2011, Қазақстан Республикасы Мәдениет министрлігі
Тәуелсіздік алғаннан кейін де небір қиындықтарға қарамай, бұл үрдіс жалғасын тауып келді. Соңғы өрлеу кезеңінде игілікті іс тың белестерге көтерілді. Соның айғағындай, том-том кітаптар жұрт қолына тиіп, ел тарихын қалың қауымның танып-білуіне ерекше септігін тигізе бастады. Соның бір дәлеліндей, кеше Қазақстан Республикасының Президенттік мәдениет орталығында Мәдениет, ақпарат және спорт министрлігі Ақпарат және мұрағат комитетінің баспа ісі басқармасының ұйымдастыруымен өткен жылы жарыққа шыққан рухани құндылықтардың басын құраған “Қазақстан кітаптары” атты көрме өтті.Көрмені көрнекті қоғам қайраткері, белгілі ғалым, Президенттік мәдениет орталығының директоры Мырзатай Жолдасбеков ашып, ұлттың рухани дүниесін кітап етіп шығарудағы жақсы қадамға жанашырлық танытқан азаматтарға үлкен алғысын білдірді. Елбасының “Мәдени мұра” бағдарламасы аясында сан мыңдаған ұрпақ армандап кеткен дүниелердің жарық көріп жатқанына дән ризалығын жеткізді.Бұдан кейін сөз алған Мәдениет, ақпарат және спорт вице-министрі Ержан Бабақұмаров: “Мен бұл кітап көрмесін рухани мереке деп есептеймін. Біраздан бері жалғасып келе жатқан үрдіс биыл ерекше серпінді болып отыр. Өйткені, жарық көрген кітап тақырыптарының аясы әр алуан. Бір ғұлама “Кітап оқуды тоқтатқан сәттен бастап адам рухани дағдарысқа ұшырайды”, деген екен. Бұл тегін айтылмаса керек. Көрменің басты мақсаты: кітапсүйер қауымға қазақстандық баспа мен полиграфияның қазіргі әлеуетін көрсету, оқырмандарды әлемдік деңгейде жарық көріп жатқан кітап түрлерімен таныстыру, мемлекеттік тапсырыс алған баспалар шығарған кітаптың мазмұны мен сапасын, көркемдік безендірулерін анықтау”, дей келіп, Елбасы Жолдауындағы мақсат-міндеттерді айтып, рухани дүние саласында да оны жүзеге асыру керектігін алға тартты.Ал сөз ұстаған қазақтың айтулы қаламгері Шерхан Мұртаза бұл көрменің берер тағылымы ерекше екенін атап өтті. Аллатағаланың құдіреті шығар, алдымен жазу тас кітапта пайда болды. Біз сол тастағы жазуларды оқып, тағылым алып жүрміз. Оны жарыққа шығарған азаматтарға айтар алғысымыз шексіз, дей келіп, сондай рухани дүниені қазір теледидар басып-жаншып бара жатқанын, шыққан кітаптардың таралымы көңіл көншітпейтінін, 8 миллион қазаққа 2 мың таралыммен кітап ұсынудың ақылға сыймайтынын, әсіресе жастар халқын танып, ұлтын жан-жақты білу үшін ол таралым аздық ететінін, егемен елдің әрбір азаматының үйінде алтынына айырбасталмайтын құндылығы жоғары кітаптар тұруы тиіс екенін шамырқанып тұрып айтты.Қазақтың ақын қызы Фариза Оңғарсынова: “Мен кітап көрмесімен қатар, әріптестерімді кездестіріп, қуанып қалдым. Президенттің мәдениет орталығына басшы болып келген Мырзатай Жолдасбеков ағамыз бұл жерді алдағы уақытта зиялы қауымның бас қосатын киелі орнына айналдырса, елордамыздағы қаламгерлер жиі бас қосар еді”, деген базынасын жасырып қала алмады.Мемлекеттік сыйлықтың лауреаттары Төлен Әбдіков пен Әлібек Асқаров көрмеге қойылған кітаптарға көңілдері толғанын жеткізді. Кітап саудасы бұрын мемлекеттік меншік болатын. Оны мемлекет өзі қадағалап, дамытып отыратын. Нарық заманында ол жекелердің қолына көшті. Шыны керек, бұл істі олар өркендете алмай отыр. Ендеше, оған Үкімет тарапынан көмек керек болып тұр. Мұны бір министрліктің атқаруы мүмкін емес. Сондықтан да мемлекеттік дәрежеде қолға алған жөн секілді. 2 мың таралыммен шығатын кітап оқырманды былай қойып, еліміздегі 8 мыңнан аса кітапханаға жетпей жатыр деді. Сондай-ақ олар Минскіде үлкен кітап базары бар екенін, ондағы рухани дүниелердің өзге сауда мекемелеріндегіден 20 пайызға арзан сатылатынын айтып, сондай үрдісті өз Отанымызда да жандандырсақ, еш артықтығы жоқ, деді. Егер алдағы уақытта саннан сапаға көшіп, осындай кітап көрмелерін ұйымдастырумен қатар, оқырмандардың көре жүріп, өздері таңдаған шығармаларды сатып алуына мүмкіндік жасасақ жөн болар еді, деген пікірін білдірді. Баспагерлер атынан сөз алған Серік Әбдірайымов Елбасының “Мәдени мұра” бағдарламасы бойынша 400-ден аса кітап шыққанын, бұл ел өміріндегі елеулі оқиға екенін жеткізіп, баспалар ұжымы көрмеге қойған кітаптарды Президенттің мәдениет орталығына көрімдік ретінде беретіндіктерін жеткізді. Ғалым Серік Негимов кітап таралымын көбейту жөнінде өз ойын ортаға салып, бір замандары Ахмет Байтұрсыновтың дүниелері әр жыл сайын 35-40 мың данамен таралып отырғанынан мысал келтірді. “Өнер” баспасының директоры Әшірбек Көпішев бұл кітаптардың бүгінгі оқырманның ой-өресін кеңейтумен бірге, ұрпаққа мұра болып қалатынын алға тартып, 16 том болып жоспарланып, таяуда ғана екі томы жарық көрген қазақтың ұлы композиторы Нұрғиса Тілендиевтің “Ата толғауы”, “Көш керуені” деп аталатын алғашқы екі томының жарық көргенін жеткізді.Кітап көрмесіне қойылған мыңға жуық аталымдардың арасында “Әлеуметтік маңызды әдебиет түрлерін шығару” бағдарламасы аясында “Балалар әдебиеті” баспасы шығарған “Әлем балалар әдебиеті”, “Жазушы” баспасының “Қазіргі қазақ прозасы”, “Қазіргі қазақ поэзиясы”, “Жібек жолы” баспасының “Өлең сөздің патшасы”, “Білім” баспасының “Әдеби мемуарлар” сериялары, “Өнер” баспасынан жарық көрген “Әйгілі адамдар”, “Арда+7” баспасының “Тарихи тұлғалар тағылымы”, “Раритет” баспасының “Алтын қор” серияларының әдебиеттері, сол секілді “Өлке” баспасының “Отырар кітапханасы” сериясы, “Жеңістің 60 жылдығына” арналған мерейтойлық басылымдар көптің көңілінен шықты. “Жібек жолы” баспасы шығарып жатқан Мұхтар Әуезовтің 50 томдығының 23 томы, “Қазығұрт” баспасының еншісіндегі Б.Майлин, І.Жансүгіров, С.Сейфуллиннің 5 томдықтары, “Қазақ энциклопедиясы” баспасы шығарған Ұлттық энциклопедияның 7 томы, осылардың ішінде халықтың ерекше ілтипатына бөленген “Фолиант” баспасынан жарық көріп жатқан 100 томдық “Бабалар сөзі” сериясының 20 томы, “Аударма” баспасы шығарған “Әлем әдебиеті кітапханасы” сериясының 2 томы және 10 томдық “Қазақ әдебиеті тарихы” сериясының 2 томы, “Жазушы” баспасынан шыққан “Әлемдік философиялық мұра” сериясының 5 томы, “Дайк-пресс” баспасынан шыққан “ІХ-ХVІ Араб дереккөздеріндегі Қазақстан тарихы”, “V-ХVІІ Иран-парсы дереккөздеріндегі Қазақстан тарихы”, “ХV-ХХ Түркі тілді дереккөздеріндегі Қазақстан тарихы”, “Қытай дереккөздеріндегі Қазақстан тарихы” серияларының әдебиеттері көпшілік көзайымы болды.“Аруна” баспасынан жарық көрген “Қазақ мәдениеті”, “Қазақстан тарихы” “Жеріңнің аты – еліңнің аты” энциклопедиялық анықтамалар мен “Қазақтар құқығының ежелгі әлемі”, “Әлемдік психологиялық ой”, “Қазақ халқының әдет-ғұрыптары мен салт-дәстүрлері” сериялары бойынша шыққан кітаптар, “Бейнелеу өнері” аталымы бойынша қылқалам шеберлерінің альбомдары да назар аударарлық. Алаш арыстарының бай мұраларын шығарып жатқан “Елорда”, “Алаш” баспаларының кітаптарынан да алар тағылым аз болмаса керек.Жалпы, бір замандары әдемі безендіріліп, жақсы қағазға басылған кітаптарды көргенде осындай дүниелерге қашан қол жеткізер екенбіз деуші едік. Көрмені көргеннен кейін, біздің баспагерлердің де сондай дәрежеге көтерілгеніне көз жеткіздік. Қай кітапты алып қарасаң да, төрт құбыласы түгелденгендей әсер қалдырады. Болашақта бұл ұлттың рухани байлығы болып саналатын дүниелердің таралымы көбейіп, бағасы қалың жұрттың қалтасы көтеретіндей, әр отбасының төрінен орын алар болса, нұр үстіне нұр.
Суреттерді түсірген Орынбай БАЛМҰРАТ.
Авторы: Сүлеймен МӘМЕТ.