2011, Қазақстан Республикасы Мәдениет министрлігі
Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев аумалы-төкпелі кезеңде Елбасы сайланып, ұлт бостандығын қауіпсіз еткен еді. Енді ұлт болмысын қалыптастырар мәдени керуеннің бас ноқтасын да өз қолына алды. Елдің рухани жорығына бағыт алған бұл сапарда қазақ тарихы мен мәдениетінің не бір қағыс қалған қырлары мен ұмыт болған сырларының анықтала түсері сөзсіз. Бұл керуен-көш қозғалысының үшжылдық та емес, бесжылдық та емес, мәңгілік екеніне сенімдіміз.“Мәдени мұра” бағдарламасы егемен еліміздің өз қолымен өсіріп шығарған ең тәтті жемісі болды.Халқымыздың “Мәдени мұра” бағдарламасынан күтері көп.“Мәдени мұра” – қазақ халқының шаңырағын ұлт дәрежесінде көтеріп тұра алар алтын бақанға айналды дейді көпшілік қандастарымыз.“Мәдени мұра” – ұлтымыздың және әлемнің даналықтарымен сусындатар кітаптар шығару, көне қалаларымызды жер астынан аршып алу, көне ескерткіштерді қалпына келтіру міндеттерін анықтап берген құжат болды дейді іскер адамдар.“Мәдени мұра” – кейбір лауазымы зор биліктілер мен басшылардың, қалталылар мен қаражатты жұмсайтындардың мәдениетке дегенде алақанын аштырмайтын құлыптың ашқышы секілді болды дейді кейбір мәдени қызметкерлер.“Мәдени мұра” – еліміздің түрлі өңірлері үшін арнайы дайындалған бағдарлама секілді деп таң қалады көпшілік таныстарым.“Мәдени мұра” – менің жаным мен болмысымның сұранысы болып шықты деп қосқым келеді мен.Осындай шаруаның соңында жүргендер бұрын қалтасы барға қол жайған тіленшілік, билігі барға бас игіш мүләйімшілдік хал кешіп келген болса, ендігі жерде бұл бағдарламаға сүйенгендер мәдени мұра жоқтаушыларының еңбегі елге қажет нәрсе екенін сездіре, міндет арта сөйлесе алар дәрежеге көтерілді.Қазақ халқы – ешкімге ұқсамайтын мәдениет пен әдебиетті мұра еткен ел. Сол ата-бабаларымыздың біздерге әдеті мен салтын ұғындырғанын, ұрпақ жүрегіне діні мен сенімін дарытқанын сезіне өмір сүру бабалар рухы алдында мойында борыш, жүректе парыз барын мойындай бастаудың, ержету мен саналы өмір сүрудің басты белгісі.“Мәдени мұра” бағдарламасы – қазақ халқын рухани азықтандырудың, “біз де ел екенбіз ғой” деп мақтаныш сезіміне бөлендірудің, ел санасын жоғары сатыға көтерудің бағдарламасы.Президентімізге сол үшін де өзімді мәңгілік борыштымын деп есептеймін.Фариза Оңғарсынова айтқандай, “Елбасы тегін адам емес!”Президентіміздің тегін адам еместігін тек қана қазақ халқы емес, дүние жүзінің елдері де мойындап болғандай. Әлемдегі ең алып елдер басшыларының қайта-қайта Астанада бас қосуы соның дәлелі секілді.23-24 мамыр күндері Елбасы Маңғыстау өңірінде болып, осы мақала авторының шаңырағына бас сұғып, дастарханынан дәм ауыз тиді. Президентпен болған сол уақыт біздің отбасымыздың қымбат сәтіне айналды. Біз ендігі жерде заты мен түрі белгісіз “уақыт” деген ғажаптың да мәдени мұраға айнала алатынына көзіміз жетті.Менің бір жасар немеремді қолына алып, “Бұ батырдың аты кім?” деп сұрады Президент. Бұл баланың аты Досан, бірақ олай деп атауға именіп, Досеке деп атаймыз, дедім. Сонда Нұрекең “Досан болғанда орыс патшасын састыратын Досан батыр ма?” деп қарсы сұрақ қойып, ел тарихына өте жетік екенін сездірген еді.Нұрекең немерелерімізге көңіл бөліп, олардың қабілеттерін байқап қарады. Немерем Жәмила Нұрсұлтан Әбішұлына арнап жазған “Қазақ халқына бақыт тілеймін!” деген өлеңімді оқып берді. Президенттің аузынан естіген “Мына бала дайын актриса ғой” деген мақтауы мүмкін оның арманына айналар. Астанадан келген жиен немерелерім: төртінші сынып оқушысы Абай домбырада күй тартып, Айман Мұсақожаеваның Музыка академиясының екінші сыныбын бітірген Арайлым пианинода Еуропа саздарын ойнап берді. Президенттің “Ойнағаның қандай саз?” деген сұрағына “Бах” деп іле жауап бергені Нұрекеңнің көңілін көтеріп тастап еді. Әңгіме тақырыбы халықтың әлеуметтік жағдайына ауысқан кезде Маңғыстау өңірінің Жары Мәтжан атты бір биінің сөзін еске алдық. Би бабамыз тіршілігінің мағынасын бір ауыз сөзге сыйғызып: “Менің көже қарнымды тойдырған бір жер бар, ол – Хорезмнің ойы, Әмударияның бойы. Менің көңіл қарынымды тойдырған бір нәр бар, ол – үлкендердің сөзі, Ермембет бидің өзі”, дейді екен. Біздің “Мәдени мұра” деп жүргеніміз сол “көңіл қарын” ғой. “Мәдени мұра” бағдарламасы – қазақ халқының қазақ болып өмір сүре алатынының кепілі!Осы бағдарлама арқасында, облыс әкімдігінің көмегімен, жақын арада Тобықты ойындағы Бекет-Атаның төртінші жер асты мешіті халықтың рухани сұранысына қызмет ете бастайтын болады.“Мәдени мұра” Маңғыстау өңірі үшін арнайы дайындалған бағдарлама секілді болды деген сөзді біз бірнеше маңғыстаулық жерлестеріміздің аузынан естідік.Дәл осындай ойды өз аймағына сәйкестендіріп, еліміздің басқа өлкеде тұратын өкілдері де айтып жатқан болар.Бұл күндері өзім еңбек еткен:Шыңғыстау өңіріндегі Абай-Шәкәрім мұнаралары, Омархан-Нұржамал, Тоқтамыс батыр күмбездері, Ділдә, Әйгерім, Ақылбай, Шәкір Әбенов сағаналары;Қаратау өңіріндегі Домалақ-Ана кесенесі;Атырау өңіріндегі “Хан ордалы Сарайшық” кесенесі;Маңғыстау өңіріндегі Абыл ақын (1777-1864 жж), Досан батыр (1829-1876 жж) күмбездері менің көзіме бұрынғыдан да жарқырап елес беретін болды...Сегіз томдық “Қазақ халқының шежіре тарихы”, он екі томдық “Маңғыстау мұралары” атты кітаптар осы “Мәдени мұра” бағдарламасының арқасында жарық көрмекші.Ал бағдарламада мұндай шаралардың қаншамасы қарастырылған.Президенттің үстіміздегі жылғы Жолдауы мен “Мәдени мұра” бағдарламасының арқасында менің бұл өмірден, өзімнің тындырған жұмыстарымнан қанағат табуымның шамасы арта түсті. Бұл бағдарлама менің көңіл қарынымды тойдыру үшін, менің рухани сұранысыма нәр беру үшін, баяғыдан бері істеп келе жатқан істерімнің дұрыстығына, түскен соқпағымның елге қажет болып шыққанына көз жеткізу үшін жасалғандай болды...Ертедегі бабаларымыз Қытай қорғанынан Балқан тауына дейінгі жерлерде еркін көшіп, еркін жайлаған заман болған. Түркілердің сондай алып империяларын өздері құлатқаны туралы, бастарынан ауызбірлік кеткен күні өздері талан-таражға салғаны туралы олар әңгіме етпейді...Содан барып Бұқар жырау “Әттең, дүние, қайтейін, баста бірлік болмады-ау” деп көкірегі қарс айрыла күрсінген еді...Ел берекесінің алтын ұясы – елдің ауызбірлігі екендігін Мұрат Мөңкеұлы сөзінен де аңғарамыз:...Қоныстың бәрін жоғалтқанНоғайлы, қазақ надан жұртБірлігінің кемісі,–демеп пе еді...Биліктен дәмелілер Нұрсұлтан Назарбаевтың “Мен қазір сауатты елді басқарып отырмын” деген сөзінің астарына ақыл жүгірте алмайтын секілді. Ол сөз Президентіміздің өз еліне толық сенуінен туған сөз. Қазақ халқы қазір сауатты. Сауатты халық өз мемлекетінің қозғаушы күші – заң мен ақыл екеніне көзі жетсе, тұрмысы тарықтырмаса ешқашан да өз мемлекетіне қарсы шықпақ емес...Елбасының ұлттар мен діндер арасына сенім орната алған саясаткерлігі, ел тұрмысын жақсарту жолындағы еңбегі ел ауызбірлігін күшейте түсті.Нұрсұлтан Әбішұлы Қағба қақпасының алдында Алладан қазақ халқына бақыт тілеген екен, Алла тағала тілегін беріп келе жатқан секілді. “Қазақта бір де бір кедей шаңырақ болмаса” деп арман етеді екен, сол арманына тезірек жетсе деп біз де Алла тағаладан тілек тілелік.Бұл күндерде көпшілік жұрт Президенттің жақтасы екенін мақтана айтатын дәрежеге жетті. Жастар тәрбиесіз, азып барады дейді...Сол сөзді айтып отырған ақсақалдардың өздеріне олардың әкелері де айтқан. Әкенің балаға риза болмауы Асанқайғы заманында да, Құнанбай заманында да болған. Әкенің балаға риза болмауы адам жаратылысынан Алланың әке бойына сіңіретін қасиеті болар, асылы. Әйтпесе қазіргі жетінші сынып оқушысының білімін біздер әлі ұғынып болған жоқпыз ба деп күдіктенемін. Біздің ұрпақтың оларды кем көретіні олардың жаратылысты түсінуі, жан-жақты қабылдауы өзгерек.Егемендіктің арқасында ұрпағымыз музыка әлемінде дүние жүзін таң қалдыруды әдетке айналдырды емес пе!Ең дарынды халықтардың маңдайына жазылар шахмат өнері де қазақ баласына тағын ұсынбады ма!..Олимпиаданың чемпионы, әлемдік жарыстардың жеңімпаздары шығып жатқан жоқ па!Сағыз сатып бастап, миллиондарға қолы жеткен іскер жастарымыз қазір өз алдына бір қауым құрады емес пе!..Киношыларымыз Голливудпен қарым-қатынас жасаса, ұлдарымыз ғарышқа көтерілді емес пе?Біз бұл мақала арқылы қазақ халқының мәдениеті мен әдебиетін елдің бас байлығы деп есептейтін Қазақстанның бір азаматының “Мәдени мұра” бағдарламасына, республика Президентіне деген көзқарасын білдірмек болдық.“Баланың өзі өскендей, келіннің өзі түскендей” демекші, егемен Қазақстанның бүгінге дейінгі жолы туралы ұмытып, жетістіктеріне көз жұма қарап, түбінде орындалуға тиісті, бірақ мерзімі жетпей жатқан шаруаларды өкімет жұмысының кемшілігі ретінде алға тартатындарға ой салмақ болдық.Іскерлігі мен саясаткерлігін дүние жүзі мойындаған, елімізді қауіпті өткелдерден аман өткізіп, енді үмітті белге жеткізбек Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың ел бірлігін сақтау жолындағы еңбегіне тәнті екенімізді айтпақ болдық.Мақаламызды ХІІ-ХІІІ ғасырда өмір сүрген Майқы би данамыздың бір ауыз сөзімен аяқтамақпыз:...О, Тәңірім, табынам!Біріге қалсам шамығам,Бер бесеуге береке!Арыс атам атынан,О, Тәңірім, табынам!Алтау ала болса, ауыздағы кетеді,Бесеу біріксе, берместі алады,О, Тәңірім, табынам!.. АҚТАУ. КЕШЕДЕН КЕЛДІК БҮГІНГЕ Сүлеймен МӘМЕТ. Әр халықтың шығу тегі, болмыс-бітімі, тілі мен діні, салт-дәстүрі болады. Мұның бәрі ғасырдан ғасырға жалғасып келеді. Қазақ ұлты да осы жолмен, яғни тақырдан емес, құнарлы топырақтан жаралып, талайды тамсандырып, таңдай қақтырар небір құндылықтарымен кешеден бүгінге жеткен десек, 1871-1872 жылдары Түркістан генерал губернаторының жобасы бойынша “Түркістан альбомы” атты көп томдық құрастырылған екен. Оны жүзеге асырған Санкт-Петербург университетінің шығыс тілдері факультетінің түлегі А.Кун болатын. Мұнда отаршылдықтың қасірет қамытын киген Түркістан өңіріндегі қазақ жұртының тыныс-тіршілігі, өмір сүру үлгісі, Сырдария аймағындағы көне қалалар, мазарлар, Ахмет Ясауи кесенесіндегі жәдігерлер өз бояу-өрнегімен берілген.Альбом Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың беташар сөзімен ашылыпты. Бүкіл түркі жұртының алтын бесігі киелі Түркістан екенін айта келіп, Елбасы “Бұл кітап ХІХ ғасырдың екінші жартысында өмір сүрген қазақтардың тіршілігі мен тұрмысы туралы фото-деректерді қайта назарымызға ұсынады. Оқырманның көз алдында Ұлы Түркі Елінің бір бөлігі – қазақ даласы тарихының жаңа беттері ашылады. Америкалық философ Дж.Сантаяна айтқандай: “Өткенін ұмытқан халық соның бәрін қайтадан басынан кешіруге мәжбүр болады”. Сондықтан да біз өзіміздің өткенімізді біліп қана қоймай, оны қастерлеп, келер ұрпаққа аманат етуіміз қажет. “Түркістан альбомы” атты басылым туған жерінің тарихы мен мәдениетін қадірлей білетін баршаға ұмытылмас бағалы сыйлық болады деп білемін” дейді Президент.Берер тағылымы, көрсетер үлгісі бөлек бұл рухани дүние суреттерден ғана тұрмайды, А.Левшин, И.Андреев, Ф.Ратцель секілді Түркістан аймағын, қазақ халқын жан-жақты зерттеп-зерделеген, соның нәтижесінде арттарына мол мұра қалдырған ғалымдардың мақаласы альбомда үш тілде қатар берілген. Онда қазақтың салт-дәстүрі, әдеп-ғұрпы, ел мен жер атаулары туралы жазғандары көп жайдан хабардар етеді. Әсіресе, қазақ халқының өмір ерекшелігі тайға таңба басқандай анық көрініс тапқан. Алуан түрлі суреттерден ұлтымыздың сол дәуірдегі түр-түсінен, киім киісінен, қазақтың қараша үйінен оның ішіндегі жасауларынан, ұлттық үлгілерінен, өмір сүру дағдыларынан сыр шертеді. Әсіресе Ахмет Ясауи бабамыздың кесенесіндегі алуан түрлі жәдігерлер, бұйымдар әдемі бейнеленіпті. Сол секілді бұрынғы кесененің толық көрінісіне қарап отырып, қазіргі жаңарған кезіндегі айырмашылықты да айқын байқауға болады. Көне Түркістан қаласының орнындағы кірпіш қалалар да көрген көзді бей-жай қалдырмайды. Жалпы, бұл альбом арқылы бүгінгі өркениетті дамуымызға сондай қилы кезеңдерден өтіп барып жеткенімізді бағамдайсың. Сонымен рухани дүниемізге тағы бір құндылық қосылғаны анық. ӘЛШЕКЕЙ КҮЙШІ Балтабай НҰРЖАНОВ, Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің доценті. Қаратау мен Сырдың бел ортасынан шыққан өнер тарландарының бірі — Әлшекей күйші. Әлшекей күйші Қаратау өңіріндегі “Бектібай сазы” деген жерде 1847 жылы дүниеге келген.Әлшекейдің атасы Сиқымбай өз өңіріне есімі танымал, кең пейілді кісі болған. Елдің айтуынша, Әлшекейдің өз әкесі Бектібай да ойындағысын бүкпей бетке айтатын өткір кісі болған көрінеді. Әлшекейдің нағашы атасы Сыр мен Қаратау, Созақ пен Түркістан өңіріне белгілі қобызшы екен. Әлшекейді жастайынан бастап сыбызғы мен қобызға баулып жүрген де осы нағашы атасы Рүстем еді. Алайда Рүстем қарт Әлшекейдің ықыласының біржолата домбыраға ауғандығын байқайды. Әуелде қобызға үйреткен күйлерін тәп-тәуір етіп домбырада ойнағанына көңілі кәдімгідей марқайып қалады.Көнекөз қариялардың айтуына қарағанда, әкесі Бақтыбай баласына ән, күйлерді шеберлікпен орындауға үйреткен еңбегі үшін Рүстемге атан өгіз сыйлаған екен.Әлшекей күйшінің Сыр бойына атағы кең жайылған кезі болса керек. Ел қадірлеп, үлкен-кіші түгел құрметтеп, қадір тұтқан. Тәттімбет пен Аққыз күйлерінің көпшілігін тарта білетін Сыр өңірінің әйгілі күйшісі Бөпенің даңқын естіп жүрген Әлшекей бір күні арнайы іздеп Шиелі базарына келеді. Базар іші лық толған халық, бәрі де сілтідей тынып қалған. Жақындап қараса, күй тартып отырған Бөпенің өзі екен. Бір күйден соң екінші күйге ауысып төгілтіп отыр. Алдымен 28 күйдің шығу тарихын айтып, сонан соң “Міне, осылай болған екен” деп қайтып орындап отырады. Күйшінің домбыра қағысын жіті бақылап, күй тарихына аса зейін қойып тыңдап отырған Әлшекейге Бөпенің көзі түсіп, назары ауады. Сәлден соң Әлшекейдің шамасын байқамақ боп, оған домбырасын ұсынады. Домбыраны қолға алған Әлшекей олай-бұлай тыңқылдатып көреді де, бір кезде күңірентіп ала жөнеледі. Сөйтіп, ол ә дегеннен-ақ Бөпенің соңғы тартқан күйін бұлжытпай орындап береді. “Ал, енді қайтер екенсің” деген Бөпе басқа бір күйді тартады. Әлшекей оны да құйқылжыта орындайды. Осылай бірнеше күй тартады. Әлшекейдің есту, қабылдау сезімінің аса күштілігіне тәнті болған Бөпе өз күйлерін орындауын өтінеді. Күйшінің тілегіне орай ол өзі шығарған “Тайшұбар” “Айрауықтың ащысы”, “Бозінген” күйлерін нақышына келтіріп орындайды. Жас күйшінің орындау шеберлігіне риза болған Бөпе шаршы топтың ортасында арқасынан қағып, “Бақ тауып та қонады, ауып та қонады” деген осы. Бақ менен ауып, мына саған қонғалы тұр екен. Осы жасқа келгенше Қыр мен Сырды аралап жүріп сен сияқты дарынды жасты бірінші кездестіруім деп ақыл-кеңесін айтып, батасын берген екен.Дәулескер күйшінің алғашқы әйелінен Ерсұлтан, Бексұлтан атты ұлдары болған. Ол әйелі ертерек дүние салған соң, оның сіңлілерінің бірі Кенжеқызға үйленсе керек. Одан Қарабала, Жұмабек, Дәнебек туған. Тағдыр талайымен 1888 жылы Әлшекейдің бұл әйелі де дүниеден өтеді. Әлшекей үшінші рет үйленіп, кейінгі әйелі Қаракөзден Мұса, Әлеухан атты ұлдары дүниеге келеді.Кәмпеске кезінде “байдың тұқымы, бидің ұрпағы” деген желеумен колхоз мүшелігіне қабылданбаған Әлшекейге тоғыз баланы асырау, ел қатарына қосу жеңіл соқпады. Күнкөрістің қамымен бүркіт салып, тазы жүгіртіп, аң аулауды кәсіп етеді. Заман тәлкегіне түскен Әлшекей Тәжікстанның Қорғантөбе ауданындағы Жуан қыстағына бір түнде қоныс аударады.Бұл кезде Әлшекейдің 80 жасқа таянып қалған кезі болса керек. Тоғыз ұлдың ішінде домбырашылық өнер Дәнебекке қонғанына көзі жетіп, оған шүкіршілік етеді. Ол өз өнер жолын, әрбір күйдің шығу тарихын ұлына айтып: “Дәнежан, ұғып ал, үйреніп ал. Бұл домбыра қазірден бастап сенікі. Бұны жидеден өзім жасаған едім, туған жердің көзі ғой, бұдан былай сен тартасың. Қадір тұтып, қастерлеп ұста, құлыным” деп домбырасын баласына ұсынған еді. Міне, әке домбырасын ұстаған Дәнебек оның күйлерін үйреніп, ел ішіне таратушылардың бірі болды.Сол Дәнебектен Сисенбай, Жидебай. Жидебай атамыз “Сунақата” кеңшарында ауыл шаруашылық саласында абыройлы еңбек етіп, зейнетке шығып, 2003 жылы дүниеден өтті.Жидебай атамызды тірі кезінде сөзге тартқанымызда:— Үлкен атамыз Әлшекей 1932 жылы 85 жасында Жуан (Тәжікстан) қыстағының шетіне жерленді. Ал әкеміз Дәнебек алпысыншы жылдары кіндік кескен жеріне көшіп келіп, жетпістен асып барып, 1969 жылы қайтыс болды. Дәнебек әкеміз шаруа кісі болатын, көп сөйлеспейтін еді. Ата сөзі есте қалған болу керек, өнер жолын қумағанмен, әке домбырасын өмірінің соңғы күндеріне дейін серік қылып өтті. Әкеміздің домбырасының тоғыз-он ғана пернесі болатын. Сол пернеден неше түрлі сазды, әсем дыбыстарды домбыра бетіндегі қақпаққа тигізбей, дыбысты анық шығарып ойнайтыны әлі есімде,— десе, оны Күлжан анамыз да құптап:— Атамыздың домбырада ойнаған күйлері көкірегімізде жатталып қалғандығы соншалықты, әлі күнге дейін құлағымыздан кетпейді, — деп қойды. Айтуларына қарағанда, Әлшекейдің 100-ге тарта күйлері болған көрінеді. Тіпті, кейбір күйлерінің аттары өзгертіліп айтылып жүргеніне реніш білдірді. “Дәнебек әкеміздің көзі тірісінде күйлерін жазып алу ойымызда болғанымен, өкінішке орай оның бір реті келмеді” деп ауыр күрсінді. Жидебай атамыздың өкінішімен бірге көкірегінде жаттаулы тұрған реніші де бар екен. “1969 жылы бір кісі келіп менен атамыздың сегіз күйін радиоға жазып алып, кейін өзінің атынан бергендігі мені қатты ренжітті. Сонан кейін кім келсе де, мен күйді бөгде кісіге тартып бермеймін деген уәдем бар еді” дейді ақсақал.Дегенмен, атамыз райынан қайтып, Әлшекейдің бірнеше күйлерін толқыта орындап берді.Біз атамыздың домбыра тартысына дән риза болдық. Домбыра пернесіндегі саусақтың жүрісі адам жүрегін бір тебірентіп өтті. Жәкеңнің осы жаста домбыра тартқаны мынадай болса, жиырма бес жаста қалай тартты екен деген ой келді. Бір кезде шешіле сөйлеп ол: “Дәнебек әкеміз Әлшекей атамыздың күйлерінің шығу тарихын, үзеңгілес болған жыршы, күйшілерді әңгімелеп отыратын” деп бастады әңгімесін атамыз.Әлшекей Арқаның Тәттімбеті тартқан “Саржайлау”, “Қосбасар”, “Көкейкесті”, Шалқар мен Аралдың құмын қыстаған күй өнерінің көрнекті өкілі Қазанғаптың “Көкіл”, “Шыныаяқ тастар”, “Бозторғының бөгелек қағуы” күйлерін тыңдап, оларды көріп, өнердің үздік нұсқаларынан тәрбие алып, шеберлігін шыңдағанын айтып, әңгімесін жалғастырды.Бірде Арқадан шыққан Әлшекей жанында туысы Аралбай бар Қаратаудың етегін жаз жайлап отырған бір үйге бесін ауа жетсе керек. “Кім бар-ау?” деген тосын шыққан дауысты естіген үй иесі сыртқа шықса, аттың үстінде отырған зор денелі, қоржынында үкілі домбырасы бар адамды көреді. Оның Әлшекей екенін тани кеткен Әли қарт “Қадірлі қонағым болыңыз” дейді. Бұл кезде 15 жастағы Сүгір Тәттімбеттің “Саржайлау”, “Қосбасар”, “Сылқылдақ”, “Былқылдақ” күйлерін әжептәуір үйренген кезі еді.Әлшекей Қаратау елінің шығыс жағында Сүгір деген күйші баланы естігені бар-ды. Осы соның үйі болды-ау шамасы еді деп ой түйеді. Ауыл-аймақта жақсылық хабар жата ма, Әлшекей күйшінің Әли қарттың үйіне келгенін естіген жұрт тез арада жиналып та қалыпты. Жиналған жұрт атамызға күй тартып беруге қолқа салады. Әлшекей қолына домбырасын алып, салалы саусақтарымен бір-екі рет қағып-қағып жіберіп, Арқадағы естіген күйлердің бірнешеуін тартып береді. Жұрт шуылдасып Әлшекейге өзінің күйін тартып беруге өтініш жасайды. Ол өзінің күйлерінің шығу тарихын айтып, “Тайшұбар”, “Егес”, “Бозінген”, “Тепеңкөк” күйлерін нақышына келтіріп орындап береді. Бір кезде көпшілік ортасынан “Біздің Сүгір күй тартсын!” деген дауыстар шығады. Сүгір кереге басындағы ілулі тұрған домбырасын алдырып, бала жастан үйренген Тәттімбеттің күйлерін және ел арасында көбірек тараған халық күйлерін үлкен шеберлікпен орындайды. Жас Сүгірдің қолының жүрісіне, пернені басқандағы дыбыстың сырлы әсеріне тәнті болған атамыз оған ақ батасын беріпті.Осы ретте тарихи деректерге жүгінсек, Сүгір Әлиев 1961 жылы, Әлшекейден 29 жыл кейін дүние салады. Олай болса, Сүгір мен Әлшекей күйлері көп ретте сарыны үндес келеді. Әлшекейдің Сүгірге деген ұстаздық ықыласының молдығын осыдан аңғаруға болады. Енді бір дәлел – Төлеген Момбеков те Әлшекей күйлерін Сүгірден үйренген десек, асылық айтпаған болар едік.Бүгінгі күнде Әлшекей күйлерінің насихаттаушысының бірі Жаңақорған ауданы, “Жұлдыз” кеңшарында ауыл шаруашылығында біраз жыл бас есепші болып қызмет еткен, (бүгінде зейнеткер) жиен немересі Тынысбек Дүйсебеков күй өнеріне келуіме Әлшекей күйлерінің сазды иірімдері әсер етті, — дейді.Кезінде Әлшекейдің қанжығалас досы болған Ибаш атамыздан Әлшекейдің 15 күйін қолма-қол тартып үйрендім деп “Толқын”, “Жаяукербез”, “Егес”, “Шерлі”, “Тайшұбар”, “Сылдырма”, “Аққу кеткен” т.б. күйлерді орындап берді.Тыңдай келгенде Әлшекейдің әрбір күйінің өзіндік ерекшеліктері бар. Күйлердің шығу тарихына орай қағыстары да өзгеріп тартылады.Сөз соңында айтарымыз, күйлері халық арасында ұмыт болып бара жатқан Сыр елінің өнер тарланы Әлшекей күйші туған топырағында елеусіз, ескерусіз қалмауы керек. Оның шығармаларын келешекке жеткізу — бүгінгі ұрпақ парызы. * * *Мәдениет, ақпарат және спорт министрлігі Тарихи-мәдени мұра департаментінің деректеріне сүйенсек, Президенттің 2004-2006 жылдарға арналған “Мәдени мұра” бағдарламасына биыл республикалық бюджеттен жалпы 749,419 миллион теңге бөлінген. Оның 186,918 миллион теңгесі рухани құндылықтарды жаңғыртуға арналыпты. Олардың қатарында Атырау облысындағы Жұбан, Қызылорда облысындағы Айқожа, Ақтас, Асан ата кесенелері, Маңғыстау облысындағы Қараман ата мазары, Оңтүстік Қазақстан облысындағы Есім хан кесенесі, “Шығыс моншасы”, Алматы қаласындағы Офицерлер үйі бар. Ал археологиялық зерттеулерге 94,0 миллион теңге қарастырылған. Соның нәтижесінде 30-дан астам қала, қоныс, оба, қорғандарға, нақтылай түссек, Ақмола облысындағы Бұзоқ, Алматы облысындағы Қойлық, Талғар қалашықтарына, Атырау облысындағы Сарайшық, Батыс Қазақстандағы Жайық, Оңтүстік Қазақстандағы Жуантөбе, Қараспан төбе, Шымкент, Сауран, Сидақ, Отырар қалашықтарына, Шығыс Қазақстандағы Берел, Шілікті обаларына, Жамбыл облысындағы Меркі-Жайсан зиярат орнына, Батыс Қазақстандағы Қырық обасына, Қарағандыдағы Тоқтауыл тұрағына, Айбас, Кент, Талдысай обаларына, Қостанайдағы Бестамақ обасына, Қызылордадағы Шірік Рабат мазарына, Маңғыстаудағы Тоқсанбай қонысына, Павлодардағы Шідерті-ІІІ тұрағына, Солтүстік Қазақстандағы Ботай қонысына қазба жұмыстары жүргізілген. Сол секілді Ұлттық кітапхананы рухани құндылықтармен толықтыруда шет елдерден 16 кітап Қазақстан тарихына байланысты жарияланбаған деректер әкелінген. Қазан қаласының кітапханаларына жасалған ғылыми-зерттеу экспедицияларының қорытындылары бойынша 155 кітаптың көшірмелерін алуға келісім-шарт жасалған. Және Англияның Лондон, Оксфорд, Францияның Париж, Испанияның Мадрид, Кордова, Малага, Севилья, Италияның Флоренция, Германияның Берлин, Майндағы Франкфурт қалаларындағы кітапханаларға ғылыми-іздеу экспедициялары жүргізілген. Экспедиция нәтижесінде кітапханалардан табылған 200-ге жуық басылымдар мен 77 қолжазбаның көшірмесі жинақталған. Қытайдың тарихи мұрағатынан Қазақстан тарихы мен мәдениеті бойынша шағатай, маньчжур, ойрат, моңғол және қытай тілдерінде жазылған 3500 сирек кездесетін құжаттар табылған. Алыс шетелдерде мәдени құндылықтарды анықтау жөніндегі жұмыстар 2006 жылы жалғасады. “Қазақстан” телерадиокорпорациясы қазақтың ертеден келе жатқан 255 күйлерін қазіргі заманғы таспаларға жазып, шығаруға қол жеткізген. “Мәдени мұра” бағдарламасы бойынша кітап шығару ісіне 2005 жылы – 339,383 млн. теңге қаржы бөлінген. Соның нәтижесінде “Бабалар сөзі” кітабының 7 томдық дестесі дайындалып баспаға өткізілсе, бүгінде оның 2 томы жарыққа шыққан. “Қазақ әдебиетінің тарихы” кітабының 2 томы, “Қазақ музыкасының антологиясы” кітабының 1 томы, “Әбілхан Қастеев” пен “Орал Таңсықбаев” атты бейнеальбом оқырман қолына тиген. “Қазақстан – ХІХ ғасыр суретшілерінің шығармашылығында” атты кітап-альбомы дайындалу үстінде.