Мәдени мұра  Ұлттық жобаӨткенді қастерлеу арқылы, болашағымызды баянды етеміз
  • Twitter
  • Facebook
  • Лента на Youtube
 

Мақала және жарияланымдар

Абділ Әзіз баб   (XV - XIX ғасыр)

Басты бет - Материалдар - Мақала және жарияланымдар - Отырар өңірінің жер асты кесенелері

Отырар өңірінің жер асты кесенелері

Жұма, 23 маусым 20172008 жылы Мәдени мұра бағдарламасы аясында Отырар ауданына қарасты Балтакөл ауылының оңтүстік шетінде орналасқан Қауған қалажұртының шахристан бөлігіне қазба жұмысы жүргізілді. 

Ортағасырлық Құнжан (Құнан) қаласымен сәйкес келетін Қауған қалажұрты туралы мәлімет XVI ғасырда жазылған  деректерінде аталады. Ортағасырлық автор Хафиз Таныштың дерегі бойынша 1582 жылы Абдолла хан Дешті Қыпшаққа жасаған жорығы кезінде Сүткент, Құнжан, Аққорған қалалары арқылы жүрген екен. Төбеге қазба жұмысын жүргізуден бұрын төбені аралап танысу жұмыстары жүргізілген болатын. Барлау жұмысы барысында ескерткіштің батыс бөлігінен, шахристан қорғанының сыртынан бұзылған кесене орны анықталды. Қабырғаның сыртқы жағынан іргеге тақала салынған кесененің көлемі 4х4 м. Құрылысқа көлемі 25х25х5 см келетін XIV-XV ғасырларға тән күйдірілген қыштар пайдаланылған. Тікбұрышты етіп жерден қазылған салынған кесененің қабырғалары күйдірілген қышпен нығайтылып, әр бұрышынан бір-біріне қарама-қарсы қырлы тақия формасында күмбез көтерілген. Жер бетінен 1 м шамасында көтерілген күмбез үстінен топырақпен үйілген. Мұндай кесене 1975 жылы Түркістаннан, Қожа Ахмет Ясауи кесенесі маңынан табылған болатын. Алайда, бұл жерден анықталған кесене көп бұрышты, кірер есігі бар және кесене ішіне қойылған мүрде қаңқаларының сақталуы жақсы және барлығы бір бағытта қойылғандығы белгілі.

Ал, Отырар өңірінен анықталған кесене құрылысының ерекшелігі, кесенеге  кіретін есік қалдырылмағаны болып тұр. Шамасы, кесене ішіне мүрде қойылғаннан кейін сыртынан қалап бекітілген болса керек. Бос топырағын қырып тазалау барысында еден деңгейінен алты жерден көлемі 1х1 м шамасында келетін лақат сұлбасы анықталды. Жақтаулары қам кесектен қаланған лақаттардың ішіне мүрделердің ұзақ сақталатын бас сүйектері, жамбас жіліктері, қабырғалары мен омыртқа бөліктері қойылған. Бұл жерде басты назар аударатын нәрсе, кесене ішіне қойылған мүрделер сөрелі үрдісімен тасымалданып әкелінгені белгілі болды. «Сөрелі» сөзі қазақ тілінен ұмытылып бара жатқан көне сөздердің бірі, жаугершілік заманда жорықта не болмаса алыс сапарда жүріп марқұм болған кісілерді уақытша тұрақтататын орынды айтады.

 

 

Дайындаған С.Т.Пәрменқұл