Мәдени мұра    Ұлттық жобаӨткенді қастерлеу арқылы, болашағымызды баянды етеміз
  • Facebook
  • Twitter
  • Лента на Youtube
 

Мақала мен басылымдар

Басты бет - Материалдар - Мақала мен басылымдар - Туған жердің топырағы

Әл-Фараби мен Бейбарыс сұлтан зираттарына Туған жердің топырағы салынды

Жұма, 16 маусым 2006Әбсаттар қажы Дербісәлі Дамаскідегі Әбу Нәсір әл-Фарабидің зираты жанында. Зираттағы арабша мәтіннің қазақша аудармасы: “Әл-Фатиха. Бисмиллаһир рахманир рахим.

Бұл кесене Ислам ғалымы, философы, әдебиетшісі, музыкашы Әбу Нәсір әл-Фараби деген атпен белгілі Мұхаммед бин Мұхаммед бин Тархан бин Узлағтікі. Ол һижра 260 жылы Фарабта туылып, һижри 339 жылы Дамаскіде қайтыс болды”. Осыдан бірнеше жыл бұрын Елбасы ұсынысымен басталған “Мәдени мұра” бағдарламасы халқымыздың шет жерлерге түрлі ғасырларда шашырап кеткен жәдігерлерін жинауға үлкен серпін берді. Тиісті мамандардан құрал­ған арнаулы экспедициялар мұ­сыл­ман Шығысы ғана емес, сондай-ақ Еуропа мен Азияның да біраз елдерінде болып, сол жұрт кітапханалары мен қолжазба қор­ларынан тарихымыз һәм мәдение­тіміз бен әдебиетімізге қатысты аса құнды мұраларды елге әкеліп, Отан игілігіне айналдыруда.Жуырда осы бағдарлама ая­сын­да Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Әбсаттар қажы Дербі­сәлінің ұйымдастыруы және бас­қаруымен құрамында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық универси­тетінің ректоры, профессор Төле­ген Қожамқұлов, Оңтүстік Қазақстан облысы Отырар ауданы­ның әкімі Әлімжан Құртаев, Оты­ра­р­дағы әл-Фараби мұражайының меңгерушісі Абдолла Жұмашев, республикалық “Білім” баспасы­ның директоры Жарылқасын Нұсқабайұлы бар топ  Дамаскіде өмір сүріп, сонда дүниеден өткен ислам әлемінің үлкен мақтанышы, энциклопедист ғалым, Аристотель­ден кейінгі екінші ұстаз атанған Әбу Нәсір әл-Фараби (870-950) зиратына Отырар топырағын салу және сондағы Мысырды 17 жыл билеген қазақ жерінің тағы бір перзенті Сұлтан аз-Заһир Бейбарыс (1217-1277) кесенесінің де мән-жайын біліп қайту үшін Сирия Араб Республикасында болып қайтты.Сапар барысында ғалымдары­мыз Дамаскідегі “Баб ас-сағир” — “Кіші қақпа” қабірстанындағы Әбу Нәсір әл-Фарабидің зиратына Құран оқып, тағзым етіп, туған жер топырағын салды. Делегация сон­дай-ақ осы шаһардағы Сұлтан әз-Заһир Бейбарыс пен оның ұлы Саид Заһирұлының кесенесінде болып, оларға дұға жасап, топырақ салып, кесенені және оған жап­сар­лас салынған медресе мен кітапхананы көріп, мән-жайымен танысты. Медреседе отырарлық өзге де ғұламалардың дәріс бергенін анықтады. Сондай-ақ олар осы кесене жанындағы әл-Адиллиа (ХІІІ ғ.) медресесінен әл-Фарабидің ескерткішін тауып, суретке, бейнетаспаға түсіріп алды. Қонақтар Дамаскідегі ежелгі Омаййадтар мешіті мен осы елді 1171-1193 жылдары басқарған Салах ад-Дин әл-Аййубидің кесенесін көрді.Делегация Дамаскіде шейх Ахмад Кафтар атындағы қорға зиярат жасады. Қонақтарды күтіп алған мекеме директоры доктор Салах Ахмад Кафтар қор және оның жұмысы және қор инсти­тутының оқу үдерісі жайлы әңгі­ме­леді. Қонақтар онда оқып жатқан қазақстандық жастармен кездесті.Сонан соң зиялыларымыз Сирияның солтүстігіндегі ірі мәдени, ғылыми орталығы Халаб шаһарына сапар шекті. Сонда бара жатып қазақстандық ғалым­дар жолай Хомс қаласындағы Заһир ад-Дин Бейбарыс салдыр­ған Халид бин Уалид атындағы мешіт пен оның жанындағы мұра­жай экспонаттарымен танысып, естелік дәптерге Сирия халқына деген ризашылықтарын жазып қалдырды.Халаб қаласында делегация әмірші Сайф ад-Даула әл-Хамда­ни­дің әл-Фараби тұрған сарайын және осы шаһардағы бірқатар діни, мәдени, ғылыми орындарын аралады.Делегацияның Сирияда болу барысында оларды осы елдің уақыф министрі Зияд ад-Дин әл-Аййуби, жоғары білім министрі Гийяс Баракат пен Дамаск университетінің ректоры Уаил Муалла мырзалар қабылдады. Тараптар ғылыми, мәдени, рухани байланыс мәселелерін талқылады.Сапар барысында Бас мүфти Әбсаттар қажы Дербісәлі Халабтағы “ар-Рауда” және “Зайд бин Усама” мешіттерінде уағыз айтты. Онда ол қазақ-араб елдерінің діни, рухани, мәдени, ғылыми байланысының өткені мен бүгіні, болашағы туралы әңгімеледі.Сапар қорытындысы бойынша Сирия Араб Республикасының Бас мүфтиі, шейх, доктор Ахмед Бадр ад-Дин Хассун мен Қазақстан мұсылмандары діни басқарма­сының төрағасы, Бас мүфти, профессор Әбсаттар қажы Дербі­сәлі өзара ынтымақтастық туралы келісім-шартқа қол қойды.Сапар барысы жайлы Сирия­ның бұқаралық ақпарат құралдары кеңінен жазып, жұртшылыққа таныстырып отырды.Делегация әл-Фараби зираты топырағын туған жері Отырарға жеткізу үшін ала келді.

Авторы: Оңғар ӨМІРБЕК, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының баспасөз хатшысы.