Мәдени мұра    Ұлттық жобаӨткенді қастерлеу арқылы, болашағымызды баянды етеміз
  • Facebook
  • Twitter
  • Лента на Youtube
 

Мақала мен басылымдар

Басты бет - Материалдар - Мақала мен басылымдар - Егемен Қазақстан МӘДЕНИЕТ ПЕН АҚПАРАТ – ДАМЫҒАН ЕЛДІҢ ДАҢҒАЙЫР МӘСЕЛЕСІ

Егемен Қазақстан МӘДЕНИЕТ ПЕН АҚПАРАТ – ДАМЫҒАН ЕЛДІҢ ДАҢҒАЙЫР МӘСЕЛЕСІ

Сәрсенбі, 19 қараша 2008Үкімет сағаты басталмас бұрын депутаттар Мәжілістің фойесіне қойылған министрліктің соңғы уа­қыттардағы жұмыс нәтижесін көр­се­тетін көрмемен танысты. Мұн­да­ғы Қазақстан мәдениетінің сан-са­лалы қырлары терең мазмұнды­лы­ғымен ерекшеленді. Соның ішінде қазақ тарихының Қытай, Армения, Ресей, Германия, Мысыр, Венгрия елдеріндегі бес мыңға жуық дерек­терінің, әдеби жәдігерлердің, әлем әдебиеті кітапханасының, тіл бі­лі­мінің бірнеше, “Қазақстан энци­кло­педиясының” қазақ тілінде 10, орыс тілінде 5 томдар болып шы­ғуы, “Мәдени мұра” бағдарламасы бойынша қалпына келтірілген ес­керт­кіштер – бәр-бәрі нақпа-нақ көрсетілген.

Үкімет сағатына арналған оты­рыс­ты Мәжіліс Төрағасы Орал Мұ­хамеджанов ашып, жүргізіп отыр­ды. Мәдениет және ақпарат ми­нистрі М.Құл-Мұхаммед министр­лі­ктің 2008 жылғы жұмысының басты нәтижелері мен 2009-2011 жылдарға арналған жұмысының стра­тегиялық бағыттарын атап бер­ді. Алдымен министр 2004 жылы қабылданған “Мәдени мұра” бағ­дарламасының қорытындыларына тоқталды. Өткен төрт жылда 51 та­рихи және мәдени ескерткіштерге жаңғырту жұмыстары жүргізіліп, еліміздің аумағындағы 39 қалашық пен қорғанда археологиялық зерт­теу жұмыстары жүзеге асырылды. Қазақстанның тарихи және мәдени ескерткіштерінің мемлекеттік тізімі әзірленіп, оған 218 нысан енгізілді. Соның ішінде Қожа Ахмет Ясауи ке­сенесі мен Тамғалы археоло­гия­лық кешені ЮНЕСКО-ның Дүние­жүзілік мұралар тізіміне енгізіл­генін айрықша атап өткен жөн. Енді осы тізімге Отырар қаласын да қосу бойынша жұмыстар жүр­гі­зі­ліп жатыр, деді Мұхтар Абырар­ұлы.

Бүгінгі таңда Алматы мен Шы­ғыс Қазақстан облыстарындағы Есік және Берел қорғандарының құрылысы қызу жүргізілуде. Дамаск қаласындағы әл-Фараби кесенесі мен Каирдегі Сұлтан Бейбарыстың мешітін қайта жаңғырту жөніндегі жұмыстар жалғасуда. Биыл Париж қаласында Шәкәрімнің 150 жыл­дық мерейтойына арналған көрме ұйымдастырылды. Сондай-ақ АҚШ, Германия, Тәжікстан, Иран, Египет, Украина, Қытай, Беларусь және т.б. бірқатар мемлекет­тер­де Қазақстан тарихы мен мәдени мұраларының көрмесі өткізілді. Ең маңыздысы, деп атап өтті министр, осы бағдарламаны іске асыру ба­рысында ұлттық мәдени мұраларды зерттеудің тұтас жүйесі құрылды және гуманитарлық білімнің мем­ле­кеттік тілдегі толыққанды қорын құру жөніндегі қадамдар жасалды. Жалпы алғанда, “Мәдени мұра” бағ­дарламасын іске асыруға 6 млрд., соның ішінде 2008 жылы 1 млрд. 300 млн. теңгеден астам қаражат бөлінді.

Одан әрі министр осы істерді әрі қарай жалғастыру мақсатымен Елбасының тапсырмасына сәйкес “Мәдени мұра” бағдарламасының 2009-2011 жылдарға арналған тұжы­рымдамасы” әзірленгенін тілге тиек етті. Бүгінде ол Үкімет тарапынан мақұлданған.

Ұлттық кинематографияны да­мы­ту жұмыстары аясында техни­ка­лық қайта жабдықтауды, жаңа алаң­дар жасауды, прокат қызметін ұйымдастыруды, кино өнімдерін сақтаудың сандық технологияларын ен­гізуді қарастыра отырып, “Қа­зақ­фильм” ұлттық компаниясын жаң­ғыр­ту жоспары әзірленген. 2009 жылы әлеуметтік маңызы бар та­қы­рыптарға арналған 28 жаңа кино­картинаның өндірісін бастау жос­пар­ланған. Осы саланың үстіміздегі жылы қол жеткізген табыстарының қатарында үш толық метражды көр­кем және үш анимациялық фильм түсірілгенін айта кеткен жөн. Соның ішінде “Мұстафа Шоқай”, “Ауылым – әнім”, “Әкем екеуміз” көркем фильмдері бар.

Мемлекеттік ақпараттық сая­сат­ты іске асыру саласындағы жұмыс­тар қоғамның сұранысын сапалы қанағаттандыруға бағытталып отыр, деді одан әрі министр. Осы мақ­сатпен мемлекеттің барлық медиа-ресурстарын біріктіретін “Арна-Медиа” ұлттық-ақпараттық хол­дин­гі құрылды. Сонымен бірге, “Ел арна” телеарнасын білім, мәдениет және жастар телеарнасы ретінде қай­та пішіндеудің тұжырым­да­ма­сы әзірленді. Мемлекеттік ақпа­раттық тапсырыс ағымдағы жылы 81 тақырыптық бағыт бойынша 94 басылым мен электронды БАҚ-тарға орналастырылды. Бұл 2007 жылмен салыстырғанда екі есе артық. Министрлік жыл басынан бері өзекті тақырыптар бойынша 70-тен астам медиа-жоспар әзірлеп, іс­ке асырды. Сонымен қатар, бұ­рын тіркелгенімен, әрекет етпейтін 6665 БАҚ есептен шығарылып, іс жүзінде нақты әрекет ететін 2786 БАҚ мемлекеттік тізімге алынды.

Мемлекеттік тілді дамыту мә­се­лесі бойынша айтқанда, М.Құл-Мұхаммед тек үстіміздегі жылы ғана жарты миллионнан астам да­намен 6 түрлі сөздіктің, 22 ком­пью­терлік бағдарлама мен 2 түрлі ба­ла­ма оқу бағдарламасының әзірле­ніп, жарыққа шыққанын айтты. Сондай-ақ елімізде алғаш рет мем­лекеттік қызметшілерге мемлекет­тік тілді жеделдетіп оқыту жөнін­дегі тұжырымдама, бірыңғай стан­дарт және типтік бағдарлама әзір­ленгенін жеткізді.

Министрлік жұмысының келесі басым бағыттарының бірі – әлеу­меттік маңызды жобаларды іске асыру шеңберінде үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимыл болса, бұл бағытта қазір 107 ҮЕҰ-мен 200-ден астам жоба іске асырылуда.

Нормативтік-құқықтық базаны же­тілдіру аясында мәдениет, сая­си партиялар және бұқа­ра­лық ақпарат құралдары туралы заң­дарға өзгерістер мен толық­ты­ру­лар ен­гізу жөніндегі заң жобалары әзір­ле­ніп, Парламент­тің қарауына ұсынылды.

Парламент Мәжілісі тарапынан қосымша баяндаманы Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі Жарасбай Сүлейменов жасады. Министрдің баяндамасында “Үкі­мет сағатының” күн тәртібіне ұсы­нылып отырған мәселе жан-жақты ашып көрсетілді. Сөз жоқ, бұл бағытта ұланғайыр істер атқарылды және ол жалғасып келеді. Бұған ең алдымен Елбасы Н.Назарбаевтың ұсынысымен қабылданған еліміз­дегі мәдениетті дамытуға қатысты заңнамалық кеңістіктің қалыптасуы кең жол ашып отырғанын айтуға тиіспіз, деді депутат. Нақты ұсы­ныс­тар қатарында Президенттің мемлекеттік тілді дамыту тұрғы­сын­дағы талабы тұр. Оның басым­дыққа ие болуы шарт.

Сонымен бірге, шешен шы­ғар­машыл қызметкерлер мәртебесін заңмен бекітетін мезгілдің жет­ке­нін, сондықтан шығармашыл одақ­тар туралы заң қабылдаудың жол­да­рын қарастыру қажет екенін атап көрсетті. Сондай-ақ Ж.Сүлейменов өзінің сөзінде ауыл мәдениетіне де қатты көңіл бөлу керектігін жет­кізді. Жабылып қалған кітапхана, клубтарды ашу – бүгінгі күннің өзекті талаптарының бірі, деді ол.

Баяндамалардан соң Мәдениет және ақпарат министрі М.Құл-Мұ­хаммедке сұрақтар көптеп қойыл­ды. Депутаттарды тек мемлекеттік тілде хабар тарататын, балалар мен жасөспірімдерге арналған бағдарла­ма­лар жасайтын ұлттық арналар­дың қажеттілігі және басқа да то­лып жатқан мәселелер толғанды­ратыны белгілі болды. Сұрақ-жауаптан соң саланың мәселелері бойынша Үкіметке ұсынылатын қаулының жобасы қабылданды.



Авторы: Жақсыбай САМРАТ, Суретті түсірген С.МАЙЛЫБАЕВ.