Мәдени мұра    Ұлттық жобаӨткенді қастерлеу арқылы, болашағымызды баянды етеміз
  • Facebook
  • Twitter
  • Лента на Youtube
 

Мақала мен басылымдар

Басты бет - Материалдар - Мақала мен басылымдар - “Мәдени мұра” стратегиялық ұлттық жобасы өмірге жол тартты

Егемен Қазақстан ЕКІНШІ КЕЗЕҢГЕ – ЕКІНШІ ТЫНЫС “Мәдени мұра” стратегиялық ұлттық жобасы өмірге жол тартты

Сәрсенбі, 17 маусым 2009Өткен сенбіде Алматыдағы Ұлттық кітапханада Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммедтің төрағалығымен өткен 2009-2011 жылдарға арналған “Мәдени мұра” стратегиялық ұлттық жобасын жүзеге асыру жөніндегі Қоғамдық кеңестің алғашқы отырысының мән-маңызын алдағы уақыт әлі айқындай жатар.

Ал әзірге біздің білеріміз, ол осыдан бес жыл бұрын Елбасымыздың бастамасымен өмірге келіп, қазірде әлемге танылып үлгерген, министрдің сөзімен айтқанда, “Қазақстан тарихындағы теңдессіз жемісті гуманитарлық акцияға айналған “Мәдени мұра” бағдарламасының екінші кезеңін ресми түрде көпшілікке әйгілеп, бисмилләсін бастап берді.

“Мәдени мұра” мемлекеттік бағдарламасы өзіне жүктелген міндет-миссиясын абыроймен атқарып болып, енді оның өзі де жаңа тарихымыздың жарқын беттеріне айналды да, келешекте ол жұмыстарды тың міндет, соны бағыттармен толығып, жаңғырған жаңа атаулы Ұлттық стратегия­лық жоба жалғастырмақшы.

Жиналған қауымды әуелі Қо­ғам­дық кеңестің жаңадан қосыл­ған мүшелерімен таныстырып өткен М.Құл-Мұхаммед “Мәдени мұра” бағдарламасының екінші кезеңінің ерекшеліктеріне және 2009 жылға арналған негізгі мін­дет­терге кеңінен тоқталды. Жаңа ба­ғыттағы жұмыстарға өткен жыл­дың маусым айында өткен Қоғамдық кеңестің кеңейтілген оты­рысында Елбасы айтқан тап­сырмалар қозғау салды. Сөйтіп, қыс­қа мерзімде 2009-2011 жыл­дар­ға арналған “Мәдени мұра” стратегиялық ұлт­тық жобасының тұжырымдамасы әзірленіп, оны одан әрі іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспары Үкі­мет­тің осы жылғы ақпан айындағы қаулысы­мен таяуда ғана бекітіліп берілді.

Рухани-мәдени қазынамызды әрі қастерлеп, әрі игілігімізге жа­ра­ту­дағы, әрі әлем мойындар, жеті жұртқа танытар қымбат құн­дылы­ғы­мызға айналдыру жолын­да­ғы жұ­мыс қорытындылары қан­дай десек, 2008 жылы да осы орайда талай-та­лай толымды істердің басы қайы­рыл­ғанын бай­қағандай екенбіз. Айталық, Қа­зақстанның тарихи һәм мәде­ни маңызы бар 22 ес­керт­кіш­те­рін­де жаңғырту жұмыстары бас­талып, жетеуі жеріне жеткізіл­ген. Ел Президентінің Египет пен Сирияға ресми сапары кезінде Сұл­тан Аз-Захир Бейбарыстың Каир қаласындағы мешітін қал­пына кел­тіру және Дамаск қала­сындағы ке­се­несін жаңғырту, со­нымен бірге тағы сонда Әл-Фа­раби кесенесі мен этномәдени ор­талығын салу жө­ніндегі келі­сім­дерге қол жеткізіліп, бұл рет­тегі нақты жұмыстар баста­лып та (Соңы. Басы 1-бетте).

кеткен. Міне, әлемдік өрке­ниетте біздің халқымыздың да үлесі бар екендігін әлемге қайтадан таныту деген осы болмақ.

Жоғарыдағы ойды сабақтай түс­сек, Қожа Ахмет Ясауи ке­сенесі мен Тамғалы археология­лық кеше­ні сияқты екі ғажайып ескерткіш Дүниежүзілік мұралар тізіміне ен­ген. Бұл тізімге келесі ұсынылған ес­керткіш ежелгі Отырарымыз. Жалпы, мемлекет­тік бағдарла­ма­ны іске асыру барысында 35 та­рих және мәде­ниет ескерткіштері жаңғыртылып жаңаланған, 30 қалашық, қоныс, тұрақ пен қор­ған-обаларда архе­ологиялық зерт­теулер жүргізіл­ген. Берел, Есік, Шілікті, Сауран және т.б. ортағасырлық ірі қа­лалар бар. Шығыс Қазақстан об­лысында “Берел” тарихи-мәдени қорық мұражайы ашылған.

Арғы-бергі алыс-жақын тари­хы­мызды түгендей түсуге де көп мән берілді. Ең ғажабы, осы орай­да көптеген елдерге ғылы­ми-зерттеу экспедициялары ұйым­дастырылып, Қазақстан тарихына қатысты бұрын белгісіз болып келген бес мыңға жуық қолжазба мен баспа жүзін көрген тың деректер табылған. Мұның үш жарым мыңға жуығы Қытай­дан әкелінген. Бұлардың біразы Қазақ мемлекеттілігінің халық­ара­лық деңгейдегі мерей-мәрте­бесін айғақтай түсуімен де құнды екендігін Мұхтар Абрарұлы атап көрсетті.

Тағы бір атап айтарлық жағ­дай, тарихи мұраларды халыққа жеткізу мақсатында осы заман­дық ыңғайлы форматта “Мәдени мұра”, “Қазақстанның электрон­ды кітапханасы” және “Ұлттық мұра” веб-порталдарының құры­луы орайын тапқан іс болды де­мекпіз. Мұның сыртында, жалпы 230, оның ішінде өткен жылы 79 аталым кітап шығарылған. 100 том­дық “Бабалар сөзі” топта­ма­сының бай ауыз әдебиетімізді жинақтауға мүмкіндік берген 50-ге жуық кітабы, әлем әдебиеті кітапханасының 100 томдығы, қазақ халқының күллі фило­софиялық мұрасының 20 томы, күні кеше ғана газетімізде “Олжа салған 10 томдық!” деп сүйін­шілеп көрсеткен “Қазақ әдебие­тінің тарихы”, сондай-ақ қазақ өнерінің тарихы және қазақ музыкасының антологиясы, т.б. осының ішінде. Сонымен қатар, мұның арасында тарих, архео­логия, этнография жөніндегі аса құнды сериялар, тіл білімі саласында қауым жақсы қабыл­дап жатқан жаңа энциклопе­диялық сөздіктер де бар.

Елбасымыз тұғырлы міндет етіп қойғандай, алдағы уақытта осынау жинақталған тарихи-мәдени мұраны сақтаудың және игі істі әрі қарай оңғарту үшін қолайлы жағдайлар туғызудың маңызы зор. Осы ретте ұлттық мұрамызды кешенді зерттеуді жалғастыруға, олардың әлемдік ғылыми айналымға түсуін қамтамасыз етуге мемлекеттік тұрғыдан мән берілуі қуантады. Ендеше, 2009-2011 жылдарға арналған стратегиялық Ұлттық жоба “Мәдени мұра” мемлекеттік бағдарламасының екінші кезеңін бастап, екінші тынысын кеңінен ашып беру үшін Қыдыр қолдап әдейі жасалған деп айтуға әбден болатын сияқты. Мұны отырыста сөйлеушілер де айтпай қалған жоқ. Өз баяндамасында М.Құл-Мұхаммед осынау Ұлттық жоба тұжырымдамасын жүзеге асыру жөніндегі іс-қимылдың алты басым бағытына егжей-тегжейлі тоқталды. Бірінші бағыттағы жұмыстар ұлттық рәміздерді қалыптастыруды көздейді. Мы­салы, ұлттық рәмізге айналар си­пат­тары мол Есік, Берел қор­ғандары және Түркістан қаласы мен Отырар қалашығы сияқты тарихи маңызды нысандар алғы кезекте жаңғыртылады. Екінші бағыт Ұлы Жібек жолының бойындағы мәдени туризмді дамытуды қарастырады. Күрета­мыр маршруттағы қорық-мұра­жайларды дамытудың бас жос­пары жасалып, ондағы барлық тарихи орындарды мұражай­ландыру міндеті қойылған.

Тарихи-мәдени мұраны халық­аралық деңгейде насихаттау орай­ындағы жұмыстар үшінші бағытта қамтылған. Мұнда Қазақстанның тарихи орындары туралы халық­аралық талаптарға сай, терең мазмұнды, жоғары сапалы деректі фильмдер жаса­лып, оларды “Би-би-си”, “Дис­кавери” сияқты әйгілі әлемдік телеарналардан көрсетуді ұйым­дастыру ұйғарылған. Ал, төртінші бағыт өткен бес жылда табылған мәдени мұраны кешенді түрде зерделеуді мұрат тұтқан. Осы орайда жүйеленген, қордаланған білімді оқу үдерісіне енгізуді көздейтін бесінші бағыт, ең алдымен, жас қазақстандықтарды отаншылдық рухта тәрбиелеу қажеттілігіне негізделген.

Ал, алтыншы бағыт саланы дамытудың стратегиялық ресурсы ретінде кадр саясатын іске асыруды қарастырады. Өйткені, бүгінгі таңда кәсіби аудармашы­ларды, этнограф­тарды даярлау міндеті де лайықты шешімін таппай келе жатқаны жасырын емес. Ежелгі қазыналарды қалпына келтіру үшін рестав­ра­торлар жетіспейді. Өз баянда­масына осы­нау проблемаларды да арқау ете сөй­леген Білім және ғылым ми­нистрі Жансейіт Түйме­баев зерт­теулер нәтижелерін, жүйе­ленген мәліметтерді орта және жо­ғары оқу орындарының оқулық­тары мен оқу бағдарламаларына енгізу орайын­дағы салиқалы ой­ларын ортаға салды. Министрлік “Мәдени мұра” бағдарламасының бірінші кезеңінен бастап-ақ ғылыми зерттеулерге барынша атсалысып келеді. 242 жо­баның 99-ының негізгі орын­дау­шысы да, ауыр жүгін барша жауап­керші­лікпен көтеруші де осы ми­нистрлік, оның салалық институт­тары екені әмбеге аян. Сонымен бірге, министр тарихи құндылық­тарды екшеп, оқулықтар мен оқу бағдарламаларына енгізу күрделі мәселе екенін ескере отырып, министрлік бойынша ұзақ мерзімді стратегиялық жоспар туындап жатқанын тілге тиек етті. Алдағы сәуір айында “Ұлттық мәдени құндылықтарды білім саласына енгізудің ғылыми-әдістемелік мәселелері” тақырыбында респуб­ликалық семинар өткізу де жос­парланып отырған көрінеді. Ми­нис­трлік мәдени мұрамызды игеретін, жаңғыртатын, зерттеп-зерделейтін мамандар даярлауды да жедеқабыл қолға алып жатуы құба-құп. Табылған тарихымызды оқу­лыққа енгізу де, мамандар даярлау да практикалық мәселелер ғой. Ендеше, “Мәдени мұра” бізге де, болашақ ұрпаққа да практикалық нәтижелер болғанда ғана пайдаға шығаты­нын түсінгендіктің белгісі дей аламыз жоғарыда айтылған жайларды.

Бұдан кейінгі сөз кезегін Пре­зидент Әкімшілігі Ішкі саясат бө­лімі меңгерушісінің орынба­са­ры, қоғамдық кеңестің хатшысы Әлібек Асқаров алған. “Мәдени мұра” бағ­дарламасының бесіктегі шағынан басы-қасында жүрген бұл азамат “Бүгінгі басқосу ерек­ше” дей келе, жай-жапсарды түгелдей сыни тұрғыдан байыптай дәйектеді. Ал­ғашқы кезде үлкен құлшыныспен кіріскен секция жетекшілері қазір, шынында да, бұрынғы жұмыс ырғағын біршама жоғалтып алған сыңайлы. Бір жағынан ақысыз-пұлсыз, екінші жағынан қаламақы аздығы да әсер ете ме, қалай?! Ал мына екінші кезеңнің бағыты да, міндеті мен тұжырымдамасы да өзгешелеу. Биылдың өзінде маусым және қараша айларында Қоғамдық кеңес отырыстарын, оған қоса Түркістан мен Берелде көшпелі отырыстарын өткізу жоспарланған.

“Бабалар сөзінің” кезекті томдарын дайындау қиын болып барады. Қазақ әдебиетінің озық туындыларын, мәдени мұра­ларын шет тілге аударып, шы­ғарып, тиісті елдерде тарату жайы да әзірге сөз күйінде қалып тұр. “Мәдени мұраның” қоғамдық секциялары мен баспалар арасында туындайтын түсін­бестіктер де нормативтердің бұрынғы деңгейде қалып қойған­дығынан орын алып отыр. Себебі, қағаз да, баспахананың басқа шығындары да қымбаттап кет­кен. “Берел” қорық-мұражайы өт­кен жылы құрылып, жұмыс істеп келе жатса да, оның атқарушы директоры әлі көк тиын жалақы алмаған. Екінші кезеңде бізге “свадебный гене­рал­дар” мен еріншектер керек емес. Сондықтан, қоғамдық секциялар жетекшілері жұмыс топтарын қайтадан жасақтағаны жөн, деді ол.

Осындай және басқа да сын-ескертпелерге байланысты түйт­кілді мәселелердің көпшілігін министр М.Құл-Мұхаммед мырза отырыс барысында қолма-қол шешіп тастап отырды. Алдағы уақытта шетелдерге ғылыми экспедицияларды шашыратпай кешенді түрде жіберу, архео­ло­гиялық қазба жұмыстарын не­ғұрлым маңызды жерлерге шо­ғырландыру ескерілетін болды. Бұл ишараның өзі де “Мәдени мұраның” стратегиялық Ұлттық жобасының барша қиыншылық­тарды, қазіргі қаржы дағдары­сына орай туған кедергілерді де бұзып-жарып өтетініне сенім ұялатқандай әсер қалдырды. Өзі­нің қысқа да нұсқа сөзінде сенатор Ғарифолла Есім айтқан­дай, мұндай тағдыршешті істе мүмкіндігіміздің ішінен мүм­кіндік табылып жатқанын да құптамай тұра алмасақ керек.

Сонымен бірге, отырыста Педагогика секциясының жетек­шісі, Ы.Алтынсарин атындағы Қазақ білім академиясының президенті Т.Балықбаев, археолог З.Самашев сөз сөйлеп, атқары­лып жатқан жұмыстар бойынша Қоғамдық кеңестің секция жетекшілері М.Әбусейітова, С.Қасқабасов, Е.Тоқмағамбетов, А.Мұхамедиұлы есеп берді.

М.Құл-Мұхаммед өзінің қорытынды сөзінде Астана ірге­сіндегі Бозоқ қалашығы архео­логиялық жұмыстар бойынша алдағы үш жылда бірінші басым­дыққа ие болатынын қадап айт­ты. Ұлтқа қажет шын мәніндегі ұлық жобаларға қалай да қаражат табылатынын мәлімдеді. Соны­мен қатар, министр жақсы жұ­мыс атқарған секция жетекші­ле­ріне алғыс айта келе, “Фольклор­тану, әдебиеттану және өнертану секциясының жұмысы қалай жұмыс істеудің үлгісін көрсетсе, тарих секциясының жұмысы қалай жұмыс істемеу керектігін көрсетеді” деген мақал сынды мәйекті сөзін айтқанда да ой­ла­нып қалдық. Себебі, “Қазақстан тарихының” алғашқы үш том­дығын марқұм, академик Манаш Қозыбаев дайындап шығарып кеткелі бері бұл саладан бірде-бір еңбек жарық көрмепті. Бұл өте ұят жағдай, сонда біз тәуел­сіздігіміздің 17-18 жылында XX ғасырдағы Қазақстан тарихын қайдан оқып жүрміз, қай тарихты оқытып жүрміз, деп шамырқана сауал тастады министр.

Иә, “Мәдени мұра” жобасын жүзеге асырудың екінші кезеңіне екінші тыныс керек болатыны да сондықтан шығар-ау...


«Егемен Қазақстан»
Авторы: Қорғанбек АМАНЖОЛ.