Мәдени мұра    Ұлттық жобаӨткенді қастерлеу арқылы, болашағымызды баянды етеміз
  • Facebook
  • Twitter
  • Лента на Youtube
 

Мақала мен басылымдар

Басты бет - Материалдар - Мақала мен басылымдар - Бар мұраны бағалай білейік

Бар мұраны бағалай білейік

Сәрсенбі, 16 ақпан 2005Арал өңірі – тарихи, археологиялық және архитектуралық (сәулет) ескерткіштерге бай өлке. Аудан көлемінде мәдени мұраға айналған 57 тарихи және сәулет ескерткіші бар.

Соның кейбірін айта кетсек, Арал темір жолы вокзалы жанындағы 1918-19 жылдары азамат соғысында қаза тапқан жерлестеріміз жерленген “Бауырлар бейіті”, Арал қаласында, Сексеуіл кентінде, Бөген, Шижаға, Қызылжар, Қаратерең, Абай, Аманөткел елді мекендерінде Ұлы Отан соғысынан оралмаған боздақтарға қойылған белгілер бар. Бұл монументті ескерткіштер 1975 жылы Ұлы Жеңістің 30 жылдық торқалы тойында бой көтерсе, Ұлы Жеңістің 60 жылдық құрметіне Арал қаласының орталық алаңында сұрапыл соғыстан туған топырағына оралмай, өмірден өткен 6 мың боздақтың аты-жөні мәрмәр тасқа жазылып, “Тағзым” алаңы ашылды. Сонымен қатар аудан­дағы мемлекеттік тізімге алынған 25 археологиялық ескерткіштерге сонау бағзы заманда ата-баба­лары­мыз қоныстанып, өмір кеш­кен ескі қалалардың қазбалары жатады. Бұлармен бірге архи­тек­туралық мәдени мұраға енетін Жаңақұрылыс елді мекені жанын­дағы республикалық дәрежедегі “Бегім Ана”, “Мәмбетбақы”, “Пияз”, “Пұсырманбай” кесе­нелері, Құмбазар елді мекенінен оңтүстік-шығысқа қарай 27 шақырым жердегі “Тілеулес ишан” мешіті, Қызылжар елді ме­кенінің шығысындағы “Тілеулес ишан” кесенесі, Ақеспеден сол­түстік-шығысқа қарай 16 ша­қырым жердегі “Қосаман” ке­се­несі, Аққұлақ жанындағы “Бә­сібек” сағана тамы және “Беке­тай” кесенесі, Шөмішкөлдегі “Ораз ақын” кесенесі, Аманөткел ауылындағы “Рысқал” кесенесі, Ақшатаудан солтүстік-батысқа қарай 1,5 шақырым жердегі “Байшоқы” кесенелері – тұлға­лары биік, өрістері кең, өнегелері мол тарихи ескерткіштер.Жоғарыда айтылған мәдени мұралардың қай-қайсысының да іргетастары қаланғанына бір емес, бірнеше ғасыр өткен. Өкініштісі сол, сәулет ескерткіштеріне күр­делі жөндеу жұмыстары жүргі­зіл­мек түгілі, жай жөндеуді де көрмей келеді. Ашығын айтсақ, осынау тарихи ескерткіштердің бірсыпырасы жыл өткен сайын жермен жексен болып келе жатса, қалғандары қалт-құлт етіп құлау алдында тұр. Басқасын былай қойғанда, аудандағы республика­лық дәрежедегі жалғыз ескерткіш “Бегім-Ана” мұнарасын 1989 жылы “Қазпроектреставрация” мекемесі күрделі жөндеуден өткізген еді, содан бері қол тимеген қалпында тұр.Сайып келгенде, “Бегім-Ана” мұнарасына ең болмағанда жеңіл жөндеу жүргізу керек-ақ. Себебі, жыл өткен сайын мұнара шөгіп барады. Сонымен бірге мұнара басындағы құдық азып-тозып, әулие басына келіп зиярат етушілер ауыз су азабын тартумен келеді. Демек, “Бегім-Ана” мұнарасы ба­сына 8-10 текше метр су сыятын құдық салу аса қажет-ақ. Тағы бір айта кететін жағдай, Қазалыдан “Бегім-Анаға” зиярат етіп ке­лу­шілер үшін көлік мәселесі шешіл­ген, ал Аралдан баратын авто­кө­лік жолдарына жөндеу жүргізіліп, жол бойына мұнара белгілерін ор­натып қойсақ, нұр үстіне нұр болар еді.Мәдени мұраларымызды, та­рихи ескерткіштерімізді қалпына келтіру, қорғау мақсатында Ел­басының бастамасымен “Мәдени мұра” республикалық бағдарламасы қабылданғаны баршамызға мәлім. Осыған орай, Үкімет шешім қа­былдап, облыстардан ескерт­кіш­терді қорғау жөнінде мемлекеттік кәсіпорындар құрды десек, аудан­дарға да тікелей осы жұмыстармен айналысатын бір штаттық кесте қарастырылуы керек-ақ. Жоғарыда айтқан облыстық ескерткіштерді қорғау жөніндегі мемлекеттік кәсіпорын жылына ең болмағанда бір тарихи ескерткішті қалпына келтіру, реставрациялық жұмыста­рын жүргізуді межелеп, жергілікті бюджеттен қаражат көздерін қарастыруды сұрап-ақ келеді.“Мәдени мұра” бағдарламасына орай 2003-2006 жылдар аралығында аудандағы “ Бәсібек” сағана тамы, “Беке­тай кесенесі”, “Тілеулес ишан” мешітін жәй және күрделі жөн­деуден өткізу жоспарланған болатын. Алайда жоғарыдағы та­ри­хи, архитектуралық ескерткіштерді ең болмағанда жеңіл жөндеуден өткізуге жергілікті бюджеттен көк тиын бөлінбей отыр. Тарихи-мәде­ни мұраны қорғау және пайдалану туралы Қазақстан Республикасы заңының 18-бабында жергілікті өкілет органдарының құзыреті ай­қындалған. Заң бойынша жергілікті өкілет органдары тарихи-мәдени мұра объектілерін анықтауды, есепке алуды, қорғауды, сондай-ақ оларды өз бюджеттерінің есебінен қаржыландырып отыруы тиіс. Бір сөзбен айтқанда, жоғарыдағы заң талабы қағажу қалумен келеді.Ашығын айтсақ, Арал өңірі тарихи, архитектуралық ескерткіш­тер­ге бай өлке. Осы арада Арал-2001 археологиялық экспедиция­сы­ның ғылыми ізденістерінің нәти­жесінде Қаратерең елді мекенінің оңтүстік батыс жағынан “Кер­дері мавзолейі” табылғанын айта кеткен жөн. Ол оңтүстігінде 30 ша­қырым жердегі “Барсакелмес” ара­лымен, батысында Ізенді мүйісі, Құ­ланды бұғазы арқылы теңіз суымен шектесіп жатыр. Ғалым­дардың пайымдауынша, мавзолейдің  көлемі 50 шаршы метр жерді алып жатыр. Мавзолейдің қабырғалары дүниенің төрт бұрышына қараған, ұзындық­тары 23 метр де, ені 8 метр көрі­неді. Екі бөлмелі , 4x4 шаршы метр­лі бір бөлмесінде сәулет өнері­мен қаланған адамның сағанасы бар. Ал екінші бөлмесі зияратхана болып табылса, батыс жағында мавзолеймен іргелес намаз оқы­латын “михрабы” бар сыңайлы. Іргетас сұлбасының батысында адамдар жерленген .Сайып келгенде, “Кердері мав­золейі” жайлы егжей-тегжейлі мәлімет әзірге жоқ. Белгілі ға­лым­дар Н.Веселовский, С.Аман­жолов, М.Тиышбаев, С.Толс­тов­тар мав­зо­лейдің орналасқан жері Хорезм елі­­нің жері, Арал теңізі 1000-шы жылдары Кердері теңізі болған, бер­тін келе бұл жерлер топан су ас­тына кеткен деген деректер келтіреді.Архитектуралық ескерткішті барлау барысында солтүстік-шығыс жағынан 50-70 метр жерде кірпіш зауыттары мен шебер­ха­на­лар орны табылған. Мавзолейдің ішінен бірқатар құнды деректер шыққан. Сол тәрізді Қаратерең елді мекенінен 3 шақырым тұста жер астынан құлпытас және балықшы ауының жабдықтары табылған. Құлпытастарға қошқар мүйізі қашалып, геометриялық сызықтар таңбаланған. Бір сөзбен айтқанда, Кердері мавзолейі ХІ-ХІІ ғасырдағы сәулет өнерімен әшекейленген. Құрылысты әше­кейлеген шыңыл­тырлы трапеция бейнелі қапта­ма­ларда ашылмаған гүл хауызы, құр­ма жапырағы, қошқар мүйізі, түйе табаны, т.б. ою-өрнек қа­шал­ған.Қорыта келгенде, “Кердері мавзолейі” Арал өніріндегі Хо­резм археологиялық-этногра­фия­лық экспедициясы зерттеген Алаң-қала, Білеулі ескерткіштері сияқты, Х-ХІІІ ғасырларда тұр­ғы­зылған деген тұжырым жасалып отыр. Тағы бір айта кететін жайт, “Кердері мавзолейі” Самарқан­дағы Хаким ат Термези (Х-ХІ ға­сыр­да), Бұхарадағы Магоки – Аттари мешіті (ХІІ ғасыр), Исмайл Саманиз (ХІ-ХІІ ғасыр) Жамбылдағы Қарахан ( Х ғасыр), Бабажан Хатун (Х-ХІ ғасыр), Айша-бибі мавзолейінің сәулетті қаптамалары мен әше­кей­леріне өте ұқсас. Арал-2001 архео­логиялық-экспедициясының ғылыми ізденістерінде табылған деректер Қазақстан тарихына соны жаңалықтар әкеліп отыр. Арал теңізінің тартылған табаны­нан табылған “Кердері мавзо­лейі” деректері, зерттеулер тұжы­рымдары айғақтап отырғандай, мавзолей Х-ХІІІ ғасырдағы түркі мәдениетінің жарқын туындысы. Ол Арал өңірінің тарихына қатысты тарихи-географиялық, мәдени-философиялық, т.б. мә­селелерге жаңа көзқарас енгізетін болады. Оны болашақта жан-жақты, тереңірек зерттеу Қазақ­станның мәдениет тарихына қо­сыл­ған сүбелі үлес болып, халық­тың ұлттық тарихи танымын байыта түсері сөзсіз.Сайып келгенде, Арал өңі­рін­дегі археологиялық, архитектура­лық тарихи ескерткіштерді келер ұрпақтарға ұлағат берер аманат етіп қалдыру үшін қамқор қолымызды созуымыз керек-ақ. Ол үшін елді мекендерден “Ес­керт­кіштерді қорғау мұрагерлері” клубын ашып, оның бағдарла­масын жасап, ескерткіштер мен көне көмбелерге саяхат жасау, табылған дүние-мүліктерді сақ­тап, көне көз қариялардан аңыз-әңгімелер, деректер мен мағлұ­маттар жинастырсақ жөн болар еді. Ел-жұрт зиярат ету үшін ба­ратын кесенелер мен мешіттерге шырақшылар ұстау қажет. Олар тарихи ескерткіштердің, мәдени мұралардың сақталуына, көлде­нең көк аттылардың бүлдірмеуіне сеп болар еді. Сол тәрізді тарихи ескерткіштердің айналасын қоршап, кеткен жерлерін сылап-сипап ауыл тұрғындары қам­қор­лыққа алса қанекей. Сонымен бірге ескерткіштердің басына мемлекеттік қорғауға алынғанын айқындайтын тақта, баратын жолдарына көрсеткіш белгілер қою қажет-ақ.Сайып келгенде, тарихи ес­керт­кіштер – атамұрамыз, асыл қазынамыз, миуалы мәдениетіміз. Ендеше, келер ұрпағымыздың ұлағатты келешегінен қамқор қолымызды аямайық, ағайын. 

Арал.

Авторы: Еркін ӘБІЛОВ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.