2011, Қазақстан Республикасы Мәдениет министрлігі
Оған Қазақстан Респубиликасының ЮНЕСКО жанындағы тұрақты өкілі Олжас Сүлейменов, Президенттік Мәдениет орталығының директоры Мырзатай Жолдасбеков, Мәдениет және ақпарат вице-министрі Бағлан Майлыбаев, Сыртқы істер министрлігінің Көп жақты ынтымақтастық департаменті мәдени-гуманитарлық басқармасының бастығы Әсел Өтегенова, Ә.Марғұлан атындағы Археология институтының директоры Карл Байпақов және ғылыми-зерттеу орталықтарының басшылары қатысты.
Отырыста комиссияның өткен жылғы жұмыс қорытындылары жөнінде қала әкімі Иманғали Тасмағамбетов баяндама жасады. Комиссия төрағасы өткен жылы жалпы алғанда ЮНЕСКО аясындағы жұмыстардың тиісті деңгейде жүргізілгенін, былтыр аталмыш ұйымның бүкіләлемдік мұрасы тізіміне Қостанай және Ақмола облыстарындағы Наурызым және Қорғалжын мемлекеттік табиғи қорықтарын біріктіретін 450344 гектар жерді алып жатқан “Сарыарқа – Солтүстік Қазақстанның даласы мен көлдері” атты тұңғыш табиғи алқаптың енгенін атап өтті. Сонымен бірге ол өткен жылы “Мәдени мұра” бағдарламасы аясында Бейбарыс сұлтанның Дамаск қаласындағы кесенесі мен Каирдегі мешітіне, “Көне Отырарды қайта қалпына келтіру” бағдарламасы мен Қожа Ахмет Ясауи мавзолейіне, Дамаскідегі әл-Фараби кесенесі мен этно-мәдени орталық құрылысына археологиялық, ғылыми және қайта қалпына келтіру жұмыстарының жалғасқанын атап өтті. Комиссия төрағасы алда қолға алынатын жұмыстардың бірі – Президент Н.Назарбаевтың бастамасымен халықаралық мәдениетті жақындастыру жылы болып жарияланған 2010 жылы ЮНЕСКО бағдарламасы шеңберінде Қазақстан мен Орталық Азия халықтарының өнерін кеңінен насихаттау болып табылатынын атап көрсетті. Сондай-ақ ол алдағы жылы “Отырар төбе қалашығы” мен “Жібек жолы” және “Батыс Тянь-Шань” жобаларын мәдени және тарихи мұралар тізіміне енгізу мәселесі де маңызды жұмыстардың бірі болып отырғанын жеткізді.
Отырыста осыдан кейін сөз алған Қазақстанның ЮНЕСКО жанындағы тұрақты өкілі Олжас Сүлейменов мәдени және тарихи мұраға байланысты өз ойын білдіре келіп, алдағы жылдары еліміздің мәдени мұрасын зерттеп, насихаттауда көп жұмыстар атқарылуы керектігін атап айтты. Оның айтуынша, Қазақстан үшін 2009-2013 жылдары ЮНЕСКО-ның Атқарушы кеңесіне мүше болу негізгі жұмыс болып табылады. Қазір біздің еліміз осы мәртебелі ұйымның штаб-пәтері жөніндегі комитеттің, Әлеуметтік қайта даярлау бағдарламасы мен “Адам және биосфера” халықаралық бағдарламасының үйлестіру кеңесінің мүшесі. Бүгінгі күні Қазақстан ЮНЕСКО-ның Атқарушы кеңесіне мүше болу үшін 34 мемлекеттің қолдауына ие болып отыр. Ал еліміздің мүше болу, болмауы осы жылдың күз айларында белгілі болады. О.Сүлейменов егер Қазақстан комитет мүшелігіне сайланса еліміздің мәдени және тарихи мұрасын зерттеп, насихаттауда көп жұмыстар атқарылатынын атап өтті. Ал Сыртқы істер министрлігінің өкілі Әсел Өтегенова өткен жылы ведомство басшысы Марат Тәжиннің ЮНЕСКО-ның штаб-пәтеріне жасаған іссапары мен аталмыш ұйымның ТМД және ЕурАзЭҚ-тың мемлекетаралық гуманитарлық ынтымақтастық қорымен қол қою барысында жүргізген келіссөздерінің нәтижесі жөнінде баяндады. Ол ұлттық комиссияға мәдени және тарихи мұраны зерттеуде әлі де көп жұмыстар істеу керектігін, оны насихаттауда және жетілдіруде дәл қазір атқарылып жатқан жұмыстар жеткіліксіз екенін ескертіп өтті. Мәселен, биылғы жылы ЮНЕСКО-ның тарихи даталар мен оқиғалар күнтізбесіне “Қыз Жібек” эпосының 500 жылдығына арналған салтанатты шара енбей қалған. Ол аталмыш шара қаржы дағдарысына байланысты тізімге кіре алмаса да Қазақстан өз тарапынан оның биыл дүние жүзі көлемінде аталып өтуіне қолда бар мүмкіндіктің бәрін жасауы керектігін баса айтты. Келесі кезекте “Мәдени мұра” бағдарламасы мен білім саласында атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде ойларымен бөліскен Мәдениет және ақпарат вице-министрі Бағлан Майлыбаев пен Білім және ғылым министрлігінің жауапты хатшысы Фархад Қуанғанов өткен жылы Үкімет қаулысымен 218 республикалық маңызды тарихи және мәдени ескерткіштердің мемлекеттік тізімі бекітілгенін, білім саласындағы жоспарланған шаралардың тиісті деңгейде іске асып жатқанын атап көрсетті.
Ә.Марғұлан атындағы Археология институтының директоры Карл Байпақовтың Жібек жолына қатысты келтірген дерегі қызықты болып шықты. Бұл деректі отандық археология саласындағы соңғы жылдары жасалған тың жаңалық десе болады. Карл Байпақовтың айтуынша, қазіргі күні Қытай деректерінде кездесетіндей, Жібек жолы осыдан 3 мың жыл бұрын емес, одан да бұрын пайда болуы мүмкін. Оған Қазақстан аумағынан табылған біздің заманымыздан бұрынғы екінші ғасырда пайдаланған жібек матасы дәлел болып отыр. Отырыста осы оқиғаға байланысты комиссия мүшелері Қытай тарапына біздің жерімізден табылған көне дәуірдің жәдігері туралы айтып, олармен бірлесіп Жібек жолының шыққан уақытын анықтау керектігіне тоқталды.
Дастан КЕНЖАЛИН. Егемен Казахстан