Мәдени мұра    Ұлттық жобаӨткенді қастерлеу арқылы, болашағымызды баянды етеміз
  • Facebook
  • Twitter
  • Лента на Youtube
 

Мақала мен басылымдар

Басты бет - Материалдар - Мақала мен басылымдар -  Егемен Қазақстан: “МӘДЕНИ МҰРА” ЖОБАСЫ БАСЫМ БАҒЫТТАР БОЙЫНША ЖАЛҒАСПАҚ

Егемен Қазақстан: “МӘДЕНИ МҰРА” ЖОБАСЫ БАСЫМ БАҒЫТТАР БОЙЫНША ЖАЛҒАСПАҚ

Жұма, 23 қаңтар 2009Премьер-Министр Кәрім Мәсі­мов­тің төрағалығымен өткен Үкі­мет отырысында “Мәдени мұра” ұлттық жобасының 2009-2011 жыл­дарға арналған тұжырымдама­сы­ның жобасы қаралды. Осы мәселе бойынша баяндама жасаған Мәде­ниет және ақпарат министрі Мұх­тар Құл-Мұхаммед осыдан бес жыл бұрын Елбасы 2003 жылғы сәуірдегі Қазақстан халқына Жолдауында “Мәдени мұра” арнайы орта мер­зімді мемлекеттік бағдарламасын іске асыруды тапсырғандығын айта келе еліміздің мәдени мұрасы – орны толмас құнды рухани, мә­де­ни, экономикалық және әлеуметтік қазына екендігін, осы арқылы әлем­дік ғылыми ой-сананың, мә­дениет пен әдебиеттің үздік жетіс­тіктері негізінде гуманитарлық бі­лім­нің мемлекеттік тілдегі толық­қан­ды қорын құру жөнінде өте қо­мақты нәтижелерге қол жеткізіл­ген­дігін, ол елдегі және шетелдік зиялы қауым тарапынан жоғары бағаға және өзінің әрі қарай іске асырылу құқы­ғына ие болғандығын атап көрсетті.

Министр “Мәдени мұра” бағ­дар­ламасының негізгі жетістіктерін сара­лай келе мына мәселелерге тоқталды.

Біріншіден, біздің бағдарлама тек ТМД елдерінде ғана емес, сонымен қатар алыс шетелдерде де аса жоғары бағаланды. 2006 жылғы сәуірде Париж қаласындағы ЮНЕСКО-ның Штаб-пәтерінде бағдарламаның тұ­саукесері табысты өтті. Онда шетел­дік сарапшылар оның бірегейлігін атап, оған жоғары баға берді. Қазақстанның тарихи және мәдени мұрасының АҚШ, Германия, Тәжікстан, Иран, Египет, Украина, Қытай, Беларусь және басқа да мемлекеттердегі таныстырылымы үлкен қызығушылық тудырды.

Екіншіден, бағдарламаны іске асыру барысында ұлттық мәдениет­тің сан ғасырлық тәжірибесін қо­рыту және зерттеудің тұтас жүйесі құ­рылды. Еліміз тәуелсіздік алған­нан кейін алғаш рет гуманитарлық білімнің мемлекеттік тілдегі то­лықанды қорын құру жөніндегі қадамдар жасалды.

Үшіншіден, Мемлекеттік бағдар­лама­ның іске асырылуы елдің жаңа тарихи-мәдени ландшафтының қалыптасуына игі әсерін тигізді. Бағдарламаның шеңберінде бір жағынан мәдени құндылықтарды қалпына келтіру және сирек кез­десетін бағалы нәрселерді жинақтау жөніндегі жұмыстар жүргізілсе, екінші жағынан – “ақ дақтармен” таңбаланған тарихымыз тұтастай қайта қалпына келтірілді.

Төртіншіден, Мемлекеттік бағдарламаның іске асырылуы қа­зақ­стандықтардың өз тарихына және мәдениетіне қызығушылық­та­рын арттыра түсті. Және біз бүгін қуатты тарихи және мәдени не­гіз­дердің азаматтық және патриоттық құндылықтардың өсуіне нақты жағдай жасайтынын растайтын бұ­қа­ралық санада маңызды өзгер­тулерді байқай аламыз.

“Жалпы алғанда, өткен төрт жылда 51 тарих және мәдениет ескерткіштерінде жаңғырту жұ­мыс­тары, Қазақстан аумағындағы 39 қалашық, қоныс, тұрақ пен қор­ған­да археологиялық зерттеу жұмыста­ры жүзеге асырылды. Дамаск қала­сында Әл-Фараби кесенесі мен этно­мәдени орталығын салу, Сұл­тан Бейбарыстың кесенесін және Каир қаласында Сұлтан Аз-Захир Бейбарыстың мешітін қайта жаң­ғырту жөніндегі жұмыстар баста­лып кетті. Маңызды жетістіктердің бірі Қожа Ахмет Ясауи кесенесі мен Там­ғалы археологиялық кеше­ні сияқты екі ғажайып ескерткіш ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұ­ра­лар тізіміне енді. Аталған тізімге ұсынылған келесі ескерткіш ежелгі Отырар қаласы болып отыр”, деді министр.

Сонымен қатар Мұхтар Құл-Мұхаммедтің айтуына қарағанда, 218 нысан Қазақстанның тарихи және мәдени ескерткіштерінің Мемлекет­тік тізіміне енгізілген. Ұлттық мәдениет үшін айрықша маңызы бар тарихи-мәдени, сәулет және архео­логия ескерткіштерінде 30 қолдан­балы ғылыми зерттеулер жүргізілді.

Онан басқа, мұражайлар мен кітапханалардағы құжаттарды сандық жүйеге көшіру, тарихи-мәдени мұралардың ақпараттық жүйесін қалыптастыру бойынша үлкен жұмыстар атқарылды. Осы жұмыстардың барлығы халықтың тарихи мұраларға ыңғайлы әрі заманауи жүйеде қол жеткізуін қамтамасыз етуге бағытталған.

Осы арада анықтама үшін айта кетейік, Қытай, Түркия, Моңғолия, Ресей, Жапония, Египет, Өзбек­стан, Армения, АҚШ, бірқатар Ба­тыс Еуропа елдеріне ғылыми-зерт­теу экспедициялары ұйымдастыры­лып, ғылыми ортаға бұрын белгісіз болып келген Қазақстанның та­рихы, этно­графиясы, өнері туралы бес мыңға жуық қолжазба мен бас­па басылым­дары табылды. Мем­лекеттік бағдар­ла­ма аясында 230 кітап жарық көрді, арасында тарих, археология, этногра­фия жөніндегі аса құнды сериялар, жаңа энцик­ло­педиялық сөздіктер бар. Мы­салы, “Бабалар сөзі” серия­сы жүз­де­ген жылдар бойы жасалған қазақ халқының бай ауыз әдебиетін жи­нақтауға мүмкіндік берсе, “Қазақ­тың ата заңдары” жинағы қазақ хал­қының құқықтық санасының даму тарихын ашып көрсетеді.

Жалпы, осы күнге дейін “Мәде­ни мұра” бағдарламасын іске асы­ру­ға 6 миллиард теңгеге жуық қар­жы бөлінді.

Осы ретте министр Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев атап өткендей “Мәдени мұра” бағдарламасы өзі­міздің түбірімізді әрі қарай зерт­теуге және біздің байтақ еліміздің тарихы мен мәдениетін бүкіл әлем­ге таны­туда қалай жүру қажеттігі жөнінде дұрыс бағыт көрсеткен­дігін баян етті.

Сонымен қатар министр тұжы­рым­дамада қамтылған тарихи-мә­дени мұраларды зерттеу және сақ­тау саласындағы жаңа бағыттар мен жолдар жайында баяндады. Тұжы­рымдаманың негізгі мақсаты – ру­ха­ни және білім беру салаларын да­мытудың ғылыми, әлеуметтік-эко­номикалық және ұйымдастыру-әдіс­темелік базасын одан әрі жетіл­діру, тарихи-мәдени мұра объек­ті­лерін қорғау және пайдалану тиім­ділігін арттыру тетіктерін әзірлеу болып табылады. Қойған мақсат­тар­ға жету үшін күш-жігер мы­на­дай негізгі міндеттерге жұмылды­рылмақ. Біріншіден, тарихи-мәдени мұраны сақтап, одан әрі дамыту үшін қолайлы жағдай жасау. Екін­шіден, шетелдік ғалымдармен, ірге­лі ғылыми орталықтармен бірлесе отырып ұлттық мұраларды кешенді түрде жан-жақты зерттеу, олардың ғылыми айналымға түсуін қам­та­масыз ету. Үшіншіден, тарихи-мә­дени мұраны қоғамдық білім және бұқаралық ақпарат салаларына аудару және, әрине, халықаралық кеңістікте кеңінен насихаттау.

Тұжырымдаманы іске асырудың алты басым бағыты белгіленген. Бірінші бағыт ұлттық рәміздерді қа­лыптастыруды қамтиды. Бұл ба­ғыттың шеңберінде өзінің біре­гейлігінің арқасында ұлттық рәміз­дер болатын және халықты бірік­тіру функциясын жүзеге асыратын мемлекеттілігіміздің асыл қазы­на­ларын қайта жаңғырту жоспарла­нып отыр – олар Есік, Берел қорғандары және Түркістан қаласы мен Отырар қалашығындағы бір­қа­тар маңызды ескерткіштер. Екінші бағыт Ұлы Жібек жолының тарихи орындары негізінде мәдени ту­ризм­ді дамытуды көздейді. Осы бағытта Ұлы Жібек жолының магистральді учаскілеріндегі қорық-мұражайлар­дың дамуын анықтайтын бас жос­пар құру жоспарлануда. Сонымен қатар, барлық тарихи орындарды мұражайландыру жүзеге асырыла­ды. Үшінші бағыт ұлттық тарихи-мәдени мұраны халықаралық дең­гейде насихаттау жөніндегі жұмыс­тарды қамтиды. Мұнда Берел мен Есік қорғандары, Түркістан қаласы мен Отырар қалашығының ескерт­кіштері, өзге де тарихи орындар ту­ралы халықаралық талаптарға сай, терең мазмұнды, жоғары сапалы деректі фильмдер жасалып, оларды “Би-би-си”, “Дискавери” секілді әй­гілі әлемдік телеарналардан көр­сетуді ұйымдастыру жоспарланып отыр. Сол сияқты бұл бағыттың шең­бе­рінде еліміздің тарихи-мәде­ни мұ­раларын насихаттауға бағыт­тал­ған халықаралық ғылыми-тео­риялық конференциялар, көрмелер ұйым­дас­тырылатын болады. Атақты шет­елдік зерттеушілермен, іргелі ғы­лыми орталықтармен бірге жал­пы­әлемдік мәдени құндылықтар тұр­ғысынан ұлттық мұрамызды зер­делеу жүзеге асырылады. Төр­тін­ші бағыт өткен бес жылда та­был­ған тарихи-мәдени мұраны ке­шенді зерделеуді көздейді. Ірі тарихи қалашықтар мен қоныс­тарда археологиялық зерттеулер жүргізу, мәдени мұра мәселелері бойынша мемлекеттік тілдегі кітап­тардың жаңа серияларын әзірлеп шығару жөніндегі жұмыстарды ұйымдастыру жоспарланып отыр. Бесінші бағыт жүйеленген білімді оқу үдерісіне енгізуді көздейді. Бұл ең алдымен, жас қазақстан­дық­тарды патриоттық рухта, халқына деген сүйіспеншілік рухында тәр­биелеу қажеттігіне негізделген. Ал­тыншы бағыт саланы дамытудың стратегиялық ресурсы ретінде кадр саясатын іске асыруды қарас­ты­рады. Саланың жоғары деңгейлі аудармашы, тарихшы, этнографтар және т.б. мамандарды қажет ететін­дігі жасырын емес. Осыған байла­нысты тиісті мамандарды даяр­лау­ды қамтамасыз ету, жас мамандар­дың халықаралық оқыту бағдарла­ма­ларына қатысуларын қамтамасыз ету, мәдениет қыз­меткерлерінің елі­міздің және шетелдердің үздік мәдениет мекемелерінде біліктілік мекте­бінен өтуін ұйымдастыру жөніндегі бірқатар шаралар қарас­тырылып отыр.

Жалпы, тұжырымдама елдің та­рихи-мәдени мұрасын тек қалпына келтіру мақсаттарымен ғана шек­телмейді. Оның негізгі көздейтіні қоғамдық санада тарихи мұраларды халықты біріктіру символы, ел бүтіндігінің және ұлттық танымды нығайтудың факторы ретінде қалыптастыру болып табылады.

Сайып келгенде, ұсынылған тұ­жырымдама “Мәдени мұра” ұлттық жобасын еліміздің тұрақты даму стратегиясының маңызды фак­то­ры­ның біріне айналдыруға жасал­ған қадамдардың бірі болып табылады.

Министрден кейін сөз алған Пре­зиденттік мәдениет орталығының директоры, белгілі ғалым Мырзатай Жолдасбеков халқымыздың өзінің тарихи тұрпатынан көз жазың­қы­рап кеткендігін, ақырында тіпті ті­лінен де көз жазып қала жазда­ға­нын, өйткені соңғы үш ғасырда ұлт­тық тарихтың тәлкекке ұшыра­ған­дығын айтты. Міне, осы олқы­лық­тардың орнын толтыруда “Мә­де­ни мұра” бағдарламасының алып отырған орны ересен. “Мәдени мұра” — қазақ зиялылары мен интел­ли­генциясының талай ғасыр ар­ман­дап жеткен дүниесі. Ұлтымыз­дың рухани түрде қайта жаңғы­руы­ның бір көрінісі. Бірінші кезеңде тарихи мұраларымыз жинақталса, екінші кезеңде сол мұралар ха­лық­тың игілігіне айнала бастады. Мә­дени мұраны зерделеудің біртұтас жүйесі қалыптасты. Осыған орай Мырзатай Жолдасбеков көптеген жұмыс тындырылып, 100 томдық “Бабалар сөзінің” 50 томдығы, “Әлем әдебиеті кітапханасы”, “Қа­зақ философиясының” 16 томдығы, “Әлемдік философиялық мұраның” 18 томдығы, “Қазақ өнерінің” 2 томдығы және басқа да кітаптар­дың оқырманның қолына тиіп, “Баласағұн” қалашығы, Отырар, Ор­хон ескерткіштерінің толық атласы жасалғандығын атап өтті.

Археология институтының директоры Карл Байпақов “Мәдени мұра” бағдарламасының аясында үш серпінді жобаның әзірленген­ді­гін еске салды. Соның бірі — “Оты­рар” мәдени бренді. Ғалымның айтуынша, Ұлы Жібек жолының бойында алғашқы қалалар пайда болған. Сол тұстағы мемлекет осы қалалардың экономикасына арқа сүйеп дамыған. Тарихтың осындай сырларын ашуда, халқымыздың та­рихи жадын қайта оятуда “Мәдени мұра” бағдарламасының аясында жұмыс істеген ғалымдар үлкен ең­бек сіңіруде. Алматының маңынан ашылған Есік қорғанынан бастап, Алтайдағы Берел қорымының ашы­луы мемлекеттілігіміздің тарихын мыңдаған жылдарға ұзарта түсті.

Шығыстану институтының директоры Меруерт Әбусейітова “Мәдени мұра” бағдарламасының аясында Қытай, Ресей, Түркия, Армения және тағы басқа да елдер­ге 15 ғылыми экспедицияның ұйым­дастырылып, осының нә­ти­же­сінде қазақ халқына қатысты көп­теген құнды тарихи деректердің та­былғандығын айтты. Мәселен, бір ғана Пекиндегі бірінші тарихи мұ­рағаттан халқымызға қатысты мань­чжур тіліндегі 3 мың, қытай тілін­дегі 300, шағатай тіліндегі 60, ойрат тіліндегі 70 құжат табылды. Бұл құжаттарды зерттеп, өз тілімізде жа­рия­лап, айналымға қосу үшін ма­мандар дайындаудың маңызы зор екендігіне тоқталды.

Ұлттық мұрағаттың директоры Рысты Сариева өзі басқарып отырған ұжымның “Мәдени мұра” бағдарламасының аясында көпте­ген елдердің мұрағаттарымен бай­ла­ныс жасап жұмыс істегендігін, со­ның нәтижесінде бір ғана Қы­тайдың өзінен 200 жинақтың алын­ғандығын, Ресей, Польша елдерінің мұрағаттарынан да көптеген дүниелердің табылғандығын айтты. Ендігі кезекте мұрағатты жаңғырту бағытында жаңа құрал-жабдықтар алу жұмыстарының жүргізіліп жатқандығын жеткізді.

Білім және ғылым министрі Жан­сейіт Түймебаев “Мәдени мұра” бағдарламасы еліміздің тәуел­сіздігін нығайту бағытында атқарылып жатқан жұмыстардың маңызды саласы болып табылатын­дығын атап көрсетті. Осы бағдар­лама аясында жинақталған мате­риалдардың сұрыпталып, екшеліп білім беру үрдісіне енгізілгендігін, ендігі кезекте осы бағдарлама бой­ын­ша жұмыс істеуге қабілетті, қа­жетті тілдерді меңгеретін маман­дар­ды дайындау жөнінде тапсырма беріліп отырғандығын айта келе, өкінішке қарай, “Мәдени мұра” аясында жарық көріп жатқан еңбектердің тиражы аз екендігін, алдағы уақытта оларды көбейте түсу қажеттігін еске салды.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев елді басқа халықтар оның әдебиеті, мәдениеті, спорты арқылы көбірек танитындығын, демек, “Мәдени мұра” бағдарламасының өзі біздің бе­деліміздің көтерілуіне әсер ете­тін­дігін, тіпті осы бағдарламаға са­бақтастырыла қарастырылатын ту­ризмді дамыту арқылы экономи­ка­лық пайда келтіруге болатындығын айта келе, осы жолы қарастырылып отырған 2009-2011 жылдарға арнал­ған тұжырымдаманы қолдау керек деген пікірін білдірді.

Отырысты қорытындылаған Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов өз ойын мемлекеттік тілде жеткізді. Елбасының “Мәдени мұра” жоба­сына қатысты Үкіметке тиісті тап­сыр­ма бергендігін айта келе, тұжы­рымдама жобасының жан-жақты пысықталып, жақсы дайындалған­ды­ғын айтып, бағдарламаны қол­дай­тындығын білдірді. Сонымен, “Мәдени мұра” жобасы 2009-2011 жылдары жаңа негізде қайтадан жалғасатын болды.

Сондай-ақ Үкімет осы оты­рыс­та елімізде минералдық, органи­калық, химиялық тыңайтқыштар және бас­қа да өндіріске қажетті заттар өн­ді­ре­тін химия өнеркәсібі кәсіп­орын­дарын одан әрі дамыту туралы мә­селе қарап, осы бойынша баяндама жасаған Индустрия және сауда министрі Владимир Школь­ни­к­тің ұсыныстарына қолдау білдірді.

Аталған тақырып “Хабар” агент­тігінің кешкі “Бетпе-бет” бағдарла­масында жалғасын тапты. Онда Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед “Мәдени мұраға” байланысты көрермендердің көкейінде жүрген және уақыт талабына орай туындаған көптеген сұрақтарға толымды жауап берді.


Авторы: Сұңғат ӘЛІПБАЙ.