2011, Қазақстан Республикасы Мәдениет министрлігі
Оның халықтық дәстүрлі өнерден өрісі мен өңі өзгешелеу болғандықтан, бұл екеуінің әуелгіде бір-бірімен өзара шапшаң үндесіп, ішкі қатпарларының қабыса жымдасуы көңілге күдік ұялатқаны рас. Ал енді бүгінде классикалық қойылымдардан ерекше үні басым бұл дүние арқылы тың жанрдың жалауы көтеріліп, жалпы қазақ ұлттық операсы болмыс-бітімінің тұтас қалпында айқындала түсуі әлгіндей жаңсақ пікірлерді мүлде ығыстырып тастағандай. Қайта керісінше, халықтық қазына өзгеше өнер үлгісінде көрікті жайлауын кеңейтіп, бағзы замандағы бабалар сазы бөлек сарында жанды жақұт сезімдермен нұрландыра түскендей. “Қыз Жібек” операсындағы жеке орындалатын әуендер мен хормен шырқалатын дүниенің қай-қайсысын алсаңыз да кәдімгі төл қайнардан атқылаған тұнық бастаулар екені әрі бөгденің еншісіне қиылмас қымбат қыры айқын аңғарылады. Әттең, бірақ бұл салада ұлттық бояуы қанық дүниелер әлі де жетісе бермейді. Шетел классиктерін сахналау үлкен жетістік болып есептелетін шығар, ал енді өмірге әз халқыңның өзегін жарып шыққан өрттей ыстық рухани төл перзентін әкелудің орны әманда биік тұрмақ. Осы тұрғыдан “Қыз Жібек” операсын бұрынғы кезінен түрлендіріп, декорациясын, музыкасын байытып, биін әбден жетілдіріп жұрт назарына ұсынуды үзілмес үрдіс деп тану керек. Өнерге үнемі биікке қарай қол созу мен жұрт талғамын ескере ұдайы ізденіспен ілгері басу тән емес пе. Құрамы өнердің жас өкілдерімен толыға бастаған театр бұл жағынан соңғы кездері айтарлықтай жетістіктерге кенеліп келеді. Оған кәнігі өнер иелерінің қосып жүрген үлесі өз алдына бір төбе. Мәселен, “Қыз Жібектің” қоюшы режиссері Халық қаһарманы, КСРО халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Әзірбайжан Мәмбетов, дирижері “Құрмет” орденінің иегері Абзал Мұхитдинов, балетмейстері Тұрсынбек Нұрқалиев, хормейстері Ержан Дәуітов сияқты өнер саңлақтары десек, махаббат туралы туындыға өнердің неше бір әсем түрі мүлтіксіз сіңіп, алуан жанрды ортақ мақсатқа жұмылдыруға қанша күш-қайрат жұмсалғанын бағамдау онша қиын емес сияқты. Бұл жерде жалғыз жанның емес, жалпы жан-жақтан жабыла көтеріскен көптің көл-көсір үні естіледі.Опера шымылдығы ашылған тұсынан сұлу өрнекке еріксіз тұсалып, аққулар жүзген айдынға құмарта көз тігесіз. Сахнадағы сан алуан бояу ұлттық нақышты шынайы қалпында жеткізе білді. Әсіресе кей оқиғаның би арқылы өрнектелуі оның көркемдік деңгейін жоғары көтере түскен деуге болады. Балет тобының бұл ретте өз міндетін мінсіз орындап шыққаны күмән туғызбайды. Әртістер киімінің әр оқиға тұсында өзгеріп отыруы мен айтылар ойды көркем детальдар арқылы шеберлікпен бере білуі сияқты айта берсең көңіл көншітер салиқалы тұстар аз емес. Ол – осыған дейінгі көп көзіне әбден жаттанды болып қалған ескі нұсқалардан мүлде бөтен рухтағы дүние. Тек астаналық театрдың нәрімен құнарланған, қай кезде де өзгелерден осы көркемдігімен, сырлы сазымен ерекшеленер тың үлгі. Біреулерге ондағы басты кейіпкерлерді сомдаған әртістердің драмалық деңгейі төмен болып көрінуі ғажап емес. Себебі, Жібекті сомдаған Жәмила Жарқымбаева мен Төлеген рөліндегі Жан Тапин – есімдері көпке кең тарай қоймаған, шыңдалуы мен шырқауы әлі алда деп күтілген жастар. Ал, Бекежан мен Шегенің рөліндегі Жанат Шыбықбаев пен Қияқбай Асамбаевқа келсек, осы салада көптен бері тер төгіп келе жатқан олардың өз кәсібіне төселген жандар екені сахнада еркін көсілуі мен кең диапазонды үндерінен байқалады. Осы жерде Қамқа мен Қарлығаш бейнелерін сомдаған Қазақстанның халық әртісі Қорлан Қалиламбекова мен Роза Сағындықованың да кейіпкер табиғатын жарқыратып ашудағы еңбектері елеулі болды.Көпшілік қос ғашықтың әсем үні мен көркем келбетіне сүйсініп, махаббаттың мәңгілік жырын осы екеуінің мөлдір сезімі мен асқақ үнінен табуы тиіс еді. “Әттеген-ай” дегізетіні – операда сол негізгі қос үн басқалардың көлеңкесінде көрінбей қалып қойғандай болды. Төлегеннің рөліне әртісті тек дауысына қарай таңдау жеткіліксіз. Келешекте адамның сыртқы келбеті де сол есімге сай келіп жатса, құба-құп болар еді. К.Байсейітова атындағы республикалық әншілер байқауының лауреаты Жан Тапиннің үніне тағар кінәміз жоқ, бірақ та Төлегенді сомдар әртістің сырт тұлғасы да кейіпкер бейнесіне үйлессе дейміз. Және де бұл жәй қосалқы кейіпкер болса, бір сәрі. Жұрт сахнадан әуелі өзінің сүйікті бейнесін іздейді. Егер онда сыртқы пішін мен үн тең болмай, бір жағы сәл олқы соғып тұрса, көрермен көңілін құлазытпай ма? Оның үстіне әншінің ана тіліміздің әуезділік әлеміне әлі де тереңдей алмай жатқаны көрініп-ақ тұр.Көңілге кірбің келтірген көріністің бірі –Төлегеннің әкесінен бата сұрайтын сәті. Сол тұста театр залындағы жұртшылықтың сескене қалғаны, кейбіреулердің тіпті: “Қайтеді-ей?!” дегендей сөздерді дауыстап та айтып жібергені ерекше есте қалды. Ол заман тұрмақ, бұл заманда да баланың әкеге қарсы қол көтергені келісімсіз. Жоқ, келісімсіз емес-ау, кешірімсіз. Ал мына сахнада Төлеген әкесі Базарбайдың өзіне қамшы сілтенген қолын қарыстыра ұстап, бірте-бірте кері серпіп те жібереді. Қайраты қайтқан қарт сылқ түскен күйі өз ордасына еніп кетеді… Өнер шарттылығы, сахна эстетикасы тұрғысынан қарағанда, Төлегеннің әке шешіміне қарсы тұруының өзі де әбден жетіп жатыр емес пе? “Қыз Жібек” операсын халқымыздың небір асыл рухани құндылығы тоғысқан, ежелгі дәстүрлі жанры мен классикалық үлгісі қатар өрілген, ұлттық өрнек пен заманауи бояу ұштасқан ең үздік үлгі ретінде тану керек десек, әлгіндей кемшіліктер оған нұқсан келтіріп қана қоймайды, әрі қарай толыса түсуін де тежейді. Ол мәдени өмірдің заңғар биігінен көрінуі үшін мұндай кем-кетіктен бойын тазартып, мөлдір махаббат иелерінің жасампаз бейнесін жұрт санасына қылаусыз қондырып, қатесіз қалыпта ұялатса деп тілейміз. Шынайылық тұрғысынан келгенде, бізге мұнан гөрі Бекежан бейнесі әлдеқайда көкейге қонымды көрінген. Әртістің зор, өктем үні қимыл-әрекетіне сай келіп тұр. Оның ауызекі жай айтқан сөзінің соңы жұтылып қалмай ап-айқын шығып отырды.Қай нәрсе де өмірде арнасына ақырындап түспей ме? Жас ұжымның аз уақытта репертуарын шетел классикасымен қоса төл опералармен де байыта бастауының өзі айтарлықтай табыс екені даусыз. Осы үлгі үзілмей, негізгі күш-қажыр ұлттық рухтағы дүниелерді сахна төріне оздыруға бағытталса, Жібек пен Төлеген бейнелерін сомдауға лайық таланттар неге өсіп шықпасын.
Авторы: Қарашаш ТОҚСАНБАЙ.