Мәдени мұра    Ұлттық жобаӨткенді қастерлеу арқылы, болашағымызды баянды етеміз
  • Facebook
  • Twitter
  • Лента на Youtube
 

Мақала мен басылымдар

Басты бет - Материалдар - Мақала мен басылымдар - Дүлдүлдер өткен... Дүбірлі даланы тербеп

Дүлдүлдер өткен... Дүбірлі даланы тербеп

Сейсенбі, 18 қараша 2008Жыл сайын ақпанның соңғы күндері Жамбыл мұражайында жыр алыбының туған күніне орай жиын өтеді.

Ұлы ақынның ұрпақтары, қаламгерлер бас қосып, ата жайлы, оның телегей теңіз мұрасы жайлы ғибратты сөз, естеліктер айтылады. Дастарқан жайылып, ұлы ақын рухына бас иіп, дұға бағыштаймыз. Біз осы бір шараға қатысқан сайын үнемі бір өзгеше әсерде боламыз. Ең алдымен, жүз жасаған абыздың аруағын тым жақыннан сеземіз. Жаңа ғана шапанын сүйретіп, жай басып жанымыздан өтіп кеткендей. Ол басқан топырақта әлі суымай табан ізінің жылуы жатқандай. Ауада қалқып шалдың шапан исі қалғандай. Сондайда өкініш баурайды. Көзі тірісінде бала болып осы шалдың киелі шапанының шалғайына бір кіріп-шықпағаныңа өкінесің. Сөйте алған ұрпақтың бақытына қы­зығасың. Соның өзі-ақ былайғы өмірде рухани азық, жанға медет болар еді-ау! Осындайда дана тұл­ға, өмірде көрмегені жоқ шежіре шалдарды сағынасың. Сол шал­дар қасиетті ақ дастарқан басын­да алқа-қотан отырып, әңгіме қоз­ғағанда босаға жақта отырған біздің көз алдымыздан көлбеңдеп күллі дүние өтер еді-ау. Өткен ға­сырмен бірге келмеске шапа­нын сүйретіп, көшпелі дәуір куә­сіндей “дария кеуде тау мүсін” қариялар да өтіп кетіпті-ау! Біз­дің бала ке­зімізде ондай қа­риялар әр ауылда болушы еді. Сөй­леп кетсе табан астында та­рих тіріліп қоя берер еді... Ау­зында дұғасы, өн бойында иманы тұнған сол қариялар ауыл­дың даналық қазынасындай кө­рінуші еді. Ал енді сол кемеңгер қариялар, арасына домбырасын көтеріп алыстан жырау келер болса, бәрі ысырылып төрден орын беретін. Өйткені, кемеңгер қариялар әр ауылда кездессе де суырыпсалма сайыпқыран жы­раулар әр ауылда кездесе бер­мейтін. Жыраудың орны бөлек. Сондықтан да олар ескі ауылдың сағына күтетін қонағы. Кітапхана, баспасөз, театр, кино, теледи­дары, радиосы жоқ ол заманда ескі ауыл үшін жырау-жыршы­ның келуі бір мереке болатын. Өнер мерекесі. Тек қана өнер ме­рекесі емес, сондай-ақ жеткін­шек ұрпақ үшін теңдессіз мектеп, елдік пен ерлік мерекесі. Жамбыл ата естелігінен: “Ел менен жыр сұрағанда, кепкен ботаның тұлы­бына еміренген маядай, батыр­ларды жырла дейтін. Мен де жұрт­тың тілегіне сәйкес Өтеген батыр, Саурық батыр, Сұраншы батыр, Көрұғлы батыр, Алатай Жапарқұлдың жырларын айтатын болдым. Ел есіткенде ыңыранып жылайтын...”

Байқайсыз ба?! “Батырларды жырла дейтін”, “Ел есіткенде ыңыранып жылайтын” дейді Жам­был ата. Шолақ қайырылған осынау жолдар астарында неткен ауыр ақиқат, телегей теңіз сыр жатыр! “Ыңыранып жылайтын” дейді. Астапыралла! Аузына қа­раған дүйім жұртты “ыңырантып жылатқан” ол неткен құдірет!? Дүйім жұртты жылатып, жүрегін көздің жасымен шылатқан неткен құдірет!? Дүйім жұртты аузына қаратып жан-дүниесін дүр сіл­кінт­­кен ол қандай сиқыр?! Біздің мы­нау мүмкіндігінде шек жоқ да­мыған заманда, жалт-жұлт еткен заманауи өнеріміз дәл солай қа­ра­құрым халықты қойдай иіріп қойып ыңыранта ала ма? Тереңін шайқап тебіренте ала ма?! Ал жалғыз домбыралы жалғыз жырау сөйте алушы еді ғой. Сонда бұл феноменнің сыры неде? Ол нен­дей құдірет? Сөйтсек, ол құдірет — ұлы жырау Жамбылдың көме­йі­нен күмбірлеп құйылған жыр құ­дірет екен. Әзелден атамыз қа­зақ табынған сөз құдірет екен. Оған тағы да екі құдірет қосы­лады екен. Домбыраның сазы мен жы­раудың әуезі. Осынау үш құдірет­ке ие болған жырау ғана бұл өнер­дің шарықтау шыңына кө­теріле алыпты. Халық сүйіс­пен­шілігіне бөлене алған. Ұлттың рухын қалыптастыруда айрықша рөл атқарған. Тіптен, шешуші рөл атқарған. Шаршы топта Жамбыл жырау толғағанда “елдің ыңыра­нып жылауы” содан. Осынау үш өнер – сұңғыла сөз бен сылқым саз және күміс көмей әуез дары­ған жыр сүлейімен жүздесу қа­шанда сананы сілкіп, сұрапыл сезім дауылын қозғаған. Тыңда­ған жұртты ыңырантқан. Ондай жүздесуде қаңсып жатқан шөл аспанын қақыратып найзағай ойнап нұр жауғандай жанға дауа шипалы сөз-жаңбыр нөсерлейтін болған. Шөліркеген шөл даланың сусыны қанып, аспаннан райыс нұры құйылатын болған. Тың­дарман қауым рахат арылу күйін кешкен. Рухтанған, түлеген, жаң­ғырған, желпінген, тазарған, ши­рыққан. Ал енді осы қаумалаған қара құрым қауымның жан дү­ние­сіне жыр жаңбырын нөсер­леткен құдіретті өнер иесінің өзі қалай қалыптасты? Бастауын қай­дан алды? Мұндай дәстүрлі өнер тек ғасырдан ғасырға, ұстаздан шәкіртке жалғасу, сабақтасу ар­қылы жеткені айғақ. Кез келген жыраудың қайнар көзіне үңіл­сеңіз, соған көзіңіз жетеді. Бұл өнердің түп-тамыры көз жетпес көне дүние түкпірінен басталады. Бұл өнердің бастауы тым әрі, ор­та ғасырлардағы Сыпыра жы­рау, Асан қайғыдан да әрі Қорқыт ата, одан да ежелгі түркі тарихын жырмен тасқа қашаған Йоллы­тегін, Тоныкөк жырауларда жа­тыр, аты қалмаса да соңында “Ер­генекон”, “Алып Ер Тоңға”, “Аттила”, “Томирис” тәрізді жыр­ларының жаңғырығы қалған ежелгі түрік, ғұн, сақ жырау­ла­рында жатыр делінеді. Ендеше, жыраулық өнер – сабақтас өнер. Алыстан келе жатқан алтын тін – жібек арқау үзілместен жал­ғанып жиырмасыншы ғасырға жет­кен. “Жалғанып” дедік. Енде­ше, бағзыдан келе жатқан баба жыр-дәстүр, алтын арқаудың келесі жас ұрпаққа көшер, жалғанар тұсы бол­ғаны. Бұл өзі “Олимпияда отын” көтеріп жүгірген желта­бан­ның қо­лындағы мәңгілік алауды өшіріп алмай келесі желтабан жүйрікке тапсыру сәтін елестетеді. Талантты шәкіртке тарлан ұстаздың кездесу тұсы. Немесе, жыраулық өнердің жалғануы. Жыраулар тағдырында ол бір өмірге қайта келгендей таң­ғажайып сәт. Оны тек бастан кеш­кен біледі. Өйткені, ол – шәкірт­тің анадан қайта туғандай ақын болып оянар сәті. Санасына ұлы өнер жарқ еткізіп сәуле шашып жарықтандырып, жан дүниесін астан-кестең еткен сәті. Ол әсерді сөзбен жеткізу қиын. Сезімтал ба­ла бастан кешкен мұндай сәт адам санасына өшпес із, тозбас таңба салады. Бал­ғын жастың болашақ тағдыр арнасын өзгертеді. Мұны балауса шағында ұлы жырау өне­рімен жүздескен жан ұға алады. Сондай күйді бала Жамбыл да жасы он үштен аса бере бастан кеш­кен. Алатау бөктерінде Сәтім­бай жай­лауында отырған өз ауы­лында ұлы жырау Сүйінбаймен жүздескен. Жапаның үйінде оты­рып ұлы жы­рау қаумалаған халық алдында со­ны бір мақаммен соны бір дастан­ды бастайды. Бұған дейін ауыл арасы әнші, күйші, жыршыларды талай тыңдап жүрген Жамбыл бала үшін бұл мақам, бұл толғаудың аяқ алысы бөлек, бір тосын да тылсым жыр әлемі бол­ғаны анық.

Бастайын Көрұғлының хиқаятын,

Түрікмен Текежәуміт дейді затын.

Әкесі Көрұғлының Раушанбек,

Толыбай арғы атасы аталатын– деп боздай бастаған жырау дас­тан қақпасын жұртқа соныбір қоңыр сарын, парасат сабырмен аша түседі. Сол қақпаның арғы жа­ғындағы тылсым әлемге мына қау­малаған қалың жұртты бастап ертіп жетелеп барады. Бала құлағы бұрын шалмаған қызылбастың қанқұйлы патшасы мен түріктердің текетірес заманы көз алдында іңірде пері көшкендей көлбеңдеп өре бастады. Жырау көмейінен өрбіген кең құ­лашты зор күңіреніс алыс заманның ащы шындығын тірілтіп, пияз қа­бы­ғындай біртіндеп арши түсті. Бұл күңіреніс, зор күңіреніс бейнебір ұмыт қалған бағзы дәуір бабалар гөй-гөйі. Парасатты. Сабырлы. Те­рең толғаулы. Сол үн, күңіренген көне үн жыраудың тәңір дарытқан таңдайы арқасында алыстан ға­сырлар қойнауынан оянып, күмбір­леп бүгінгі тірі құлаққа талып же­теді. Жамбылдың бала құлағы ұлы жыраудың көмейінен көне мақам­мен өрілген түйдек-түйдек шумақ­тарды қомағайлана қылғытады. Та­биғаты сирек алтын сөз. Асыл жақұт, маржан сөз. Бірін шашпай, шашау жібермей теріп отыр. Жырау толғауымен сол сөздерден құралып кең тынысты батырлық дастанның оқиғасы да өріліп барады. Өрілген сайын елге қалқан болам деген жас батырды қатал заманның қатыгез тағ­дыры біресе отқа, біресе суға са­­лады. Шыңдап ширатады. Сүйінбай жыраудың “Қөрұғлыны” айтқан­дағы мақамы қандай десеңші! Кісіні естен тандырады. Көне түркілердің көмей толғауы. Кейде ботадай боз­дап желіп отырады. Кейде қайқаң қағып көкке қыранша самғайды. Биіктен сорғалайды. Құлақтан кіріп бойды алады. Сана сезіміңді сол­қыл­датады. Сондықтан да сиқырлы, соны. Бала Жамбылдың санасын матап, шырмап, баурады. Тыңдаған сайын ұстаз тұлғасы көз алдыңда биіктеп, қол жетпес құдірет иесіне айналып барады. Айберен аруақта­нып, айшықталып түседі. Жырау барған сайын арқаланып, көз жа­нары шақпақтай жарқылдап арсы-гүрсі өркештеніп барады. Батыр жау­ға шапқанда өзі де қалың қа­мыс­қа тиген өрттей қаулап дүріл­дейді. Батыр жаумен жағаласқанда бейнебір қарсы келген жаумен өзі бетбе-бет келгендей өршеленіп, екіленеді. Не болар екен деп оны тыңдап отырған жұрттың зәресі ұшады. Ал бала Жамбыл болса көз ша­расы ұлғайып Қөрұғлының қа­сында қан майданда бейне өзі жүргендей ширығып алған. Ұлы дас­тан таң сарғайып, тау иығынан жылтырап күн сығалағанша толас тап­пады. Соған дейін ана құша­ғындағы сәбилер болмаса киіз үйдің туырлығын түріп қаумалаған қалың жұрт кірпік ілген жоқ. Әсіресе, бала Жамбыл әрі-сәрі. Ұлы өнер сый­лаған ұлы бақыттан есі шығып есеңгіреп қалған. Ұлы жырау толға­ған ұлы дастан әсерінен шыға алар емес. Бала Жамбыл ол әсерден ғұ­мыр бойы шыға алмасын ол сәт аңғарған жоқ. Бұдан былай Сүйін­байға сыйынбай сөз сөйлемейтінін түйсінген. Бұл кездесуден кейін бала Жамбыл ұлы жыраудың жа­нынан қарыс қадам қалған жоқ. Баланың айтқыштық талантын аң­ғарған ұлағатты ұстаз да ақ батасын беріп, Жамбылды шәкіртім деп жариялады. Шәкірт баланың төбесі көкке жетті. Осы күннен бастап ұс­тазы табылған Жамбыл бала ұлы өнер айдынына шындап құлаш ұрды. Жыраудың атқосшысы болып ел аралады. Сүйінбай айтатын жыр жалғыз “Көрұғлы” емес екен. Ай­лап айтса да таусылмайтын айдын шалқар көл екен. “Мың бір түн”, “Шахнаме”, “Манас”, “Ләйлі-Мәж­нүн”, “Тотыкамал”, “Сейтт­баттал”, “Қыз Жібек”, “Орақ-Мамай”, “Едіге”, “Шора батыр”, “Қабанбай”, “Бөгенбай” “Ерназар – Бекет”, “Садыр патша – Жам­был патша”, “Өтеген батыр”, “Сұ­раншы батыр”. Осылай жыраудың жыр қоры тізіліп кете береді. Бала Жамбыл осы жырларды құлағына құя берді. Жаттай берді. Жаттаған сайын өресі де, өрісі де кеңейе бер­ді. Жас Жамбыл қиядағы ұясында қанатын қомдаған бала қырандай. Қанаты қатайып, күні келгенде шаң­қылдап жыр көгіне көтерілді. Тау қыранының дауысы алысқа жетті. Ұяда көрген тәлімі жыр до­дас­ында жебеді. Қолтығынан де­меді. Шаршы топқа түскенде ша­лыс қадамнан сақтады. Ақын деп аузыңа қараған қарақұрым ха­лықпен бетбе-бет қалудың өзі қатал сын – қылкөпір екен. Ол көпір үстінде сен жан-жақтан, төменнен қадалған мың сан көз ұшында жал­ғызсың. Әр қимыл, әр қадамыңды қалт жібермей қадалған көздер. Табаның тайды екен, құладым дей бер дозақ отына. қылкөпірден қаз-қаз басып, сиынған пірің жар бо­лып, аман-есен өттің екен... алдың­да абырой, атақ, даңқ күтіп тұр... Жыраудың жәннат бағы... Халық алдына шыққан сайын немесе мың сан назар ұшында осынау қыл­көпірге көтерілген сайын Жамбыл жырау да шыңдалып өнер шыңына көтеріле түсті. Тіптен бұл өнердің еш ұстаз айта алмайтын қырық қат­пар қыр-сырына қанықты. Мыса­лы, жырдағы батыр ол, ең алдымен, мына қаумалаған жұрт сенімінен шығуы тиіс. Ол отқа салса күй­меу­ге, суға салса батпауға тиіс. Қорқу дегенді білмеуге тиіс. Бір өзі он емес, жүз кісі қарсы келсе де қоға­дай жапырып, қырып салуға тиіс. Ол пендешіліктен ада. Халық үшін туып, халық үшін қажет болса өлуге тиіс. Батырдың сүйгені міндетті түрде ақылға дана ару жар. Жалпы қазақ түсінігіндегі әйелге тән жақ­сылықтың, жақсы қасиеттің бәрі батыр сүйген қыздың бір бойынан табылуы керек. Батырлық дастан­ның талабы осы. Өйткені, жырау алдында отырған бозбала – батыр­дан үлгі алуы керек, қыз бала батыр сүйген қыздан үлгі алуы керек. Тың­дарман талабы осы. Мінеки, сон­дықтан да батыр мен оның сүй­генінің бойында да, ойында да мін болмауы керек. Мін байқалар бол­са, оны жырау дереу қырнап, жо­нып-жөндеп тыңдарманға әдемілеп жеткізуі керек. Оқиға желісін де әр айтушы жырау осылай өзінше да­мытып отырады. Осындай әр жы­рау­дың сүргісінен өткен жырда қырнала-қырнала мін қалмайды. Тап-таза, жалт-жұлт еткен жауһарға айналады. Тыңдарманға керегі осы. Тыңдарман жырауды да жағымды кейіпкерлер көтерілген кісілік биік­тен көргісі келеді. Ол оңай талап емес. Нәтижесінде, жырау өзі қол­дан қашап жасаған батырларға, даналарға тартпай тұра алмайды. Ерлік, мәрттік, тектілікті жырлап, жағы талмай насихаттай бергеннен кейін келе-келе жыраудың өзі де трансформацияланып, өзі наси­хаттап отырған ержүрек батырларға тарта бастайды. Егер жұрт алдында жырау өзі насихаттап отырған ер­лерге емес, ездерге ұқсап отырар болса, оның сөзінде пәтуа болмай далаға кетіп, оған жан сенбес еді. Осы тұста бір тойда өзіміз көрген бір эпизод еске түседі. Марқұм си­рек талант иесі Қаламқас Орашева сол тойда сұңғыла жырау Н.Байға­ниннің “Нарқыз” дастанынан үзінді жырлады. Батыр қызды жырлаған жырау қызымыз Қаламқас сахнада тіпті екіленіп, аруақтанып кетті. Біздің көз алдымызда қайраты бой­ға сыймай тасып, жай отындай жар­­қылдап бейне батыр қыз Нар­қыз­дың өзі отырғандай көрінді. Жыр аяқтала салысымен арынын баса алмаған Қаламқас сыртқа шық­ты. Мен де сыртқа шықтым. Жыр­­шы­ны тамаша өнерімен құт­тықтадым. Сөйтсем, Қаламқас бейне аламан шабыстан тұяғы қызған бәйге атын­дай арынын баса алмай екі иығы­нан дем алып тұр екен. Әлі өз-өзіне келе алмай тұр екен. Осы сәт жы­рау қыз маған арқалы жандай көрінді. Осындай транформация болмаса, яғни жырау жұрт алдында бір мезет өз-өзін ұмытып, дастан кейіпкеріне айналып кетпесе өнері тыңдарман қауымды құрықтар құді­рет-күшке айналар ма еді? Әй, қайдам.

Яғни, жырау жұрт алдында, мез­гіл алдында батырды сомдау­шы. Батырдың мәңгілік бейнесін гра­ниттен қашаушы, мүсінші. Тек қана қашап қоймай, ол бейнеге “үп” деп үрлеп дем салып жан бе­руші. Жасымас жігер, қайтпас қай­рат беруші. Жыраудың жанар­тау жүрек оты, тасыған күрескер­лік қайрат-қуаты түгел жыр арқы­лы батырдың бойына көшеді. Жырдағы батыр әсіре ардақталып дәріптеледі. Демек, жырау кім десек, ол – дастандар арқылы біз­ге жеткен батырлар мен сұлулар­дың атасы. Жырауларды сондық­тан халқымыз олардың өздері жыр­­лаған батырлардан кем қас­тер­ле­меген. Бүйтіп яғни, өзі айт­қан жырымен бірге өсіп, бірге өну, елге тұтқа болған батырлар­мен бірге туып, бірге өлу барлық жыраулар өткен мектеп. Міндетті рухани мектеп. Сол мектептен өт­кен жырау сөзсіз өз дәуірінің абы­зы. Сондықтан да Сыпыра жырау, Асан қайғы, Бұхар жыраулар өз заманында сөздеріне хандар тоқта­ған тарихи тұлғалар болған. Бұл дәстүр жаңғырығы Жамбылдың жыраулық өнері шарықтаған 19 ғасырға да жетті. Бірақ, жырауы қал­са да, хандары мен билері жоқ, оның орнын орыс ояздары басқан, ел еңсесін отарлық езген зар заман еді ол. Жыраудың балалық шағы тек қана орыс озбырлығы емес, Қо­қан тепкісін де көрген жүрегі қаяу­лы қалың жұрттың арасында өтті. Басқыншылармен арыстандай алысқан Сұраншы бастаған қазақ батырларын Жамбыл көзбен көрді. Отансүйгіштік, күрескерлік, ұлт азаттық ұрандарын өз құлағымен естіді. Ол ұрандар жырға айналып, халықтың жігерін жанып, жүрек­терде отаншылдық отын жақты. Кешегі бала Жамбыл енді күрескер дана Жамбылға айналды. Оны “Сұраншы батырдағы” мына жыр жолдарынан оқимыз. Жетісуды ба­сып алған Қоқан ханы Құдиярдың 20 мың әскеріне небәрі 300 сар­базбен қарсы шыққан Сұраншының майдан алдында жігіттерге жігер беріп айтқан сөзі:

Батыр туған жігітке

Шабатын жаудың көбі жоқ.

Суырып қылыш ат қойсаң

Қарсы тұрар бірі жоқ.

Еңкілдеген шал анау,

Шырылдаған бала анау.

Қуыршақ болған жауыңа

Келіншек пен қыз анау.

Көзім тірі тұрғанда

Қорлыққа қалай көнейін?!

Жауым көп деп жасқансаң

Сендерді дос демеймін.

Қашар болсаң қырамын,

Кетпейсің тірі біреуің.

Ел үшін жанды қимасаң

Ер деп қалай сенейін.

Ақ сүт берген анам – ел!

Үлгі берген атам ел.

Халық үшін мен лақ,

Жау қолында өлейін.

“Жау қолында өлейін” дейді Жамбыл. Батырдың да, ақынның да сөзі осы. Оны тыңдап отырған қара­құрым халықтың да сөзі осы. Жырау тек қана жыр жырлап отыр­ған жоқ. Ұстаның болат балқытар гүмпілдеген көрігіне айналып отыр. Сол көрігін, жыр көрігін гүмпіл­детіп, ұста ұстаз ертеңгі ел қорғай­тын жас ұрпақты шыңдап отыр. Ал, біз болсақ, бұл мысалдан ұлт рухын шыңдайтын ұстахананы көріп отыр­­мыз. Ұстасы – жырау. Осы ұстаханада замандар бойы үзіліссіз, ұлт рухы шыңдалыпты. Жырау ал­дынан жас та, кәрі де намыс жігері жанылып, жау көрсе жолбарыстай атылуға дайын отан қорғаушылар шығыпты. Ездер ер болуға ұмты­лып, ерлер арыстандай азуын айға білепті. Осылайша, бұл ұстаханада қазақтың ел мен жер дегенде өре түрегелер өршіл рухы шыңдалыпты. Ол ұстахананың маңдай тері сор­ғалап балға ұстаған ұстасы – жы­рау, ұлттық рухтың ұстазы.

Күлдір де күлдір кісінетіп,

Күреңді мінер ме екенбіз.

Қоңыраулы найза қолға алып,

Қоңыр салқын төске алып,

Қол төңкерер ме екенбіз.

Жалаулы найза қолға алып,

Жау қашырар ма екенбіз! — деп арындаған Ақтамберді жырау қар­тайып, өлер шағында “Бар арма­ным айтайын, батырларша жорық­та, өлмедім оқтан қайтейін!” деп аһ ұрған. Жыраулар мұрасына қалай көз жүгіртсеңіз де бұрқ-сарқ қай­наған батырлық рухқа кездесесіз.

Айналайын Ақ Жайық,

Ат салмай өтер күн қайда...

Күмбір күмбір кісінетіп,

Күреңді мінер күн қайда...

Алты құлаш ақ найза,

Ұсынып шаншар күн қайда...

Бұл Доспанбет жыраудың арма­ны. Ерлік пен елдік жыраулардың төбеге көтерер туы болыпты. Тың­даған құлақты ұйытқан жыраулар, қазіргі тілмен айтқанда, халық идеологтары болыпты. Сондық­тан да Бірінші Дүниежүзілік со­ғыс тұсында Ақ патша Мекалай­дың жергілікті әкімдері Алматыға ақын­дарды жинап, патша саяса­тын жырлаңдар деп қолқа салады. Сол жиында болған Жамбыл:

“Үгіт айтып, патшаны мақта” деді,

“Болып жатқан соғысты жақта” деді.

“Одан басқа жырыңды айтпа” деді – деп мәлімет береді .

Жамбыл Мекалайды мақта­мақ тұрмақ, оған қарсы көтеріл­ген 16 жылғы ұлт-азаттық қозға­лысын қолдап кеткен. Ел басына күн туған алмағайып тұста хал­қымен бірге болған. Отан қорғау тақырыбы Әке ретінде жүрегі сүйікті ұлы Алғадайдың екінші Дүниежүзілік соғысқа аттануына қарсы болса да, Жамбыл жырау ретінде ол баласының батыр­ларша жауға аттануын қолдаған. Оған мына сөздері куә.

Атаңнан бата ал, балам,

Арғымақ атқа мін, балам,

Ақ сақалым желбіреп,

Артыңнан қарап мен қалам.

Ел қорғаған ерлерді ғұмыр бойы жырлап келген абыз ақын ел қорғаудан қасиетті ештеме жоқ екенін білетін ежелгі жыраулық дәстүрді аттай алмаған. Алайда, болашақ­ты болжайтын кәрі абыз­дың жүрегі бір жаманатты сезсе керек. “Ста­линге сәлем айт, Ал­ға­да­йым­ды қайтарсын!” деп сол кездегі Қа­зақстан басшысының алдына барады. “Жәке-ау, Ста­лин маған “Менің де балам со­ғыс­та жүр ғой!” десе, не болдым!” деп ол шарасыздық танытады. Жырдың алыбы болса да сол кездегі қатаң сталиндік саясатқа сөзін өткізе алмаған Жәкең ауылға жабығып қайтады.

Ақыры, кәрі жүректің күдігі шындыққа айналып, майданнан “Алғадайдан айырылдық!” деген қаралы хабар келеді. Жүзге таяған шағында абыз Жәкең ботасы өлген аруанадай боздап қалады.

Мінген атым сұр бөрте,

Алғадайды алдың еп-ерте.

Мен жыламай кім жылайды,

Жал-құйрығым кеп-келте.

Алатауды айналсам,

Алғадайды табам ба?

Сарыарқаны сандалсам,

Саңлағымды табам ба?

Алғадайдан айырылу абызды титықтатып кетеді. Араға жыл салып өмірден өзі де өтеді. Киіз үйде өмірге келіп, өмірінің денін киіз үйде өткізген ұлы абыз сол түні ауладағы киіз үйінде түнейді. Таң ата аяқ жақ тұсында жатқан пірі – қызыл жолбарысты көреді. Қызыл жолбарыс орнынан тұ­рып, ашық тұрған есіктен шығып кетеді. Жамбыл үш рет айғай­лайды, бірақ жолбарыс қайтпай­ды, Алатауға өрмелеп кете ба­рады. Жүрегі қалтыраған ақын ата бұны өзінше жориды. Бес уақыт намазын қаза қылмаған ұлы ақын дереу кәлимасын қайы­рып, дұға оқиды. Ағайын жұртты шақырып, әлгінде ғана қызыл жол­барыстың бұны тастап кет­кенін айтады. Жарық дүниемен қоштасар күні таяғанын жария­лайды. Босаңсыған келін-кеп­шікке басу айтады. Сүйегімді осы киіз үй тұрған аулаға қоярсыздар деп өсиет етеді.

Араға аз ғана күн салып, алып­­­тың тоқсан тоғыз жыл соқ­қан жүрегі мәңгілік тыншым табады.

Тарихтың бұл тұсы, Жамбыл­дың дүниеден өткен тұсы, өткен ғасырдың алғашқы жартысы Еуразия даласында әлімсақтан өркен жайып келе жатқан көш­пелілер өркениетінің де тарих сах­насынан көшіп жатқан тұсы еді. Ұлы далада әлімсақтан сәні бұзылмай, тырнадай тізілген көш­пелілер көші отызыншы жыл­дарда орын алған озбыр­лық­тан ойраны шығып жатты. Ол тұрмыспен бірге сол мәдениеттің жыраулық тәрізді төлтума өнері де тұншықтырылды. Қудаланды. Немесе олар жырлап келген дас­тандарға тыйым салынды. Сөй­тіп, ауыз әдебиетінің соңғы дүл­дүлі Жамбылмен бірге көз жетпес кө­не дәуірден өткен ғасырға де­йін жеткен көшпелі өркениеттің ұлы өнері — ауыз әдебиеті де тарих сах­насынан көшті.

Тоталитарлық жүйе жыраулық өнерге қанша теріс қарағанымен, ол өнер тып-типыл тіл тартып кете қоймады. Халық жадында сақталды. Немесе бүгінгі күнге кешегі дүлдүлдер дүбірінің жаң­ғырығы болып жетті. Тәуелсіздік таңымен бірге жыраулық өнер де қайта жандана бастады. Алайда, бұл өнердің болашағы ойлантады. “Елу жылда ел жаңа” демекші, тыңдаушы құлақ өзгеріп кеткен еді. Өйткені, жыраулық өнер тұн­шықтырылған соңғы жарты ғасырда өмірге жаңа ұрпақ, жас ұрпақ келді. Бұл өнер үнін құлағы шалмаған ұрпақ келді. Жырау­лардың алдын көрмей өскен ұр­пақ, өкінішке орай, ұлттың ке­шегі өткен ұлы эпикалық рухы­нан сусындай алмай өскен ұрпақ. Сол сескентеді. Ұлы дала рухын, сол даланың өзіндей дархан қазақ рухын, көшпелілердің ерлікке толы эпикалық болмысын жырау өнеріндей бере алатын өзге өнер кем де кем. Ұлттық рухтың атам­заманнан келе жатқан алтын тінінің ұшы жыраулық өнерде. Содан айырылып қаламыз ба деген күдік мазалайды.

Жыл сайын ақпан айында жыр дүлдүлі өмірге келген күні Жамбыл мұражайына жинала­мыз. Ауыз әдебиеті алыбының рухына тағзым етеміз. Жамбылға тағзым, сондай-ақ, “ауыз әде­биеті” атты алыпқа тағзым еді. Кешегі күнге дейін алашты алаш еткен, қазақты қазақ еткен қай­таланбас ұлан-ғайыр ұлы өнерге тағзым еді.



Авторы: Смағұл ЕЛУБАЙ.