Мәдени мұра  Ұлттық жобаӨткенді қастерлеу арқылы, болашағымызды баянды етеміз
  • Twitter
  • Лента на Youtube
  • Facebook
 

Мақала және жарияланымдар

Соңғы кездесу

Сейсенбі, 28 мамыр 2013Арнайы кәсіби музыкалық жоғары оқу орны – консерваторияны композиция класы бойынша оқып, фундаментальді білім алған білікті композиторлар Ахмет Жұбанов, Мұқан Төлебаев, Латиф Хамиди, Құдыс Қожамияров, Сыдық Мұхамеджанов, Ғазиза Жұбанова, Нұрғиса Тілендиев, Кенжебек Күмісбеков, Нағым Меңдіғалиев, Бақытжан Байқадамов, Мыңжасар Маңғытаев, Теміржан Базарбаев, Мансұр Сағатов, Жолан Дәстенов, Тілес Қажығалиев сынды алыптар шоғырының соңғы тұяғы, музыкасымен де, азаматтығымен де, кісілік үлкен жолымен де артына өшпес із қалдырған, ұлт музыка өнерін 50 жыл өрге сүйреген қазақ мәдениетінің қара нары, біртуар тұлға Еркеғали Рахмадиевтің өмірден өткеніне де қырық күн болып қалыпты.

Ерағаңның музыканың күрделі жанры саналатын опера, симфония, кантата, оратория, камералық, үрмелі аспаптар, шекті аспаптарға арналған концерттері, биге, хорға арналған шығармалары, ән-романс дуэттері, кинофильмдер мен драмалық спектакльге жазған музыкалық туындылары кәсіби ұлттық өнердің өрісін кеңейтіп, жанрлық салаларын байытқан бай қазына десек, «Дайрабайдың» орны бөлек. Ерағаң осы шығармасында күй фольклорының динамикасына өз фантазиясын қосу арқылы небір музыкалық аспаптар үні бояуларымен аккордтарымен құлпыртып, симфониялық стильдегі жауһарға айналдыр­ды. Содан да болар, осы «Дайрабай» қай ұлт­тың болса да жүрегін жаулап алады. Кейіннен «Құдаша думан» да дәл осы стильде жазылды.

Қазақстан Композиторлар одағын Ерағаң басқарып тұрған жылдарды қазіргі аға және орта буын өкілдері «алтын ғасырға» балайды. Өйткені, Ерағаң осы одаққа арнайы ғимарат, композиторларға төрт қабатты үй салдырып және жас таланттарға түгелдей Алматының әр жерінен баспана алып беріп, жазған жаңа туындыларын сахнада орындатқызып, шығармашылық кештерін ұйымдастырып, оларды талқыға салып, бағыт-бағдар беріп, сын пікірлерін білдіріп, ақыл-кеңестерін аямай айтып отырған. «Таутүрген» шығармашылық үйін салдыртып, композиторлардың кезек-кезегімен сонда алаңдамай музыка жазуларына мүмкіндік туғызғанын әріптестері әлі күнге дейін жыр қылып айтады.

Құрманғазы атындағы консерваторияға ректор болып тағайындалысымен, 1967-1968 оқу жылынан бастап жоғалып бара жатқан Қорқыттан қалған қыл қобыз класын ашып, ел ішінен іздестіріп жүріп Жаппас Қаламбаевты тапты. Республиканың әр облысынан таңдап алған 6 баланы оқыта бастағанда Жапекең дүние салды. Содан Қорғалжыннан Дәулет Мықтыбаевты алдырып, оған сабақ бере бастағанда ол кісі марқұм болып кетті. Одан кейін Жаңаарқада бақсылық құрып жүрген жас жігіт Сматай Үмбетбаевты Алматыға шақы­­рып, оған 3 бөлмелі үй әперіп ұстап қалды. Бұл – Ерағаңның көрегендігі еді. Қазір осы аспап республиканың барлық музыка мектептерінде, колледждерінде, жоғары музыкалық оқу орындарында оқытылып, қазақ ұлт аспаптар оркестрлерінің құрамына берік орнықты. Сол кезде қабылданған 6 баланың бірі Базархан Қосбасаров консерваторияның білдей бір профессоры атанып, қазіргі таңда шәкірттер тәрбиелеп, эстафетаны жалғастыруда.

Кеңестер Одағы тарап, балапан басына, тұрымтай тұсына кеткен қиын заманда Мәдениет министрлігін басқару Ерекеңе тапсырылды. ЖОО-ның ғалым докторлары мен кандидаттары Қытайдың ала дорбасын арқалап базар жағалап кетсе, шығармашылық одақтар жабылып, театрларда спектакль жүр­мей қаңтарылды, әнші-актерлер не істерін білмей аңтарылды. Абай атындағы ака­де­мия­лық опера және балет театрының әнші-биші­лерінің жалақысы 3-4 мың теңгеден аспай күн көру қиындап тұрғанда Мәдениет министрі Е.Рахмадиев біздің жалақымызды 38 мыңға бір-ақ көтеріп, жанымызды алып қалды.

Сол уақытта кеңес заманындағыдай айлап-жылдап облыстарға, шет елдерге шығу кілт үзіліп, тіпті Алматының іргесіндегі Каскелеңге жете алмай қалған едік. Қайраткер ағамыз әрі-сәрі күйде жүрген «Камерата Казахстана», «Академия солистов», «Отырар сазы» ұжымдарына, көптеген фольклорлық ансамбльдерге қаржы-қаражат тауып беріп сақтап қалды. Бұрынғы барыс-келіс тоқ­тап қалғанда, мәселенің көзін тауып, өнер­паздардың бір тобын Иранға, бір тобын ­Түркияға, енді бір легін Пәкстанға, Испанияға және т.б шет елдерге шығарып, үзіліп бара жатқан үмітті жалғағандай, өшіп бара жатқан отымызды үрлегендей болғанын қалай ұмытамыз?

Өз басым соңғы жылдары Ерағаңа жолыға алмай жүруші едім. Соның сәті белгілі меценат, ҚР еңбегі сіңген құрылысшысы, өнер жанашыры, жиһанкез Сапар Ысқақовтың «Тілеп» атты Қобыз сарайының ашылуы салтанатында түсті. Бір топ адамның көзінше маған қарап: «Мына Кенжеғали Астанаға өнер адамдарының ішінде алғашқы болып 1996 жылы келді, филармония ашып, Ақмолада қазақ ұлт аспаптар оркестрін құрды, одан Музыка академиясының уығын қадасып, шәкірт тәрбиеледі. Шығысқа барып, 5 жыл елге қызмет істеді, енді, міне, Астанаға қайта оралып Еуразия ұлттық университетінде «Кәусар» атты мәдени-танымдық бірлестік ашыпты. Идеясы өте дұрыс! Бұнысы құптарлық. Бірінші көзі тірі өнер корифейлерін бір түгендеп ал, басқасын көре жатарсың» деді.

Мен де асыл ағаның құрметіне, ниетіне риза болып: «Ераға, сізбен 2013 жылдың наурызына қарай кездесу өткізуді жоспарлап отырмыз» дедім. Құдай кең жаратқан қайраткер «дұрыс екен» деп бір жымиып: «Онда былай істе. Менің опера, ән-романстарымды сен де айтып жүрсің ғой, кездесуге басқа да әншілерді шақырып, вокалдық шығармаларымды орындатқыз», деді.

Содан Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің құтты шаңырағында ария, ән-романс, дуэттерден тұратын Ерағаң­ның туындыларын Күләш Байсейітова атын­дағы опера театрының әншілері Ғалия Байғозинова, Роза Нүркей, Азамат Жылтыр­­­көзов, Сүндет Байғожин, Бейімбет Таңарықов сынды жас­тар керемет орындап шықты. Оларды концертмейстер Елена Сахно рояльда сүйемелдеп отырды. Бабында жүрген әншілер бірінен соң бірі сахнаға шығып жанды дауыс­пен автордың шығармаларын шырқағанда тыңдарманның құлақ құрышы бір қанды-ау!

Осы кездесу барысында атақты композитор өнерсүйер қауымды толғандырып жүрген көптеген сауалдарға жауап берді. Сол сәтте бұл Ерекеңнің соңғы сұхбаты деп ойлаған жоқ едік. Бірақ, Ерекең арада көп уақыт өтпей мәң­гілік сапарға аттанып кетті. Енді бүгін сол әңгімені оқырмандар назарына ұсынсақ деймін.

– Жаңа ғана сіздің шығармаларыңызды әншілеріміз жанды дауыспен орындап шықты. Осы үрдісті бүгінде концерттік залдардан, теледидардан көре алмаймыз. Даңғаза шоу, бір-бірінен айырмасы жоқ жылауық әнсымақтар мен сахнаны да, теледидар мен радионы да жаулап алды. Фонограмманың арқасында «жұлдыздар» көбейді. Осыған сіздің көзқарасыңызды да білсек дейміз.

– Ой, қарақтарым-ай, бұл бәрімізді ойландырып, толғандырып жүрген мәселе ғой. Арнайы неше жыл бойы музыкалық білім алған дарынды өнерпаздардың еңбектері еленбей, дарынсыз-даңғаза, тіпті, нота білмейтін, музыкалық білімдері жоқ шала сауаттылардың «жұлдыз» болғандарын көріп түңілесің. Тәуелсіздік алған жылдары бет-бетімен кетті ғой. Мәдениет жайына қалып, осындай келеңсіздікке тап болдық. Бұны бір өтпелі кезең деп есептейік, тоқырау емес, «көш жүре түзеледі» демекші, әлі-ақ жасан­дылықтан шынайылыққа келерімізге сенейік.

– Өзіңіз пір тұтатын ұстазыңыз, ұлы композитор Мұқан Төлебаевтың аяқтай алмай кеткен «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» операсын неге жалғастырып жазбадыңыз?

– Ол ойымда болды, әрине. Бірақ «жақсы жазылса – Мұқаңдікі, нашар шықса Рахмадиев бұзды» дейді ғой. Тәуекелге бара алмадым.

– Ұлы жазушы Ғабит Мүсіреповпен достығыңыз туралы әңгімелеп берсеңіз?

– Ой, бұл бір жаныма жақын сұрақ екен. Ғабең менен 30 жас үлкен еді. Отбасымызбен араластық, бірге демалатынбыз, бірге аңға да шығатынбыз. Бір жақта кезекті іссапарда жүрсем, Ғабең қайтыс болып кетіпті. Кейін басына құран оқытуға барсам, о тоба, Ғабеңді бір төбенің етегіне, жолдың жағасына апарып қоя салыпты, жылап жібердім (кемсеңдеді). «Қайран, Ғабит-ай, саған бір-екі метр дұрыс жер бұйырмағаны ма?» деп. Содан айтысып-тартысып, біреуін әке, біреуін көке деп жүріп Кеңсайдың жоғары жағына апарып, қайта жерледік. Ескерткіш орнаттық. Аруағы риза болсын!

– Қазақтың классик композиторы Сыдық Мұхамеджановтың атында не Алматыда, не Астанада көше жоқ. Ол кісінің атына берілген музыкалық бір де бір ғимарат та жоқ. Кезінде «Жарқ етпеспен» жарқ етіп шығып, небір музыкалық кесек туындылар беріп кеткен, мелодистің көзі жұмылғаннан кейін жалп етіп өшкені ме?

– Өте орынды сұрақ. Мен Астанадағы басшылардың бәріне бардым. Астананың шет жағынан болса да бір көше беріңдер деп. Кеше ғана оның ән-романстарын айтып жүр едіңдер ғой, не болды сендерге? Не 80 жылдығы, не 90 жылдығы аталған жоқ. Қазір кейде аяқ астынан біреулер «гений» бола қалады, ал қазіргі таңда осындай алыптардың еңбегі далада қалатындығы өте өкінішті.

– Бұрынғы сіздердің кездеріңіздегідей композиторлар неге опера, симфония, кантата, оратория, поэма, романстар жазбай кетті?

– Бұрын мұндай шығармаларды жазғандар кәдімгідей қомақты ақша алатын және бір-бірімен жарыса жазатын. Сонымен емін-еркін өмір сүретін. «Тамағы тоқ, көйлегі көк» дегендей. Ақын-жазушылар да солай болатын. Қазір жазғандарына азын-аулақ төлесе төледі, төлемесе ол да жоқ. Не тапсырыс жоқ, осындай ірі шығармаларға. Эстрада деген инкубатордан шыққандай бір-бірінен айыра алмайтын «жұлдыздарға», тыңқыл-сыңқыл жеңіл ритмге көрермендер қол соғып, еліте қалды. Бұл – қасірет, әрине. Ал қазіргі Композиторлар одағының жағдайын өздеріңіз білесіздер.

Дамыған елдердің қатарынан қалмауымыз керек. Әнеу күні дүние жүзі бойынша Франция, Белгияларды және т.б мемлекеттерді тізесіне отырғызып ЕХРО-ны жеңіп алдық емес пе. Шал басыммен жыладым сонда (тағы да кө­зі­­не жас алды). Соның әсерімен, «Жаса, Қа­­зақ­стан! Жаса, Нұрсұлтан!» деген атпен кан­­тата жазып тастадым. Орындалады осы жақын арада.

– Сіз қанша ақынның өлеңіне ән-романс, дуэттер жаздыңыз?

– Олардың саны есімде жоқ. Ана жылы өзімнің досым менің мелодияма өлең жазған ақынның бірі Тұманбай Молдағалиевті үйге қонаққа шақырдым. Жақсы отырды, жайлы отырды. Өмірде өткен-кеткенімізді еске алыстық. Ертеңінде Алматыға шығарып салдық. Содан 9 күннен кейін «қайтыс болды» деген қаралы хабар келді. Сөйтсе совминнің ауруханасында тамырына система салғанда, дәрігерлер қарамай кетіп қалған. Келсе Тұмаш инелердің бәрін жұлып-жұлып тастаған, көзі жұмулы. Міне, дәрігерлердің «қамқорлығының» арқасында қараптан қарап отырып, қазақтың бір ұлы ақынынан айырылып қалдық. Осы залда менің замандасым ақын Кәкімбек Салықов келіп отыр. Бұл өзі ұзаққа шабатын қарулы бәйге атындай жылдан-жылға поэзияда небір кесек шығармалар жазып, таңғалдырып жүр. Бұл, әрине, қазақ үшін жетістік. Бұл – жақсылық, бұл – жаңалық. Мен соған қуанамын.

– Сіз өміріңізге ризасыз ба? Қандай арманыңыз орындалмай қалды, неге өкінесіз?

– Жоқ, мен – бұл өмірде арманым жоқ адаммын. Аянбай елге қызмет істедім. 83 деген оңай жас емес екен. Көңілім жас болғанымен, уақыт өз дегенін істемей қоймайды. Аяқ жүрмей қалды, көз көрмей қалды.

«Кездесу өткізейік» деп шақырған­дары­ңызды қабыл алып келдім. Қазіргі жастармен кездесейін, ойларын, сөздерін естиінші деп. Шығармашылық өнер адамдарына жастармен кездесу күш-қуат береді. Өзің де кәдімгідей жасарып, жаңарып, көңілің өсіп қалады.

Сахнада Ерағаңның қасында кешті жүргізіп отырып, ол кісіге «Шаршаған жоқсыз ба?» деп едім, қайраткер: «Қанша уақыт болды отырғанымызға?» деді. Мен: «Екі сағаттан асты» дедім. Ерағаң: «О, онда осы да жетер бір тойға… Тоқтайық осымен!», деді.

Өңіне қарасам, бастапқыдай емес көзі жайнап бусанып, буырқанып шабыттанып кетіпті. Ерағаңа қарағанда, Нартайдың мына өлеңі есіме түсті. Іркілмей оқып жібердім:

«Өздерің білер Нартаймын,

Нар болсам да қартайдым.

Арнасы бар да өзі жоқ,

Баяғы дауыл айқайдың.

Дәме бар да, дәрмен жоқ,

Басты еріксіз шайқаймын…».

Қолтығынан демеп, Ерағаңды отырған орнынан тұрғыздым. Залда отырған студенттер мен Астананың зиялылары түрегеп тұрып, «браволап» қол соқты. Әрі қарай өзінің Абай сөзіне жазған вокалдық циклынан «Қазағым, қайран жұртым» романсын сұрауы бойынша орындап бердім.

Кездесу аяқталысымен жиналғандар сах­на­ға шығып, Ерекеңді қоршап алды. Кейбіреулері ескерткіш суретке түсті.

Сөйтсек, бұл өнер тұлғасының соңғы кездесу концерті екен ғой.

Кенжеғали МЫРЖЫҚБАЙ,

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық

университеті «Кәусар» мәдени танымдық

бірлестігінің жетекшісі, өнертану профессоры.

Егемен Қазақстан

21.05.13