2011, Қазақстан Республикасы Мәдениет министрлігі
Көрмеге ХІV-ХІХ ғ.ғ қолданбалы қолөнер және ХІХ-ХХ ғасырдағы белгілі қылқалам шеберлерінің туындылары қойылған.
Ондағы негізгі жәдігерлер ағаштан, теріден, жүннен, жезден, күмістен және темірден жасалыпты. Зергерлік бұйымдардан: өңіржиек, алқа, тұмар, сырға мен сақиналар, түрлі білезіктер көздің жауын алса, батырлардың киімдері мен қару-жарақтары, шоқпарлар көненің көзіндей төрден орын алып тұр. Сондай-ақ,“Шеберлер ауылы” дайындағансегіз қанатты киіз үй де көрмені тамашалаушылардың назарын бірден аударады. Киіз үйдің ішіне ағаш шеберлері жасаған музыкалық аспаптар, алашаның көне үлгілері қойылыпты.
“Көпшілік алғашқы екі залдан қазақтың Айша Ғалымбаева, Гүлфайруз Исмаилова және Әбілхан Қастеев, Қанапия Телжанов сияқты көрнекті суретшілерінің көркемөнер туындыларымен де жақын таныс бола алады. Біз бұл суреттердің кейбірін Алматыдағы қордан, сондай-ақ жеке суретшілердің қорларынан алып отырмыз”, – деді тәуелсіздік сарайының директоры Т.Қышқашбаев. Ал экспонаттарды жинақтаушы, зергер Берік Әлібайдың айтуынша, ол бала жастан батырлардың қару-жарақтарын жинайды екен. “Алматыда студент кезімде жинақтаған түрлі қару-жарақтарымды милициялар “суық қаруды сақтағаны үшін” деп кәмпескелей жаздаған” – дейді ол күліп. Енді, міне, Берік Әлібай жинақтаған көне экспонаттар өз елімізде тұңғыш рет көрмеге қойылып отыр.
Авторы: Венера Түгелбай, ЕҰУ студенті.