Мәдени мұра    Ұлттық жобаӨткенді қастерлеу арқылы, болашағымызды баянды етеміз
  • Facebook
  • Twitter
  • Лента на Youtube
 

Мақала мен басылымдар

Басты бет - Материалдар - Мақала мен басылымдар - Халықтың асыл мұрасы жинақталған ірі кітапханада жаңа жобалар мол

Халықтың асыл мұрасы жинақталған ірі кітапханада жаңа жобалар мол

Сейсенбі, 18 сәуір 2006Қазақстан ғылымы мен білі­мінің және мәдениетінің көкжиегін кеңейтуге ауқымды үлес қосып жүрген республикадағы ең ірі орталық – ҚР Ұлттық кітапхана­сында өткен сенбіде Мәдениет, ақпарат және спорт министрі Ермұхамет Ертісбаев болып, кітапхана жұмысымен танысты.

Өткен жылы 95 жылды­ғын атап өткен Ұлттық кітапхана­ның сирек кездесетін кітаптар мен қол­жазбалар қорында тарих пен мәдениеттің, қолжазба және баспа ескерткіштерінің 25 мың асыл мұрасы жинақталған. Атап айтқан­да, ЮНЕСКО-ның “Әлем жады” бағдарламасы бойынша халық­аралық реестрге енген Ахмет Ясауидің және оның шәкірті Сүлеймен Бақырғанидің жазба мұралары және Фирдоусидің “Шахнамасының” шағатай тіліндегі қолжазба кітабы, ортағасырлық парсы ақыны Әбдірахман Жәмидің қолжазба кітабы сияқты құнды дүниелер мол.Сонымен қатар, мұнда славян және XVІІІ-XІX ғасырлардағы корей кітаптарының жинақтары, Абай Құнанбаев, Шоқан Уәлиха­нов, Ыбырай Алтынсарин сияқты қазақ халқының ірі ақындары мен ғалымдарының, ағартушыларының ең алғашқы басылымдары, Шә­кәрім Құдайбердиевтің қолжаз­басы, 1913-1918 жылдары Орынбор қаласында жарық көрген “Қазақ” газеті, Алтын Орда хандары мен Рим папаларының арасында жазылған елшілік хаттардың көшірмелері де сақталған.Көпшілікке белгілі, Ұлттық кітапхана “Мәдени мұра” мемле­кет­тік бағдарламасын жүзеге асы­руда дәйектілікпен еңбек етуде. Соған орай, “Мәдени мұра” мемле­кеттік бағдарламасының “Мұрағат және кітапхана ісі”, “Мәдениет­тану” секцияларының іс-шарала­рын іске асыруға тікелей қатысуда. Мәселен, “Заманға заман жалға­сып” атты теледидар бағдарламасы топтамасы, қазіргі қазақ драматур­гиясы, әңгіме, эссе жарыстарын өткізу, “Айт” көркем-сын журналы, “Көрші” біріккен қазақ-қытай журналы және “Рух-Мирас” мәдениеттану альманахы жөнінде атап айтуға болады.Мәдениет, ақпарат және спорт министрі Ермұхамет Ертісбаев Ұлттық кітапхана ұжымымен кездесу кезінде мұндағы оңды және іргелі өзгерістермен қатар, әсіресе, ірі жобаларға да баса назар аударды. 1991 жылдан бастап Ұлт­тық кітапханада “Қазақстан туралы” бірегей жаңашыл элек­тронды кітапхана жобасы жүзеге асырылуда. Қазақстан кітапханала­рының ортақ компьютерлік жүйеге кіру жұмысы басқарылып, кітап­ханааралық электронды абонемент арқылы құжаттардың электронды нұсқасын оқырмандарға жеткізу жұмыстарының кеңінен пайдала­нылуы құптарлық жәйт.– Өткен он екі жылда кітапханадағы өзгеріс мол, менің өзім мұнда қазір ойлап отырсам, ең соңғы рет 1994 жылы болыппын. Бір таңғаларлығы, білім мен рухани қазына орталығындағы жаңалық­тарға жан сүйсінеді. Әлі есімде, студент кезімізде курс жұмысын дайындау үшін бірқатар қиын­дықты бастан кешіретінбіз. Ал енді қазіргі жоғары деңгейге шын мәнісінде таңғалмасқа болмайды. Кітапханаға күн сайын үш мыңға жуық оқырманның келуі еліміздегі білім сапасын, оған деген көпшілік құштарлығын айқын көрсетеді. Сонау 1994 жылы оқу залынан небәрі үш-төрт адамды ғана көруге болатын. Тіпті кейбір шенеуніктер кітапхананы жабу жөнінде де ұсыныс жасаған еді.Бірақ сондай қиын да күрделі кезеңнің өзінде Елбасы елдегі ре­фор­маның нәтижелілігіне сене­тіндігін ашып айтқан-ды. Шын мәнісінде де өткен уақытта, біздер, бірқатар табыстарға қол жеткіздік. Бүгінде Қазақстан мәдениетке деген бюджеттік қаржыландыру бойынша ТМД елдерінде алғашқы орындар­дың бірін иеленуде. Бұл бюджетті алдағы уақытта ұлғайту мүмкіндігі бар, – деді Мәдениет, ақпарат және спорт министрі Ермұхамет Ертіс­баев өз ойын ортаға салып.Шын мәнісінде де орталықтың жұмысын одан әрі жетілдірудегі ізденіс пен іскерлік айқын аңғары­луда. Қазақстандағы шет мемле­кеттер елшіліктері, шетелдердегі ұлттық кітапханалардың тікелей көмегімен оқырмандарға қызмет көрсету орталықтарының және Қытай мәдениеті орталығы, Иран және Орталық Азия мәдениетін зерттеу орталығы ашылуының маңыздылығы орасан. Жаңа жобалар одан әрі өрістетілуде, алдағы уақытта Түркия мәдениеті, Ресей зерттеулері, ағылшын тілді елдердің мәдениеті орталығын ашу туралы келісімдер де жасалды.Биылғы жылы Қытай ұлттық кітапханасында республика хал­қының тарихын, мәдениетін, салт-дәстүрін насихаттау, таныстыру мақсатында Қазақстан мәдениеті орталығын ашу жоспарлануда.Ұлттық кітапхананың дирек­торы Мұрат Әуезов министрмен әң­гіме кезінде, сонымен қатар өте си­рек кездесетін ескі қолжаз­балар­дың көпшілігі жекелеген адамдар қолында сақталып отыр­ған­дығы жөнінде алаңдаушылық білдірді. Жеке кітапханасындағы бірнеше мың том кітаптың бір бөлігін Пре­зидент Әкімшілігі кітапхана­сына сыйға тартқан министр БАҚ өкіл­дерімен пікір алмасу кезінде өзінің Абай, Толстой және Диккенс шы­ғар­ма­ларын сүйіп оқитындығын да ашып айтты. Кітапхананың көп­теген залдарын, мәдени орталықта­рын аралап көрген министрдің пікірінше, ұлттық кітапхана – республикадағы ең басты кітапхана болып қала бермек.Сонымен, білім мен рухани қазына орталығындағы игілікті шаралар одан әрі өрістей түспек.Алматы.Суретті түсірген  Юрий БЕККЕР.

Авторы: Бақыт БАЛҒАРИНА.