2011, Қазақстан Республикасы Мәдениет министрлігі
Туған тарихын менсінбегендерден, бойына теңгермегендерден тексіздік жегі құрттай өніп шығатыны шындық. Қазақ ұлтының рухани өрлеуінде үлесі ерекше оңтүстіктің бай тарихы – бүгін үшін де, ертең үшін де құнды дүние. Әсіресе, болашақта кім боламын, облысымызда елге елеулі, еңбегі өткен, үлгі алатын кіміміз бар? Тәлім-тәрбие теретін өскелең ұрпақ үшін шапағаты ерекше кітап үш мың данамен “Қазақ энциклопедиясы” баспасынан шыққан.Редакциялық алқаның төрағасы, облыс әкімі Болат Жылқышиев болса, редакциялық кеңеске осы өңірдің тумасы, академиктер Өмірзақ Айтбайұлы, Рахманқұл Бердібай сынды республикаға белгілі азаматтар кірген. Екі жыл бойы күріші мен күрмегі екшеліп, арғы-бергі тарихы таразыланған кітаптың тұсаукесер рәсімінде сөз сөйлегендер елге еңбегі өткен көптеген азаматтардың энциклопедияға енбей қалғанына өкінішін білдірді. Бір кітаппен тұтас тарихты сүзіп, маржанын теру оңай дүние емес. Алғашқы жинақтауда жіберілген олқылықтар келесі басылымда ескерілетін болды.
Оңтүстік Қазақстан облысы.
Авторы: Бақтияр ТАЙЖАН.