2011, Қазақстан Республикасы Мәдениет министрлігі
– Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесінде “Нұр-Астана” орталық мешіті ашылды. Оның ашылу салтанатына Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қатысты. Содан бері қандай имандылық шаралары өткізілді? – Елордада “Нұр-Астана” мешітінің ашылуы астаналық мұсылман қауымына үлкен қуаныш, үлкен сыйлық болды. Өйткені, бұған дейін Астанада бір ғана мешіт жұмыс істеп келген еді. Ол имандылық үйі тарлау, 1,5 мың адамға есептелген. Рамазан айты, Құрбан айты мейрамдарында, сондай-ақ Қадір түнін қарсы алу кезінде мешіт ішіне халық сыймай, сыртта тұратын. Құдайға шүкір, Елбасының қолдау көрсетуі арқасында “Нұр-Астана” мешіті ашылып, келушілерге қызмет көрсете бастады. Бүгінде мұнда бір мезетте алты-жеті мың адам намаз оқи алады. Қандай имандылық шаралары өткізілді дегенге келсек, ұлық мереке – Рамазан айтында, Қадір түні мен Мәуліт мейрамдарында мешіт іші халыққа толып отырды. Алыс-жақыннан келген қонақтар да жиі ат басын бұрады. Ішкі және сыртқы көрінісі көз қызықтыратын “Нұр-Астана” мешіті елорда халқының ғана емес, бүкіл қазақстандықтардың мақтанышы. Келушілерге ойдағыдай қызмет көрсету – мешіт имамдары мен қызметкерлерінің парызы. Мысалы, Рамазан айында қатым түсірілді. Онда да мешіт іші келушілерге толы болды. Сондай-ақ, Қадір түнінде мешітке Елбасы, зиялы қауым өкілдері келді. Бас мүфти уағыз айтып, жиналған қауым қасиетті Қадір түнінде елімізге береке-бірлік, ынтымақ тіледі. Бұдан бөлек мұнда күнделікті келіп жатқан жамағатқа оқитын намаздарымыз, жұма күні оқитын құрандарымыз бен уағыздарымыз бар. Осылардың барлығы имандылық шаралары болып саналады. – Ұлық мерекелерден басқа күндері мешітке келушілердің қатары қаншалықты? Мәселен, жұма намазына… – Мешіт ішіне 6,5-7 мыңдай адам еркін сыяды. Ашылғаннан кейінгі бірінші және екінші жұмадағы намазға адам аз жиналды. Сонда мешіт қалай толар екен деген күдігіміз де болған. Бір жақсысы, үшінші жұмадағы намазға халық өте көп жиналды. Мешіт күні бүгінге дейін ортайған емес. Елбасы Бас мүфтиден де, бас имам менен де жұма намазында мешітке келушілердің аз-көптігін бірнеше мәрте сұрады. Бас мүфти мешіт іші халыққа толып жүргендігін айтқанда, Мемлекет басшысы риза болды. Өйткені, бұл имандылық үйі Елбасының мұсылман қауымына тартқан сыйы ғой. – Мешіт жанынан діни медресе ашудың жайы қалай болып жатыр? – Мешітке бөлінген жердің аумағы 6,7 гектар. Имандылық үйінің жанындағы шағын екі ғимараттың бірі – медресе, екіншісі – имамдардың қызмет үйі. Бізге жетпей тұрғаны – медреседе оқитын шәкірттер тұратын жатақхана. Елбасы оны салып беруді тиісті мекемелерге тапсырған. Құдай қаласа, бұл мәселе шешімін табар деген ойдамыз. Мүфти қазіреттің ойы қарилер оқытатын ғимарат салу. Келесі жылы осыны қолға аламыз деп отырмыз. – “Нұр-Астананың” ашылғанына сегіз-тоғыз айдай уақыт болды. Ғимарат құрылысы “сыр” берген жоқ па? – Құдайға шүкір, ғимараттың бүлінген жері жоқ, құрылыс жұмыстары сапалы жүргізілгені көрініп тұр. Осындай еңселі ғимаратты, әсіресе қыс мезгілінде ұстап тұру өте қиын. Қалалық әкімдік көмек көрсетіп келеді. Әңгімелескен Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ. ҚАМҚОРЛЫҚ ҚАНАТТАНДЫРАДЫ Гүлнара ДІЛІМБЕТОВА, Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің департамент директоры. 2005-2006 жылдардағы әлеуметтік реформаларды одан әрі жүйелі тереңдету бағытында Мемлекет басшысының ұсынысы бойынша дайындалған бағдарламаның жұмыс істегеніне де бір жыл болды. Осыған орай, әлеуметтік қамсыздандырудың қаржылық жағынан тұрақты, экономикалық жағынан тиімді жүйе екенін жүріп өткен жолымызды жан-жақты бағалау мен бағдарлау арқылы бағамдауға болады. Бір айта кетерлігі, әлеуметтік қамсыздандыру мен әлеуметтік көмектің түрлі формалары еліміздің 3,5 миллионға жуық адамын қамтып отыр. Бүгінгі таңда біздің елде, әсіресе зейнетақымен қамтамасыз етуге ерекше мән беріліп отыр. Бағдарламаға орай ағымдағы жылы әлеуметтік қамтамасыздандырудың базалық деңгейі енгізілген болатын. 1 шілдеден бастап, зейнеткерлік жасқа жеткен барлық зейнеткерлер мен мүгедектерге 3 мың теңге мөлшерінде ай сайынғы қосымша базалық зейнетақы тағайындалды. Осылайша қазіргі уақытта ең төмен зейнетақы мөлшері базалық зейнетақы төлемімен қоса есептегенде 9200 теңгені құрады. Ал былтырғы жылы ол 5800 теңгенің деңгейінде болатын. Қазіргі уақытта зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталықтан зейнетақы алушылардың саны (құзыретті органдарды ескере отырып) республикамыздағы 1. 660 мың адамды, яғни барлық халықтың 11,1 пайыздық көрсеткішін көрсетіп отыр. Орташа жалақы мөлшері бұрын 8571 теңге болатын болса, 1 шілдеден кейін ол 12252 теңгеге дейін жетті. Елбасының тапсырмасы бойынша бюджеттік саладағы жұмыс иелерінің, яғни мұғалімдер мен дәрігерлердің, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет қызметкерлерінің еңбекақысы 32 пайызға дейін көтерілді. Ал 2007 жылы бұл көрсеткіш тағы да 30 пайызға өседі деп жоспарлануда. Соңғы есеп бойынша республикамызда 29284 Ұлы Отан соғысына қатысушылар мен мүгедектер тіркеліпті. Биылғы Жеңістің 60 жылдығына орай мемлекет бюджетінен оларға материалдық көмек ретінде 6,5 миллиард теңге бөлінген болатын. Яғни, соғысқа қатысушылар мен мүгедектердің әрқайсысына 30 мың теңге көлемінде қаржылай көмек көрсетілді. Сондай-ақ, Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен тылда жұмыс істегендерге әр ай сайын мемлекеттің 1 айлық есеп көрсеткіші ретінде төлемақы енгізіліп, мемлекеттік басқарудың жергілікті органдары тарапынан материалдық жәрдем берілді. ӘЛЕМДІК ЧЕМПИОНАТөткен күн елорда тұрғындарының есінде ерекше сақталып қалды Дәулет Тұрлықанов, Мәдениет, ақпарат және спорт министрлігінің Спорт істері жөніндегі комитетінің төрағасы. Міне, әрбір қазақ отбасына берекелі болған 2005 жыл да тарих қойнауына кетіп барады. Бұл жыл шынымен де бүкіл Қазақстан халқына еліміздің азаттығы ағарып атқан күннен бері ең ырысты, берекелі жылдардың бірі болды. Бұл жылы Қазақстан экономикалық, саяси, жаңару жолына түсті, оның халықаралық аренадағы беделі Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың жүргізіп отырған сындарлы саясатының нәтижесінде тағы бір деңгейге жоғарылады. Осы орайда мен барша спорт сүйер қауымның атынан өтіп бара жатқан 2005 жылы еліміздің дамуына, оның халықаралық аренадағы беделінің өсуіне жарыс алаңында атойлап, ел намысын қолдан бермеуге жан алысып, жан берісіп келе жатқан Қазақстан спортшыларының сіңірген еңбегі аз емес деп атап өткім келеді. Биыл біздің мақтан етерлік спортшыларымыз түрлі халықаралық бәсекелерге қатысып, жүлделі орындарды қанжығасына байлап, еліміздің мерейін бір асырып, бір тасытқан жағдайы болды. Бұл жарыстардың көбі шетелдерде болғанымен олардың ішінде бүкіл әлемге ауыз толтырып айтарлықтай өз елімізде де бірнеше халықаралық додалар өткізілді. Солардың ішінде ерекшеленген бір бәсеке – Астанада тұңғыш рет жалауын көтерген әлем чемпионаты дер едік. Ол самбо күрес түрінен болды. Бұл чемпионат ерлер және әйелдер арасында өтіп, оған әлемнің 45 елінен келген 600-ден астам спортшы қатысты. Онда біздің отандастарымыз 9 салмақ дәрежесі бойынша күш сынасты. Жалпы, халықаралық олимпиадалық комитет пен спорт түрлерінің дүниежүзілік федерациясы олимпия ойындары мен әлем чемпионаттарын әлемнің кез келген мемлекетінде өткізуге мүмкіндік бере бермейді. Мұндай спорттық бәсекені өткізу үшін ең әуелі жарысты ұйымдастырушы елдің әлем қауымдастығы алдында беделі зор, саяси тұрақты, әлеуметтік-экономикалық жағдайының деңгейі жоғары және жарысты өткізуге барлық мүмкіндігі болуы тиіс. Осы жағынан алғанда Қазақстан Дүниежүзілік самбо федерациясы тарапынан әлем чемпионатын тиісті деңгейде өткізуге мүмкіндігі бар, басқа ТМД мемлекеттеріне қарағанда ең лайықты ел деп танылды. Осылайша Дүниежүзілік самбо федерациясының президенті Рудман Давид мырза еліміздегі саяси тұрақтылықты, экономикалық ахуалдың жақсарғандығын және республика спортшыларының халықаралық аренадағы жоғары беделін ескере отырып, самбодан кезекті әлем чемпионатын Қазақстанның елордасы – Астана қаласында өткізуге сенім білдірді. Бұл жарыста біздің спортшылар 1 алтын, 3 күміс және 6 қола жүлдені иеленді. Онда талантты самбошы жігітіміз Асхат Шахаров жеңімпаз атанып, үшінші рет әлем чемпионы атағына ие болды. Жалпы айтқанда, өтіп бара жатқан 2005 жылы елмізде бұдан да басқа тағы бірнеше халықаралық жарыстар өткізілген болатын. Бірақ олардың деңгейі самбодан тұңғыш рет Астанада өткізілген әлем чемпионатына жете қоймайды деп айтуға болады. ҮЗДІК БАЛА ДӘРІГЕРІ Қайсар ӘЛІМ. Міне, тағы бір жыл тарих қойнауына ысырылды. “Бұл жылы не бітірдім?” деп, алаңкөңіл жүрген Гүлжанат Жиенқұлованы аяқ астынан Астанаға шақыртсын. Іші сезіп тұр, “Жыл маманы “Денсаулық-2005” республикалық байқауына көптеген қарағандылық дәрігерлердің бірі ретінде бақ сынамақ ниетпен тиісті құжаттық негіздемелерін алдын ала жіберген. Бұл қадамға өзі емес, өзгелер иліктіргендей еді. Байырғы ұжымы Қарағанды облыстық балалар клиникалық ауруханасының басшылығы да байқауға қатысуын қалап, тілек қосқан болатын. Орынсыз бұлданыстан не шығады? Содан кейін, әріптестерінің сенімін ақтау жолында білімі мен тәжірибесін сарапқа салуға тас-түйін бекінген-тін… Құжаттары тиісті жеріне кеткенімен, уақыт өте келе қызмет бабымен жүріп, бастапқы үміті де солғын тарта бастағандай-тын. Енді міне, ойламаған жерден Астанаға шақыртып жатыр.…“Жастар” сарайы еліміз медицина саласының көрнекті өкілдерімен қатар жас буын мамандарының тағдыр тоғыстырған думанды шаңырағына айналыпты. Алдымен сахна төріне елімізге есімдері мәшһүр академик-дәрігерлер жайғасты. Сонадайдан көзі жетіп отыр – Әлиев, Шарманов, тағы басқалар… Денсаулық сақтау министрі Е.Досаевтың қысқа да нұсқа сөздерінен түйгені – Елбасының еліміз медицина саласына қойған міндеттері мен талаптары биылғы жылы ойдағыдай орындалыпты. Мемлекет тарапынан жасалып жатқан қамқорлық та қомақты. Мысалы, 2012 жылы денсаулық сақтау саласын қаржыландыру үш есе артып, мөлшері 600 миллиард теңгеге жетеді екен. Яғни, алдағы жеті жыл бойына осынша қаржыны сапалы әрі іскерлікпен игеру міндеті тұр. Бұл сөзден Гүлжанат өз ұжымына қатысты да жанашырлық лебін сезіп, жүрегінің бұлқына соғып кеткенін аңғарды. Көз алдына әбден жүдеп-жадаған бейкүнә сәбилер елестеп өткенде, жанын қоярға жер таба алмай дегбірсізденді. Лейкемия сырқаты қаншама балалардың өміріне қауіп төндіруде десеңізші. Бәріне араша түсуге ынта-жігерін сарқа жұмсағанымен, кейде нәтиже күткендегідей бола бермейді. Мұндайда біліктілікпен бірге көнтерлілік те қажет. Бүгін ем-дом жасап, ертең сауықтырып жіберем деп ешбір ата-анаға уәде бере алмайсың. Оның үстіне қаржы жетіспесе, істен қандай қайтарым болмақ. Әлгіндей қомақты қаржы бөлінеді дегенде, Гүлжанаттың көңілі көтеріліп қалғаны рас.…Бір кезде диктордың шаттана саңқ еткен дауысынан өз ныспысын естіген Гүлжанат құлағына сенер-сенбестей болып еді, төрдегі алып экраннан іле өз бейнесі көрінгенде, орнынан көтеріліп, сахнаға беттеді… Көз қиығы алып экрандағы бейне-көріністерді де қалт жібермейтіндей. Әне, өз ұжымының ортасында сүйікті ісіне мидай араласып кеткен. Балалардың қан ауруы оңай жаңғақ емес. Тылсымы көп, иірімі тосын міндеттерді дәлме-дәл, шапшаң шешу қажет. Әйтпесе, ұтылысқа шығу оп-оңай. Сондай мақсатпен ықыластана еңбек етіп жүргеніне де жиырма жылдың жүзі ауыпты. 1985 жылы Қарағанды мемлекеттік медицина институтын педиатрия мамандығы бойынша тәмамдаған соң осында жолдамамен келген. Бүгіндері осы аурухананың балалар онкогематология бөлімін басқарады, жоғары категориялы онкогематолог. Медицина ғылымдарының кандидаты ретінде теорияны іс жүзіне өте біліктілікпен шендестіре алады. Әне, бейне-суретте сондай бір қауырт қарекет үстіндегі кездері көрініс тапқан екен. Шағын ұжым боп әлдене бір жабдыққа шұқшия түскен. Иә, бұлар немістің “КЭР – Германия” қайырымдылық ұйымымен халықаралық ықпалдастық негізінде жұмыс істеу барысында күрделі емдеу технологиясын меңгеріп алған еді. Сондай-ақ, Воронеж бен Новокузнецкідегі, Екатеринбург пен Ростовтағы, Пермьдегі балалар онкогематологиялық орталықтармен тәжірибе алмаса отырып, іс-қимыл жасаудың арқасында тамаша табыстарға жетуде. Қазір емделудегі сырқат сәбилердің 75 пайызының ғұмыр жасын ұзарту көрсеткішіне жету мүмкіндігі туды. Бұл зор жетістік еді. Әрине, проблемалар да жеткілікті. Дегенмен, бөлім ұжымы қандай бір кедергілерден де ойдағыдай өте білуде. Осындай іскерлік қасиет Гүлжанатты тың шешімдерге қанаттандырып отырады.Осындай ойлармен өркештене түскен ол сахнаға көтерілгенде диктор “Үздік бала дәрігері” атанған Гүлжанат Жиенқұловаға марапат рәсімін академик Камал Сәруарұлы Ормантаев жасайды деп хабарлады. Солай болды да. Жеңімпаз атақты академиктің қолынан диплом алды, құшағы гүлге толды. Жыл бойына тынымсыз еткен еңбегі осылайша жанды.– Айналайын Гүлжанат, мерейің өсе берсін! – деді Камал ағасы оның бетінен сүйіп. – Жыл желеңі атандың. Өзіңдей ақ желеңді абзал жанға көрсетілген үлкен құрмет бұл. Тоқырап қалма, тегеурінің үдей түссін. Сенің салаң өте қиын, сондықтан тек ізденіспен ғана алға жылжи аласың.– Сіздің аманатыңызды орындауға тырысамын, – деді Гүлжанат гүлге оранған күйі өңі нұрланып. ҚАРАҒАНДЫ. БІРЛІК БЕЛГІСІ Айқын НЕСІПБАЙ. Ұлтымыздың алтын бесігі, еліміздің көне ордасы Ұлытаудың баурайында осы күзде пайда болған, енді елге әйгілі еңселі ескерткіш бұл күнде алыстан көз тартады. Әлемнің төрт жағына бірдей құшақ ашып, халқымыздың кеңпейіл достық ниетін аңғартатын бейне-тұлға жүрекке ыстық көрінеді. Ата-бабамыздың ел бірлігін, тұтастықты қалыптастырған, соны сақтаған киелі өлкенің төскейінде көк жүзіне асқақтаған ол өзіндік сән-сәулетімен көңілді баурайды. Оны тұрғызу ойы осыдан 12 жыл бұрын туындаған болатын. Дәлірек айтқанда, Елбасы Н.Назарбаевтың 1993 жылдың 15 қыркүйегінде Ұлытауға арнайы сапармен келуі кезінде аудан орталығына жақын тұстан мемлекеттің тұтастығы мен Қазақстан халықтарының бірлігін бейнелейтін болашақ монументтің орнына белгітас қойылған еді. Сонда Нұрсұлтан Әбішұлының көпшілік алдында: “Мына жерде болашақта қойылатын үлкен ескерткіш жолдың үстінде болғаны өте дұрыс екен. Әрі өткен, бері өткен ел қазақ халқының мың жыл бұрынғы бірлігіне куә болсын. Сол бірлік неше мың жылдарға жалғаса берсін”, деп сөйлеген сөзіне орай аталған мақсаттағы ескерткішті орнатуды ұлытаулықтар содан бері мұрат етіп келген-ді. Ауданның күш-қуаты өсіп-толысуына байланысты ақыры биыл оны орындаудың сәті түсті. Бұл ретте мемлекеттік қазынадан 40 миллион теңге қаржының бөлінуі іске бел шеше кірісуге мүмкіндік берді. Алматыдағы “Күмбез” жобалау-қалпына келтіру фирмасы ұсынған архитектуралық үлгі бойынша биіктігі 30 метрлік ескерткішті алыстан көмек тілемей-ақ жергілікті құрылысшылар өздері салды. Ұлытаулық кәсіпкер Қайрат Бекетаев бастаған жігіттер мәртебелі міндетті төрт айдың жүзінде атқарып шықты. Бір тамашасы, ескерткіштің ашылуы Елбасының бұдан 12 жыл бұрын оның қазіргі орнына белгітас қойылған күнге қатысуына дәлме-дәл келді, яғни 15 қыркүйекте бой көтерді. Атап өткен жөн, оның қысқа мерзімде салынып бітуіне “Қазақмыс” корпорациясының зор көмегі тиді. Алматылық сәулетші Темір Төреқұлов сомдаған монументтің композициялық құрылымының мән-сыры тартымды. Төрт тағанның ортасындағы шаңырақ аясынан тыныштық пен берекелік сипаты сезіледі. Ал ошақтас нышанынан еліміздегі ұлтаралық бауырмалдық пен түсіністікті ұйыстырған нұр сәуле елестейді. Халықтың ұлы тұлғаларының достықты, бірлікті өсиет еткен өнегелі сөздері көзге түседі. Тарихи тамыры терең Ұлытау жеріндегі Айбас Дарасы, Домбауыл, Аяққамыр, Басқамыр, Алашахан, Жошыхан, Хан Ордасы сынды ежелгі ескерткіштердің қатарына қосылып, жаңа заман рухын жаңғыртып, мәні мен сәні аса жарасқан бұл монумент өтіп бара жатқан жылдың сындарлы жадынамасы. Қастерлі мекен төрінде берік қонған, ұлы мұратқа адалдықты паш еткен тамаша мұра. Тоқетерін айтқанда ол – ел бірлігінің символы. Соны сақтауға, ұрпақтан ұрпаққа ұлағат тұтқызуға үндейді ол.
Қарағанды облысы, Ұлытау ауданы.