2011, Қазақстан Республикасы Мәдениет министрлігі
Сонау жетпісінші жылдары Қазақтың қыздар педагогикалық институтының музыка факультетін бітіріп, “Құлансаз” ансамбліне келген үкідей сары қыз сахнаға шыққанда құлпырып, ерекше рухтанып, ән әуезіне елітіп, тыңдарманын да өзімен бірге қиял әлеміне ілестіріп әкететін. Алдағы өмір мен құбылысқа байыппен қарайтын үлкендер: “Өстеннің осы қызы жанып тұр”, дейтінін талай естідік те.Ұлжан жылдың қай мезгілінде болмасын қыстау мен күздеуде отырған малшылар мен егінжайдағы еңбек адамдары арасында тамылжыта ән шырқап, жағдай таңдамады. Ол халқын әуезді әнімен тербесе, олардың ыстық ықыласы әншінің алдағы күндеріндегі арманына қанат бітірді деуге болады. Бүгінде Ұлжан туған жер мен өскен елге деген іңкәр сезімін бір адамдай-ақ сезініп, шығармашылығын шыңдап, ізденіс танытып келеді. Оған өнерпаздың өмірдегі, өнердегі өткен жылдары дәлел.Жиналғандар алдында Жамбыл ауданының әкімі Ләззат Тұрлашев құттықтау сөз сөйлеп, әншінің шығармашылығына тоқталып, күміс қоңыраудай даусымен халыққа рухани нәр беретін әндерімен қуантсын деген тілегін жеткізіп, иығына зерлі кәжекей жапты.Жер жәннаты Жетісу жері дарынды өнерпаздардан кенде емес. Солардың қатарында Ұлжан алғашқыда “Айгүл” ансамбліндегі Галина Қарамолдаева мен Ағайша Исағұлова тәрізді ұстаздарынан тәлім алып, әннің жүрекке жетуі әншіге байланысты екендігін ұғынды. Ізденді, әр күнді үкілі үмітімен жалғады. Нәтижесінде баһадүр Қарасай батыр мен жыр сүлейлері Сүйінбай, Жамбыл бабалардың ізі қалған Суықтөбе, Майтөбе, Құлансаз жайлаулары жайлы шырқаған әсем әндері қазақ даласында қалықтап, күлімкөз әншінің мерейін тасытты, елге танытты.Мәдениет үйіне жиналғандар өнерпаздың репертуарындағы жаңа әндердің де тұсауын кесті. Көрермен алдында Исраил Сапарбаевтың, Орысбай Әбділдаевтың, Жолдасхан Құрамысовтың әндерін орындап, оларға деген ізгі ілтипатын білдірді. Ал, Астана мен Алматыдан арнайы келген ағайын-туыстары да Ұлжанға деген ізгі ниеттерін арнады. Парламент Мәжілісінің депутаттары Уәлихан Қалижан мен Гүлмира Исімбаева, тағы басқалары өнерпазға деген ыстық ықыласын білдірсе, Жамбыл, Қарасай ауданындағы іскер бауырлары шетелдік автокөліктің кілтін тапсырып, ауылдан шыққан өнерпазға деген бауырлық ниет-пейілдерін білдірді.Сахнада анасының өнер жолын жалғастырған қызы Әсем екеуі қосыла шырқаған ән әуезі де көрерменнен өз бағасын алды. Халық әндерін Ұлжанның орындауында тыңдасаңыз қазақтың жусан иісі аңқыған кең даласында жүргендей боласың. Ол қай әнді орындамасын кемеліне келтіріп, беріле шырқайды. Бұл әншінің әнге деген махаббаты, еліне, жеріне деген іңкәр сезімі. Осы екі қасиетті қабыстырған өнерпаздардың шығар шыңы алда.Күмісжан БАЙЖАН, Алматы облысы. БАТЫРҒА МҰРАЖАЙ АШЫЛДЫ Қазір елордамыз кең сахарамыздың өткені мен бүгінгісін жарастырып, жақсы істерге ұйытқы болып отырғанына әрқайсымыз куә болып отырмыз. Соның бір дәлеліндей Астанадағы Райымбек батыр атындағы №50 “Қазғарыш” мектеп-лицейінде қазақ батырларына арналған Райымбек батырдың тұңғыш мұражайы ашылды. Батырлық пен батылдыққа, отансүйгіштікке, елге адал қызмет етуге, ұл-қызды балапан кезінен баулитын бұл мұражайды көріп отырғанда бүкіл қазақ топырағын сыртқы жаудан қорғаған бабалар көз алдыңнан өтеді. Ұлтымыздың ұлылығын танытатын жәдігерлерімізді қайта тірілткен теміршілер Махмұт, Айтберген, Тұрсынжан Жетенұлдары мен олардың ізін басып келе жатқан Мұхит атты бозбала жігіттің қолынан шыққан батырлардың мұражайға қойылған бес қаруы көздің жауын алады, көңіліңе дем беріп мерейіңді өсіреді. Әсіресе бөрілі байрақ, басқа киетін дулыға, қалқан, жеңсе, садақ, қорамсақ, құстұмсық, шарайна, айбалта, кіреуке, айыл тұрманы түгел ертоқым, саптама етік, дырау қамшы – бәрі де үйлесім тауып тұр. Осынау құнды дүниелерді жасап әкелген теміршілердің ерінбейтін еңбектегі төзімділігіне қайран қаласың. Ал мұндай алтынға бергісіз жәдігерді Алматыдан Астанаға жеткізу кезінде оларға арнайы мәшине беріп, қастарына сақшы қосқан Алматы облыстық МАИ мекемесінің бастығы Талғат Ақжігітов пен Серік Көпірбаевтың, сондай-ақ елордадағы мұражайдың ашылуына ұйытқы болған кәсіпкер Мәлік Ақылбековтің азаматтықтарына теміршілер де, өзге жиналған жұрт та дән ризалығын білдірді.Мұражайдың көгілдір лентасы қиылғаннан кейін мектеп директоры Әлия Сексенова, Астана қалалық білім басқармасы бастығының орынбасары Әсият Қоржықова, мұражайдың ашылуына арнайы Райымбек ауданынан келген аудандық мәслихаттың хатшысы Лұқпан Әбек бастаған жігіттер шынайы ризашылықтарын білдіріп, мектепке деген сый-сияпаттарын көрсетті. “Алдағы уақытта біз бұл мұражаймен қарым-қатынасты үзбей, мектеп мұғалімдері мен оқушыларын батыр дүниеге келген Мұқағали Мақатаев, Бердібек Соқпақбаев, Сағат Әшімбаев, Баққожа Мұқай, Тельман Жанұзақов секілді тума таланттардың кіндігі тамған өңірмен танысуға шақырамыз. Мүмкіндік жасау жағын екі жақ кеңесе отырып, шешетін боламыз”, деді мәслихат хатшысы.Мұражайдың ашылу салтанатынан кейін ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың “Райымбек! Райымбек!” поэмасы бойынша композициялық қойылым көрсетті. 6-шы сыныптан бастап 10-шы сыныпқа дейінгі оқушылар қатысқан бұл көрініс жиылған жұрттың ерекше рухын көтерді. Шәкірттердің бүкіл поэманың әр жолын мәнерлеп, ажарын ашып жатқа айтқан тұстарынан оларды жастарды батыр рухы көтергенін көргендей болдық. Осы қойылымды дайындаған мектеп кітапханашысы А. Жақсылықова, қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі Г.Бөкенова, М.Оспанов оқушылардың қай кезде де Райымбек батыр туралы өлең оқып, ән айтқанда арқаланып кететінін тілге тиек етті.Осы сәт біздің ойымызға Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың: “Райымбек – ең алдымен, елін жауға бермеген, күні-түні тыным көрмеген, тұла бойын ақыл-ой, күш-қуат кернеген батыр. Райымбек – халық тағдыры қайқы қылыштың үстінде қылпылдаған заманда жоғыңды жоқтаған жоқшы. Райымбек – қызыр шалған көріпкелдігі бар әулие... Райымбек бабаны ұлттық рухтың ұлы әулиесі деп атауға әбден болады деп білемін”, деген аталы сөзі оралды. Соңынан жиналған жұрт батыр рухына құран бағыштады.Сүлеймен МӘМЕТ. РУХАНИ КЕҢІСТІГІМІЗ ҚҰНДЫ ДҮНИЕЛЕРМЕН ТОЛЫҚТЫ Жақында елордадағы Ұлттық академиялық кітапханада үш бірдей еңбектің тұсаукесер рәсімі өтті. Біріншісі – Әл-Фарабидің араб тілінен аударылған “Музыка туралы үлкен кітабы” болса, екіншісі – түркі әлемі мен араб дүниесі аралығындағы ежелгі тамырластық байланыстарды зерттеп жүрген Қайрат Сәкидің “Қыпшақ мәмлүктер” атты еңбегі. Үшіншісі, осы қос құнды еңбектің жарыққа шығуына қаржылай қолдау-көмек көрсеткен Әл-Фараби және Сұлтан Бейбарыс атындағы қоғамдық қордың төрағасы, музыка жанашыры, белгілі меценат Сапар Ысқақовтың “Әлемнің сегізінші таңғажайыбы немесе дүние дидары жиһангездің көзімен” деген атпен шығарған жолжазбалар жинағы. Бір айта кететін жәйт, Әл-Фарабидің “Музыка туралы кітабы” араб тілінен қазақ тіліне алғаш рет аударылып отырған болса, Шығыстың әйгілі энциклопедисінің бұл трактатында ислам әлемі музыкалық эстетикасының иірімдері жан-жақты талданған. “Біздің ұлы ойшыл туралы білетінімізден білмейтініміз көп. Ол өзінен кейінгіге мұра етіп өмірдің сан түрлі саласын қамтыған 170-ке тарта трактат қалдырған. Бірақ біз солардың ішінен 50-ге жуығын ғана білеміз. Міне, осы тұрғыдан алғанда, бұл кітаптың алар орны айрықша”, деді кездесуде сөз алған көрнекті композитор, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Еркеғали Рахмадиев.Ал сан жылдар бойы араб елдерінде ғылыми тұрғыда ізденісте жүрген Қайрат Сәкидің “Қыпшақ мәмлүктер” еңбегінің де ұлтымызға берер тағылымдық, танымдық мәні зор дер едік. “Бұл еңбек шын жанашырлық пен ұлттық сананы оятуды сезініп барып жасалған дүние. Екіншіден, біздің тарих туралы жазылған еңбектерімізде көп жағдайда деректілік, нақтылық жетіспейді. Бұл тұрғыдан келгенде де, “Қыпшақ мәмлүктер” біздің көзімізді ашты. Біз көп нәрсені білмейді екенбіз. Бұл еңбектен қазақ жұртшылығына қажетті біраз дүниелерді кездестіруге болады”, деді жазушы Қойшығара Салғара сөз орайында.Бір атап өтерлігі, бұл өз өмірін араб әлемімен байланыстырған Қайрат Сәкидің осы тақырыпқа арналған екінші кітабы екен. Автор бұл еңбегін Мысыр (Египет) мен Шамды (Сирия) XІІІ-XІV ғасырларда билеген Қыпшақ сұлтандары мен бектері туралы ортағасырлық мұсылман тарихшыларының еңбектеріне сүйене отырып жазған. Кітапта мәмлүктер, оларлың саяси сахнаға шығуы, Мәмлүк мемлекетінің құрылуы, оның мемлекеттік құрылымы мен жүйесі және Айбек, Құтыз, Бейбарыс, Қалауын, Халил, Кетбұға, Лашын секілді қыпшақ сұлтандары жайлы тың деректердің молдығы жайлы тұсаукесерде кеңінен сөз болды.Бұл күні, сондай-ақ қазақ ұлттық мәдениетінің жанашырына айналған Сапар Ысқақовтың “Әлемнің сегізінші таңғажайыбы немесе дүние дидары жиһангез көзімен” атты жолжазбалар жинағына да көпшілік қауым өз ықылас-пейілдерін танытты. Бұл кітапты жазудағы мақсатым – әлемдегі түрлі халықтар туралы, олардың мәдениеттері, тарихы, өмір салты жайлы өзіміздің оқырманмен ой бөлісу еді. Мен әлемнің жүзден астам елінде болдым. Сондағы сезінген, білгенімді жалпақ жұртқа жеткізгім келді , дейді С.Ысқақов. Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ. “ӨМІРІМДІ ӨНЕРГЕ АРНАЙМЫН” Шымкент қаласында жетім балалар арасында “Өмірімді өнерге арнаймын” атты республикалық балалар шығармашылығы конкурсының жеңімпаздарын салтанатты марапаттау рәсімі өтті.Салтанатты жиынды ашқан ОҚО әкімінің орынбасары Әли Бектаев он саусағынан өнері тамған балғындарға аға-әпкелері атынан ақ тілеу айтты. Білім және ғылым министрлігінің Балалардың құқықтарын қорғау комитеті мен Еуразия практикалық психология және психотерапия институты бірлесе өткізген шараға Оңтүстіктің мырза жігіттері айтарлықтай үлес қосты. Солардың бірі “ОҚО кәсіпкерлері мен шаруаларын қолдау қорының” басқарушысы Раис Қараибрагимов: “бәріміз де бала асырап отырмыз. Әке-шешесі бар баланың жылағаны бір басқа, ал тұл жетімнің жылағаны басқаша болады. Жүрегі ізгі адамдар мұндайда қайырымдылықтан тыс қалмауы керек”, деді.Конкурс жеті номинация бойынша, атап айтқанда, тоқыма, ағашты көркем өңдеу, керамика, шыныны көркем өңдеу, металды көркем өңдеу, бейнелеу және мүсіндеу өнерлері бойынша өтті.Іріктеу кезеңіне 6-18 жас аралығындағы балалар жас ерекшеліктеріне қарай үш топқа бөлініп қатысқан болатын.“Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар” дегендей, аймақтық кезеңдер жеңімпаздары өздерінің жұмыстарының шешуші кезеңін Шымкентте қорытындылады. Металл, керамикамен жұмыс жасауға қолының ебі бар балауса таланттардың еңбектері бірінен-бірі өтеді. Бағасын таразылауға осы істің өз мамандары керек.Сондықтан, олардың жұмыстарын республиканың көркемөнер оқу орындарының, сәндік-қолданбалы және халық өнері мұражайларының танымал мамандарынан құралған қазылар алқасы бағалады.Мұндағы қуанышты бір жағдай, балалар шебер мамандардан мастер-класс дәрісін алу мүмкіндігіне ие болды.Үш күнге созылған өнер бәйгесінде жекелеген номинациялар бойынша Гран-Приге Кешубаева Динара (Астана), Пистер Ольга (Қарағанды облысы), Нарнураев Самрат (Оңтүстік Қазақстан облысы), Пенкова Дарья (Астана), Кенжетай Қуаныш (Оңтүстік Қазақстан облысы) және Пистер Дарья (Қарағанды облысы) ие болды.Бас жүлдені жеңіп алғандар демеушілер тарапынан барлық керек-жарағы сай компьютер алса, бірінші орын алғандар сандық фотоаппаратпен марапатталды.Бақтияр ТАЙЖАН, Шымкент. “ҮМІТ ҮЗГІМ КЕЛМЕЙДІ” УКРАИН ТІЛІНДЕ ЖАРЫҚ КӨРДІ Кеңес Одағы ыдырағалы бері бұрын бір мемлекетке ұйысқан ұлттардың арасындағы әдеби байланыстардың кетеуі кетіп, арқауы үзіле бастағаны рас. Сондықтан да бүгінгі таңда алыс шет елдер тұрмақ, кешегі кеңестік кеңістік республикаларында қазақ жазушылары шығармаларының жарық көруінің өзі сирек кездесетін жағдайға айналып барады. Сондай сиректердің арасында жақында Киевтің “Дніпро” баспасынан шыққан көрнекті қаламгер, танымал әдебиеттанушы Немат Келімбетовтің “Не хочу втрачати надію” жинағы да бар.Кітапқа жазушының “Үміт үзгім келмейді” повесть-монологы мен кезінде “Егемен Қазақстанда” жарияланып, оқырман қауымның ыстық ықыласына бөленген “Ұлыма хат” эссесі енгізілген. Украин оқырмандарының талғам таразысына тартылып отырған талантты туындылардың қадір-қасиеті Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Әзілхан Нұршайықовтың “Поема про героізм і мудрість” аталған алғысөзінде айшықты ашылған.“Егемен-ақпарат”. БАДМИНТОН: шеберлік жолында Спорттың бұл түрі шын мәнінде халықтық десе болғандай. Оны үлкен де, кіші де, ұл да, қыз да ойнайды. Және жер таңдап та жатпайды. Нағыз жарыстар болмаса, оны тор жаймай-ақ ашық аспан астында ойнай береді.Ал жарыстардың орны бөлек. Кезінде, сонау кеңестік заманда спорттың бұл түрі бойынша жарыстар көп өтетін. Онда Қазақстан бадминтоншылары айтарлықтай беделді де еді, үлкен жарыстарда жүлдеге де ие болып жүретін. Соңғы кезде бадминтоншыларымыз халықаралық жарыстарға көп қатыса бермейді. Әрине, спорт жанкүйерлері олардан жеңіс күтеді.Жақында ғана Алматыда өткен бадминтоннан ел біріншілігі осынау жарысқа келген көрермендерді де, мамандарды да қуантты десек, артық айтқандық емес. Әрине, біріншілік болған соң, орнына қарай жүлде үлестіріледі. Бізді қуантқаны – жарыстың мазмұны, оған қатысушылардың шеберлігі, еліміздің жер-жерінде бұл спорт түрінің айтарлықтай даму үстінде екендігі.Осы жарысқа еліміздің жеті аймағынан ойыншылар қатысты. Әрине, барлық жерінен де қатысса, жарыс бүгінгіден де тартысты болар еді. Көрші өзбек ағайындар да біздің біріншілікке спортшыларын жіберіп, тәжірибе жинақтауды көздепті. Жарысқа халықаралық сипат берген мұны да құп көрдік.Ден қойса, бұл спортта айтарлықтай жеңіске жетуге болатынын Қостанай облысының тәжірибесі айқын аңғартты. Олардың командасын кезінде КСРО құрамасында ойнаған Людмила Окунева мен Игорь Дмитриев бастап келді. Ең қуаныштысы – команда құрамында жастар баршылық.Қазақстанның бадминтон жөніндегі мемлекеттік жаттықтырушысы Мәлік Бейсәлиевтің айтуынша барлық жерде балалар-жасөспірімдер бадминтонына айтарлықтай мән беріліп отырған көрінеді. Алматыда бұл спорт жөнінде бөлім ашылған, ал Қызылорда қаласында тамаша база жасалынған. Тек қана онда жақсы жаттықтырушы қажет болып отыр.Финалда қыз-келіншектердің жұп разряды бойынша Қазақстандағы жетекші төрт ойыншы өнер көрсетті. Ол шын мәніндегі өнер болды. Халықаралық тәжірибесі бар қостанайлық Елизавета Яковлева мен қарағандылық Карина Сулеева жұптасып, тәжірибелі спорт шеберлері алматылық Вероника Сорокина мен көкшетаулық Ромуалда Волосқа қарсы ойнады. Тәжірибелі алматылық және көкшетаулық жеңіске жетті.Жеке разрядта да Яковлева мен Сорокина финалға шығып, алматылық бадминтоншы чемпион атанды. Ерлер арасында жұп разряд бойынша республика чемпионы атағы үшін жастар мен тәжірибелілер күш сынасты. Қостанайлық Самат Ержақанов пен Михаил Захаров алматылық тәжірибелі ойыншылар Родион Закиров пен Жомарт Дәулетәлиевке қарсы шеберліктерімен көзге түсті. Бұл жерде жастар басымдылығын көрсетті. Алтын медальға Ержақанов пен Захаров ие болды.Жеке разряд бойынша жүлделі орындарға Михаил Захаров (Қостанай), Асқар Орманов (Оңтүстік Қазақстан), Антон Кноль (Қарағанды) және Виктор Говенко шықты.Енді аралас разрядқа келсек, жоғарғы сатыға Қостанайдан келген жұп Михаил Захаров пен Елизавета Яковлева көтерілді. Сондай-ақ командалық есепте де қостанайлықтар бірінші орынды ешкімге берген жоқ. Екінші және үшінші орында – Алматы мен Қарағанды облыстары.Бадминтоннан өткен республика чемпионатын спорттың осынау түрін дамытудағы және шеберлік шыңдау жолындағы жаңа бір белес десек жөн сияқты. Республика бас жаттықтырушысы Мәлік Бейсалиевтің айтуына қарағанда, алдағы жылы бадминтоншыларымызды үлкен халықаралық жарыстар күтіп тұр екен. Сәуір айында Азия құрлығының чемпионаты өтсе, мамыр айында әлем чемпионатының туы көтеріледі. Оған біздің ойыншыларымыз толық құрамда қатысу үшін біраз тер төгуге тура келеді. Ал бұл жарыстар әлемге елімізді таныстыру үшін де керек.Республика чемпионаты бізде өсіп келе жатқан жастар барлығын көрсетті. Онда екі жас ойыншы, атап айтқанда, Антон Кноль мен Виктор Говенко спорт шебері нормасын орындады. Ал халықаралық жарыстарда жүлдеге жету үшін халықаралық деңгейдегі ойыншылар керек. Ел біріншілігін тамашалағанда, көңілімізде соған да жететін күн болар деген сезім ұялағанын жасырмайық.Мамадияр ЖАҚЫП, Юрий ЛИФИНЦЕВ. МҰРАҒАТСЫЗ ТАРИХ ЖОҚ Ғылым мен білімнің ошағы болып саналатын Арқа төріндегі Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде салиқалы да танымды кездесулер өткізу дәстүрге айналды. Сондай кездесулердің бірі әрі бірегейі күллі мұсылман қауымның қасиетті Құрбан айт мерекесі қарсаңында болып өткен еді. Көпшілік қауымның басын қосқан аталмыш кездесу, экономика ғылымдарының кандидаты, профессор Болатбек Әсемовтің шығармашылығына арналды.12 томдық құжаттар жинағының авторы М. Әсемов Ташкент қаласындағы қаржы-экономика институтын бітіре салысымен, өз еңбек жолын осы саладан бастады. Ұзақ жылдар бойы қаржы саласында қызмет етіп, басшылық қызметтер атқарғанына қарамастан, өзінің шығармашылық жұмысын да қатар алып жүрді. 1999 жылдан бастап төл тарихымызға байланысты әлі белгісіз болып келе жатқан көптеген құндылықтардың сырын ашып, мұрағаттық зерттеу саласына айтарлықтай еңбегін сіңірді.Тарихтан сыр шертетін шежірелерді Б.Әсемов Ресейдің бірнеше қалаларындағы мұрағаттар табалдырығын тоздырып, қазақ халқының тарихы жайлы көптеген материалдар жинақтады. Мәскеудегі 6 мұражайда ел тарихына елеулі ықпал ететін құнды мұрағаттық деректерді ізденімпаздықтың арқасында тауып, соның нәтижесінде 12 томдық құжаттар жинағы жарық көрді.“Абылай хан”, “Кенесары”, “Тәттімбет”, т.б. шығармаларында тарихта аты қалған тұлғалар жайлы тың, бұрын-соңды айтылмаған ғажап дүниелер, құндылықтарды кездестіруге болады.“Бұл кісінің шығармашылығын қара басы мен қалтаның қамы үшін жасалған нәрселер деп айту үлкен қателік болар еді. Б.Әсемовте бір ғана мақсат бар, ол халқының, елінің тарихи шындығын ашу. Жеке өз басым бұл жұмысқа болашақ ұрпақ үшін өте пайдалы дүниелер деп баға беремін. Өйткені, қазіргі тарихымыз толық емес. Ал тарихтың толық жазылуына Бөкең сияқты азаматтар өте қажет. Б.Әсемовтің жинаған материалдары шикізат болғанымен, ұлт тарихы үшін аса маңызды. Жан-жақты ізденіс пен зерттеудің нәтижесінде ғана халық тарихтың шындығына куә бола алады. Біз бұл еңбектің қадірін білетін адамдармыз. Қадірін білгендіктен осындай еңбек жазған кісінің алдында басымызды иеміз, үлкен құрметпен қараймыз,”-деп оған Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, филология ғылымдарының докторы, профессор Ақселеу Сейдімбек өз бағасын беріп, ағынан жарылды.
Арай ҮЙРЕНІШБЕКҚЫЗЫ.