2011, Қазақстан Республикасы Мәдениет министрлігі
Республика жұртшылығы жақсы біледі, Сырдың былтырғы тасуында үйін су алған ағайындарға Елбасының тікелей тапсырмасымен 74 пәтер салынған Отырар ауданы, Маяқұм ауылының тұсында, Арыс өзенінің Сырға құяр сағасында Оқсыз деген қалашық болған. Бұл – ұлы ғұлама Әбу Нәсір Мұхамед Бин Тархан бин Узлағ әл-Фарабидің кіндік қаны тамған жер. Әлемдік мәдениеттің ірі орталықтарының бірі, қазақтың алтын бесігі – Отырар ұстаздарынан дәріс алып, білімін тереңдету үшін Шам шаһарына өткен әл-Фарабидің рухы атамекенге оралды. Жалғыз емес. Елден қол-аяғы кісендеулі қалыпта жат жерге асырылған, ақылы мен көзсіз батырлығының арқасында Мысырдың Мәмлүк мемлекетін билеген сұлтан әз-Заһир Бейбарыс бауыры екеуінің бейітінен алынған топырақ кеше, 16 наурыз күні Отырарға әкелінді.Митингті аудан әкімі, Шам шаһарына Оқсыз Отырардан қасиетті туған жер топырағы мен иісі аңқыған жусанын апарған Әлімжан Құртаев жүргізді....Кешір мені, туған жер!Сені артқа тастадым,Кешір мені, туған ел!Жолды алысқа бастадым!Кешір, ұлыс-ұрпағым.Бақ, байлық, даңқ таппадым.Кешір, ар-ұжданым.Білім болды баққаным...Әл-Фарабидің туған ел, жерге сағынышпен өрілген өлеңін оқыған облыс әкімі Болат Жылқышиев: – Әбу Нәсір әл-Фараби мен Бейбарыс сұлтан – тек қазақтың ғана емес, иісі түркі халықтарының, барша мұсылман қауымының ортақ перзенттері. Сондықтан да бабаларымыздың есімдері ұрпаққа – ұран, ұлтымызға – мақтан тұтар тұлға ретінде ғасырдан ғасырға жасай бермек, – деді.Қасиетті рәсімге ҚР Парламентінің бір топ депутаттары, көрнекті ғалымдар мен көрші республикадан арнайы өкілдер келіп қатысты. Қазақстанның бас мүфтиі Әбсаттар қажы Дербісәлі, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, ақын Мұхтар Шаханов, ҚР Мәдениет, ақпарат және спорт министрлігінің Тарихи-мәдени мұра департаментінің директоры Ербол Шаймерденов сынды азаматтар елге оралған ұлы ойшыл мен сұлтанның бүгінгі ұрпақтарына өткен өмірден сыр шертсе, Қазақстанның халық ақыны Әселхан Қалыбекова арнау өлеңін оқыды.Туған жерге бабалар аманатын тапсыру баптардың бабы Арыстанбаб кесенесінің оң жағындағы ашық алаңқайда өтті. Шамнан әкелінген қос уыс топырақ аралары 15 метр қашықтағы екі орында жер қойнауына берілді. Облыстың бас сәулетшісі Еркін Жүсіпов бастаған сәулетшілер әл-Фараби мен Бейбарыс сұлтанға арналып салынатын кесененің жобасын макетке көшірген екен. Екеуінен де қазақ пен мысыр сәулетінің негіздері көрініп тұр.Рәсімнен кейін қонақтар Арыстанбаб кесенесіне келіп, зиярат етті.Ұлы әруақтарға арналған аста да ғибратты сөздер сөйленді. Елбасымыздың өзі қазақ тарихының алтын бастауы деп баға берген Отырарды әр жылдары әр әкім басқарды, қал-қадерінше еңбек етті, үлесін қосты. Бірақ “Отырар өркениетін” толық мәнінде танытуда көкірегі алтын сандық азамат, күні кеше осы ауданның әкімі болған, бүгінде сенатор Қуаныш Айтахановтың еңбегі алабөтен. Әкімдік алдындағы әл-Фараби ескерткішінен басталған “Отырар даңқы” тарихи танымдық кешенін толық аралаған адам әйгілі ортағасырлық қала Отырардың әлем тарихындағы орнын танып, құны ат басындай алтыннан қымбат жәдігер кітапты оқығандай болады. Әл-Фараби турасында ой өрбіткен сенатор Қуаныш Айтаханов оны өсірген өркениет бесігі Отырар тағылымын назардан тыс қалдыруға болмайтынын ел тарихымен сабақтастыра әңгімеледі.Астан кейін Отырар ауданы орталығындағы әл-Фараби атындағы мәдениет сарайында халықаралық ғылыми конференция өтті.Алдында Сирияға сапар бейнетаспадан көрсетіліп, Әбсаттар қажы түсінік беріп отырды. Белгілі ғалымдар Ғарифолла Есім, Жақыпбек Алтаев, Құлбек Ергөбектің баяндамалары фарабитану алдындағы жаңа міндеттерді белгілеп берді.
Авторы: Бақтияр ТАЙЖАН.