, сөздіктер шығару жөнінде тапсырмалар берілген екен. Еліміздегі ең алғашқы тілашарлар да 1987 жылы осы жерде шығарылыпты. Министр Мұхтар Құл-Мұхаммед сол тұңғыш тілашарлардың авторларының бірі. Олар 250 мың тиражбен жарық көріпті. Сондай-ақ, сол кездің өзінде қазақша-орысша-ағылшынша тұңғыш тілашарды жарыққа шығарған да осы “Қазақ энциклопедиясы”. Ол да екі рет басылып, 250 мың данамен тараған. Екі томдық қазақша-орысша әмбебап сөздік те алғаш рет осы ұжымның еңбегімен жарық көрген. Қазіргі түрлі сөздіктер сол екі томдықтың негізінде ықшамдалып жасалынып жатқанын еске салған Мұхтар Абрарұлы бүгінде энциклопедия құратырудың жаңа қағидаттары қалыптасқанын атады. Энциклопедия жасау ісін бүге-шігесіне дейін білетін министр жаңа басшыға да, кейінгі жылдары құралған ұжымға да көптеген міндеттерді аманаттады.

– Алқаржы-қаражат жағына келетін болсақ, әлемдік дағдарысқа қарамастан, энциклопедия жасау ісіне бөлінетін қаражат өткен жылғыдан әлдеқайда артық болады, – деді Мұхтар Абрарұлы.

Айнаш ЕСАЛИ, Суретті түсірген Айтжан САЛЫҚҰЛЫ. Алматы.